Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында зорлық-зомбылық құрбандарынан келген...
Жайық ақыры арнасынан асты. Орал маңын су басты
Фото ТЖМ
Жайық өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты жер білігі арқылы су жүрді. Орал қаласының маңындағы саяжай аумақтарын су басты. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, madeniportal.kz хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқиға орнында саяжай үйлерінде тұрғындардың бар-жоғына тексеру жүргізіп, жағаларды бекіту, қапшықтар және инертті материалдар төсеу, су сору жұмыстарын атқаруда. Адамдар алдын ала эвакуацияланған болатын.
Аталмыш саяжайлар Жайық өзені алқабының төменгі бөлігінде орналасқан.
Әуе кемесімен жергілікті жерде әуеден барлау жүргізіліп, сондай-ақ адамдарды іздеу үшін ұшқышсыз ұшу аппараты іске қосылды. Жергілікті полиция қызметкерлері оқиға орнында жұмыс атқаруда.
Ақтөбе облысынан және 52859 әскери бөлімінен ТЖМ, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің қосымша күштер мен құралдар Батыс Қазақстан облысына жіберілді.
Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізіледі.
Жалпы ел бойынша осы сағатта 23 085 адам өз үйлеріне оралды. 4 551 тұрғын үйден судың бағыты бұрылды. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде.