Өтен АхметПРОЛОГ ОРНЫНАОйын баласының даладан таппайтыны жоқ... үйге әкелмейтіні жоқ. Кішкентай неме...
Өміржан Әбдіхалықұлы. О дүниелік кітаптар
***
Екеуі көшеде кездесті. Көріспегелі көп болған еді. Шүйіркелесе кетті.
- Қайдан келесің?
- Базардан.
- І…і…м.
- Өзің ше?
- Жұмыстан.
Екеуі бір-бірінен көз тайдырып, басқа жаққа қарап сәл тұрды да, әңгімелерін әрі қарай сабақтады.
- Базарыңда не жаңалық?
- Сол сатады, сатып алады…
- Иә, қазір бәрі сатылатын болды ғой.
- Аспан сатылмайды!
- Қолы жетпейді әйтпесе оны да сатады. Тағы үнсіздік. Базаршы шылым тұтатты. Жұмысшы одан сұрап шекті. Темекі түтінімен әңгіме қайта тұтанды.
- Сенің жұмысың қалай?
- Сол бастыққа бас ұрып…
- Сенің де күнің күн емес.
- Неге?
- Өзің де сезіп тұрсың ғой.
- А-а-а… Темекілерінің тұқылын табандарына салып өшіріп тастаған соң, базаршы жұмысшыға - Жүр сыра ішейік - деп еді анау үнсіз келісті. Сәлден соң екеуі екеуі кафеде отырды. Тыртиған юбка мен кіндіктен жоғары келетін кофта киген даяршы қыз қастарына жақындаған кезде екеуі қыздың ашық жерлерін ішіп-жей қарады. Қыз қымсынған жоқ. Керісінше «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей мәз. Екеуі сыраға тапсырыс берді де қыздың соңынан тағы қарады. Үзілген әңгімені жұмысшы жалғады.
- Ұят жоққой бұларда.
- Сол ұяты құрғыр адамзатта жоқ.
- Қалай?
- Не, телевизор көрмейсіңбе?
- Кейінгі кезде ұятсыз дүние көрсетпейтін болды ғой.
- Өтірік.
- Не өтірік?
- Өмір.
- А…а…а… Тағы да үнсіздік. Екеуі сыраны сыздықтатып отыр. Үнсіздікті базаршы бұзды.
- Кітапты әлі көп оқисыңба?
- Жоқ интернет бар ғой.
- Интернетің не дейді?
- Сол баяғы дау, таққа талас, қызыл қырғын оған жаһандасу деген қосылды.
- Ол не?
- Бүкіл әлем бірігеді.
- Біріккені қалай?
- Оны менен сұрама.
- Қызық екен, сонда ұлт қайда қалады?!
- Қырғынның бәрі сол ұлт үшін. Бәрі тәуелсіз құдай болғысы келеді.
- Тәуелсіз болған жақсы ғой.
- Несі жақсы?
- Өзіңмен өзің боласың.
- Ешқашан олай болмайды.
- Басқасын қайдам, мен өзіммен өзіммін - деген базаршының сөзіне, жұмысшы жымиып күліп отырып: - Жоқ, сен қоғамның құлысың - деді.
- Сен ше?
- Мен де, барлығы, бүкіл адамзат. Екеуі тағы да тақырыптан ауытқып кетті.
- Осы адамдар неге соғысады? - деді базаршы басын шайқап.
- Соғысу өмірдің мәні, соғыс болмаса өмір мағынасынан айырылады.
Екеуі тағы сыра алғызды. Тағы да темекі шегілді. Қарама-қарсы отырған екеудің ортасын үнсіздік бөліп тұр. Біраздан кейін базаршы тағы да әңгіме қоздатты: - Өркениет деген жақсы, өзің отырасың, саған сыраны әдемі қыз әкеліп береді. Жұмысшы күлді. Күлді де: - Өркениет адамзаттың өлімі - деді. Базаршы үндеген жоқ.
- Айтпақшы, оқымысты шал дүниеден өтті.
- Қашан? - деді базаршы жайбарақат кейіп танытып.
- Бір ай бұрын.
- Кітаптарын не істепті?
- Жерлепті.
- Жерлегені қалай?
- Кәдімгідей табытқа салып, көрге көмген. Өзі өлерінен үш күн бұрын.
- Неге жерлепті?
«Адамдардың рухани байлыққа қажеттілігі түгесілді. Сондықтан кітаптар ғұмырын тоқтатып техника мен санға жол берді. Жасасын жарық!» - деп кітаптардың юасына қойған құлпытасқа жаздырыпты. Оны шалдың қабіріне баранда көрдім.
- Қызық екен.
- Иә, бәрі қызық әрі қорқынышты. Екеуі сыраларын сімірді. - Шал екеуімізге хат тастапты - деп сырасын столға қойып жатып сөзін сабақтады жұмысшы. Төс қалтасынан ұқыпты бүктелген ақ қағаздың орауын жазып оқып берді. «Артық ақылдан арылыңдар. Артық сананы сылып тастаңдар. Аналарыңа оралыңдар». Басы салбырап кеткен базаршы: - Жақсы Адам еді - деп еді - рас, жақсы Адам болатын - деп жұмысшы қостады.
Қалған сыраларын үнсіз ішісті де, даяршы қызбен есеп айырысып болғансоң екеуі салқын қоштасып жөндеріне кетті. Шалдың қос шәкіртіне жазған Аманат хатын даяршы қыз стол үстінен алды да қоқыс салатын шелекке атып ұрды.
***
Адамзаттың қанды көзінен қорққан Күн, Жерге аяй қарап үрейлене батып барады.