Қанат Құдайбергенов
ӘНШІЖұбайы Айткүл Кәкімқызы екеуі домбырамен ең алғаш болып, қазақ әндерін дуэтпен орындаған кәсіби әншілер.
ТолығырақҚанат Құдайбергенов 1956 жылы 26 шілдеде Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында туған. Күйші, әнші, сазгер. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» (1998). Жұбайы Айткүл Кәкімқызы екеуі домбырамен ең алғаш болып, қазақ әндерін дуэтпен орындаған кәсіби әншілер. "Құрмет Орденінің» иегері (2015).
Әкесі – Жолдыбай Құдайбергенұлы ағаш ұстасы, шешесі – Үміт Шоғанбайқызы ауыз екі айтысқа ойланбай түсе беретін әнші, шежіреші, қарапайым жандар болған. Домбырамен ән айту, күй шерту нағашы атасы Шоғанбайдан дарыған.
Отбасында алты ағайынды. Үйінің үлкені Қанат. Өзінен кейінгі інісі Қайрат Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы ГИТИС-ті "театр және киноактер" мамандығы бойынша бітірген. Ол да музыкалық аспаптардың бірнеше түрінде ойнайтын сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз. Одан кейінгі қарындасы Бибігүл Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітіріп, сонда музыка мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. Інісі – Талғат, қарындастары – Бибінұр және Нұргүл мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ балауса талантымен танылған жастар.
Қанат Құдайбергенов 1973 жылы Текес орта мектебін бітіріп, 1975 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясында профессор Құбыш Мұхитовтан домбырашы-күйші мамандығы бойынша тәлім алды. 1976 жылы Айткүлмен отау құрады. 1977 жылы оқуды үздік бітіріп, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қарағанды облыстық филармониясының жанындағы "Гәкку" жастар эстрадалық ансамблінде қызмет етті.
1983 жылдан мемлекеттік "Гүлдер" ансамблінде өнер көрсетті. Жұбайы Айткүл екеуі бүкілодақтық жастар творчествосы байқауының лауреаты болды. 1989 жылдан Алматы облыстық филармониясына отбасылық топ болып жұмысқа тұрды. 1998 жылы Елбасының жарлығымен Айткүл екеуіне "Қазақстан Ресбуликасына еңбек сіңірген әртісі" атағы берілді. Қос аққудай жарасып бірге ән айтатын олардың еңбектері жанды.
Біз әнші ретінде білетін Қанаттың негізгі кәсібі күйшілік. Оның репертуарында көптеген күйлермен қатар классикалық шығармалар - Огинскийдің, Моцарт, Брамстың туындылары бар. Ал, жары Айткүлмен қосылып қос дауыспен шырқайтын: "Әгугай домбыра", "Сырғалым", "Керім-ай" тағы басқа да көптеген әндері бүгінде кеңінен тарап кеткен. Қанаттың шығармашылығына келер болсақ бірнеше әннің авторы. Оның "Аяшы", "Қарлығаш", "Көңіл күйі", "Жарапазан", "60-қа келдіңіздер", "Қара жорға", "Тойға шашу", "Абайға сәлем" сияқты әндері мен "Құралай", "Ерке тотай" күйлері теледидар-радио арқылы көптеп орындалып жүр.
Жасыру