Бауырына басқанда түн даланы,Бұлың бұлт та тыншиды мұржадағы.Төсек дейтін табытқа таңып қойыпҚұдай м...
Ақын Мақпал Жұмабайдың 7 өлеңі
9530
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап отырмақ. Бүгінгі ақын - Мақпал Жұмабай! Мархабат!
Дыбыссыз режим Қарасам бола ма сыртынан? Дауысын естімей заманның Дыбысын естімей бәрінің... Дауысын естімей адамның... Сөйлейді екен ғой Ауа да... Бұлақтар тіл қатты. Мұң іштім. Сезе алмай, сезе алмай жүріппін Сөйлейді екен ғой тыныштық... Тыныштық, мен келдім алдыңа, шыңғырдым көкейге үн келмей. дауысын естідім шындықтың айтылған, айтылған үндемей... Оқ Мың оқ қадалған кеудеме, Құтқарма, түспегін әуреге. Біреуін суырсаң уыты Тарайды бүкіл денеме. Бүгін мен кешенің арасы, Бір оқтық, бір оқтық қана - Шын. Жарақат салғанмен тәніме ол, Бітейді жанымның жарасын… Менің де тапаншам оқтаулы... Сенің де тапаншаң оқтаулы… Суырма еш оқты кеудемнен Әр оқта - тағдырым сақтаулы… Аяу Қаншама өмір, қаншама өмір сүрілмей, Қанша ғасыр кірпігіміз ілінбей, Түңілетін сәттерден де түңілмей, Үгілетін сәттерде де үгілмей Жақсылыққа сенеміз... Сүрінгіміз келсе дағы сүрінбей, Жүрек жылап жатса дағы, күлімдей, Жанымызды, о, тілімдей, тілімдей, Басқаларға бір азабы білінбей Жақсылыққа сенеміз... Мың бір мұңнан айығып та үлгермей, Дүниеге жаңа ғана келгендей, Жақсылыққа қайта-қайта сенген-ей Сені аяймын, шер кеуде... Сені аяймын, шер кеудем... Қара жәшік Әр адамның ішінде ешкім аша алмайтын, ешқашан ашылмайтын бір-бір «қара жәшік» бар... Кірпігіме ілінген күннің бәрін өзіңе. Көкіректі кернеген мұңның бәрін өзіңе. О, алыстан мұнартқан шыңның бәрін өзіңе. Өлеңге де айтпайтын сырдың бәрін өзіңе Сақтап қоямын... Өзім ғана сенетін шындығымды өзіңе. Өзім ғана сүретін тірлігімді өзіңе. Өзім ғана еститін күмбірімді өзіңе. Мойындағым келмейтін сұмдығымды өзіңе Сақтап қоямын... Мейіріммен қараған көздің бәрін өзіңе. Анам айтқан аяулы сөздің бәрін өзіңе. Тағдырымды сел еткен тездің бәрін өзіңе. Өтті деуге қимайтын кездің бәрін өзіңе Сақтап қоямын... Үзілейін деп тұрған төзімімді өзіңе. Алданбауға үйреткен сезігімді өзіңе. Мені Жерде бар еткен сезімімді өзіңе. Мені түбі өлтірер сол сезімді өзіңе Сақтап қоямын... Қасіретті һәм сұлу заманымды өзіңе. Кең даламда жаңғырған азалы үнді өзіңе. Мөлт-мөлт етіп жас тұнған жанарымды өзіңе. Жылап тұрып сүйетін қазағымды өзіңе Сақтап қоямын... Қара жәшік... Ұйқысыздық Көзімді жұмсам... Мөлт-мөлт етіп жанары Маған қарап тұрар Жылдар жаралы Олар маған мың-мың сауал қояды Менде жауап жоқ әлі... Көзімді жұмсам... Жалт-жұлт етіп көздері Маған қарап тұрар Бала кездерім. Оған берген уәделерім көп еді. Солар мені тығырыққа тіреді... Көзімді жұмсам... Таусылып бар төзімі Маған қарап тұарар Мұңды сезімім. Бұл күнде мен болып алдым ақылды Ал сезімім шарқ ұрды. Көзімді жұмсам... Жүзі айғыз-айғыз боп. Маған қарап тұрар Ұлы Жалғыздық. Күні бойы одан үнсіз қашамын. Ал ол мені түні бойы тосады. Көзімді жұмсам... Лүп-лүп етіп жүрегім Түсімде ылғи құстай ұшып жүремін. Өз елесім маған тыным бермейді, Менің мүлдем Елес болғым келмейді. ...Ұйықтамаймын... *** Қол қой дейді... Есіме түсті қолтаңбама аяулыларымның есімін сыйдырамын деп ойға батқан үмітті шақтар. Қолтаңбамда Бәрінің бас әрпі бар. Бұл менің өмірім емес, бұл менің қолым емес, Екінші мүмкіндік бер деп, қанша шыңғырсам да, бір рет таңдалатын қолтаңбадай, Екі көзі жаутаңдап-ай бір рет беріледі өмір. Өмір иісі Тұрғанда жаным күрсініп, Кеткенде жаным тұншығып, Маңдайын неге ұлымның Иіскеймін ылғи ұмсынып?! Аналар кешер мың күйдің Ішінен мен де сыр түйдім: Аңқиды екен адамнан Бұрқырап иісі әлдидің! Аналар ғана сезер күй, Әкелер ғана сезер күй. Сездірген өмір жұпарын Құдайым неткен шебер-ді. Азайып кетсе мейірім, Тарылса адам пейілі. Балаңды қысып құшаққа Бір иіскеп көрші, бауырым! Ізгілік кешер сәтің бұл. Бақыттымын дер сәтің бұл. Адам боп жаратылудың Қасиетін ұғар сәтің бұл. Құлағыма келіп тұнық ән... Мені ұстап тұрған – Ұлы ән... Ұлымды құшып отырып, Ана бауырына тығылам! Қарашығыма мұң сіңіп, Жылап жатсам да ұмсынып, Сәбидің иісі аңқыған Сүйемін сені, Тіршілік!