Заман Төлеуов. Таңдап алған тәлей (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
7246

Қалиманың күйеуі өзінен талай жас үлкен, мосқал кісі еді. Қасым, тым кеш үйленді. Ол, салиқалы, еңбекқор адам болатын. Туған-туыстары арасында да біраз беделді. Оның елден ерекше бір қасиеті адалдыққа тым жақын тұратындығы. Егер өзі солай деп шешсе, сонысы басына таяқ болып тисе де алған бетінен қайтпайтын-ды. Оның осындай бірбеткейлігін былайғы жұрт құптағанымен, іштей оны аңғал, ақылы тайыздау адам санатына қосатын. 


Бұларда пендеге керектің бәрі бар сияқты. Тек, Жаратқан ие бір нәрсеге зар қылып қойғаны болмаса... Тілегендері бір шикіөкпе еді. Алғаш реті түсік тастады. Сосын бойына мүлдем бала бітпеді. Касым әйелін көрсетпеген жер қалмады. Тәуіп-балгерлерге қаратып, әулиелердің басына барып түнеді. Басы жастыққа тиген сайын, көктен аян күтті. Амал нешік, бұл екеуінің үміті мен еңбегі ақталуға жазбаған екен. Ақыры, бәрінен де болдырып, басқа түскен тағдырға мойынсұнды. Егер, Қасым біржола үйленбей кетсе, жеке шаңырақ болып отырған мындай күнді көрмес те еді. Соны ойлағанда ол, осы барына тәубашылық қылуға мәжбүр болатын-ды.


Қалима балиғатқа толар-толмастан жеңіл жүріске салынып, қыздық қасиетінен ерте айырылды. Оның балынан ересек жігіттер де балғын ұлдар да дәм татты. Қалима біреуге жар болуды аңсағаннан гөрі, кейінгі кезде түк көрмеген «саржалақтарды» ауыздандыруды міндетіне алған сыңайлы еді. Мүмкін, ол үшін бұл да бір киелі шаруа сияқтанды ма екен? Сөйтіп жүргенде осы күйеуіне ұшырасты.

Қасым оны көрген бетте жүрегіне сөнбес шоқ түскенін бірден аңғарды. Ол, Қалиманың жас тәнін ләззат үшін ғана пайдаланғысы келмей, ішінің сонау бір түкпірінен тосыннан оянып, елжірей жібіген ыстық ықыласына бөлеп, аялағанды қалады. Оның ақыры көптен бері омалдырған бойдақтық құрсауды бұздырып, отау құрумен тындырды. 


Алақандай ауылдан неңді жасырасың... Елдің аузына да қақпақ бола алмайсың. Ағайын-туыстар да мына жаңалықтан беттерін басып, Қасымды ағат қадамнан арашалап қалуға жандарын салды. Расында Қасым секілді жұрт арасында азды-көпті сыйы бар адамға - Қалима қай жағынан жапсырса да тең еместей көрінді. Қасымның соңынан жақсы лепес ерсе, Қалиманың соңынан онымен төсектес болған - сол ауылдың еркектерінің көлеңкесі шұбыратын секілденді. Апырай, бетінің жылтырына ма, әлде қай жеріне қызықты екен деп талай кісі қайран да қалып жатты. Қу тізесін құшақтап, қырықтан асқан шағында, Қалиманы бұған шайтан қосқан сыңайлы. Қалған ғұмырын қатынсыз өткізсе де, дәл осы Қалимаға жоламау керек еді...


Болар іс болды. Бір ғажабы ел ойлағандай Қалима ерсі қылық танытпады. Қасымның қарны тоқ, жағасы таза. Ол енді баяғыдай салт басты, сабау қамшылы, теке сасыған еркек емес. Жайлы төсекте жатып, құшса құшағы толып, өз өміріне сүйсіне мекіренетін жағдайға жетті. Иә, ол өте дұрыс істеді. Қалима Қасымның құдай қосқан сыңары екен. Оған еш күмәні болмады. Ал, елдің алыпқашпа, қаңқу сөздерін - өзге біреудің жолы болмауын қалаған көреалмастық деп бағалады. Болса, біреулермен болған да шығар. Одан тоза қалған ештеңесі көрінбейді. Қалима қылық десе қылығы, көрік десе көрігі бар - әдемі әйел. Бұл, Қасымның өз еркімен қалаған тағдыры. Басына қандай сынақ түссе де мойымай көтеруге әзір. Сүйген жарының саусақ ұшы ым берсе, шыбын жанын да шырқыратып, Қалиманың жолына бауыздай салуға дайын еді. Ол өзінің өстіп шалмақ болған құрбандығының Қалима үшін қаншалықты қадыр-қасиеті барына да аса мән бермеді. Тек, бәр ісі мен ынтасы біржақты, өз тарабынан ғана туындап жатты. Неге бұлай деген сауал іспетті алаң да аракідік ұрланып,  қаперіне келмепті.  


Расында Қалима тұрмысқа шыққаннан соң, соңынан бір сорлы сөз ерітпеді. Бірақ, оның сонау жан түкпірінде бір қорғасындай ауыр ой қозғала бастаған-ды. Күйеуіне деген жеркенішті сезгенде, оның себебін таба алмай дал болды. Қасымның жас үлкендігі дейін десе, оған да дәйекті дәлел жоқ. Алғашқы қосылған кездегідей: кеткен ақысын алуға асыққан ақ тер, көк тер қатынас болмағанымен, ынтықтығы әлі де сарқыла қоймаған-ды. Қалиманың тәні Қасымның бір сарынды құшағынан жалықты ма? Демек, тың құшақтың ләззатін аңсай бастағаны ғой?.. Неде болса, сонау бір жылдарғы бастан кешкен талғамсыз өмірі – бұны, өзіне қол бұлғап қайта шақыратын секілдене береді. Несі бар. Сырлы қасықтай әлі жылтырап тұр. Қылмаң етсе, кез-келген еркегіңді сүріндіретін шалымы бар. Қасым байқұстан тындырып, бала да көтермеді. Егер сонша зарыққан шикіөкпені көргенде – соның бесігін тербетіп, мұндай ойға тап болмас па еді... 

Әйел атанғалы арын сақтады. Бірақ, құдай бұған оң қабақ танытпады. Неге десеңіз, шын иетімен берілген еркегінің ұрығын бойына дарытпады. Бұдан енді кінә жоқ. Екеуін сәйкес келтірмеген қу тағдыр ғана айыпты. Сонымен денесіне Қасымның қолы тисе, үсті бөртетін күйге жетті. 


Қасымның да нәтижесіз қатынастан көңілі қала бастады. Оның түсінігі бойынша қолға алған әр істің соңында бір нәтиже тұруы тиіс-тін. Отбасының негізін бала құрап, сүйеніші де тіреуіші де сол болмақ. Ал, бала болса жоқ. Соңында ұрпақ қалмайтынын ойлағанда ол табан тірер түбі жоқ құрдымға зар илеп, құлап бара жатқандай болады. Осындай ойдан соң, әйел затына құштарлық танытуға құлық та қалмады. Ара қатынастары салқындап, бір көрпенің асты тарлық етті. Сөйтіп, ол басқа бөлмеге қоныс аударды. Кешкісінгі астан соң, үн-түнсіз тарасып, азандағы дәмде бастары қосылып, араларында айтар әңгіме қалмаған адамдарша іштей тынып, тағы да тарасатын. Қасымның жанын сақтап жүрген жұмысы бар. Қалима осы күнге дейін шөп басын сындырып көрген емес-ті. Сен түк бітірмедің деп оны ешкім сөкпеді. Қасымның табысын ұқсатып, соның қамын жасаумен уақыты өтіп жатты. Енді міне, сол алаңсыз күндердің шуағы сарқылуға айналғандай. Ер мен әйел өздері мен өздері іштей арпалысып, бітеу жарадай сыздаған жұмбақ сауалдың шешімін жеке іздеуде еді. Олардың ойындағы бір ұқсастық – алда тосып тұрған ажырасу деген жарды қалай аттап өту болатын-ды.  Оны ойласа, Қасым тағы да түпсіз құзға құлағандай күйге түсіп, зәр иманы ұшатын-ды. 

Отбасының дәнекері бала болса, оның да жолын қарастыруға болатын секілді. Әне, інісіне құдай топырлатып қарадомалақтарды аямай-ақ берді. Соның біреуін бауырына басса, іргесі қақырай бастаған шаңырағын сақтап қалуға септесер ме екен? Қалимаға да алданыш болар еді. Ағасының бағы үшін бауыры бір баласын қияды, әрине, қияды ғой... Тіпті болмаса, қаншама адам жаялық жуып, бесік тербетпей-ақ өтіп жатыр десеңші! «Бала бермедің!» деп асылып өлу керек пе? Бұл да тығырықтан шығаратын жолға ұқсамайды...  


Қасымның кәсібі механизаторлық еді. Ол техниканы аса жетік білмесе де жұрт оны - бірдеме білетіндердің қатарына қосатын-ды. Оған себеп, Қасымның қолға алған нәрсесін түбін түсіргенше істейтін ыждағаттылығына байланысты сияқты. Жоқ жерден сылтау тауып тайсақтамай, сәті түсіп жөнделсе де, яки жөнделмесе де сүзгенін құлатып барып, бір-ақ тынушы еді. Осы бірбеткейлігінің арқасында ол, кәдеуілгідей беделге ие болды. Оны ауылдың маңдайалды моторисі деп те қалатын кездер бар-тын. Қалай дегенмен, Қасым мүлдем түйсіксіз жан емес еді. Бірде қарғыс, бірде алғыс алатын мотористік қызметтен гөрі, ол - өз еркі өзінде болатын трактор рөлін қалаған-ды. 


Алты ай қысты еңсеріп, көктеуге бет бұрған малшыларды көшіруге Қасымды да жұмсады. Таң елең-алаңда ол тіркемесін салдырлатып, ұжымшардың шаруашылық ауласына елден бұрын жетті. Көзін уқалап, ұйқысын аша алмай есеңгіреп, қақпа алдында ербиген күзетшіге «қалғандары қайда» деген сауалды аңғартатын ым көрсетті. Анау «қайда екендерін итім білсін» дегендей иығын қиқаң еткізді. Қасым тракторын бір-екі рет дар-дұр еткізді де кілт сөндірді. Сыртқа шықпай, кабинасында шалқалай жатты. Өзгелер жиналғанша мызғып алғысы келген сыңайлы. Күзетші дуалдың қалқасына барып, кіші дәретін сындырып енді бола бергенде, дар еткен трактордың дауысы естіді. «Тағы біреуі келген шығар» деген оймен жайбарақат келе жатқан оны - ауладан атып шыққан трактор қағып кете жаздады. Үріккен қарғадай қалбаң етіп, көлікке жол беріп үлгірді. Алды артына қарамастан, ақ шаңды аспанға көтеріп, жын қуғандай ұшып бара жатқан Қасымның соңынан, шошына қараған күзетші басын шайқап, біраз тұрды.   


Кеңес кезінің қатаң тәртібіне төселген механизаторлар - ауылдың әр-әр тұсынан ала таңның құлағын тұндыра, тракторларын дарылдата от алдыра бастаған. Кейбірі құйрығынадағы тіркемелерін бұлғаңдата сүйретіп, бас қосатын тұсқа беттепті. Таңмен жарыса, көше-көшеден табынға еңкеңдеген сауын сиырлар, оны айдаған қатын-қалаш та тіршіліктің қараң-құраң суретін салып, төңірекке жан бітірген шақ. 

Қасымға қарсы жолыққан бір әріптесі «қайда барасың?» деп кабина ішінен қолын жайды. Анау ләм-мим деместен салдыр-күлдір өте шықты. Әлдекім тұрмақ, ішіндегісін өзі анық түсіне алмаған Қасым, не дер еді. Бар білетіні: жүрегі, аяғын жерге тигізбей сыздап барады. Бұл дүниедегі алаңдайтын жалғыз адамы Қалима ғана. Сол бір нәрсеге ұшырап қалған секілді үрей - үйіне қарай құстай ұшырып, безілдетіп алып бара жатыр... 

Көз алдынан қалықтап, бірге тұрған күндері жетектесіп өте бастады. Қалима келін боп түскен сәттен бұлар бір ешкі, бір тана, бес қойды еншілеп, азын-аулақ төсек орын мен ыдыс-аяғын артып, ауыл шетіндегі орыстан қалған ізбөшкеге көшіп барған-ды. Той-томалақ жасап ырымдаған болды. Көрші-қолаң, ағайын-туғанмен әмпей-жәмпей араласып кете алмады. Мүмкін оған Қалиманың өткен өмірі де себеп болды ма екен? Әйтеуір, туыстарының бірін үйіне шақырғанда, оның көзінен «Ол жәлептің қолынан тамақ ішпеймін!» дегендей жеркенішті бастартуды аңғарған еді. Содан кейін бұл да қонақ шақыру немесе қонаққа бару дегенді доғарды. Ара-тұра «от сұраған» көршісінің бірі бас сұққаны болмаса, аса ешкім із салмапты. Томаға-тұйық өмір кешіп жатты. Енді ойлап қараса, Қалима екеуінің арасында қандай әңгіме болатынын есіне түсіре алмады. Тіпті, бұлар дауыстап сөйлесіп көрмеген секілді. Құдды мылқау адамдарша ыммен ғана түсінісіп, күн кешкен екен-ау?.. Бүгін таңертең ғана үйінен аттанып шыққан ол, арада сан жылдар өтіп кеткендей сезінді. Қалиманың дауысы құлағынан мүлдем өшіп қалған сияқтанды. 


Тракторды көшеге тастап, жүгіре басып үйіне жетті. Ауылдың пұшпағындағы қалың талдың арасындағы қос бөлмелі жатаған үй, өрт пен тасқыннан аман-есен орнынша тұр екен. Үйге қарама-қарсы қораның қиы ойылып, жел қақсын деген оймен есіктері айқара қаңтарылған. Ірілі-ұсақ, бар малды жекеменшік табынға қосып жіберген-ді. Қалиманың қолына қызыл қотыр шығып, сауын сиырды да бұзауымен бойдақ малға ілестірген еді. Күзге дейін бұзауы еркін сорып, домаланып соғым болса, енесі де етекте шаң қаппай, ен жайлауда еркінше жайылып, оңалар деген үмітпен...


Сыртқы есіктің сыртынан ес қып тіреген таяқ - қисайып жерде жатыр. Қасым оны көтеріп қабырғаға сүйеді. Есікті тартып еді, іштен бекітілген екен. Ашылмады. Мана, Қалиманы оятуға ұйқысын қимап еді, бұл кеткен соң өзі естиярлық танытып, тұрып, жауып алған екен ғой. Апырау, неге сонша жүрегі сыздап, кеудесіне симай аласұрды, ендеше? Төңіректі тағы бір шолып, енді кете бергенде тосын дыбысты құлағы шалды. Еңкеңдеп есіктің түбіне таяп, тың тыңдады. Дауыс іштен шығады. Сірә, таңғы ұйқыға балбырап, Қалима ұйқысырап жатқан тәрізденді. Қасымның іші елжіреп, оны әйелі сияқты емес, баласындай жақсы көріп тұрғанын байқады. Расында, Қалима жасын қуа келсе, бұған қыз болуға лайық қой. «Менің кішкентай, бақытым!» деп ол Қалиманы берген тағдырына сүйсінді. Бойы бақытқа бөленіп, кері айнала бергенде әлгі дауыс тым қатты және ерсі шықты. Бұлар кейінгі кезде жеке төсекке жатқалы, Қалима түнде оғаш дыбыс шығарып, Қасымды шырт ұйқыдан осылай оқыс оятатын-ды. Ондай кезде Қалиманы жайсыз түс көріп қиналып жатқан шығар деп, Қасым жанына жатып, аялап, ұйықтатқысы келетін. Бірақ, оған жүрегі дауаламады. Өзге бір нәрсе дәм етіп жүрген сияқты көрінуден қашқақтады. Қалиманың өзі қаламаса, ендігәрі, бекер іске өз бетінше емінбеуге ант берген сынды.  


«Мүмкін, бастырлығып, қиналып жатқан шығар?» деген қауіп дедектетіп үйдің сыртына алып барды. Төргі бөлмедегі жалғыз терезенің пердесі етегі сәл түрулі, толық жабылмапты. Бұлар бөлектенгенгелі Қалима түпкі үйде, Қасым ауыз үйде жататын. Күні кеше ғана құшағы толып, әйел ләззатына бөленген ыстық төсекте әлдебір қимыл-қозғалыстар байқалады. Қалима көрпесін тепкілеп өзі мен өзі ойнап жатқан секілденді. Ештеңенің мәнісіне бара алмай абдыраған Қасым үңілген үстіне үңіле түсті. Біреу қылмыстан әрман – осынау ұрлық қылығын көріп қалатындай, шошыған жүрегі үйді құлатардай гүрс-гүрс соғады. «Е, жарайды, ерке қыз, ойнасаң ойнай бер» деп Қасым көңілі жайбарақаттана бере, саңлауға тағы бір мәрте көз жүгіртті.


Ендігі көріністен Қасымның көзі шарасынан шығып, жағы қарысып қалды. Қалима шалқасынан жатқан бір еркекке атша мініп алып, қолаң шашы дудырап, қос анары жоғары-төмен салпылдап, шауып бара жатыр екен. Бейнебір, ат жарысы дерсің... Аты да өзі де қиқулап, ұрандатып барады.

Буын-буынынан әл кеткен Қасым сыпырылып, терезе түбіне шөке түсті. Екі көзінен парлаған жас пен қисая қарысқан ауыздан аққан сілекей омырауын жосалады. Аналардың ырғақты дауысы Қасымның ықылығын оятты. Есі ауытқып, өзі де ат жарысында отырғандай сезінді. Әлсін-әлсін, адам түршігерлік ащы қырыл тамағын жырта, тұла-бойын дір-дір сілкіп, іштегілердің атойына барқылдай ұласты...

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Айқын Төлепберген Youtube платформасындағы Зamandas подкастына берген сұхбатында Қанат Бейсекеевтің...

Ауа райы

Синоптиктер Қазақстандағы 2024 жылғы 8 желтоқсанға арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа ра...