Бауырластықты бекемдеген басқосулар

Жаңалықтар
1584

Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуметтік-мәдени, экономикалық-саяси ынтымақтастығы соңғы уақыттарда қарқынды дами бастағаны белгілі. Әсіресе өңірдегі мемлекеттер басшыларының кездесулері Орталық Азия елдері президенттерінің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз қарсаңында Астанада бас қосуы, көршілес елдер арасындағы көпжақты байланысты жаңа деңгейге көтерді. Атам заманнан бір дарияның кәусарын бөліп жұтып, бір дарақтың көлеңкесін ортақ саялаған бауырлас халықтардың достық қатынасы нығая түскеніне тілектес болып, алдымен құптап-қуанып, қарымды қызмет ететіндер ғалымдар мен ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері екені анық.

Осы орайда Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республи­ка­сының Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен Ташкент қаласында бірқатар маңызды ғылыми-мәдени іс-шаралар легін өткізді. Атап айтқанда, мамырдың 11-12 күндері Ә.Науаи атындағы Таш­кент мемлекеттік өзбек тілі мен әде­биеті университеті, Өзбекстан Рес­пуб­ликасы Өнер музейі, Өзбекстан Жазу­шы­лар одағымен бірлескен шара­лар бау­ырлас халықтардың рухани сабақ­тас­тығын жаңа мазмұнмен байыта түсті. Академия Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті мем­лекеттік университетімен бірлесіп «Ха­лық­аралық түркологиядағы өзбек тілі­нің рөлі мен ынтымақтастықтың келе­шегі» атты ғылыми-конференция ұйымдастырды. Жиынды ұйым­дас­­тыруға келген Халықаралық Түркі ака­демиясы делегациясы сапарын ұлы ақын, ғұлама ойшыл Әлішер Науаи ескер­ткішіне гүл қою рәсімінен бастады. Аталмыш конференцияда күллі түркі әлемінің рухани дамуына қатысты ауқымды мәселелер жүйелі талқыланды. Ғылыми жиынға Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей се­кіл­ді елдерден келген ғалымдар қатыс­ып, мазмұнды баяндамалар жасады. Ғылыми-конференцияда құттықтау лебізін білдірген Қазақстанның Өзбек­стан­дағы Төтенше және өкілетті ел­ші­сі Ерік Өтембаев мұндай алқалы жиын­дар мемлекеттер арасында барлық сала бойынша табысты ынты­мақ­тас­тықтың алғышартын жасайтынын ерекше атап өтті. «Бүгін біз Жібек жолының, жаһан­да­ну процестерінің қайта өрлеп келе жатқанын айта аламыз. Мен кон­фе­рен­цияға қатысушылардың барлы­ғына үлкен жетістіктер тілей отырып, басқосуларыңыз табысты болсын деп тілей­мін. Біздің кездесулеріміздің бар­лығы өзара ынтымақтастықтың берік іргетасын қалайды. Ең бастысы, өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев біздің ха­лық­­тардың рухани байланыстарына бұ­рыннан терең мән беріп, үнемі назар аударып келеді. Сондықтан менің ойымша, осы конференция оның «болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты толағай еңбегінде айқын көрсетілген не­­гізгі бағыттарымен үйлесетіндіктен, осы концепциямен жақын танысасыздар», – деді елші. Түркі дүниесінің ғалымдары бас қос­қан алқалы жиында түгел түркі жұрты­ның тұтастығы мен тәуелсіздігін ұран еткен ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың өзбек тіліне аударылған «Танланган асар­лар» атты таңдамалы шығармалар жи­на­ғының таныстырылым салтанаты өтті. Бұл жинаққа ақын М.Жұмабаевтың өлең­дері, поэмалары, сонымен бірге зерт­теу мақалалары енген. Жинақты өзбек тіліне Қарақал­пақ­станның халық ақыны, белгілі сөз зер­гері Мұзаффар Ахмад аударса, кітап­қа ғылыми түсініктер мен ақын туралы зерттеу мақаланы жазған – филология ғылымдарының докторы, профессор Насимхан Рахманов. Кітаптың салтанатты таныстырылымын Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтем­баев пен Әлішер Науаи атындағы Таш­кент өзбек тілі және әдебиеті мем­ле­кеттік университетінің ректоры Шухрат Сирожиддинов өткізіп, сиясы кеппеген жаңа кітапты оқырманға тарту етті. Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Мағжан Жұмабаев жинағын аударғаны үшін өзбек тарапына зор алғысын білдіріп, аудармашы, ақын Мұзаффар Ахмад пен профессор, мағжантанушы Нәсімхан Рахмановты арнайы медальмен марапаттады. Конференцияда түркі әлемінің тұ­ғыр­­лы тұлғалары, көркемсөз шебер­лері Әлішер Науаи, Мағжан Жұмабаев, Шың­ғыс Айтматов тағылымы әр қыры­нан сарапқа салынып, жалпы адамзаттық ақыл-ой қазынасына қосылған бірегей қазына екендігі дәйектеле түсті. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер ин­сти­тутының директоры, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Уәлихан Қалижанов «Науаи мен Абай үндестігі: өткені мен бүгіні» деген тақы­рыпта баяндама жасап, даңғайыр дана­лар­дың ой ұшқындары жас ұрпаққа мәңгілік нәр болатынын байыптады. Қырғызстандық белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадырәлі Қоңқабаев түр­кология ғылымының алдында тұр­ған міндеттер мен мақсаттар туралы тұ­жы­рымды пікір өрбітсе, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің профессоры, фило­ло­гия ғылымдарының докторы Құл­бек Ергөбек түркі әлемі мен түркі зия­лы­ла­рының тағдыры мен танымына Таш­кент шаһарының тигізген шарапатты ықпалын терең саралап, өрелі ойларын ортаға салды. Конференция барысында Халық­ара­лық Түркі академиясы мен Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті мемлекеттік университеті арасында ынтымақтық жөнінде Мемо­ран­думға қол қою рәсімі жасалды. Түркі әлемінен келген ғалымдар Жібек жолы бойында терең тамырластықты тоғыстырып тұрған Ташкент шаһарында Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев бастаған даналардың ізі сайрап жатқанын, тұтастыққа ұйытқы болған осы қалада Абай мен Мағжанның толық шығармалар жинағының жарық көргенін, ал бүгінгі Ташкент басқосуы да бауырлас халықтарымыздың рухани түлеуіне жарқын жол ашатынын бірауыздан атап өтті. * * * Сондай-ақ ғылыми делегация Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейін­де қазақтың ұлы ойшылы, классик ақын Абай Құнанбайұлына арналған руха­ни кешке қатысты. Өзбекстан пре­зиденті Шавкат Мирзиёев наурыз айын­да халқымыздың ұлы ақыны Абайдың шығармашылығын насихат­тау туралы қаулыға қол қойғаны белгілі. Осыған байланысты бауырлас елде игілікті шаралар жүйелі ұйым­дас­тырылып жатыр. Тағылымды кеште Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, С.Сейфуллин атындағы музейдің директоры, ақын Несіпбек Айтұлы, «Мағжан» көркем-әдеби журналының бас редакторы Жарасбай Сүлейменов Науаи мен Абай, Чулпан мен Абдурауф Фитрат бастаған ұлы тұлғалардың рухани мирасына терең талдаулар жасап, ғұламалар өнегесі бауырлас елдерді жалғастыратын алтын көпір екенін дәйекті дәлелдеді. Абайдың әсем әндерін шырқап, қазақ­тың халық күйлерін орындаған өзбекстандық дарынды жас өнер­паз­дардың концерті рухани кешті дүр сілкінтіп серпілтіп жіберді. Атап айтқан­да, Өзбек мемлекеттік театрының ак­тері Хамза Хасанов, Өзбекстан мем­лекеттік Жастар театрының актері Малик Валиходжаев ұлы ақынның қарасөздерін өз тілдерінде мәнерлеп оқыды, ал Өзбекстан ұлттық кон­сер­ва­то­риясының бір топ жас өрендері Абай әндерін тамылжытып орындады. Кеш соңында Абай Құнанбаев жайлы өзбек режиссері Гияс Шермухаммедов түсірген деректі фильм көрсетілді. Та­ғы­лымды кешке қатысушылар бір­ауыз­дан көне мұраның шырақшысы бо­лып отырған Өнер музейінде өткен Абайға арналған кештің бауырлас ха­лық­тардың достығына үлесі мол екен­дігіне ерекше мән беріп, әріптестік бай­ланыстардың көкжиегі бұдан әрі кеңи бере­тініне сенім білдірді. * * * Сонымен бірге Халықаралық Түркі академиясының делегациясы Өзбек­стан Ұлттық Ғылым акаде­мия­сы­ның президенті, академик Бехзод Юлдашевпен, Өзбекстан Жазушылар ода­ғының бірінші хатшысы, жазушы Мирзо Минхожиддин бастаған қалам­гер­лермен де кездесу жасады. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен Өзбекстан Ұлттық Ғылым акаде­мия­сы­ның президенті, академик Бехзод Юлдашев жылы шырайда өткен сұхбат барысында түркі әлемінің ықпал­дас­тығына ғылым мен білім, мәдениет пен өнердің іргетас болып тұрғанына тоқ­талып, заманауи жүйелі зерттеулерді қол­дауға ықылас танытып, алдағы уақыттарда әріптестік байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді. Халықаралық Түркі академиясының басшысы ортақ тарихты бірлесіп жазу, археологиялық біріккен қазба жұмыс­та­рын жүргізу, киелі жерлерге экспедициялар жасау, архив деректерін бірлесе зерттеу ұтымды болатыны туралы пікірін білдірді. Өзбекстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын Мирзо Мин­хо­жиддин делегацияны одақтың зама­науи жаңа ғимаратында қарсы алып, шын жүректен ыстық ықыласын біл­дірді. Екі елдің қаламгерлері бір мезгіл үзі­ліп қалған байланыстардың соңғы уақыттарда қайта жаңғырғанына риза­шылық білдіріп, риясыз пікір алмасты. Кездесуде сөз алған Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев баурлас екі ел президенттерінің бастамасымен соңғы кезде қарқын алған ықпалдастықтың түпкі тамырында құнарлы да бай әдебиетіміз мен мәдениетіміз тұрғанын, Өзбекстанда Абай жылына орай 200-ден астам шаралар жоспарланғанын, оның тамыз айында тоқсандық есебі болатынына тоқталып, қаламгерлердің игілікті істерге белсенді араласуына, екі елдің ортасында әдеби байланыс­тар, өнер кештері, аударма саласы, архив деректерін зерттеуге арнайы жол картасын жасау маңызды еке­ніне, зерттеушілер мен қаламгер қау­ым­ға елшілік ғимаратында арнайы зертх­ан­а­лық кабинет ашу да пайдалы іс болатынын айтып, қаламгер қауымға шалқар шабыт тіледі. Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет елі­мізде Қазақстан жазушыларының клас­сикалық шығармалары соңғы кезде БҰҰ тілдеріне аударылып, әлем­дік деңгейде насихатталып, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында аудармаға терең мән беріліп жатқанына тоқталды. Ол сонымен бірге екі елдің ақын-жазу­шы­лар антологиясын өзбек-қазақ тілінде шығаруға жоспар жасалғанын, тараптар арнайы жұмыс тобын құру керек екендігін білдірді. Кездесуде сөз алған ақын Несіпбек Айтұлы Науаидың «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын қазақ тіліне аударып аяқтауға жақын қалғанын айтса, ақын Музаффар Ахмад Абай жырларын тәржімалап жатқанын құлағдар етті. Халықаралық Түркі академиясы басшысы бауырлас халықтарға нәр беретін мұндай игілікті істер­ді қолдауға әрдайым әзір екендігін білдірді. Кездесуді түйіндеген Халықаралық Түркі академиясының басшысы: «Қазақ­стан Президенті Н.Ә.Назар­ба­­­евтың «Ру­ха­ни жаңғы­ру» бағ­дар­ла­масына сай ұлы тұл­ғала­ры­мыз­ды бір­лесіп насихаттау, қасиетті жерлерге тағзым ету, латын әліпбиінің тәжірибесін бөлісу, қолжазба мен архив деректерін жүйелі зерттеу жобаларын жасасақ, екі халықтың да мүддесіне сай келеді. Академия жазып жатқан «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығына өзбек ға­лым­дарының араласқаны маңызды. Өзбекстан академияға мүше болатынына сенім білдіремін» деді. Ұлы Әлішер Науаи ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталған ақ сапар Қазақстан елші­лігінің әсем ғимаратының алдын­да қасқайып тұрған алтын хакім Абай­дың алып ескерткішіне ұрпақтар тағ­зымымен аяқталды. Тағылым мен те­рең мазмұнға толы алқалы жиындар, әріптестік кездесулер, еркін сұх­бат­тар Алаш зиялыларының ізі айпа­радай сайрап жатқан Ташкент қала­сын­да нәтижелі өтуіне көптен бері қауыша алмай сағынысып қалған бауыр­лас­тар­дың ыстық жүрегінің лебі қуат, дана баба­лардың сара жолы шуақ бергені анық. Лайым, сол құдіретті сезім өшпей қайта лаулай берсін.


Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, 

филология ғылымдарының кандидаты

https://www.egemen.kz/article/168665-bauyrlastyqty-bekemdegen-basqosular

author

Ақеділ Тойшанұлы

ЖУРНАЛИСТ

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...