Ел спортшылары көшпенділер ойындарына дайындықты бастады

Жаңалықтар
143

Ел спортшылары 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты бастады, деп хабарлайды madeniportal.kz Хабар24-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе облысынан шабандоздар, палуандар мен құсбегілер қатысады. Өзге спорт түрлерінен іріктеу кезеңдері жазда өтеді. V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық басталды Арман Сағымбаев дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері. 2018 жылы Қырғызстанда 2018 жылы өткен тартысты додада күміс медаль алды. Тәжірибелі палуан бұл жолы кеткен есені қайтаруды мақсат еткен. 

Сол 6 салмаққа екі адамнан дайындаламыз. Іріктеу болады. Содан өткені ел намысын қорғайды. Не болған жағдайда да елімізде өткен соң намысты қолдан бермей, алтыннан алқа тағуға үміттіміз, - дейді палуан Арман Сағымбаев.

Ақтөбе облысында аударыспақ жақсы дамып келеді. Жастар арасында болашағынан үміт күттіретін спортшылар аз емес. Мәселен, Нұржан Еркінұлы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанған. Жүз келі салмақта өнер көрсететін жас палуан ұлттық жекпе-жектің бірнеше түрін қатар игерген. Дегенмен бала күнінен ат жал тартып мінгендіктен "аударыспаққа құмарым бөлек", дейді. 

Белбеу күрестен үшінші орын алғанмын Казақстан чемпионатында, жастар арасында. Білмеймін бірақ атқа мінген бөлек. Аттың үстінде демаласың. Атқа мінгенде шаршамаймын. Таңертеңгілік уақытым сабақта болады. Түстен кейінгі уақытым осы жақта. Атқа мініп демаламын. Депрессияға ұшырамайсың аттың үстінде жүрсең, - дейді палуан Нұржан Еркінұлы.

Ақтөбеде қазір асық атудан балалар арасында облыс біріншілігі өтіп жатыр. Ересектердің кезегі келесі айда. Жазда Азия біріншілігі жоспарланған. Бас жүлдені иемденген мергендер ұлттық құрама сапына ілігеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ақтөбеліктер бірнеше спорт түрінен бақ сынайды. 

Көшпенділер ойындарының бағдарламасында спорттың 20 түрі бар. Барлығын қамтуға тырысамыз. Бірақ аударыспақ, көкпар, қазақ күресі мен тоғызқұмалақ сияқты жекелеген ұлттық ойын түрлерінен жетістігіміз қомақты. Сондықтан аталған жарыстарда ақтөбелік спортшылар жолдама алуы тиіс, - дейді Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әділбек Ділжанов.

Спортшылар қызу дайындыққа кірісті. Себебі көктемде Қызылордада көкпардан, Оралда аударыспақтан ел біріншілігі өтеді. Ақтөбелік шабандоздар жамбы ату мен теңге ілуден де жүлдеге үміткер. Үздіктері Астанада өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алып, ел намысын қорғайды.