Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)

ӘДЕБИЕТ
4490

Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев 1939 жылы 17 қыркүйекте Алматы облысы Іле ауданының ҚазЦИК ауылында дүниеге келген. 1963 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер мамандығы бойынша, КСРО МҚК №302 Минск мектебін, 1971 жылы КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мектебін тәмамдаған. Генерал-полковник.

Өз өмірі мен еліміздің тәуелсіздік алған жылдарын баяндайтын «Жаным садаға» атты ғұмырбаяндық кітабін тарау-тарауға бөліп, назарларыңызға ұсынамыз.

Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым. 

Қарашаңырақ

1

Азан шақырып қойған атым – Сәт. 

Әкем марқұм айтып отырушы еді: 

«Мына Алматы облысының Жамбыл ауданында Фабричный деген ауыл бар. Сол жерде өткен ғасырдың 20 жылдарында Сәт есімді болыс өмір сүріпті. Өзі Ұлы жүздің жаныс руынан екен. Елдің, халықтың арасында абыройы үлкен болса керек, халық оны жалғыз атты болыс деп атаған. Себебі, болыс болып тұрған кезінде түске дейін қорасына малы толады да, түстен кейін жалғыз атынан басқа ешқандай мал қалмайды екен. Неге десеңіз, ол кісі жиылған малды жұртқа, кедей-кепшікке, тұрмысы төмен жарлы-жақыбайларға үлестіріп беріп жібереді. Қолы ашық мырза кісі атаныпты. Елдің алғысын арқалаған азамат екен.

1918 жылы қазақтарды еңбек майданына жаппай  алған кезде – былайғы қалың бұқараны жаны ашып, жақтағаны үшін Сәт болыс абақтыға отырып шығады. Ақ патшаның тыл жұмысына қазақтың жас жігіттерін тарту ісіне бірден-бір қарсы болған адамдардың бірі. Халық қамын жеген кісіні патша үкіметі ешқашан аямаған. Есебін тауып ауыр жазалап отырған. Бұл кісінің кейінгі тағдыры туралы есімде анық ештеңе қалмапты. 

Әкем Бесімбай әлгі ел көзіне түскен жалғыз атты адал болысқа ұқсасын деген болу керек, сол кісінінің «Сәт» деген есімін қастерлеп маған қойыпты. Әр адам артында қалар ұрпағының жақсы азамат болып өскенін қалайды. Халқымыз ырымшыл қазақ. Соған қарағанда әкем де ырымдап маған осы есімді лайық көрген-ау деймін. 

Өзіме өмір сыйлап, ырымдап жақсы есім беріп, болашағымның жарқын болып қалыптасуына ықпал еткен ата-анама ғұмыр бойына борыштармын. Ата-ана ниеті мені биік белестерге көтерді.


Өткен ғасырда, 1920 жылдардың аяғына таман, неше түрлі тәркілеу, момын жұрттың арасынан кулак табу секілді асыра сілтеу, шолақ белсенділік асқынып тұрған кезеңде әкеме бір ағайындары: «Жақында сені бай-құлақсың деп жазықты етеді, итжеккенге айдайды,»- деген хабарды жеткізеді. Әлгідей жайсыз хабарды естіген соң, шаш ал десе бас алатын, асыра сілтеуге бейім белсенді зиянкестерден шошынған әкем Бесімбай Тоқпақбайұлы өзінің інісі Досымбайды және өзге де ет жақын туыстарын ертіп, туып-өскен жері Жамбыл облысын бір түнде тастап қашып, бас сауғалауға мәжбүр болады. Күн көру үшін Түркісіб теміржолын салып жатқан жұмысшы тобына қосылып, қара жұмысқа жегіліпті. Ол кезде жұмыс қолы өте қажет болғандықтан сауатына, тәжірбиесіне қарамай, жаппай жұмысқа ала береді екен. Әкемді «Жұмыс істеймін», - деп сұранып тұрған соң амалсыз жол салу ісіне көмекқол ретінде жұмысқа алып, шаруаға жегіпті. 

Арада біршама уақыт өткеннен кейін әке-шешем Алматы облысының Іле ауданына келіп орналасады. Содан барлық құжаттарын сол ауданда туып-өстік деп өзгертіп алыпты. Әкемнің Алтыншы ауылда туып-өстім деп өзгерткені әлі есімде. Анам да құжатын солай қайта жасатқан. 

Әкем Бесімбай - шаруаға аса ұқыпты, жұртқа сөзін өткізген, елге сыйлы кісі болыпты. Көзін көрген кісілердің айтуынша: ол кісі «жұрттың шаруасы», немесе «өз шаруам» деп ешқашан бөліп жармайды екен, барлығын, бейне, өзінікіндей көріп, бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кететін көрінеді. Ортақтың шаруасы десе күш-жігерін аямаған. Жетім-жесірге, мүгедек, кембағал кісілерге қамқорлығы айырықша болыпты. Кешегі қиын-қыстау жылдары, басына іс түскен кісілер: «Отбасымда талшығым болмай отыр», - деп қол жайып сұрап келсе – қазанындағы асына дейін ақ жарылып салып беретін сақы мырза болыпты. Сонысына қарап ел «Бесімбай... Бесекең...»,– десе жаны қалмай жол беріп, құрметтеп, сыйлап тұрады екен.

Сол кездегі сорақы солақай саясаттың салқыны біздің отбасымызға өз әсерін тигізіп өтті. Әкем аса ауыр, әрі шаң-топырақ жұтып істейтін қызметке бойын тартпай араласып кетеді. Ақырында біртіндеп, байырғы жұмысшыларға қосылып, Түркісіб құрылысына қатынасып, теміржол төсеп жүріп, Алматы облысының бел ортасынан бір-ақ шығады. Кейіндері әкем: «Түркісібтің алғаш топырағын басқан, осы теміржолды салған байырғы теміржолшылардың бірі менмін! Ардагер теміржолшымын!»,- деп мақтанып отыратыны есімде.

Әкемнің сөзіне қарағанда, ол уақта ешқандай басшыға барып, тіркеліп, құжат өткізіп дегендей оны-мұны тірліктер жасалмайды екен. Тек ауызша өзара келісіп, жұмысқа бірден кірісіп кететін болған. Мұның өз себебі де бар. Ол кезде жұмыс қолы қай жерде болмасын тапшы. Қазіргі қоғамнан басқа, мүлде өзгеше болған. Кейбір жастарымыз жұмыс таппай сан соғады. Ал өткен ғасырда керісінше адам қолы жетіспей жататын. Еңбекке жарамды азаматтың бәріне қара жұмыс табылатын. 

Сөйтіп, әкем теміржолды салып отырып Алматының түбіне жетеді. Іле ауданының Жаңадәуір деген ауылына келіп тұрақтаған. Айта кетер бір жәйіт – сол ауылда әкемнің інісі Досымбай есіміне берілген көше бар. Ол кісі сол жердегі ұжымдастыруға (коллективизацияға) қатысып, колхоз төрағасы болған. Кейінше Алматының төріндегі Қапшағайдың арғы жағында Шеңгелді деген жерде колхоз төрағасы болған. Біраз жылдардан кейін, 30 жылдардың аяғына қарай Іле ауданының КазЦик дейтін ауылына барып тұрақтаған. Оның көне атауы – Алтыншы ауыл. 


Мен сол 1939 жылдың 6 қыркүйегінде Алматы облысы Іле ауданынының КазЦик деген колхозында дүниеге келдім. 

КазЦикКазахский центральный исполнительный комитет деген ұғымды білдіреді. ҚазССР-нің орталық атқару комитеті – қысқаша КазЦик деп аталатын ол кездері. Бұл ауыл Алматыдан 20-30 шақырым жерде орналасқан. Шүйкедей ғана егін салған, мал баққан шаруақор ауыл.

Шындығында өмірге келген күнім 6 қыркүйек, ал құжаттарда 17 қыркүйек деп көрсетілген. Ол қате әрине. Себебі, оныншы сыныпта оқып жүрген кезімде жеке куәлік алайын деп алғаш берілген туылған куәлігімді іздестіріп едім, таба алмадым. Жоғалтып алыппын. Іле ауданының орталығына барып, ЗАГС органдарынан сұрасам – маған олар 17 қыркүйекте туылғансың деп жазып берді, бұл қалай, мен алтысында туып едім ғой деп сұрасам, аздап ішкілікке қызып алған кісі: «әй, сен білесің бе, мен білем бе, құжатыңды ал да жөнел»,- деп қолыма қате құжатты ұстатып жіберді. Ол жерде әлгі масаң қызметкермен дауласып береке таппасымды түсіндім де қате толтырылған құжатты қолыма ұстаған күйі ауылыма кеттім. 

Айта кететін бір жәйіт – университетте оқып жүрген кезімде туылған куәлік қажет болып іздеп таппағаннан кейін тағы бардым. Бұл жолы барғанымда кеңседе мүлде басқа кісі отыр. Маған ЗАГС-тың құжатын тексеріп, 6 қыркүйекте туғансыз деп қолыма куәлік берді. Ал тіркеу 17 қыркүйекте болған екен. 

Осылайша туылған куәлігім бойынша 6 қыркүйекте дүниеге  келгем, ал басқа құжаттардың барлығында 17 қыркүйекте туған деп жазылған.

Әкем мен анам Жамбыл облысы Шу өзенінің бойынан шыққан. Ағайын-туғандар да сол өзеннің бойын жайлапты. Біздің бабаларымыз, барлық туған-туыс, ағайын-жұрағатымыз сол жақта өркен жайып, өніп-өсіпті. Бұл жағдайды кейінше зерттеп білдім. Әкем жалғыз ұлыма зияны тиіп кетер, зұлмат әсері сүріндірер деп ойлап, әкем өмірден озғанынша бабаларымыздың Жамбыл облысында тұрғаны жайында бір ауыз айтқан емес. 

Отбасында жалғыз бала болдым. 

Мен әкемнің атына емес, атамның аты-жөніне жазылыппын. 

Әкем Бесімбай  –  алып денелі, қарулы кісі болды. Бір  отырғанда бір самаурын шайды өзі тауысатын шайқорлығы бар еді. Бірде дастарқан басында шай ішіп отырып өз әкесі Тоқпақбай жайында: «Атаң шайдан өлді, сондықтан біздің шайда өшіміз бар», – деп қалжыңдаған-ды. Мен түкпірлеп сұраған соң арқасын кеңге салып отырып аңыздай ғып мына бір оқиғаны айтып берген-ді.

 Тоқпақбай бабам ауқатты кісі болған көрінеді. Өткен ғасырдың басында саудагер-сарттар әлде Әулиеата, немесе Ташкент, бұл арасын анық білмеймін, базардан кіре тартып, алты қап жоғарғы сортты шай алып келген. Қазақ қашанда шайсыз отырмаған. Шай да кезектегі бір ұлттық сусынымыздай емес пе?

Бір күні бабамыз Тоқпақбай бір топ атты кісілермен үйіне келеді. Бәрі аттан түсіп, төрге озып жайласып отырады. Қонақжай қазақ барын салып, мол етіп ақ дастарқанын жаяды, табақ толы ет келеді, ізінен сорпа, артынша шай ұсынылады. 

Қазақтың салты бойынша – кез- келген асты бірінші жасы үлкен адамға ұсынады. Алғашқы кесе біздің бабамыз Тоқпақбайға беріледі. 

Ол кісі шайдан бір-екі ұрттағаннан кейін сол жерде бірден жүріп кетеді. Өзгелер дереу шай ішуді тоқтатып, қолындағы кесеге қараса – шайға у араласқан екен. Әкем: «Большевиктер байларға қарсы күрес ұйымдастырып жүріп, әдейі улады ма екен», - деп күйінетін. 

Жас кезімде оқудағы қиындықтарды әсіресе, КГБ оқуындағы ерекшеліктерді кіммен бірге болу керек, қалай жүріп-тұру керектігін әке-шешеме жиі-жиі айта беретін болуым керек. Бір күні тағы қайталай бастағымда әкем: 

– Әй, Сәт, қайдан шыққан пәлесің өзің. Құдай өзі берген жанды өзі алады. Не деп басты ауыртып жүрсің. Сенің  бабаң батыр, ержүрек адам болған. Осы батыр бабаңның өте жүйрік үш аты болған екен. Аттарын алма-кезек, әр түн сайын, үйдің жанына байлап, жау келсе – сол атқа мініп жауға шабады екен. Бір түні тұтқиылдан жау шабады. Тосын келген жауға қарсы шығады. Содан ертеңіне түске қарай, жауының басшысын атқа көлденең өңгеріп, ауылына алып келеді. Келген соң, «пышақ, пышақ» деп айқайлап үйлердің арасында шауып жүр дейді. Қолында тек шоқпары ғана болған. Үйде қалғандар қатын-қалаш, бала-шаға болса керек. Ешқайсысы сыртқа шықпайтын көрінеді. Сөйтсе, ол кісі түнде ұйқыда жатқан күйі, үстіне киім ілмей, жүрек жұтқан батырлықпен жалаңаш күйінше соғысқа аттанып кете берген екен. Сол бабаң сенің осындай жаужүрек батыр, ал сен болсаң отырысың мынау. Өзің қайдан шыққан сужүрексің,- деп басып тастаған еді. 

Сондағы маған айтпағы – алға қойған мақсатыңа жету жолында еш қиындыққа мойыма, ешқашан берілме дегені ғой. Әкем сондай қайсар, батыл адам болды. Ұрпағының бойынан да  осы қасиеттерді көргісі келгенін сеземін. 

Бесімбай әкем – ауыл адамдары ішінде өте абыройлы, сөзі өтімді жан болатын. Жүрген ортасын өзіне қарата білген көсем кісі еді. Осы қасиетінен болар жолдастары өте көп болатын. Күн аралатып кешке үйге қонақтар жиылып отыратын. Келген меймандар түннің бір уағына дейін әкеммен ақылдасып, шешімі күрделі өзекті мәселелерді кеңесіп, қауқылдасып, әңгіме-дүкен құрушы еді. 

Үлкен кісілер әңгімеден бір мезгіл шаршаған кезде есік жақтағы өзіме қарайды. Мен ол кезде төменгі сыныпты бітіріп, кітапты, әсіресе батырлар жырын, ертегілерді жүргізіп оқитын халге жетіп қалған едім. «Ал, балам, ендігі кезек өзіңде, шаш етек шаруа титығымызға жетті. Әбден қажыдық. Назар, ынтамыз сенде. Енді батырлар жырынан дауыстап оқып, осы отырған көкелеріңді серпілтіп жіберші», - деп жабыла қолқа салатын. 

Мақтағанды кім жек көрсін. Үлкендер назар жығып, арқамнан қаққан соң өз-өзімнен арқаланып шабыттанып шыға келемін. Батырлар жырын бірінен соң бірін қуана-қуана дауыстап оқимын. Үлкендер бірде көзіне жас алып, ендігіде күңірене сілкініп, үніме елітіп, түннің ортасынан ауғанын білмей қалушы еді. Осының өзі маған зор қуаныш сыйлайтын. Бейне, әлгі жырды өз жанымнан шығарғандай даусымды соза түсіп, әр сөзді әсерлендіре, әр бере төгілдіріп, жұртты желпіндіріп тастауға құлшынамын. 

Ата-анамның жаңаша оқуы шамалы, ликбезді ғана бітірген кісілер. Соған қарамастан өмірден тоқығандары көп еді. Өмір мектебін бітірген жандар. Әкем аса сабырлы, төзімді кісі болатын. Бір-ақ рет сөз айтады, айтқанда да кесіп айтады, сөзінде тұрады, жұртқа берген уәдесін орындайтын жан еді. 

Әкем анамнан ертерек 1969 дүние салды. Ол уақыта өзім үйлі-жайлымын, екі балам бар. Мәскеуде тұратынмын. Алматыдағы қызмет орнымнан берген пәтерге сол кісілерді және Ниязбек ағамның отбасын отырғызып кеткен болатынмын. Әкем дүниеден өтерде Алматыға келіп, қоштасып отырғанда: менің өмірім жайында саған анаң айтар әлі деп бір-екі ауыз сөзбен үлкен сырдың шетін шығарғандай болды. Туыстарың Жамбыл облысында, негізгі ата-баба мекені сонда деді. Қоштасып отырған уақытта әкем шешен билерше төгіліп сөйледі. Арасында көңілі босаңсып кемсеңдеп отырған мені уәжді, уытты сөздерімен тықсырып алады.

– Әй, Сәт, осы миллион деген сан бар емес пе? - деп сұрады. Әкемді ата дейтін едім.

– Иә, бар, ата, - деймін.

– Ал миллионнан кейін миллиард деген сан бар, иә?

– Иә, ата!

– Одан кейін ше?

  • Одан кейін триллион. 

Әрі қарай атам, мен білгенше бірнеше саты сан айтып өтті. 

– Одан кейін қандай сан? – деп сұрады.

– Білмеймін, - деп жауап қайттым. Сол кезде әкем:

- Одан кейін де сан бар. Осы жер, дүние жаралғалы адамзат та жаралды емес пе. Рас қой! - деді.

– Иә, рас,- дедім.

– Сонша көп халық, барлығы кетті о дүниеге. Рас қой!

– Иә. Рас.

– Ал енді о дүниеде өмір бар екенін білесің. Өліден тірінің бір саны артық. Егер о дүние жаман болса сол адамдардың ең болмаса біреуі қайтып келмес пе еді. Сен менің жалғыз ұлым, маған сол өмірді қимай, сораңды ағызып, жылап отырғаның мынау, – деп қойып қалды. 

Не күлерімді, не жыларымды білмей қалдым. Қайран әкем өзі ажал аузында жатып артында қалар жалғызының көңілін демдеп барады. 

 Сол түні әкем бақилық болды. Өзі айтып отырған қайтып келмес сапарға аттанды. Қанша өмір көрсем де бұл соққы жаныма қатты тиді. 


Анам  – Мағрипа өте ауқатты отбасынан шыққан. Әкесі Жақып атамыз елге танымал, үлкен молда болған. Ол кісіні бала күнімде көрген едім. Медеуге баратын жолда Просвещенец деген санаторийдің жанында тұратын. Екі иығына екі кісі мінгендей өте қуатты жан еді. Әрине кеңес заманында молдалық іспен айналысуға болмайтын. Молдалықты жасырын жүргізіп, күндіз өзі мектепте математикадан сабақ береді. Жады мықты, зерек кісі болатын. 

Ал анам – өте қағылез, еті тірі, көрікті адам болған. Орысша шамалы білсе-дағы Алматыда таныстарын, жекжаттарын айтып, қай жерде тұратын болса да тауып барып, солармен сөйлесіп, табысып қайтатын. Мен жұмыстан келгенде дастарқан басында барлығын баяндап отыратын. Бір күні Алматыға алыс туғандарымыз көшіп келіпті. Анам үйге келіп маған айтып баяндайды.

– Қай жерге көшіп келіпті, – деймін мен де оны сөзге тартып. 

– Сейполданға, – деп жауап берді аяулы анашым. Онысы Сейфуллин көшесі дегені еді. 

Анамның аңқаулығы да шексіз болатын.

Немересі Дәулет арқасынан түспейтін. Соны көтерген қалпы алдымда тұр:

-Сәт, ана телебезердегілер бізді көре ме?,- дейді. Мен оның сөзін қызық көріп:

-Әрине, көреді апа!,- десем:

-Бәсе, ара-бері өтсем АПА! АПА!,- дейді ғой,- деп қуанғаны бар. 

Апамның аңғалдығына, менің алдандырғаныма келіні мәз болып айтып жүретін.

Анам үйдің жоғарғы қабаттарына түк қиналмай көтеріліп жүре беретін. Аузын ашса – жүрегі көрінетін ақкөңіл, жүрген жеріне гүл бітетін, аса мейірімді, жанары жылы, дастарқанға қолы өте берекелі жан болатын, жарықтық. 1985 жылы өмірден озды. 

Қазақ құдайдан баланы не үшін тілейді?! 

Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі дейді! Әкесін ешкім жанына байлап жүрмейді дейді ғой. Дегенмен де әкенің жоқшысы болу - жарық дүниедегі ең иманды шаруа, ізгілікті іс, ізбасарлық деп білемін.

Мен Абай данышпан айтқандай «Атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жайым жоқ» екенімді кейін білдім. Әкеден жалғыз болғаныммен анадан – Ниязбек деген ағам бар екен. 

Менің бабам Тоқпақбайдың Балғабай деген бауыры болыпты, сол кісінің балсы Тәшімнен Ниязбек туылған екен.

Тоқпақбайдың баласы Бесімбай (менің әкем) Тәшім атамыз қайтыс болған кейін жұбайы Мағрипаны әмеңгерлікпен жеңгелей алады. Бесімбай Тәшімнің баласына өзінің тегін беріп, заңды түрде бала етеді. Содан бері Ниязбек Бесімбайұлы Тоқпақбаев болып жазылып келеді. Сонда Ниязбек екеуміз бір анадан – Мағрипа Жақыпқызынан туғанбыз.

Ниязбек ағамның жары Сәуле жеңгеміз өте адамгершілікті жан. Менің отбасыма анамдай қамқор. Бүгінде олардың ұлы Данияр, қызы Раушан, немере қыздары Эльмира бар, өсіп-өніп отыр. Сексеннің бесеуіне келген Ниязбек ағам мен Сәуле жеңешем Айдын деген шөбере сүйіп, соны алданыш етіп жүр. 

Сәуле жеңешемнің ағайын-туыстарымен де ерекше араласамыз. Олар елімізге белгілі Жатқанбай Шпекбаевтың тұқымдары. Жатқанбай аға мен Күлиман тәтенің сегіз баласынан маған айырықша жақындары – қызы Бақыт пен күйеу балам Қалиахмет және ұлы Алик пен келінім Гүлнара. Біздің қарым-қатынасымыз құда–жекжаттан гөрі бауырластардай жақын. Жатқанбай ағаның басқа перзенттері де отбасымызбен араласып тұрады.

Әкемнің жалғыз інісі Досымбай ағамыз бен Тәттібала апамыздан үш қыз, бір ұл қалды. Ұлы – Оразбек, қыздары – Күлдан, Күлайша, Күлсара. Бүгінде барлығы да аман, ұрпақтарымен өсіп-өніп отыр. Күлайшаның Гүлнара, Эльмира және Қарлығаш деген үш қызы бар. Гүлнара менің Ұлым Дәулетпен екеуі біркездері ортақ кәсіпкерлік ашқан болатын. Соның арқасында осы күнге дейін жары Анотолий Михайлович пен қыздары Лаура, Лейла және ұлы Руслан отбасымызбен араласып, керек кезде әр шаруаға ақылдасып отырады.

Күлданның бір қызы – Жанна үлкен мемлекеттік қызметте. Ақмөрімен келіп, хабарласып, әр іске кеңесіп жүреді.

Сәт Тоқпақбаев

Жалғасын оқыңыз

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...