Айна Жүнісова
АКТЕРЖүнісова Айна Хайдуллақызы Ресей федерациясы Омбы қаласында 1970 жылы туған. 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және кино институтын бітіріп, жолдамамен Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына келгелі табысты еңбек етіп жүр. Өзіне тән нәзіктігі мен ән айтуға икемділігі сазды қойылымдарда еркін, тартымды жұмыс жасауына көп көмегін тигізеді. Режиссердің талабына сай дәл әрекет етіп, партнерлерінің өсуіне, сахналық шынайы қарым-қатынастың туындауына себепті бола біледі. Шеберлігін шыңдап, техникасын жетілдіру жолында тынымсыз еңбек етіп, білімін, танымын кеңейтіп отырады.
Табиғи дарыны мен сүйкімі көрерменнің көзайымына айналдырса, еңбекқорлығы арқасында елінің қалаулы қызы болары сөзсіз. Кішіпейіл, ақ жарқын мінезі әрдайымда өз ортасында оны кісілік қарым-қатынастың өзгеше сипатына бөлеп келеді. Кішіге қамқор, үлкенге ізетті А.Жүнісова отбасында сүйікті жар, үш балаға аяулы ана. Актриса 2010 жылы «Отбасы – алтын бесік» атты республикалық жанұялық сайысқа қатысып, өнерлі отбасы бас жүлдесін - Гран-приді Көкшетауға алып келді. Қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын актрисаның бойындағы ұлтжандылық қасиет оны өзгелерден ерекшелеп тұрады. Ол Ресейдің Омбы облысында тұратын қазақ диаспорасымен, олардың «Мөлдір» атты мәдени-рухани орталығымен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Әуезді әнімен, жігерлі болмысымен, талапшыл талғамымен ортасын, көрермендерін тәнті етіп келе жатқан өнер иесі.
Сомдаған рольдері: «Ақан сері-Ақтоқты» - Жеңге, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» - Таңсық, «Құдалық» - құдағи, «Үкілі Ыбырай» - Муза, «Қожанасыр» - Жолаушы әйел, «Алдар Көсе» - Қарлығаш, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» - Ғазиза, «Шығыс хикаялары» - Зейнеп, «Келіндер көтерілісі» - Нигора, «Қорқақ көжек» - Түлкі, «Он екі ай» - Королева, «Ревизор» - Мария Антоновна, «Король Лир» - Корделия, «Ғасырдан да ұзақ күн» - 1 космонавт, «Отыз тістен шыққан сөз» - Айсәуле, «Вестсайд оқиғасы» - Мария, «Үйлену» - Дуняшка, «Ақырғы әрекет» - Оксана, «Ең әдемі келіншек» - Зуһра, «Үйленгім келмейді» - Күлайна, «Темір қатын» - Темір қатын, «Анамның ақ көйлегі» - Айман, «Сыған серенадасы» - Изольда, «Құлыншақ пен Бөлтірік» - Ана-дала, «Офис» - Шмитт, «Хан-Абылай» - Ақкербез, «Құштарлық трамвайы» - Бланш, Біржан салдың шідері» - Жеңге, «Люстра» - Венера, «Апалы-сіңлілі үшеу» - Ирина, «Махаббат FM» - Фарида, «Ричард ІІІ» - Леди Анна.
2006 жылы театрдың он жылдығында Мәдениет қайраткері төс белгісіне ие болды, Ақмола облысы әкімінің алғыс хатымен, Ақмола облысы мәдениет басқармасының құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар, Халықаралық қызметтегі ерекше жетістіктері үшін медалінің иегері.