«Көкмойнақтың үйірі» – Адай жылқысының ерекше асыл тұқымды түрі туралы жыр. Маңғыс...
Небәрі отызда ғана болатын
Әкем ақын Төлеген Айбергеновтің дүниеден ерте кеткені баршаға аян. Небәрі 30 да ғана болатын. Сол аз уақыт ішінде 2 кітап шығарып, үшінші кітабы «Құмдағы мұнараларды» баспаға дайындап беріп, 5 балалы болып үлгерді. Артында жоқтап халқы мен аяулы жары, тұңғышы менің өзім 7 ге толар –толмастан, сіңлім Махааббат 5 те, Дәурен үште, егіз екі сіңлім 8 ақ айлық болып балалары қалдық. Осындай хәлде болғанда ақынның бұкіл шығармашылығы жоғалып кетуі де әбден мүмкін еді. Бірақ әкемнің бағына парасатты болып анам жолыққан екен. Әкемнің бір парақ қағазын да шашау шығармай, біздің есіміз кіргенше сақтап, қастерлеп жеткізді. Міне,биыл анамның дүниеден өткеніне де 10 жыл толады екен. Мен мектепте оқып жүрген кезімнен бастап машинка басуға уйретіп, әкем өлеңдерін бастыратын, кейде жұмыстан шаршап келсе де өзі басатын, сөйтіп бірнеше кітабын баспаға дайындап берді. Ол кезде компьютерді көру түгілі, атын да естіген емеспіз. Бір басқаныңды қайтара он басасың. Кейде қате кетіп қалады, кейде әріп түсіп қалады. Қайта басқанда тағы басқа жерден шатасасың. Әйтеуір әбігерге түсеміз де жатамыз. Мен далаға шығып ойнағым келеді, кейде достарыммен қыдырғым келеді. Сондайда ішімнен әкелері ақын емес, уйлерінде машинкасы жоқ қыздар қандай бақытты деп ойлайтынмын. Ал енді ол кітаптың шығуы қандай қиын еді, десеңізші?! Оның өзі үлкен бір әңгіме. Жоспарға ілігу бір ақырет, іліккен соң шыққанша да аз уақыт емес. Өйткені қазіргідей баспаханасы көп, жағалай компьютері бар кең уақыт емес. Сондай тар кезеңде, анамның міндеті шеттей бала шағаны асырау, киімін тауып беру болса, мақсаты әкем шығармашылығының тасада қалып қоймауы болды. Осындай аласапыран омірде жүріп анамбіраз естеліктер қалдырды. (Оларды қазір кітап етіп дайындап жатырмын,ал мына естелік сол кітаптан үзінді, менікі тек редакторлық жұмыс қана)
Анамның естеліктерінен:
Ия, мен кетіп бара жатырмын. Қай жаққа?, деген ой туатын шығар. Қай жаққа дейтіні жоқ, баяғы Төлеген тірі, бағым бүтін, бауырым аман кезінде бір қуаныш үмітін билететін, үрейімен мені қысындыратын үй – ол жазушылар үйі еді. Алғаш бұл үйге үрей билеп кішкентай да болса септігі тиер ме екен деп кірген кезім, ол Төлеген ауырып ауруханаға түсті деген күн. Ия, ол күн де жақсы күн екен –ау. Аз да болса бойымды ұят билеп, ертең Төлеген келіп сен неге әбіржіп онда бардың дер ме екен деген бір түрлі қысынушылық та бар еді өзімде. Барған шаруам бітпесе де, көңіліме ешнәрсе келмей, бір амалы табылар деп жеңіл шығып кеткен едім…
Ал Төлеген кеткеннен бері мен бұл үйге келуді жиілеттім. Тап сол үйде менің жасырынып қалған арманым бар сияқты. Төлеген сол үйдің бір бұрышына тығылып қалып жасырынып тұрғандай. Соның аралаған жерлерін түгел аралап шықпай, қайтқым келмейді.
… Мен тағы сол жолға шықтым… Бағытым еңсесі биік сол үй, ия не үшін? Дейсіңдер ғой, не дейтіні жоқ, ендігі ойым балаларды қайтіп асыраймын, қайтсем үлкейтемін, аялап тапқан қуаныштарымызды қырып аламын ба, немесе мүгедек етіп ауыртып аламын ба, енді қайда барамын?! дегендегі жол тағы осы үйге апарды. Келгенде оның ішінде мені біреу күтсейші!.. Кімге керекпін? Менің қайғым кімге керек?! Әркім өз шаруасымен.
Және келе жатырмын. Енді неге келе жатырмын?… Себебін сұрасаңдар. Келе жатқан себебім; көз көргендердің маған не шапағаты тиер екен?! Немесе кім мені ауызша болса да демеп, не сөздер айтар екен?! Сол баяғы сезім… Осы жерде Төлеген жүргендей, бір жақтан шыға келетіндей болады да тұрады . Келуін келдім-ау кетудің қиынын айтсайшы…
Мен тағы сол үйге қарай бет алдым… Сылтауым өзіміздің жақын досымыз сол жердің бір креслосына ие болды. Соған құтты болсын айтып шығу. Жақсыға құтты болсын айту адам таңдамайтын нәрсе емес пе? Мейлі мені ол мынау келіпті деп те ойламас, дегенмен, құттықтау міндетім деген ой сүйреп келсе де,ол адам болмай өзім қысылып қалдым… Қайтуға айнала бергенде, бұрыннан таныс Сәуле деген келіншек маған: Үрниса, сені таппай отыр едім дегені… Өзіме өзім сенбеймін… Япырай, мен кімге керекпін?! Бұл үйдің мені іздейтін де кезі болады екен ғой, деген ой басып кетіп, неге деп сұрауға да мұршам келмей артынан еріп келемін. Ол үн-түнсіз алдымда адымдай бастап жүріп барады… Кабинетке кіре, ‘‘Сен маған Төлегеннің документтерінің барлығын әкеліп берші’’ дегені. Жамандық үшін көп документтің керек емес екенін жақсы білемін. Қуанғаннан ба, алдын не үшін керектігін сұрамаппын да. Біраздан соң Сәуленің өзі “Төлегенді жазушылар одағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынғалы жатыр, сол үшін керек ”-деді. Мақұл деп одақтан қалай жеңіл шыққанымды да сезбей қалдым.
Ертесіне барлық керекті деп тапқанымның барлығын жинап алып келе жатырмын. Ойымда ештеме жоқ . Әйтеуір қаупім тағы не керек деп қалар екен? Төлегеннің осындай үлкен сыйлыққа ұсынылғанына қуанғанымда шек жоқ. Ішімнен өзі тірі болғанда менен де бетер қуанар еді-ау деген ой да жылтың беріп қалады. Сол күні мен одаққа бірінші рет үрейсіз қысылмастан кіріп, одақтан бірінші рет өте көңілді шықтым.
Мен бүгін одаққа тағы да бет бұрдым. Бүгінгі күйім алдыңғы барғандардан тіпті өзгеше. Бойымды делсалдық билеп, қаруы қайтпайтын өмірдің азабына шыдап бара жатырмын. Төлеген мемлекеттік сыйлықтан сызылып қалды. Өмірлік жолдасымның белгісіндей болған керекті қағаздарымның бәрі сол жерде. Бармауға амал жоқ. Бірақ бұрынғыдай емес, ол жаққа қарай аяғым тартпайды. Бару керек. Бардым… Күле кірдім. Өйткені менің көңіл қарбаласым кімге таң, немесе кімге ұнайды. Сондықтан елге зиянымды тигізбейін, көңілдерін жасытпай-ақ қояйын деген ой менде… Бар ықыласыммен ештеңе білдіртпей амандасып жатырмын. Оларда не күнә бар… Мен ешкімге де өкпелеуге тиіс емеспін… Ал енді қалай қайтамын? Кетудің ауырлығын айт!.. Отырмын… Бойымды басып бара жатқан қолайсыздықтың салмағы екі иінімді көтертер емес… Алдында әкеліп берген дүниелерімнің түгелі болмаса да, бары қолыма тиді. Енді кету ғана керек.
Есіктің сыртқа шығардағы тұтқасы қандай ауыр десеңші… Тез болсайшы, мазаң қашты ма деп намысым да қояр емес., онымен қоса көңілдің кәдімгі жылы су толы қабағы лоқ етіп төгілгелі тұр.
Осы есік әр кезде маған әр түрлі ашылатын секілді болып көрінді. Дәл осындай күйде шыққан кезім еріксіз еске түсті.
Бір күні одақтан бүгін, ертең үй беріледі екен дегенді есітіп, желпілдеп асығып барып, Әди Шәріповтың: “Өлі түгілі, тіріге үй жеткізе алмай отырмын. Неге сүмірейіп келе бересің” – деген сөзін естігенде, тоқтау таппастан, көкірегім жарылып кетердей шерге толып, ыза мен кекке малынып, оның тоғысқан орны менің мына кішкене тар кеудеме сыймастан бар пәрменіммен айқайлап дауыс етіп , жылап шыққаным есіме түсті.
Мен енді өзімді -өзім жұбатып келемін. Қой жасыма, қайтесің онан да өзіңді өзің берік ұста, шаршама деймін. Алмаса мемлекеттік сыйлықты алмасын. Оның саған не септігі бар? Менің ойым аты аталып,шығармашылық өмірі бастала ма деген арман ғана. Қайта өзі тірі болғанда ғой, бүйтіп жалғызсырамайтын едім! Қойшы жалғыздық маған тән болған соң, оны ешкімге шағынбай-ақ көтерейін! Ал осы сәтте маған жанашырдың біреуі қарсы алдымнан шыға келіп:
- Үрниса, қайдан келе жатырсың, неге барып едің?- десе болды ..
Өмірдің қайғылы салмағын көтере алмай шытынап кеткен уықтай шашылуға дайын тұрмын. Абыройға алдымнан ешкім шыққан жоқ. Үйге келсем балалардың ештеңемен ісі жоқ, бірін бірі қуалап шуылдасып ойнап жүр. Үлкендерімен сабақ дайындау керек, кішілерінің киімдерін бақшаға дайындау керек. Тіршілік күндегісінше, ертең де солай болады…
Салтанат Айбергенова