Ұларбек Дәлейұлы. Желтаудан ескен жүйрік жел

ӘДЕБИЕТ
787
Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» атты республикалық эссе байқауына
Ұларбек Дәлейұлы
Мен білмеймін,Жоқпын ба, әлде, бармын ба?..С
имайтындай ақын көрдім тағдырға.
Аманқостың ақ бұлтынан сорғалап,
Мен де бір сәт айналармын жаңбырға. 

Мен білмеймін,
Жоқпын ба, әлде, бармын ба?..
Симайтындай ұғым көрдім тағдырға.
Мың жылдықтар дұғасындай бұрқырап,
Аманқостың жыры жатыр алдымда.

Кейде өзімді ұзақ та, ауыр сапардан оралған мың жылдық жолаушыдай сезінемін. Сонда ұлы ұрыс даласынан оралғандай күй кешкен оғыланға мына дүние тым жат, суық болып көрінетін. Түсіме арт жағына мың құлаш шаңын тастаған арғымақтар кіретін. Жылқы терінің жұпар иісі жанымды әлдилеп, тостағандай көзінен өз бейнемді, өз тағдырымды, өз өткенімді көретін едім. Орхон бойына оқ жауғандай омалып, Селеңгіге сел жауғандай сенделіп, өз ішіме өзім түсіп, өз бейнемнен өзім безетін аумалы да төкпелі сәттер шығармашылықтың азапты жолында оқтын-оқтын ұшырасып тұрары анық. Сондай сәтте, әлдебір түпсіз шыңырауға құлап бара жатқан жаныңды арғымақтай арқыраған өлең дейтін ізгі әлем алып шығар еді. Сондай сәтте, дүниеде ауыздығымен алысқан арғымақтан сұлу не бар дейсің? Сондай бір кепиетті сәтте, дүниеде жылқының жүгенінің сылдырынан артық қандай ұлы музыка бар дейсің тамсанып. Осының бәрін өз ішіңнен өткізіп, бәрін адақтап, дүниенің баянсызын жан дүниеңмен ұғынып барып айтасың. Таусылған сәтте, толар-толмас дүниенің бақыты теріс айналған сәтте... Сен ардақтаған арғымақтың «Жүгенін қолына ұстап жүгіріп» келе жатқан Аманқостың аңқылдақ жырлары шығар алдыңнан...

Аманқос Ершуовтың арғымақтай тарпынған бекзада жырларының алдында өзіңді баладай сезінесің. Кіндігіңді кесіп, есейіп, ес жиып алыстап кеткен туған далаңа, анаңдай ардақты далаңа сәбидей таза көңілмен ораласың. Кеудесіне маңдайыңды сүйеп үнсіз ұзақ тұрасың. Қаталап қалған көңілдің шөлін қандырып, мейірін сезініп, мауқыңды басасың. Жаның жұпарланып, жігерің тасып оянасың. Аманқос Ершуовтың жырлары бозарып барып, қызарып қайтатын сенің мық жусанды маңғаз далаң сияқты. Жетім қалған жүрегіңнің жер бетіндегі жалғыз панасы тәріздес. Біз үнемі айтатын, біз үнемі тамсанатын поэзия құдіреті осы болса керек-ті. Өзгені қайдам, мен әзірге осыдан артық емінуді, осыдан артық сезінуді, осыдан артық түйсінуді таппадым. Таппайтын да шығармын.  

Маңдайға Мұқағали жыры бітсе,

Таңдайға Қадыр ақын тілі бітсе, -

Жалғанды жалпағынан басар едім,

Жалыңа саусақ ұшы бір іліксе.

Аманқос Ершуовтың жырлары, әне, бізге бірде ақ бұлттай нөсерлеп, бірде қара бұлттай түнеріп, өз күйімен, өз даусымен, өз мәнерімен келе жатыр. Жай келіс емес, жай жүріс емес, ағыл-тегіл екпінмен. Қасымның «Дауылындай» дүркіреп, Айбергеновтың ақ пейіліндей сіркіреп келе жатыр. Қапы қалма, жаныңды нұрға шомылдыр, аяулы оқырман, жас өркен!

Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса да даналық бар

Біреуде қарт та болса шалалық бар.

Атым шығып бір шумақ қара бұлтпен,

Мен осылай қоштастым балалықпен.

Содан бері... Қанша жыл, қанша заман,

Табақтас та болмаппын даналықпен.

Күндей күркіреген бір әлем. Тылсым әлем. Жылқының жалындай жөңкілген бұлттар арасындағы ақ шағи сезім. Тасыған күй. Қара жерді емес, көк аспанды тебініп келе жатқан ақзу әлем, ғафыл дүние. Әркімнің төбесінде бір шөкім ақ бұлт бар екені әмбеге аян. Көзге көрінер, көрінбес. Сенің ғұмырлық қорғаушыңдай, қос иықтағы періштеңдей ақ бұлттар. Сені алысқа шығарып салып, жырақтан күтіп алатын ақ бұлттар. Кір ғаламның кінәсіз бір бөлшегіндей ақ бұлттар. Тек соны ақындық жүрек қана тым нәзік, көбелек қанатының діріліндей түйсінулер ғана сезінсе керек. Ершуовтың мама бұлттары сол биік түйсік, ішкі қуаттың анық көрнісіндей жөңкілген бұлттар. Түнеріп келіп жаумай кететін жадау бұлттар емес, сағынышын ағыл-тегіл ақтарып кететін, көктемнің көңілшек бұлттары. 

Жүк көтеріп осынау иық талған,

Ұзай түсті жолдарың тұйықталған.

Сайтан алғыр, көргенде сатқындықты,

Тағдырмысың тамыры күйіп қалған.

Тасқа айналып шынымен кетермісің,

Жұдырықтай қан болып ұйып қалған?

Мен білетін, мен таныған, мен оқыған Аманқос Ершуовтың поэзиясында өмірдің дәмі бар, тірліктің нәрі бар. Оның жомарт көңіл, жұмақ пейіл жырлары жаңа өмірдің бастауындай ыстық. Бұрын да бір қайрылмай кеткен қара қосыңа жол түсіп, дәм татқандай қадірлі һәм берекелі. Ол сенің есейген шағыңа қарамай, өмірдің соқтықпалы-соқпақсыз жолдарымен жағаласып жүріп көп нәрсені жоғалтып алғаныңа қарамай, кейде опалы, кейде опасыз сәттеріңе қарамай – бәрібір қайырымды. Бәрібір мейрімді. Нұр тұнған жанарымен алыстан аймалай күн салып қарап, жолыңды бағып тұрған кейуанадай кепиетті. Ол сені ыстық құшағына баса тұрып, артыңа алаңдамай, болашағыңды бұлдырлатпай жалғанның көзіне тік қарауды үйретеді. Сол ақ пейіл, адал көңілімен-ақ сенің намысыңды қамшылайды. Егер сіздің бойыңызда иненің ұшындай жасандылық болса, онда Аманқос әлемінен алыс жүргеніңіз абзал. Ақынның кірпияаз әлемі ондай мешеулікті көтермейді. Сіз ең әуелі, оның поэзиясының астарында булығып жатқан көз жасын сезіне білуіңіз керек. 

Аманқос Ершуов жырлары такаппарлықпен туыстас, өжет, қайсар. Сырт көзге момын, жайсаң ғана ағып жататын өзінің Жем өзені сияқты. Ал өлеңдегі тереңдік, Жемнің ішкі ағысы тектес асау, екпінді. Жем демекші, өнер иесі атаулы өзінің жаратылған топырағына, түп тамырына тартып туары хақ. Осы тұрғыдан келгенде, Атырау алқабы, Жемнің бойы, ақықтай Ақкиізтоғай – Аманқос ақынның алтын бесігі, атақонысы. Өмірінің де, өлеңінің де мәні мен сәні осы – атыңнан айналайын Ақкиізтоғай. «Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған» атақты Жем талай саңлақтарды ақ дәмімен түлеткен қасиетті өлке. Пір Бекеттің кіндігін кескен аруақты алап. Кілең алапаты асқан ақындар мен сүлейлерді тудырған қара шаңырақ. Ұлы Отан соғысының қан майданынан қайтпай қалған Далабай Жазықбаев, бір өзі бір дала академиігіндей Қабиболла Сыдиықов, меруерттей жақұт жырдың иесі Меңдекеш Сатыбалдиев, қаламын қанжардай сілтейтін, тиген жерін орып түсіретін Айтуар Өтегенов, Аманғали Сеңгірбаев, Мақсот Қуатбаев, Амантай Оспанов, Өтеген Оралбай сынды сөз зергерлері, біз дұғамызға қосып, сөз асылын арнап отырған Аманқос Ершуов, оның ақын қызы Маржан Ершу. Бәрі бәрі де алақандай Ақкиізтоғайдың ақжарма азаматтары. Қаламы Желтаудан ескен жүйрік желдей жігіттер. «Шөп те шығатын тауына шығады» дегендей, Аманқос Ершуов міне осындай үлкен дала мектебінің түлегі. Сондықтан да, Ершуов поэзиясы Құрманғазы күйлеріндей тасқынды. Қаулаған өрттей қаһарлы. Сол өр дауысты поэзиясымен талай көңілдің «Кісенін ашып», «Көбік шашқында», сол Құрекең сазынан жұққан «Серпер» тасқын екені анық. 

Бала Аманқостың Жем жағалап жүгіріп, Қоңырқұдық пен Аққұдықтың жайлауын жырмен жалғап, көңілдің байлауын Майкөмген мен Еткөмгеннің арасынан тауып, асқақтап, арманшыл, қиялшыл болып өскені анық. Иісі өнер атаулы қарыздар болса, тек адам баласының қиялына ғана қарыздар шығар. Бала Аманқостың қиялын Ақкиізтоғайдың аспаны, аспанда жүзген ақ мамық бұлттары, табиғаттың тылсым күші мен құпиясы қанаттандырғаны сөзсіз. Көне сөздің алтын көмбесі – қазыналы қарттардан жұққан сөзгерлік бала Аманқостың қаламын ерте ұштағаны аян. Өзінің аяулы Смағұл атасының Дон Кихот пен Мюнхаузен хикаяларынан бастап, Нұрпейіс жырауға дейін жалғасатын, ары қарай Нарғыз батырмен ұласатын хикметке толы, мың қатпарлы, мың бояулы күмбірлеген дүниелері, ойын баласындай ғана Аманқосқа бір сәт дүниенің төрт құбыласын түгел шарлатып, шалықтатып кеткенін Жаратқанның ғанибет күші демей көріңіз. Одан қалса Шәріп қарияның әзіл-қалжыңмен басталып, Аралбай мен Қашаған жыраулардың сүмбіле жырына бірден бас қоятын екпіні, торсық шеке ұлды қалай тыныш қалдырмақ дейсің? Осының бәрі жиылып, болашақ қазақ әдебиетінің ойшылын, тұғырдан тілеп ұшар қырандай түлеткені даусыз. Осының бәрі – ақындардың ауылы атанған Ақкиізтоғайдың шапағаты емей не дерсің? Ауылынан шыға сала, Алматыға асығатын басқа ақындардай емес, Ақкиізтоғайын мәңгілік бесік еткен Аманқос әлемінің құпиясы – осындай бір шөкім топырақтың киесінде жатыр ма, кім білсін?.. 

Ақын мен Тәңірдің, Ақын мен Туған жердің арасындағы тылсым байланыстан құдіретті тағы қандай күш бар екен деші. Бұл құдіреттің құпиясы, бүгінгі өркениеттің орасан күшті ғылымынада жұмбақ боп қалары сөзсіз.

П.С:

Әлқисса!

Ұзақ та, ауыр бір сапардан оралған оғылан ер іргеңе кеп ат шалдырып жатыр делік. Жаны жаралы, жүзі қаралы, қабағы жауар бұлттай. Сондай асқақ, сондай аруақты ер. Қайсарлығы мен өткір нәзіктігі беліндегі берендей. Астындағы серігі есік пен төрдей. Ереуіл аттың суыт жүрісін әнтек бәсеңдеткендегі аяқ алысы; ауыздықтың моншақтай сылдыры; пысқырынуы; бусанған тердің жұпары; батырдың ырғатыла аттан түсуі; қара тамақ қанды найзаның қайқы бас ерде сүйеулі қалуы; бүркіт қабағын көтеріп тұман шөккен алып тауларға ойлана көз тастауы...

Оның ішнде кеткен аңсардың өтеуін енді боямасыз дүние ғана қайтара алар. Ол жоғалтқан дүниенің өтеуін енді ескен желдей еркіндік қана қайыра алар. Сәбидің деміндей уыз сезім ғана адақтай алар. 

Оның аты – поэзия. 

Жанарынан жасын ойнаған арғымақ текті асыл жыр. 
Аманқостың асқақ қанатындай аймауыт жыр.
Иләйім қабыл көргей, шарапаты жұққай.
Тәмәм!

Ұларбек Дәлейұлы

author

Ұларбек Дәлейұлы

АҚЫН

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...