Адамның тағдыры жатырға ұрық боп түскен сәтінен бастап «жазылатыны» белгілі болды."...
Бауыржан Момышұлы. Қазаққа орынсыз тағылған екі кiнә
Қазаққа- көшпенді, жалқау деп орынсыз тағылған екі кiнә бар. Екеуі де - *оттауизм*. Қазақ ешуақытта көшпенді болған емес, қазақ -- отырықшы. Ол сығандар секiлдi бiр елден екінші елге көшіп жүрген жоқ қой. Өз жерінде малдың ыңғайына қарай жаз жайлауына, қыс қыстауына қоныс аударғанды сендер көшпенді деп оттап жүрсіңдер. Бұл тарих кешірмейтін қателік. Екінші, қазақ жалқау болса, мал баға ма? Мал - оның өмір сүрудегi ең негізгі көзі. Ол ғасырлар бойы өзін ғана емес, көрші елдердің халқын да етпен қамтамасыз етiп келді. Малды өсiруi, егiн салу, балықты аулау жалқаудың қолынан келе ме? Оны оңай деп кiм айта алады? Малдың бабын табу, жаздық, күздік жайлауын, қыстауын таңдау, қай жерге қалай жаю, жейтін шөбін анықтау, ауырған малды емдеп жазу, айсыз, қараңғы түнде жұлдыздарға қарап сапар шегу, қыран құс, тұлпар баптау, ауа райын болжау, сырқатты емдеу, көкпар тарту, бәйге, күрес, асық, ақсүйек тағы басқа ойындарды ойлап табу дегеннің бiлген адамға жатқан ғалым. Оны игеру үшін ақыл, тәжірибе, өте еңбекқор жандардың толассыз iзденiсi керек.Қазақ көшпенді, жалқау деп халқымыздың өмір сүру кәсібінен хабары жоқ, жеңіл ойлы ақымақ, немесе ұрпағымыздың жiгерiн жасыту үшін қаскөй арамзаның айта салған сандырағы. Соны желөкпе, тайыз немерелер iлiп әкетiп, әлi күнге дейін жалаулатып жүр. Әдiлетiн айтшы, ғасырлар бойы қазақты кiм асырады, жаудан, даудан кiм қорғады? Бiлмесең бiлiп қой, ол өзін өзі асырады, өзін өзі қорғады. Бұл жалқаудың қолынан келе ме? Ең құрығанда бір сәт байсалдық танытып, ойласаңдар қайтеді?Бұрын бүгінгідей газ, электр қуаты, мұнай, көмiр болған емес. Алты ай қыстан қысылмай шығу үшін төрт түлік малға қора-жай, шөп, отбасына отын дайындаған, малдың қиынан тезек жасауды ойлап тапқан, төрт түліктің сүтінен айран, шұбат, қымыз, қаймақ, сары май, құрт, iрiмшiк, жент әзірленген. Мұның бәрі асыл тағамдар. Бiздiң бабаларымыздың iрi, ақылды, алғыр, тапқыр, табанды, батыл, денсаулықтарының мықты болуының бiр себебі осы iшiп-жеген тағамына да байланысты.Өзің таразылашы, қазақ жалқау болса, осыншама жердің иесі атанар ма еді, осыншама данышпандарды тәрбиелеп, өсірер ме еді? Бүкіл түркі елiнiң қара шаңырағы бола алар ма еді? Мұны айтқанда басқаларға мақтанғандай көрiнуiм мүмкін. Сен, қарағым, дұрыс түсін, мұны мен мақтану үшін емес, қазақтың сан алуан қасиетiне көзім жеткеннен кейін айтып отырмын. Бiр ғана мысал, Мұхаммед пайғамбарымыздың елiнде жоқ қасиет қазақта бар. Ол жақта емшек ембедi деп ағасының ұлы iнiсiнiң қызына үйлене береді. Қазақ екi жастың жеті атаға жетпей тұрмыс құруына қатаң тиым салған. Тиым салуға ақыл-парасат, еңбек керек пе?
-- Керек.
- Ақыл-парасат - еңбек еткен адамда ғана болады, жалқауда - ақыл-парасат болмайды.
Бауыржан Момышұлы