Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай Ұлы Далада...
Қазақ қасіреті Татьяна көзімен
«Қазағым аш, аш иттей боп ұлыған Ісіп-кепкен, тым қайғылы, қиын хал. Өліп жатыр, бұратылып аштықтан, Күйінемін, менің тәуір күйім бар», - деп жырлаған (аударма Сағат Жүсіп) Татьяна Невадовская ХХ ғасырдың 30-жылдары Қазақстанға жер аударылған әкесімен бірге келеді. Айдалып келген профессор әкесімен бірге Алматы маңындағы Шымдаулет ауылына қоныстанған 19 жастағы қыз жергілікті халыққа қатаң қысастық жасалып жатқанын көріп, қатты толқиды, торығады, әйткенмен, сұмдықтаң себебін ұғына алмайды. Өз басы ашықпаған, отбасының күнкөрісі жақсы болғанмен, қазақтардың шарасыз, ауыр ахуалына бейтарап қарап тұра алмайды. Сол қасіретте өзі куә болған мына бір жай туралы былайша баяндайды.
«Бұл 1933 жылдың ерте көктемі еді. Мен біреумен келе жатқанмын. Қолымда фотоаппарат бар болатын. Көзіміз жол шетінде аштықтан әлсіреп отырған қазақ ер азаматына түсті. Оның егін даласынан келе жатқаны байқалып тұрды. Ол ашыққанынан аяғын әзер сүйреп келе жатты. Ол қырылдай сөйлеп, ернін әзер жыбырлатып, жейтін, ішетін бірнәрсе сұрады. Мен фотоаппаратымды қасымдағы досыма бердім де, өзім су әкелуге кеттім. Ол суды бір-ақ сіміріп салды. Мен үйден нан және қант әкелмекке қайта жүгіріп кеткен едім. Қолымдағы наныммен жүгіріп жеткенімше ол қайтыс боп кеткен екен», - деп еске алған екен Невадовская.
Невадовская көрген сұмдықтарын қағазға таңбалайды, суретке түсіреді, ашаршылық туралы толғау жазады. Міне, осының бәрін жарты ғасырға жуық уақыт бойы сыртқа білдірмей, жасырын сақтайды. Ақыры, зейнетке шыққан соң, 1980 жылы өзінің «альбомын» Алматыдағы Орталық мұрағатқа тапсырыпты. Олар негізінен 1932-33-ші жылдары болған адам айтқысыз ашаршылық шындығын ашқан Невадовскаяның жеке жыр дәптерлері, сурет альбомы мен жазбаларынан құралған екен.
«Бұл – біз үшін өте ауыр қыс болды. Бірақ нағыз сұмдықты жергілікті халық бастан кешірді», - деп жазыпты ол бір жазбасында. «Баласы, шағасы бар, жасы, кәрісі бар, түгелдей аштан өлген осы кісілерді, қаңырап қалған, қазаға ұшыраған ауылдарды, әлі бітіп, ен далада қырылған қаншама жұртты қазақтардың бүгінгі ұрпағы ешқашан ұмытпас деп үміттенемін...»
Өрімдей жас Невадовскаяның сол жазбаларында оның мынандай арманы да жазылған екен: «Ешқандай негізсіз, дәлелсіз ұйымдастырылған аштық құрбанына айналған осынау халықтың рухына арнап, дәл осы жерге мен, белгісіз солдаттың қабіріне қойылған монумент сияқты ескерткіш орнатамын».
Сол кездегі қазақ еліндегі алапат аштықты көріп, жаны түршігіп, көкірегі қарс айырылып, қыздың сол мезетті суреттеген өлең жолдары еріксіз тұла бойды шымырлатады.
Қазақтың қасіретін көріп, көкірегі қам болып қан жылаған, қазақтың қайғысына ортақ болған Татьянаның бұл өлеңі ашаршылықтың апанында кеткен қаншама қазақтың рухына ескерткіш болып қалды.
Кім тартады бұл зұлматтың зауалын?
(Аударған Сағат Жүсіп)
Наурыз еді, шуақтанып, Күн тұрған Дала оянып, тіршілікке ұмтылған. Ашаршылық қасіреті жадымда Қазақтарым бастан кешкен түн тұман. Қазағым аш, аш иттей боп ұлыған Ісіп-кепкен, тым қайғылы, қиын хал. Өліп жатыр, бұратылып аштықтан, Күйінемін, менің тәуір күйім бар. Аш нәресте шырылдайды ыңылдап, Ана шіркін сәбиімен бір жылап. Қос емшегін тоқпақтайды қолымен, Есі шығып, «сүті жоқ» деп тұр жылап. Бейшаралық халін көріп ананың, Көкіректі езгілейді нала мұң. Ашаршылық апатының құрбаны, Аяп тұрмын, мына сәби баланы. Өлік сасып, жатыр мына далаңыз, Ашаршылық, жоқ қой саған шарамыз. Құйған жаңбыр, суық жел мен аязда, Жансыз дене мұз боп қатқан, қараңыз. Шөмеле тұр айдалада жиналған, Сабақтары шірік тартып уланған. Бір жас сәби содан масақ іздеп жүр, Нәзік қолмен сүртіп көзін суланған. Көрінеді қабырғасы ырсиып, Іші ісініп, сыртқа шыққан тырсиып. Ұқсамайды тірі адамға сұлбасы, Тірі аруақ, адам емес, құр сиық. Бейшаралар түңілген бұл өмірден, Қар астынан жем іздеді қолымен. Жаратқан-ау, жан азабын тартардай, Жазығы не, түсінбеймін соны мен? Төзе алмаймын мен мынандай сұмдыққа, Арашашы бола алмадым мұңдыққа. Қандай жауыз ашаршылық әкелген, Аласұрдым, көзім жетпей шындыққа. Егін бітті ел шүкірлік етерлік, Нан мен шай да, темекі де жетерлік. Ауа-райын сылтау етіп сандалса, Ондай былшыл болар нағыз есерлік. Келді үкімет, тәркіледі астықты, Етті зорлық, жасап елге қастықты. Көмілусіз қанша сүйек шашылды, Соны ойлап, суарамын жастықты. Айтшы, үкімет, бұл не қылған мазағың?! Көз алдымда тартып жанның азабын. Малын алып, үйсіз-күйсіз қалдырған, Ажал құшып қырылуда қазағың. Ен даланы жайлағандай жын-пері, Түк қалдырмай тұл еткен кім бұл жерді? Ашаршылық зұлматына күні ертең Жауапкер деп тарта аламыз кімдерді? Көшпелі ел ен даланы жайлаған, Малын бағып, қыс соғымын сайлаған, Дихандыққа бейім емес қазақты, Кім ажалдың аранына айдаған? Кім оларды сұм ажалға тап қылған, Қырып-жойып, жаппай ажал таптырған, Маң далада мал өсірген қазақтың Шат көңілін, жайлы өмірін жоқ қылған? Көкіректе көп болып тұр сауалым, Бұл зұлматтың кім береді жауабын? Мен сұраймын, айтыңдаршы ағайын, Кім тартады бұл зұлматтың зауалын?!
Наурызбек САРШАЕВ