Үңгірдегі ұлтшылдық немесе Дәурен Абаевтың ашық сұхбаты

ТАНЫМ
4524

Қазақ тілі - тағдырлы тіл. Қазақ тілі - тәлейлі тіл. Қазақ тілі - дертті тіл. Қазақ тілі дертін жасырған тіл. Кешелі бері қоғам арасында осы бір тағдырлы тіліміз жайлы тағы бір дау шықты. Бұл жолғы даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры емес, Дәурен Абаевтың «Ашық сұхбат» диалогының кезекті шығарылымында көтерген тіл мәселесіне қатысты айтқандары еді. Осы орайда "Мәдениет порталы" Дәурен Абаевтың айналасында болып жатқан даулы дискуссияға мәтінаралық талдау жасап көрді. Мархабат!

"Дәурен мырза мемлекеттік тілді мүлдем кемсітіп отырған жоқ..."

«Кешеден бері әлеуметтік желіде әріптесім әрі жолдасым Дәурен Абаевтың мәлімдемесіне қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Мен Дәурен Әскербекұлымен біраз жыл қызметтес болдым. Біз Президент Әкімшілігіне дейін де ақпарат саласында бірге жұмыс істедік. Оның мемлекетшіл әрі ұлттық мүддеге берік азамат екенін жақсы білемін. Сондықтан, айтылып жатқан мәселеге бей-жай қарамай, оған өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім.

Біріншіден, кешегі сұхбатты мұқият көріп шықсаңыз, Дәурен мырза мемлекеттік тілді мүлдем кемсітіп отырған жоқ, ұлттық мүддемізді де ешкімге жығып берген жоқ. Ол Қазақстандағы орыс тілінің ахуалын түсіндіріп, оған қысым жасалып жатыр деген пайымның орынсыз екенін анық әрі дәйекті түрде жеткізді.

Екіншіден, менің әріптесім қызмет бабына орай, солтүстіктегі көрші елде болып жатқан ақпараттық дүрбелеңге байланысты мемлекеттік биліктің ұстанымын білдірді. Бұл ұстаным бәріңізге белгілі – Қазақстанда тіліне, наным-сеніміне бола адамды кемсітуге жол берілмейді. Мұнымен де ешкім дауласа қоймайтын шығар.

Үшіншіден, Дәурен Абаев жалпы ұлтшылдықты қоғамдық құбылыс ретінде жоққа шығарып, сынаған жоқ. Оның меңзеп отырғаны – әсіре ұлтшылдықтың көріністері. Мұның туған елі мен жерін сүйетін патриот азаматтардың ұлтшылдығына еш қатысы жоқ. Ал, саяси және қоғамдық идеологияда қандай да әсіре көзқарас пен іс-әрекеттен әрине сақ болған жөн.

Менің ойымша, біздегі ұлтшылдық мемлекетшілдікпен астасып жатуы қажет»

Құрметпен, Ерлан Қарин

ҚР Президентінің көмекшісі

Толғандырған тіл тағдыры немесе Дәурен Абаевқа ашық хат!

Дәурен Әскербекұлы, қоғам өзіңізді мемлекеттік идеологияға жауапты тұлға ретінде біледі. Ел дамуы жолындағы қайраткерлік қызметіңізден де хабардармыз. Бірақ кеше ғана Александр Трухачев есімді журналиске берген сұхбатыңызда қазақ тіліне қатысты айтқаныңызды көріп, қолға қалам алуға бекіндім. Сұхбатта айтылған жайттарды түйіндей келе, менде  мынадай үш сұрақ туындап отыр:

1. Ел азаматтарының 20 пайызы ғана орыс болғанымен, өзіңіз айтқандай, ел азаматтарының 90 пайызы әлі де орысша білуі және балалардың 30 пайызы орысша оқуы масқара емес пе? Керісінше, бұл егемендік алғанымызға 30 жыл өтсе де, қазақ тілі мемлекеттік тіл деген мәртебелі тұғырына қона алмай отырғанының көрінісі емес пе?

2. Дәуке, сұхбатта айтылған «пещерный национализм» деген анықтаманы жете түсінбедім. Ана тілге деген жанашырлық, оның болашағына деген алаңдаушылық бәрімізде де бар. Сонда бәріміз де осы санатқа жатамыз ба?

3. Бүгінде қоғамда қазақ тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керек деген пікір орнығып келеді. Алайда қазіргідей қалпымызбен біз мемлекеттік тілдің жағдайын қалай, қайтіп және қашан дұрыстаймыз? Бұған қатысты билік басындағылардың не ойлағаны бар?

Мұндай сұрақтар жалғыз менде емес, қазақ тілі мен төл руханиятымызға жаны ашитын әр азаматта туындады ғой деген сенімдемін. Қалың қазақтың атынан жолдаған сауал деп қабылдағайсыз.

Құрметпен, Маралтай Райымбекұлы

Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Ағайынға арнау немесе ана тіліміздің ертеңі туралы пайым

Белгілі ақын Маралтай Ыбыраевқа

Құрметті Маралтай Райымбекұлы!

Әлеуметтік желіде маған арнап жолдаған жазбаңыз бен қойған сауалдарыңызды мұқият оқып шықтым. 

Осы ретте, өзім ерекше сыйлайтын зияткер замандасым, ана тілдің білгірі, сондай-ақ, қазақ тілінің ахуалымен етене таныс адам ретінде Сізге тарқата түсіндіргенді жөн санадым. Сонымен бірге эмоциясыз, ешкімнің жеке басына тиіспей, сындарлы әрі жүйелі сұрақ қойғаныңыз үшін де Өзіңізге жауап бергім келеді. Себебі сезімге ерік беру оңай болғанымен, мәселенің байыбына барып, парасатты ұстанымға ұмтылу әрдайым маңызды.

Бірінші. Сіз алғашқы сауалыңызда егемендік алғанымызға 30 жыл өтсе де ел азаматтарының 90 пайызы әлі де орысша білуі және балалардың 30 пайызы орысша оқуы масқара емес пе дедіңіз. 

Қазақтар 2-3 тіл білсе оның несі айып? Халқымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» демеуші ме еді? Кешегі әл-Фараби 70-ке тарта тіл білсе, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін білгендіктен де адамзат руханиятының биігіне көтерілді емес пе? Елбасы екі тілде емін-еркін сөйлегесін, халықты ұйыстырып, шекарамызды шегендеп, аумалы-төкпелі уақыттан аман-есен өткен жоқ па еді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының БҰҰ ресми алты тілінің төртеуін жетік меңгеруі мейманамызды тасытып, талай келіссөздің ел пайдасына шешілуіне жол ашпай ма? Тіл – адам мен адамды байланыстыратын, өрісімізді кеңейтетін, өремізді арттыратын құрал. 

Қазір біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгінің басты капиталы – ақпарат. Ақпарат – тіл білетін адамның қолында. Өзгелермен терезесі тең, ешкімге есесін жібермеуі үшін де қазақ баласы көп тіл білгені жөн деп есептеймін.

Алайда орыс немесе ағылшын тілін білу қазақ тілін меңгеруге кедергі болмауға тиіс. Себебі біз «Өнер алды қызыл тіл» деп, мәдениетіміз бен дәстүрімізді ана тілімізге сыйғызған халықпыз. Рухани байлығымыз бен ұлттық кодымыз да тілімізден көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, қазақты тану үшін тілін үйрену керек.

Сондықтан да егемендік жылдары қазақ тілін дамыту бағытында жүйелі, өте ауқымды жұмыстар жасалды. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.

Әлі есімде, ауылдан келіп, Алматыға оқуға түскенімде біздің факультеттегі сегіз топтың жетеуі – орысша, біреуі ғана қазақша болды. Ал қазіргі жағдай керісінше, яғни айналасы жиырма шақты жыл ішінде түбегейлі өзгергенін көз көріп отыр. 

Елімізде қазақ мектептерінің саны 10% ғана болған уақытты ұмытқан жоқпыз. Бүгінде ол 70% құрайды. Алайда, бұл бір-екі жылдың ішінде өзінен-өзі оп-оңай бола салған дүние емес. 

Жаңа оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазып, физика, математика және басқа да пәндерді қазақ тілінде оқытатын мұғалім тәрбиелеп шығару үшін қаншама тер төгіліп, күш жұмсалды.

Бір кездері баламызды беретін қазақ балабақшасын таппайтынбыз. Бүгінде елімізде 6 мыңнан астам қазақ балабақшасы бар.

Егер ана сүтімен сіңген туған тіліміздің ертеңіне бей-жай қарайтын болсақ, әлемнің ең беделді классикалық туындыларын, оқулықтарын қазақшаға аударамыз ба? Қазақ тілін телевидение мен радионың тіліне айналдырар ма едік? Ең ақыры, балаларымызға «Әліппені» қайтарудың өзегінде де ана тілімізге деген жанашырлық жатқан жоқ па?

Екінші. Осы тұста қазақ тілін қандай әдіс арқылы үйретіп, қалай дамытамыз деген мәселе туындайды. Мен неге кейбір белсенділерді «пещерный националист» деп айттым?

Мен қазақ тілінің болашағына алаңдайтын адамның бәрін сыйлаймын. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын әр мұғалімді, репетиторды, балаларға арнап мемлекеттік тілде кітап шығарып, мультфильм, кино, сериал түсіріп жүрген әрбір авторды ерекше құрметтеймін. 

Алайда, тіл сияқты нәзік әрі сезімтал мәселені байыппен емес, хайппен және лайкпен шешкісі келетіндерге қарсымын. Қоғамға жік салып, қақтығыс туғызуды көздейтіндердің әрекетін құптамаймын. Бұл – менің азаматтық ұстанымым!

Мәке, дөрекілікке тап болған сол сатушы азаматтар кешірім сұраған соң қазақ тілін оқуға кіріседі деп ойлайсыз ба? Жоқ. Керісінше, біз қандай да бір қысым қарсылық туындатады, қазақ тілін жеккөрінішті етіп көрсетіп, адамды үйренуге деген ниетінен айырады. 

Осы ретте бір ғана Димаш бауырымыздың қазақ тілін дамыту үшін жасап жүрген қызметіне көз салайықшы. Дүниенің түкпір-түкпірінде оның өнерін бағалайтын жүздеген, тіпті, мыңдаған фанаттары қазақ әндерін үйреніп жүр, біздің тіліміз бен дәстүрімізді зерттеуде, еліміздің таңғажайып қырларымен танысу үшін Қазақстанға келіп жатыр.

Сол үшін ана тілімізді дамыту ісінің көшбасында мәдениетіміз бен білім беру жүйемізді насихаттайтын «жұмсақ күш» болуға тиіс.

Жер мен тіл – халқымыздың ең басты қос құндылығы. Бұларды қазақтың жаны мен бары деуге де болады. Алайда, осы екі тақырып арқылы қоғамдағы алауыздықты қолдан қоздырып, түрлі айла-шарғы арқылы біреуді сатқын, енді біреуді халық жауы жасау оңай. 

Кеше ғана билік жерді шетелдіктерге сатып жібереді деп шулағандар көп болды емес пе? Ал қазір жағдай қалай болды? Билік қандай заң қабылдады? Біз біреуге сүйемдей жер бердік пе? Жоқ. Отанын сүйетін, еліне жаны ашитын патриоттар тек Фейсбукта емес екеніне сендіргім келеді.

Енді үшінші мәселеге келсек. Қазақ тілі міндетті түрде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналады. Біздің бұған қатысты алған бағытымыз айқын, қадамымыз нық. Алайда, тағы да қайталап айтқым келетіні, бәрі бір сәтте болмайды. Біреуді камера алдында кешірім сұратып, өз азаматтарымызды өз елінде шеттету арқылы бұған мүлде қол жеткізе алмаймыз. 

Біз дана халықпыз. Бірақ біздің бойымыздағы төзімділік, саналылық пен сабырлылық сияқты қасиеттерді әлсіздікке балауға болмайды. Керісінше, бұл – мықтылар ғана көрсете алатын ұлы күш. Біздің ұмтылысымыз бен жігеріміз тауды тескен судай діттеген жеріне жететіні анық.

Есіңізде болса, осыдан бір ғасыр бұрын, аштық нәубетінен кейін халық саны миллион адамға дейін азайып кеткен еді. Бүгін, шүкір, он тоғыз миллионға жеттік. Алматының халқы 2 миллион болса, Елордамыз бен Шымкенттің халқы миллионнан асты. Мұның бәрі – бейбітшілік пен аманшылықтың арқасы. Егер жік-жікке бөлініп, бір-бірімізбен қырқыссақ мұндай күйге жетер ме едік? Сол үшін берекелі тірліктің кілті – татулықта. Ағайын мұны жақсы түсінеді деген сенімдемін.

Құрметпен, Дәурен Абаев

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы.

Абаев Ақан болыстың қалай өлгенін біле ме?

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың бір ауыз сөзі желіде талқыланып жатыр екен. 

Мені қызықтырғаны Абаевтың сөзі емес еді. 

Ақын ағам Маралтай Райымбекұлы үш сұрақ қойған екен. Ақынның «эмоциясыз, ешкімнің жеке басына тиіспей, сындарлы әрі жүйелі сұрақтарына» Абаев та жедел жауап бере қойыпты. Осы жауабын оқығанда, ылғи да мемлекет басындағы адамдардың сөзін естігенде кешетін сезімді қайта кештім. Бірақ бұл жолы шошып кеттім.

Абаевтың жауабы тым жасанды, көлгір шықты. Оған ешкім сенген жоқ. Тіпті, ақын ағамның сұрақтарына да. 

Абаев бұл қойылымды ұйымдастырса да, біз оған өтірік сенген боламыз. Ол да абырой жинаған болады. Бірақ екі тарап та оның өтірік екенін сезіп тұрады. Кімді алдаймыз? Неге алдаймыз? Не үшін алдаймыз? Сонда айтып отырған болашақ үшін бе? Жоқ!

Менің айтпағым, М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі еді. Оны Абаев оқыды ма екен? Оқыған шығар. Есінде ме екен? Әй, қайдам...

Ақан болыс қаладан жұмысын бітіріп, ауылына қайтып барады. Жанында Ақанның түндегі жүрісіне ыңғайлы Қалтай бар. Олар кеш боп кеткесін, Күшікбай асуындағы бір кедей үйге тоқтайды. Онда ұлы өлген кемпір, соқыр келін, жас қыз бар. Аты – Ғазиза. Пәк, сұлу, жақсы тәрбие көрген. Қалтай соны көздеп, Ақанды осында әкелді. 13-14 жастағы қызды зорламақшы. Ақан соны түсіне қояды. Құдайы қонақ боп үйге кіреді, көңіл айтады. Былай қарасаңыз, жақсы болыс. Кемпір ұлы өлген соң, көрген қорлығын айтады. Ақан соны «тыңдайды». Кемпірдің көзі тайса, Ғазизаға сұқтана қалады. Не керек, ақыры Ғазизаға дегендерін істейді. Зорлыққа қорланған Ғазиза боранда әкесінің басына барып, үсіп өледі. Қысқаша осы. 

Мұндағы Ғазизаның өлімі ең үлкен трагедия емес. Трагедия Ақанның кемпірдің бар мұңын тыңдауы, яғни тыңдаған болуы. Байғұс кемпір, ары-бері өткенде қараса жүрер деп, бар қиындығын айтып отырса, Ақанның екі көзі Ғазизада ғой. Менің Маралтай ағам неге Абаевқа мұңын айтты екен деп ойладым.

Биліктің ойы халықты «нету» ғой. Мұңымызды тыңдағансып, шешуін бірге іздегенсіп, мазасызданғансып отырады. Бірақ олардың жаны қашан аурыпты? Біздің жемқорлыққа әбден батқан жүйе халықты «нетуден» басқа қазір не ойлауы мүмкін? Бұл біздің қанға әбден сіңгені сонша, әжептәуір интеллектуал, білімді, арлы дейтін ағаларымыздың өзі кейде алаяқтық әрекеттерге барады ғой. Қазір біздің алаяқтар жәй алаяқ емес. Білімді, мәдениетті алаяқтар. Абаевтардан өзге не күтуге болады?

Біздің жүйе қазір өзгере қоймайды. Мүлде басқаша ойлайтын жігіттер билікке келсе де олар түзей алмайды. Өйткені бұл халықты әбден алаяқ қып тәрбиелеп алды билік. Бәріміз де – алаяқпыз. Абаевтың сөзін жерге қалдырмай бөлісеміз. Бәрекелді айтамыз. 

Біз қазақ қандай халық едік деп, бөспейік. Қандай халық боламыз, соны айтайық. Ақан болыс – билік өзгермегенше, қанша Ғазиза өледі, қанша кемпір мұңын айтады.

Ал Ақан болыстың өмірдегі прототипі қалай өлгенін Абаев біле ме екен? 

Жынданып өлген...

Құрметпен, Бағашар Тұрсынбайұлы,

Әдебиетші,

"Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...