Бауыржан Мырзақұл. «Нақыш-сопы» емес, «Сопы нақыш» деген дұрыс

ӘДЕБИЕТ
4455

Әңгімемізді бастамас бұрын, ең алдымен, «нақыш» сөзінінің мағынасына тоқтала кетсек. «Нақыш» сөзі – ою-өрнек, нақыс, әшекей; саз, ырғақ, мәнер сынды мағыналарды білдіреді. Яғни, «нақыш» дегенді тілдік қолданыста бір заттың көркем түрге еніп әдеміленуін яки белгілі бір сипатпен безенуін айтсақ болады. Сөзімізге ақын Х.Ерғалиевтің мына өлең жолдарын мысалға келтірсек жеткілікті:

Үйіміздің төбесі өсіңкіреп қалыпты,
Терезесі, көбесі әдемі НАҚЫШталыпты.

Негізі біздің айтпағымыз бұл емес. Бүгін біз түркі жұратына Хәкім Ата ныспысымен танылған Сүлеймен Бақырғани және оның туындысы делінетін «Нақыш-сопы хақында (әсілі – сопы нақыш)» атты хикмет төңірегінде сөз қозғамақпыз. Иә, Хәкім атамыз өз заманында Әлемнің Құтыбы болған Қожа Ахмет Яссауидің ең үздік мүдиттерінің бірі болып, ұстазының ұлы жолын жалғастырған, артына өшпестей «Бақырған кітабы», «Ақырзаман», «Хазреті Мәриям» сынды діни-дидактикалық жыр-дастандар мен рухани тәрбиеге құрылған хикметтерін мұра етіп қалдырды.

Дегенмен, жоғарыда келген «Нақыш-сопы хақында» деген хикметті Бақырғани еңбектерінен көп кездестірмейміз. Есесіне, Бақырғанидікі делінетін хикметте шумақ сайын қайталанатын «Нақыш-сопы, неге сонша сорладың, сопы болдың, еш мұсылман болмадың» деген жолдардың түп-нұсқадағы сөзімен үндес, тіпті бірдей келетін «Сопы нақыш болдың, уәле (бірақ) әркез мусулман болмадиң» деген жолдарды Яссауи хикметінен жиі ұшыратамыз. Бұдан «бұл хикмет кімдікі» деген сауалдың туындауы заңды.

Ғылыми деректерге сүйенсек, С.Бағырғани кітаптары осыған дейін бірнеше рет жарық көргендігі мәлім. Барлығы бір нұсқада емес, әрине. Солардың бірі ретінде, Бақырғанидің «Нақыш-сопы хақында» деген хикметі енген делінетін нұсқа Маңғыстауда Шотан Жары Шайхы Ахунның және Шоңай Наушабай ахунның медреселерінен табылған. Бұл нұсқа қазір Маңғыстау облыстық мұражайында сақтаулы тұр. Бірақ, бұл нұсқаны ғылыми айналымға енгізіп, басқа нұсқаларымен түп-нұсқалық салыстырулар жасап, аталмыш хикметтің Бақырғанидікі ме, әлде Яссауидікі ме, оны әлі анықтау қажет. Өйткені, екі ақынның бірдей хикмет жазуы тарихта сирек кездесетін жағдай.

Сөзіміз дәлелді болу үшін екі ақынның хикметтерін қатар келтірейік:

Яссауидің нұсқасы:

Ей, көңіл қылдың күнә, әркез пұшайман болмадың,
Сопымын деп жар салып, талапкер жанан болмадың,
Өкінішті, өмірің өтті, бір мезет жылаушы болмадың,
Сопы нақыш болдың, әркез мұсылман болмадың... [1]

Бақырғанидікі делінген нұсқа:

Ғұмыр – тәмам. Жасамадың құлшылық,
Жүрегің – кір, сыртың ғана пірсініп.
Жан-жарағын қамдамадың құлшынып,
Қармағаның – қызыл-жасыл тіршілік.
Нақыш-сопы, неге сонша сорладың? –
Сопы болдың, еш мұсылман болмадың... [2]

Куә болғанымыздай, екі нұсқа бір-біріне мағыналық һәм стилдік тұрғыда өте жақын. Бұл мәселе де көп күттірмей шешімін табар деген үміттеміз.

Ал, енді тақырыбымызға арқау болған негізгі мәселеге көшсек.

Жоғарыда келген екі хикметке жіті назар салсақ, бір тіркестің екі түрлі қолданысқа ие болғанын байқаймыз. Қалай дейсіз бе? Былай: Түп-нұсқадағы «сопы нақыш» тіркесі Яссауи хикметінде сол күйінде берілген, ал Бақырғанидікі делінген хикметтің көркем аудармасында «нақыш-сопы» деп екі сөз орын ауысып тұр. Әсілі, Бақырғанидің хикметі де түп-нұсқада «сопы нақыш» деп келген, «нақыш-сопы» емес. Сырттай қарасаңыз, екі тіркес те бір мағынаны аңдатқандай болады. Бірақ, бұл сөздер орын ауыстырғанда мүлдем мағыналық өзгеріске ұшырайтынын ескеру керек. Мәселен, біз «нақыш-сопы» дегенде, бірден ойымызға нақыш жолын ұстанатын, нақышталған сопы келе қалады. Ал «сопы нақыш» десек, сопылықпен безенген, сопылықпен әсемденген адамды елестетеміз.

Негізінен, екі хикмет те түп-нұсқасында сыртын сылап өң бере сопылықпен безенген, бірақ ішкі жан-дүниесі мұсылмандық талаптарға сай келмейтін діндарды сынағанын анық байқаймыз.

Бұл жерде шегелеп айта кететін тағы бір мәселе, хикметтердегі «сопы нақыш» тіркесі «бәзбіреулер» айтқандай Ихсан іліміндегі Нақшбандия жолымен түк қатысы жоқ. Өйткені, Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани нақты деректерде көрсетілгендей ХІІ ғасырда өмір сүрген. Ал, Нақшбандия жолы ілгеріде хазреті Әбу Бәкірдің құрметіне – “ас-Сиддиқия”, Баязид Бастамидің құрметіне – “Тайфурия”, кейіннен, Ғыждуанидің кезеңінде – «Хожаган» жолы, ең соңында, яғни XІV ғасырдың соңғы ширегіне қарай Бахауиддин Нақшбандтың (1318-1389) атына байланысты “Нақшбандия” тариқаты деп атала бастады.

Бұдан шығатын қорытынды, Сүлеймен Бақырғани өмір сүрген кезеңде «Нақшбандия» атауы мүлдем болмаған. Сонымен қатар, хикметтердегі «сопы нақыш» деген тіркес те «Нақышбандия жолын ұстанған сопы» дегенді емес, қайта «сопылықпен нақыштанған, сопылықпен безенген адам» деген сипатта айтылып тұр.

Тоқ етері: хикметтегі «нақыш-сопы» деген тіркесті «сопы нақыш» деп оқыған дұрыс болады.

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ


Дереккөз:
1.Ахмет Иасауи. Диуани хикмет (аударма, транскрипция, мҽтін, сҿздік). Түркістан, «Тұран» баспаханасы, 2010. - 119 бет.
2.http://adebiportal.kz/…/…/6af7627bd70cb6edc0a48ac0628fe1a5.- 98 бет.

author

Бауыржан Мырзақұл

АҚЫН

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...