Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында әйгілі ағылшын драматургі У.Шекспирдің тырнақалды туындысы &laq...
Балаларға базарлық: Алматыда «Түкбілмес» қойылымының премьерасы өтті
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қаңтар айының 30,31-ші жұлдызында балаларға арналған «ТҮКБІЛМЕС» қойылымының премьерасы өтті6 деп хабарлайды madeniportal.kz.
Ебектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі өнер сүйер көрерменге қашан да ұсынары бар балалар мен жасөспірімдер театры бұл жолы да үлкен сыймен қуантуда. Дайындығы екі айға жуық уақытты қамтыған қойылым театрдың шығармашылық ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жас бүлдіршіннің қойылым көрудегі маңызы оның тәрбиелік мәні мен ғибратында болып саналады. Сан ғасырдан бері келе жатқан сан түрлі оқиғаларға негізделген, әр түрлі тілдегі ертегілердің мақсаты бір. Яғни, қандай да болмасын балаларға арналған туынды балақайлардың көңілін көтеріп қана қоймай, оларды ізгілікке, адалдыққа, мейірімділікке, қайырымдылыққа, ізденімпаздыққа, еңбекқорлыққа және жаһандағы барлық жақсы қасиетті бойына сіңіруге септігін тигізуі тиіс. Аталмыш мақсатта театрымыздың сахнасында тағы да бір ерекше туынды дүниеге келіп, репертуардағы қойылымдар саны тағы бір спектакльмен толықты.
«Түкбілмес» - әйгілі орыс жазушысы Николай Носовтың «Веселые человечки» трилогиясының кейіпкері. Үш томдық трилогиядан кейіпкерді таңдап, оның басынан өткен оқиғалардан біртұтас туындыны жазып, инсценировкасын жасаған Дмитрий Курочкин. Спектакль қандай жағдай болмасын адам болып қалуға, достыққа адал болуға және ашкөздік пен бос сөзге бой алдырмауға үйретеді. Оқиға бір бірлерімен сөзге келіп қалған екі қаланың бір біріне жасаған қарама қарсы әрекеттерімен өрбиді. Мәселелердің шешімін табу барысында ұрыстың ұсақ-түйектен құрылғанын түсінгенімен қатар, кейіпкерлер өздерінің бұрыс әрекеттерін де ұғынып, одан сабақ алады. Ең қызығы, барлығы орнына келіп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан сахналары арқылы «Егер де жер бетіндегі барлық адам бір гармонияда болса өмір қандай болар еді?» деген сұраққа көрерменмен бірге жауап іздейді.
Премьера сәтінде режиссер «Түкбілместі» таңдаудағы негізгі мақсатымен бөлісті: «Менің қойылымды сахналауыма басты кейіпкердің бастан кешкен оқиғалары әсер етті десем болады. Спектакльдің бастапқы сахнасынан соңына дейінгі сәттер «Өзіңді өзгертің келсе, әлемді өзгерт» деген тұжырымға әкеледі деп есептеймін».
Қойылымның шығармашылық құрамына келетін болсақ, спектакльдің дүниеге келуіне атсалысқан ұжым кішкентай көрермен көңілінен шығуға аз тер төккен жоқ. Дайындық барысы кешкі уақытқа дейін созылып, бұрынғыдан да ерекше сый жасауға барын салды. Қойылымды сахналаған шығарманың инсценировкасын жасаған, А.Чехов атындағы МХАТ мектеп-студиясын тәмамдаған, Ресейдегі Пермь Мемлекеттік өнер және мәдениет институтының түлегі, актер әрі режиссер Дмитрий Курочкин. Қоюшы-суретшісі – Евгений Лемешонок, пластика бойынша режиссер Ресей еліндегі А.Чехов атындағы мектеп-студиясымен қатар Цирк және Эстрадалық өнер мемлекеттік училищесінің түлегі - Дмитрий Северин. Ал, пьесаны қазақ тіліне аударған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Динара Абикеева. Сонымен қатар, қойылымның актерлік құрамы да театр мен кино әлемінде кеңінен танылып жүрген талантты артистерден құралған: Ерден Жақсыбеков, Нұржан Әбубәкір, Ұлан Болатбек, Шағуан Үмбетқалиев, Бақытгүл Серікбаева, Динара Абикеева, т.б.
Қойылым аяқталған соң басты кейіпкер «Түкбілмес» рөлін сомдаған Нариман Егимбеков премьераны атмосферасымен әрі өз кейіпкері және спектакль жайлы ойымен бөлісті: «Жалпы, материал қолымызға тигеннен соң бәріміз мұқият оқып, түсініп алуға тырыстық. Шыны керек, бірден ұғып алу үшін де уақыт керек болды. Бірнеше рет оқылу аздық етіп, мультсериалды қайталап көріп үлгердік. Материалмен толық танысып болған соң, қойылым қоюға көштік. Спектакльде Түкбілмес кейіпкері өте жақсы ашылған. Бұны мен режиссердің еңбегі деп білемін. Тек басты рөлдегі «Түкбілмес» ғана емес, қойылымдағы әр кейіпкердің өзінің үлкен орны бар. Әрқайсысының өзіне тән қасиеттерін жоғалтпай, сахнаға көркем түрде алып келді. Ал, менің кейіпкерімнің мінезіне келетін болсақ, ол өте аңғал, аңқау, ойына келген әрбір нәрсені айта салады, бірақ соның кесірінен кейін зардабын көретін балалардың бірі. Сонымен қатар, ол өзіне көңіл аудартқанды жақсы көреді, сол үшін еш арам ойсыз, неше түрлі өтіріктерді құрастырып айта беруді әдетке айналдырады. Бұл қойылымның балаларға берері мол деп ойлаймын. Өйткені, спектакль өтірік айтпау керек және «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген тұжырымды да растайды. Бірақ, менің кейіпкерім әрдайым өтірікші болып қалмайды. Бастан кешкен түрлі оқиғалардың арқасында, ол өзгеруге шешім қабылдайды. Қойылымның ерекшелігіне тоқталатын болсам, ол әдеттегі ертегілерге ұқсамайды. Әдемі декорация, эффекттер, жарық сынды детальдер өте ұтымды пайдаланылған. Оған қоса, артистердің сахнада өмір сүруінің өзі қойылымның барынша шынайы болуына септігін тигізді деп есептеймін. Айта кететін жайт, бүгінгі таңда «Кішкентай балалар ештеңені түсінбейді, қабылдамайды» деген қате түсінік қалыптастқан. Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін, өйткені қазіргі заман басқа. Барлығын да ұялы телефон, олар бұдан қиын дүниелерді де түсінеді десем асыра айтқаным емес. Премьерадан алған әсеріммен бөлісер болсам, қазір өте тамаша көңіл күйде отырмын. Әсіресе, Түкбілместің қателігін түсініп, өзгеріске ұшырайтын кезеңінде көрермендерден алған кері байланысым ерекше болды деп айта аламын. Өйткені, қойылым басталғаннан бері өтіріктен басқа ештеңе айтпай келген Түкбілместі соңында кешіріп, бізбен бір толқында болған балақайларды көргенде ерекше толқығанымды жасырмаймын. Яғни, қойылым нәтижесінде балалар ненің ақ, ненің қара екенін түсініп, тамаша көңіл күймен үйлеріне оралды. Сөз соңында айта өтсем, режиссер де, артист те, шығармашылық ұжым да алдына қойған мақсатын орындады. Ал, ол біз үшін сөзсіз бақыт әрі қуаныш...».
Ұрпақ тәрбиесін қашан да бірінші орынға қоятын қазақ ұлты, оның ішінде қазақ театрында дүниеге келген ертегінің ғұмыры ұзақ болып, көрерменге берері мол болсын!
Театрдың баспасөз бөлімі
Шеслана Кусаинова