Еліміздегі жер – су аттарының тарихы әлі күнге дейін әрқилы пікірдің шеңберінен шыға алмай жүр...
Жемқорлықты жоюдағы қытайлық әдіс
Біздің елде жемқорлық мәселесі ушығып тұр. Ол туралы әңгіме қозғасаң, қазақ ертегілеріндегі жеті басты айдаһар көз алдыңа елестейді. Бірінің басын қағып тастасаң, екіншісі алдыңнан шыға келеді. Тіпті жемқорлық жайламаған сала қалмады. Елдің сөзіне құлақ түрсек, "Шортандар құтырып, шабақтар тұтылып" жатқан бір алмағайып заман. Обалы нешік, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жемқорлықпен күресті бастап кетті. Ниеті дұрыс. Пейілі оң. Әйтседе "Балапанды күзде санауға" тура келіп тұр. Өйткені билікке келген аз уақытта жемқорларды "жайпап" тастау оңай шаруа бола қоймас... Шындығын айтсақ, халық қытайша терең білімі бар Тоқаевқа үмітпен қарайды. "Шіркін, жаңа президент, жемқорлармен күресте қытайдың заңдарын конституцияға енгізсе, жемқорлардың саны күрт азаяр ма еді" дегендерін әр жерден, кейде әлеуметтік желіден естіп қалып жатамыз. "Іздегенге сұраған" демекші, өткен аптаның аяғында "Қытайдағы қылмыспен күрес әдістерін айыптамайтынын, керісінше оны қолдауға тұрарлық" деп баға бергенін сұхбатынан аңғарып қалдық.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік журналист Алексей Пивоваровтың "Президент 2.0" деректі фильмінде бұл жайлы ашық айтыпты.
"1988 жылы Қытайда жемқорларға өлім жазасын орындаған сәтке куә болдым. Қытайда оқып, жұмыс істеп жүрген жылдарым еді. Қытайдың оңтүстік қалаларының бірінде өлім жазасын өз көзімен көрдім.
"Бір жолы стадионда жемқорларды қалай атып жатқанын көрдім. Сұмдық әсер қалдырды. Адамдарды жүк көлігімен әкеліп, түсірді, көздерін байлап қойған, тізерлеп отырғызып, оларға үкімді оқыды, содан соң әрқайсының желкесінен атты", - депті президент.
"Өйткені бұл мемлекеттің тарихи-мәдени дәстүрі осындай. Егер олар сыбайлас жемқорлыққа ғана емес, ауыр қарақшылық шабуылға, зорлауға, банк тонауға мұндай жаза қолданбайтын болса, елдегі жағдайды реттей алмауы мүмкін", - дегені де халықтың үміт шоғын үрлей түсті. Қазақта "Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен" деген аталы сөз бар. Президентіміз айтпақшы, қылмысты тоқтату үшін Қытайлар қатаң жаза қолданады екен. Себебі елдегі жағдайды реттеу оларға басты міндет көрінеді. Олай болса, жемқорлықты тыю үшін, елдің алға қарыштап дамуы үшін қытайлық әдісті қолдану бізге де тиімді емес пе? "Ханда қырық адамның ақылы болатынын" ескерсек, президент Тоқаевта бұл сөзді жайдан жай айта салмаған болар....
"Қазақстан дәуірі " газеті