Төкен Әлжантегі. Қияли әлем келімсегі (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4162

Кешқұрым.

Вокзал басы.

Анда-санда оңды-солға жүйткіген жүк поездарының арсы-гүрсі жүрісі қара жерді солқылдатып қоя бергенімен, бәрі сап тыйылған тұста айнала қайтадан өлі тыныштық құшағына кіріге береді. Мұндайда адамдардың күбір-сыбырының өзі уақытша үзіліп, дүниенің абыр-сабыры әлдеқайда ұзап кеткендей әсерге бөленетінің жасырын емес. Тіпті, ауыр составтар өтпегендей, солқыл болмағандай ауладағы ағаш орындық арқалығына марғау шалқаятының келешек сапар салмағын күтуден шаршағаныңнан. Дегенмен күтпеске тағы амалың жоқ. Жетер жеріңе жеткенде ғана көңілің жай табатыны бесенеден белгілі жағдай.

Жо-жоқ, маңайдағы адамдар күбір-сыбырының үзілмегені де, дүние абыр-сабырының ешқайда ұзап кетпегені де айқын. Тек, межелісін тосудай-ақ тосқан жұрттың бір мезет шыдам шеңберіне сыйысып, өздерінше алданыш іздеген сыңайлары, мына тыныштық аясы. Жанарларын төмен сала сылбыр аяңға көшкендер мен еріндерін сүйреңнен айырғандардың ендігі тапқандары енжарлықтың еңсе басар салмағына мойынсұну екені айтпаса да түсінікті. 

Біз де мына ойда-жоқта кездесу барысындағы кәкір-шүкір әңгіме соңын тыныс қайыру сәтіне ұластырғанбыз. Оң қапталыма жайғасқан Шәрбан қалғып кетуді әдетіне айналдырыпты. Тек басы әнтек қисайған тұста өз-өзінен селк етіп, бойын түзеуге тырысатыны оның шым тереңді әлі бойлай қоймағанын аңдатып тұр.

Шынымды айтсам, менің де жетіскенім шамалы. Еңсемді енжарлық басып, салым суға кете есінеп-есінеп қоямын. Сөйткенмен, қалғуға бой алдырмай отырғаныма шүкір. Көзге тығылған ұйқыны қумақ қарекетпен сонадайдағы қырбың-тырбыңдарға алданатыным бар. Бірақ, бұл ермегім ұзаққа созылмайды. Үйреншікті көріністер әп-сәтте жалықтырып, тыныштық әлемі жанымды тереңіне шым батырып әкетуге бейім-ақ.

Сөйтіп, өзіммен-өзім арпалысып отырғанымда, жанарым жерден әлдеқашан көтеріліп, қаланың биік үй шатырларына қонақтай қалған күннің алқызыл рауанына түсе кеткені. Ғажап-ай! Мынау не қылған сиқыр? Бұрын қалай байқамағанмын, неткен керемет құбылыс! Алаулап барып батар алдында қара жерге қан-қызыл сәулесін тосқан барқын өткендегі бір оқиғаны санама төгілдіріп қоя бергендей. Сонда ол не?..

Әлденеден шошынғандай оқыстан селк ете, мойынымды бұра, Шәрбанға тесіліп қарай қалғаныма таңмын. «Жо-жоқ, – дейді бір түйсік ештеңеден хабары жоқ келіншекті қорғамақ ниетпен әлек-шәлек күйге түсіп, – ол мүмкін емес»... Осыған илануға ыңғай танытқанымда ішті қаулап бара жатқан екінші сандырақ ширыға бас көтереді: «Неге мүмкін болмасын! Дәл үстінен түстің. Анау қызыл барқын жаныңда отырған келіншектің нағыз өзі емес пе!?»

Соңғы долбардың долдана көтерілген дауысына құлықты сияқтымын. Шынында, кезінде Шәрбан да рауандай сұлу, рауандай көз арбар сиқыр емес пе еді! Бүкіл бір ауылдың, бір ауылдың ғана ма, сөз жетер тұс жігіттерінің көңіл құртына айналған арудың нағыз өзі еді ғой. Қолын ұстамақ тұрмақ қымсынысын сезінуге зар бозбалалар сол кездегі кеңдікке лайықтала тігілген салпы шалбар балақтарымен ауыл көшесін сыпыра кезіп, үй арасы шаңын ертелі-кеш көтергеніне өзім куәгермін.

Сөйткен арудан қалғаны...

– Жастық шағыңыз еске түсіп кеткеннен сау ма?..

Бейсауат қадалған жанардан секем алғандай сәл қозғалақтаған Шәрбан бұл сөзді немқұрайдылау айтты. Дегенмен, соның өзі түсінген жанға жетерлік еді. Абдырап қалдым.

– Мен жәй... Сені көптен көрмеген соң...

Келіншек жымиды.

– Көру мен көңілге түйудің арасалмағы әрқалай екенін ұмытпағайсыз. Сонда мына тесілу жіктеуі екеудің қайсына тиесілі демекпіз?

– Оны өзің сараптап аларсың...

– Әп, бәрекелді! Анықтыққа енді келген сияқтысыз. Сөйткенмен, жасырын болмаса айтыңызшы, ерсілеу қылыққа итермелеген нендей тосындық?

Ұрлығы ашылған баладай алғашында қипақтағаныммен, артынан ерке қылықты жанның меселін қайтарудан имене көрген құбылысымның жай-жапсарын титімдеп шығара бастағанымда сөзімнің соңын күтпеген Шәрбан:

– Е-е, сол-ақ па?! – деді сықылықтай күліп, – Оған несіне таңырқайсыз: күн шығады, түн батады. Бұл табиғат заңдылығынан. Сол сияқты бүгін туған сәбидің әрі-беріде өлетін шағы да жетеді. Мына қан-қызыл арай осыны меңзеп тұрғанын тіршілік үстінде түсінбейтініміз ғана жанымды қинайды. Әйтпесе...

Ол көзін бақырайта ашқан қалпында қиғаш қасын кере жоғарыға қарады.

– Тек, әйтеуір бір келердің уақытынан ерте жетпеуін тілейік! Сонсын... 

Күткенім бекер екен, сөзінің арғы жағын сабақтамады, жел қаққан жүзін әріге бұра тым-тырыс отырып қалды.

Бұл кезде қанқызыл шапақ аспанда қалқыған шарбы бұлттар бауырына жанасып, маңай бұлдырлықтың мұнар жамылғысын жамылуға қам жасай бастаған-ды.


***


Ауылда сөз жатқан ба, күндердің күнінде «Ойбай, Шәрбанды алып қашыпты!» деген тосын хабар елді дүр сілкіндірген. Сол-ақ екен сүйреңдескен еріндер оны бірден-бірге жеткізіп, артынан от тиген қаудай лапылдатып ала жөнелген:

– Сонда ол кім болды екен, ә?

– Кім болушы еді, Айқынның қу аяғы да. Екеуінің арасында шикілік бар деп әлдеқашан естімеп пе едік!?

– Айқынның Алмасы ма?! Ол болса ес алайын деген екен. Әйтпесе, соңғы кезде ащы суға әуестеніп, тіпті бой бермей жүр деп естіп едім...

– Е, онысы қу жалғыздың еркелігі де. Енді аяғына тұсамыс түскен соң қайда тапырақтағандай. Жынын алдырған бақсыдай монтансыр, байғұс бала.

– Монтансысын, монтансысын. Асып-тасып жатқан ештеңеміз жоқ, аз қазақтың баласы айды аспанға шығаруға жараса қуанбасақ ренжімесіміз анық.

– Сөйткенмен де... Жаман иттің атын бөрібасар қояды демекші, осы Алмасқа айдайымыздың жайылып салғаны неліктен екен, ә? Не түрі келіспеген, не қылығы жараспаған бір неме әйтеуір...

– Ол сенің пікірің. Ал, Шәрбан көзінде мүлдем басқа жан екені күмәнсіз. Махаббат қой, махаббат!

– Бүйткен махабатыңа болайын...

Гу-гу әңгіменің толастар сыңайы байқалмайды. Екеу ара, үшеу ара бас қосқандардың ермегі Алмас пен Шәрбанның ата жолын аттай әлдеқайда жоғалғаны. «Ең құрымаса ата-анасын құлағдар етпей ме»... деп кейиді мұндайда жанашырлық танытқандар.

Арада тағы бір күн өткенде және бір сыбыстың шеті қылтиды:

– Мәссаған! Шәрбан Алмасты жер қаптырып кетіпті!

– Қайтіп, қызталақ келгір-ау?

– Сөйтіп! Ол басқаның етегінен ұстапты.

– Қой, әрі! Сандалма! Шәрбан ондай бала емес!

– Ондай ма, ондай емес пе, оны кезінде көре жатармыз. Ал, мына сөздің шындығына илан. Бүгін ертеңгілік құдалар жағынан хабаршылар Қалманбайдың табалдырығын аттапты. Оны әлгінде көршісі айтты.

– Бетім-ай, енді не айтайын...

– Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін сенің айтқаныңнан не пайда... Одан да артының қайырын бергей дейік!

– Иә, иә, арты қайырлы болғай!

Шындық беті ашылған сәтте сырттағы гөй-гөй ішке ойысып, дастархан басындағы күбір-сыбырға ұласқанда жұрт тынышталып, қалыпты өмір қанатын жайғандай еді. Алайда, ауыл адамдары қатты қателесіпті. Шамасы төртінші күні-ау, ел естен танар және бір хабар ашық күнде найзағай ойнағандай шатыр етсін.

– Ойбай-ай, қай бетімді жұлып тастайын!.. Ана қар бүдіріпті!..

– Кім нені бүлдіріпті, бәтір-ау? Апырақтамай жөнін айтсаңшы, тағатымызды тауыспай?

– Ана Шәрбан да... Аттаған алғашқы босағасын қыйып, ұяттан безе біздің желөкпемізге еріп кетіпті!

– Қойшы-ей...

– Қоятын түгі де жоқ. Бәрі шындық. Әлгінде Айқынның үлкен келінінен естідім, Алмас екеуі тап осы мезгілде аудан орталығында тұратын жігіттің ортаншы ағасының үйіне түсіпті.

– ...

– Үндемей қалғаның не? Жайшылықта шыр-пырың шығып Шәрбанға шаң жуытпаушы едің ғой, енді де сөйтемісің?

– Бәлкім мынауың жай қаңқу шығар...

– Қаңқу болса елдің, күннің аманында қағынып нем бар? Шындықтың түбі ащы келеді. Сен ащылықты қабылдай алмағансын сенбей отырсың. Бір сен ғана ма, бүгінгінің жастары шындықты мүлдем тұмшалап тастаған. Сондықтан «махаббат, сахаббат» дегенді желеу ете өз ауандарымен жүруге әуес. Оларға ұят, ар дегенің шемішке шаққанмен пара-пар. Әйтпесе ағат іс жасамас еді, әйтпесе кезіндегі біз сияқты болғанды болғандай қабылдап, басқа салғанды мойындау арқылы елдігімізге сына қақпаған болар-ды...

Сөзінің жаны бар. Бәленбай жыл емен-жарқын от түтеткендердің айырылысып, басқа шаңырақ қызығын қызықтауға әуестігіне құлақ үйренген заман қазір. Тіпті, жап-жастың именбестен жасамысқа бауыр басуын көз көрген уақыт шамасы, мына кер ғасыр сыйы. Бәрі көру мен көңілге түйу салдарынан, әрине. Арамызға кіріккен басқа ұлттардың қалыпты тұрмысы бір кездері жай әңгіме нышанына айналса, бүгінде шынайылықтың шеңберіне сыйысып үлгерген. Енді оны балталасаң да бұза алмайсың. Сондықтан, басқаға иегің қышымағаны абзал.

Біз де бұдан әріге иек қышытпастан жан-жаққа тарастық. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы кереғар тіршіліктен қолы жеткендері қалаға қарай ойысса, сәл төмендері аудан орталығына қарай жылыстап кетті. Ал, ауылда қалғандары мал соңында салпақтап, соның қамын күйттеуден аспады. Сөйтіп, кезінде біршама жұрттың ауызынан қақпақ қашырған оқиға аяғы құрдымға жоғала барды.

Кейіннен Алмас пен Шәрбанның айрылысып кеткенін естігенмін. Бірақ ол бұрынғыдай әсер етпеген. Одан да беріде Шәрбанның әйелі өлген бір егде жанның бүйірін жылытқанын құлағым шалды.

Айырылысу – баяғы «есік көрген» жағдайдың жаңғырығынан екендігі айтпаса да түсінікті болса, «бүйір жылыту» – шарасыздықтың салдарынан екендігін ұзын құлақ жеткізген. Оның пайымынша, қысталаңда таршылыққа ұрынған байғұс келіншек шиеттей балалардың қамымен қазіргі отағасының ұсынысын қайтара алмапты. Сөйтіп, өзін құрбандыққа шалып жіберіпті.

Болған-біткені осы ғана.


***


Содан бері жүз көріспеген ауылдастар енді, міне, шалғайдағы бір қала вокзалының ауласына орын тепкен ағаш орындықта қатар отырмыз. Екеуіміз де баяғы жас қалпымыздан алшақтағандар сапындамыз. Мен болсам тепсе темір үзетін жігіттіктен әжептәуір ұзаңқырап кетсем, Шәрбан да бетінің қызылы жанған бойжеткендікті қыр астында қалдырып, кекселіктің кемеріне тұрақтаған келіншек. Бірақ, әлі табиғи бояуын өңдіре қоймапты. Мойылдай қап-қара көздері айналасына сыр шашып, күн қаққан ақсары өңі сүйкімділіктің шырайын маңайына себезгілейді. Әсіресе, аңсарды сиқырлай шақырар толыса біткен еріндері ғажап дерсің. Сүйсең шөлің қанбас бір тұнықтықты тосып тұрғандай дір-дір етеді.

Сол діріл сәл басылғандай болған шамада келіншек күрсінді.

– Адам деген қызықтау жаратылған жаратылыс, – деді артынша және бір әңгімеге желі тарта, – Сіздің не ойлайтыныңызды қайдам, бірақ менің пайымдауымша солай сияқты. Жас кезімізде біз махаббат дейміз, бақытқа молынан кенелуді армандаймыз. Осының бәрі ойдан құрастырылған қиял екенін түсінбейміз. Ал, қиялдың әрқалай келетіні белгілі. Бірі етегінен алдаусырата ұстатса, енді бірі қарасын шалдырмауға бар. Дегенмен, ол шалдырмады деп пысқыратын біздер жоқпыз. Далаң-далаң етіп соңынан қуудан жалықпаймыз. Сонда тапқанымыз не? Сандалыс пен сарсаңдық қана. Шынымды айтсам, соңғы екеуінен шаршаған сыңайым басым. Тіпті, қазір бақыт туралы ойламақ тұрмақ оны еске алуға да қорқамын. Бұл, бәлкім, әлсіздігімнен, бәлкім, жігерсіздігімнен, әйтеуір әлдебіреу атын атап қала ма деген күдікпен шақырыстардан қашқақтайтын әдет тауып алыппын. Мына қалаға да келмес едім, бала қамы қоймады. Мектеп мүкәмәлдары елде тапшы ғой, немере алдын оқуға жасақтау, оларға қағаз, қалам алу керек болды. Бұрын бәріне отағасы өзі жүретін. Енді ыңқыл-сыңқылы көбейіңкіреп, салмақ маған түскенде амалсыздан жолға шыққаным шындық. Ештеңе етпес, бұл азап та мойынымыздан түсер. Бәріміз де қияли әлемнің келімсегі емеспіз бе? Келімсекке бой қарайтудан кейін жоғалу парыз. Осыған келісесіз ғой, ә?

Жаныңды жәукем етер, қолқаңды суырып алар сұрақ. Бұған қандай жауап қайырғандайсың...

Үнсіз отырып қалғанымды өзінше жорыды ма, Шәрбан жол сөмкелерін жиыстыра бастады. Тосқан поезымыздың келер уақыты жақындағанын аңғартқаны.

– Енді ол...

Өзімше басу айтпаққа оқталған мені келіншектің мырс еткен күлкісі тоқтатты.

– Сөзіңізді босқа шығындап қайтесіз, – деді артынша бастырмалата, – Мен бәрібір сіздің пәлсапаңызды түсінбейтін адаммын. Сондықтан әуре болмағаныңыз абзал. Ал, қайыр қош!

Ол бұрынғыдан гөрі сәл толыса түскен денесін ауырламай, жол сөмкелерін майыса көтерген қалпында перронға қарай беттей берді.

Көмектесуге мұрша таппадым. Тас болып қатып қалғандаймын. Ішімді аш бөрілер тырмалады. Шәрбанның өзі айтқандай, арудың қияли әлемнің келімсегіне айналғанын көруден асқан азап жоқ екен-ау, мына жалғанда...

Төкен Әлжантегі

author

Төкен Әлжантегі

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...