Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
АҚЫНТыныштықбек Әбдікәкімұлы 1953 жылы, 20 шілдеде, бұрынғы Семей облысы, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы құрамындағы Абай ауданы жерінде, Шыбынды өзенінің бойында дүниеге келген. 1970 жылы Абай ауданы орталығы – Қарауылда орта мектепті бітірген соң, әскерде радистік қызмет атқарған. І-класс маман. 1973-89 жылдар аралығында қилы кәсіби мамандықтар (электрик, фрезеровщик, токарь, шофер, киномеханик) оқуын оқып, ауылда жұмыс істеген. 1989-95 жылдары Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқып, тәмәмдаған. 1989-90 жылдары Семей облыстық мәдениет басқармасының ғылыми-методикалық орталығында редактор. 1990-93 жылдары Абайдың республикалық тарихи-мәдени, әдеби мемориалдық қорық-мұражайында ғылыми қызметкер. 2007-2008 жылдары республикалық «Алаш үні» газетінде кеңесші қызметін атқарған.
Өлеңді 14 жасынан бастап жаза бастаған. 1968-69 жылдары Семейдің №16-мектебінде оқып жүргенде, ұстазы Рәбиға Ахунованың жетекшілігімен, алғаш жыр кеші өтіп, педагогикалық институты студенттерімен кездесу өткізген.
1993 жылдан бастап, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1993-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы Семей облыстық бөлімшесінде жауапты хатшы.
«Ақшам хаттары» («Жалын», 1993. Алматы), «Ырауан» («Атамұра», 2000, Алматы), «Алқоңыр дүние» («Фолиант», 2014, Астана), «Бесінші маусым жұпары» («Атамұра», 2017, Алматы) атты жыр жинақтарының авторы. Қаламгердің әлем халықтарына ортақ ежелгі ғарышнамалық қағидалар мен қасиетті ұғымдарды Қазақтың ұлттық дүниетанымы арқылы өзінше саралап-сараптауға тырысқан «Қас Сақ Аңқымасы» (1-кітап, «Елорда», Астана), «Қас Сақ Аңқымасы» (2-кітап, «Қазығұрт», 2003) атты еңбектері жарық көрген. Бүгінгі таңда аталған еңбектің жалғасын жазуда. Өлеңдері мен өзекті мәселелерге жазылған мақалалары республикалық баспасөзде ұдайы жарияланып тұрады.
1990 жылғы жазба ақындардың тұңғыш республикалық мүшәйрасының бас жүлдегері, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, 2001 жылғы Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының лауреаты.
2007 жылғы республикалық «Абай әлемі» байқауының «Поэзия» номинациясы бойынша лауреаты. 2010 жылы өткен халықаралық «Шығыс шынары» атты мүшәйрада 1-орынды иеленген. Абай Құнанбайұлының 160 жылдық мерейтойына арналған республикалық жыр мүшәйрасының Гран-При иегері. Сондай-ақ, республикалық деңгейдегі 2006, 2008 жылдардағы екі мүшәйрада бірінші орын алған.
Автордың шығармалары бойынша, елімізде кандидаттық, докторлық бірқанша еңбектер қорғалған. Ақынның шығармашылығы 5-11 сынып оқушыларына және жоғарғы оқу орындарына түсушілерге арналған «Қазақ әдебиеті. Оқушы анықтамасы» оқу құралының (С.Т. Елікбаев. ф.ғ.к. доцент. «Арман – ПВ» баспасы, 2005 ж.) «Тәуелсіз қазақ әдебиеті» бөліміне енгізілген.
Шығармалары әлемнің алты тіліне аударылған авторлардың бірі.
ҚР Президентінің 2011 жылғы желтоқсанның 5-індегі Жарлығы бойынша, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен, мемлекеттік Абай қорық-мұражайының «Абай» медалімен марапатталған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
Кітап авторы – Әбіш Кекілбайұлы, Төлен Әбдік, Мұхтар Мағауин, Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек бастатқан қазақ әдебиетінің классиктері тарапынан «Қазақ әдебиетіне өзгеше мәнер мен ерекше сипат ала келген тағдырлы құбылыс» ретінде бағаланған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
"Халық радиосының" "Поэзия минуттары" хабары.Қазақ поэзиясының құбылысы - Тынышт...
(20 жыл бұрынғы мақала)Бір сөзбен Тыныштықбекті XX ғасырдың соңындағы қазақтың лирикалық поэзиясының...
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы20 сәуір күні Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрында Қазақста...