Ақтаулық көрермен «Қыз Жібекпен» кездесті

КИНО
1167

«Әбіш әлемі» фестивалі аясында Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының үлкен залында Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы, Қазақ КСР-ң еңбек сіңірген артисі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат»  ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері, танымал кино және театр артисі Меруерт Өтекешовамен кездесу кеші өтті.

Кешті елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының Phd докторы, театр режиссері және театр педагогы Асхат Маемиров жүргізді.

Кездесу басында Меруерт Өтекешованың өмірлік жары, қазақтың тарлан ұлы, кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі,Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Құман Тастанбеков туралы деректі фильмі көрсетілді.

1945 жылдың 10-наурызында Алматы облысының Сарқант ауданы, Екіаша ауылында дүниеге келген Құман Нұрмағанұлы 1969 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін педагог-профессор Х.Бөкееваның класынан бітірген өнер иесі.

Ол өзінің алғаш ойнаған «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлімен елге танылып, театр сахнасында Ш.Айтматов «Ана - Жер-Ана» драмасында Қасымның, «Ақ кемесінде» Құлбектің, М.Әуезовтің, «Айман - Шолпан», «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» спектакльдерінде Әлібек, Нарша, Абыздың,Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Тәңірбергеннің,  О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасында Жанның рөлін сомдады.

Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының Оразалы Игіліктің орындауында М.Шахановтың «Махаббат елі» махаббат гимні іспеттес әнімен сахнаға шыққан Меруерт-Қыз Жібекті көрермен қызу қолшапалақпен қарсы алды. Кеш иесіне бір шоқ гүлін ұсынып, құттықтау сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Н.А.Ноғаев фестиваль қонақтарына құтты қадам тілеп, орта толсын айтқан соң, қазақ халқы барда қазақ өнерінің өшпейтінін, Құман секілді талантты актердің аты елімен бірге жасайтынын жеткізді.

«Құман Тастанбеков бейнесі адалдықтың, әділдіктің үлгісіндей еді» деген жүргізуші сөзін өңір басшысы «Төлеген рөлін сомдағаннан кейін Құман ағамыз әр қазақтың көкірегінде, санасында қалды деп есептеймін. Меруерт апа, сіздің атқарған қызметіңіз, халықтың есінен кетпес. Сіздің Қыз Жібек бейнеңіз, кейіпкеріңіз көпке үлгі. Әлі күнге дейін қазақ қыздарына Жібектей болуды үлгі тұтып, жастарына Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатын берсін деп тілейді» деген сөздермен толықтырды.

Фильмде қосылмағанмен, пәни өмірде қосылып, отау құрып, бақытты өмір сүрдіңіз. Меруерт Өтекешова сомдаған Қыз Жібек бейнесі қазақ қыздарының биік үлгісі болып қала береді. Маңғыстаудың бүгінгі көңіл-күйі бүкіл қазақтың көңіл-күйі деп есептеңіз! Сіздің өнеріңізді бағалайтын, құрмет тұтатын еліңіз бар! Сол еліңіз аман, жұртыңыз тыныш болсын!-деген Нұрлан Асқарұлы Меруерт-Жібектің арқасына Маңғыстау халқы мен көрермендері атынан ұлттық үлгідегі камзол жапты.

«Қыз Жібек» фильмі қанша көрсек те, жалықтырмайтын, жан сарайымыздағы аяулы сезімдерді оятатын қасиетті бойтұмар іспетті дүние деген Асхат Максимұлы сахнаға қазақ театр және кино өнерінің абызы Асанәлі Әшімовті шақырды. Ол құттықтау тілегінің алғы сөзін Қасым Аманжоловтың: «Әй, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы! Танимысың сен мені?! Мен қазақтың баласы!-деген өлең жолдарымен бастап, «Қасымның осы бір шумағы мен үшін әруақытта алғы сөз» деді.

-Марқұм Құман інім менен мүшел жас кіші еді. Екеуміз де өнер академиясын бітірдік. Біздің еңбегіміз өнерге сіңе бастаған кезде Құман өнер академиясын бітірген, Меруерт онжылдықты бітірген жылдар болатын. Осы бір сәтті дүниенің басына, жақсы келеді ғой қасына. Осы актерлер ансамблінің құрамы өте лайықты болды. Актер таңдау да оңай болған жоқ. Енді айтып отырсақ, фантастика! Қыз Жібектің рөліне 500 қыз іріктеуден өтті. Сөйтіп жүргенде, осы Меруертті ассистенттердің бірі байқап қалып, экранға шыққанда жарқ ете қалды. 

Мүсірепов, Әлкей Марғұлан бастаған академиктер келіп, Жібек рөліне таңдалған актерлерді қарады. Сонда барлығы да Меруертке тоқтады. Бекежанның рөліне бес мықты актер – Кәукен Кенжетаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұқан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, мен - бесеуміз таластық. Таласқанда шығармашылық талас қой. Бекежан рөлін ойнау үшін өзара бақ сынастық. Отыздан сәл-ақ асқан кезіміз ғой, қатты қобалжыдық, қатты дайындалдық. Сонда пробаны экраннан көріп отырып, Мүсірепов: «Бекежан мынау ғой!» депті. Сөйтіп, Мүсіреповтің айтуымен бекіп кеттік қой!

Басты рөлдің біріне бекіген мен қуанышымды біреумен бөліскім келіп, қазіргі Бөгембай көшесімен жүгіріп келемін. Таныстардан ешкім кездесе қоймады. Бір кезде алдымнан Құрманбек Жандарбеков шыға келді. Консерваториядан келе жатыр екен. Бекежан рөлін бірінші сомдаған әртіс қой. Құрекеңнен артық ол рөлді осы уаққа шейін опера театрында ешкім орындаған емес. Қуанып кеттім. Жаңалығымды айтып, «Құреке, сіздің Бекежаныңыздан аздап ұрлаймын» дедім. Оның ойнауындағы Бекежанның жарқ етіп шығатын жерлерін көргем. Содан Іленің бойын жағалап отырып екі жылдай жүріп фильмді түсірдік. Дайындыққа бір жыл кетті. Халық әлі күнге қарайды. Онда әдемілік, экранның әдемілігі бар... деген Асекең одан әрі, Меруерттің әкесімен дос болғанын, анасының қолынан дәм татқанын, Меруерттің текті тұқымның қызы екенін айтты.

Кейін «Қыз Жібек» фильмімен Гүлфайрус Исмаилова екеуі Францияда болғанын, 3 сағатта көрерменнің біреуі қозғалмастан киноны аяғына шейін көріп болған соң, бес минуттық пауза орнағанын, олардың экраннан көрген әдемілікке таң қалып, «Бұл қай уақыттағы оқиға, қандай халық?» деп, түсіне алмай отырғанын көргенін жеткізді. Бір француздық профессордың қазақтар туралы көрермендерге аздап түсінік беріп, «Сол заманда мынадай мәдениеті бар халықтың қазір қай деңгейге жеткені белгілі» деп тұжырымдапты. Осының бәрі өнердің арқасы! Құман туралы сахнада, өмірде бір өтірік, бір өсек айтпаған, таза жігіт еді. Бұл өмірге таза келіп, таза кеткен адам, иманды болсын!-деген Асекең әріптес қарындасына денсаулық, ұзақ өмір, бақыт тіледі.

Кеш барысында Меруерт-Қыз Жібек сөз алып, көрермен қауымды фестивальдің ашылуымен құттықтады. Өнер мерекесі халық үшін баға жетпес байлық екенін айтып өткен Меруерт Өтекешова жан жары Құман екеуінің өмір бойы бір театрда ойнап, бірге жүргенін, өмірден өткеніне бес жыл уақыт болса да, оның рухы әрдайым өзінің қасында жүргендей сезінетінін айтты. Өмірлік жарымен әріптес әртіс ретінде бірнеше фильмдерге түсіп, сахнада қатар өнер көрсеткенін әңгімелеген кеш иесі өнердегі басты рөлі – Жібекті сомдауда қазақтың классик актерлері Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Гүлфайрус Исмаилова секілді әріптестерінен үйренгені көп болғанын, композитор Нұрғиса Тілендиев, фильмнің сценарииін жазған Ғабит Мүсірепов, Сұлтан Ходжықов, Нұрмұқан Жантөрин секілді талантты ағаларының батасын алғанын тебірене еске алды. 

-Олар өнерде жастарға үлгі боларлық үлкен із қалдырды. Біздің екінші анамыздай болған, Құман екеуміздің аяулы ұстазымыз Хадиша Бөкееваның туғанына да биыл 100 жыл толды. Біз Құман екеуміз рөлдерде бірге ойнадық, өмірде әрдайым қолұстасып бірге жүрдік. Өміріме ризамын. Бақыттымын! Сіздерге де, әр отбасына бақыт тілеймін!-деген халық алдында құрметпен басын иіп, мәртебелі көрерменге тағзым етіп, өзі сомдаған рөлдері бейнеленген құнды фото суреттерін театр музейінің қорына табыс етті. 

Кездесу барысында байсалдылық танытып, әлемдік дәрежедегі асқақ атақ-даңқына қарамастан өзінің қарапайымдылығымен, әдептілігімен  көпшілік көңілінен шыққан Меруерт Өтекешова немерелерінің сүйікті әжесі ғана емес, қазіргі таңда жас таланттарды актерлік шеберлікке баулып, тәрбиелеп жүрген ұстаз. Оның шәкірттерінң бірі Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының актері Ерболат Орынғалиев кеште «Жаңбыр төкті» әнін орындады.

Мәдени шарада Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының артистері Мәдениет саласының үздігі Айдос Тастаев және Қалима Наушабаева  «Төлегеннің ариясы мен Қыз Жібектің ариясын» орындап, кездесу мәдениет саласының үздігі Рамазан Ақтаев «Шегенің ариясымен» аяқталды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ


author

Асхат Маемиров

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Алматылық блогер Дархан Жолшыбеков оқырманына зәулім үйін сыйға тартады, деп хабарлады madeniportal....

Жаңалықтар

24 қарашаға арналған валюта бағамы жарияланды, деп хабарлады madeniportal.kz. Ұлттық банктің дерегі...