«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді әурелейтін бірнеше модульдердің күшін жоюды ұсынды

ҚАРЖЫ МӘДЕНИЕТІ
535

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы шеңберінде тауарларға жөнелтпе құжаттар және «Виртуалды қойма» модулінің күшін жою туралы мәселе қаралды.     


     

«Мемлекеттік кірістер комитеті үш жыл қатарынан реттеушілік әсерге талдау жүргізбестен тауарларға жөнелтпе құжаттарды ресімдеу бойынша пилоттық жобаны іске асырып келеді. Нәтижесінде кәсіпкерлер өндіріске байланысты емес миллиардтаған шығынға батып отыр. Әрине, мұндай тәсілді тиімді салықтық ынталандыру деп атауға болмайды», – деп атап өтті Комитет төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

20.05.2020 жылғы Заңға сәйкес Қазақстан 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтанда жасалған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау механизм туралы келісімді ратификациялады.

Келісім және қазақстандық заңнамаға сәйкес тауарлар айналымының қадағалануы электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін (ЭШФ АЖ) пайдалана отырып жүзеге асырылады.

2020 жылдан бастап Қаржы министрлігі реттеушілік әсерге талдау жүргізбей тауарлар айналымын қадағалау үшін тауарларға жөнелтпе құжаттарды және олардың құжат айналымын ресімдеу бойынша пилоттық жоба жүргізіп келеді. Пилоттық жоба шеңберінде Қазақстанға әкелінген тауарлар (тізбе бойынша) ЭШФ АЖ арқылы бақылануы тиіс, оған қосымша «тауарға жөнелтпе құжат» модулі (ТЖҚ) және «виртуалды қойма» модулі (ВҚ) әзірленіп, қосылған.

 Алайда, іске асырылып жатқан жобаның қорытындысы ЕАЭО елдерінен тауар кәсіпкердің (бухгалтердің) тауарға жөнелтпе құжатты қолмен ресімдеуі арқылы виртуалды қоймаға келетіні және 328.00 формасы қосымша ресімдеуді талап етілетінін көрсетті.  Бұл бизнес-процестерді едәуір қиындатады.

«Мемлекеттік кірістер органдарының бұл бастамасы келісімнің шеңберінен шығады, бұл шара тек бизнеске ғана емес, мемлекетке де қосымша қаржылық жүктеме әкеледі. Бұл мақсаттарға мемлекет жылына бір миллиард теңге жұмсайды», – деді Қайырбек Сүлейменов.        

 Есеп комитетінің қорытындысына сәйкес, тек 2021 жылы «ЭШФ» ақпараттық жүйесіне 76 өзгеріс енгізілді, оның 10-ы бойынша пайдаланушылардың бухгалтерлік жүйелерін қайта баптау талап етілді.  Әрбір модификация, ЭШФ ақпараттық жүйесінің жұмысын пысықтау Қаржы министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінде көрсетілген талаптарға толық сәйкестігі үшін есепке алу жүйесін жаңарту, сондай-ақ өзінің бизнес-процестерін үздіксіз іске асыру үшін қосымша штатты (бухгалтерді) жалдау түрінде кәсіпкерлерге тікелей залал келтіреді.

2021 жылдан бастап ТЖҚ пилоттық жобасын іске асыру бойынша бизнестің шығындары және акцизделетін тауарларды сатумен байланысты экономикалық қатынастардың тар сегментінде ғана 170 млрд теңгені құрады. Бұл сегментте бизнес тиімділігін арттыру тауарлардың бағасын көтеруге мәжбүр. Мұның соңы инфляциялық тәуекелдерге апарады.

2021 жылдың басынан бастап бизнес өкілдері, әсіресе бөлшек сауда өкілдері ТЖҚ және ВҚ енгізуге қарсы. Қаржы министрлігі қоғамдық резонансқа, теріс перспективаларға және ТЖҚ мен ВҚ ресімдеуді енгізудің әсерін ескере отырып, пилоттық жобаны іске асыруды 2023 жылдың сәуіріне дейін ұзартуға мәжбүр болды. Алайда, министрлік бұл шараларды келісімнің мақсаттары мен міндеттерінен асып кетсе де, бизнестің қаржылық шығындарына қарамастан  осы шараларды түбегейлі және мақсатты түрде енгізіп жатыр.

Кеңес барысында «Атамекен» ҰКП ШОБ комиттенің төрағасы Берік Зайыров есеп бағдарламаларын пысықтауға және бухгалтерлерге ақшалай қаражатқа жүктемеден тыс шығыстар бойынша ТЖҚ және ВҚ бойынша сауалнама деректерін айтты. Шығындардың есептік мөлшері шамамен 171 млрд теңгені құрады.

 «Бастапқыда тауарға жөнелтпе құжат, виртуалды қойма, таңбалауды Ескі Қазақстанда енгізген еді. Ол кезде тауар контрабандалық жолмен елге кіріп, қолма қол ақшаға айналдырып беретін компаниялар жұмыс істеп, осы процесті «көкелер» қадағалады. Соның салдарынан мемлекеттік органдардың бар жауапкершілігі кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерерге ысырылатын болды. Бірақ біз қазір Жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз және мемлекеттік органдардың жұмысын күшейту және бизнестен артық жүктемені алып тастау қажет. Бастапқыда барлық тауар бойынша барлық учаскеде ТЖҚ жазып, Виртуалды қойма жүргізу қажет болады деп болжанған», – деді Берік Зайыров.

Спикердің айтуынша, Салық кодексіне сәйкес ЭШФ тауарға ілеспе құжат саналады. Бірақ көптеген техникалық мәселе, бизнес шығындарына байланысты қазір ТЖҚ тек ЕАЭО елдерінен әкелінген кезде және акциздер бойынша ресімделеді. Нәтижесінде ТЖҚ  электрон шот-фактураларды толығымен қайталайды.

Кеңес мүшелері Қаржы министрлігіне «Тауарға жөнелтпе құжат» және «Виртуалды қойма» модульдерінің күшін жоюды, электрондық шот-фактураны ұлттық қадағалау жүйесінің ілеспе құжаты деп тануды, сондай-ақ Бас прокуратураға тауарларға жөнелтпе құжаттарды ресімдеу қағидаларын және олардың құжат айналымын оның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау механизмі туралы келісімге сәйкестігіне бағалауды жүргізуді ұсынды.

Кеңес отырысының материалдары Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне және Үкіметіне жіберілетін болады.

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...