Медет Салықов
ӘНШІБұл күнде әнші көп, тек қана Шәмші жоқ деген екен бір ақын ағамыз. Расында әнші де, сазгер де, ақын да көп. Бұл жаман емес әрине. Саннан сапа шығады. Өнерлі өрендеріміз көп болса несіне ренжиміз. Керісінше қуануымыз керек.
Үйір-үйірімен жүретін эстрадалық әнші топтар да жетерлік. Бұрындары ат төбеліндей ғана белгілі әншілеріміз болушы еді, қазір көрермен мен тыңдармен жаңылатындай дәрежеге жеттік. Олардың ішінде қазақтың ұлттық болмысы мен мінезіне жат небір даңғаза әуенімен дамылдамай келе жатқандары да, эстрада жанрын ұлт құндылығына қабыстырып, шеберлікпен шедевр жасап, жағымды етіп жүргендер де бар. Қалай десекте, бізде бәрі бар. Осындай артық, кем дүниелер тыңдарман таразысына түсіп тұрған мына уақытта жұрттың жүрегінен орын алған, исі қазақ баласының көңілінен шығып жүрген «Аламан» тобының әншісі және топтың негізін қалаушы Медет Салықовпен сұхбаттасқан едік.
– Әңгімемізді «Аламан» тобының негізгі бағыты мен мақсаты, ұлттық құндылыққа мән беруінің негізгі себебі деген сияқты мәселелерден бастасақ.
– Кез келген адамның азаматтық позициясы болады. Менің ұстанған позициям ұлтқа қызмет ету. Ұлтқа қызмет ету деген түсінік ұлттық болмысы бұзылмаған ауылда туып, өскендіктен және қазақы тәрбиені көргендіктен болар. Енді сол тәрбиені, азаматтық ұстанымымды ұлтқа пайдасы тиетіндей жүзеге асыруым керек қой. Сондықтан отбасымдағы тәрбиеге ерекше көңіл бөлемін, өнер саласында, ән жазсам да қазақы иірімі, ұлттық бояуы бар етіп жазуға тырысамын. Эстрада деген өзі сырттан келген жанр. Оны қабылдамау мүмкін емес. Сондықтан өзімізге бейімдеу жағына басымдық берілу керек. Эстрада барлық халықтарда бар. Мысалы өзбек эстрадасын тыңдасаңыз бірден өзбек әні екенін тани аласыз. Басқалары да солай. Біздің эстрада неге орыс эстрадасына жақын болып кетеді. Гастрольдік сапармен Түркия еліне барғанымызда «сіздердің әндеріңіз орыс әндеріне ұқсайды» дегенді естідік. Содан мен «сіздер нағыз қазақ әнін тыңдамаған екенсіздер» деп, «Аламан» тобының орындауында халық әндерін орындап бердік. Олар негізі сол таза эстрадалық бағыттағы, ұлттық нақышы мен иірімі жоқ арзанқол әндерді тыңдаған болулары керек. Содан кейін барып пікірлері өзгерді.
Біздің «Аламан» тобын алғаш құрған кездегі мақсатымыз да ұлттық өнерді насихаттау, халық әндерінен репертуарды көбейту, ұлттық аспаппен шығу болатын. Жаңа әндер болса да ұлттық нәрі барларын таңдаймыз. Топтағы үшеуіміз де дәстүрлі мектептің өкілі болғандықтан ұлттық бояудан алыстап кете алмаймыз.
– «Аламанның» ел алдына шығып келе жатқанына қанша уақыт болды?
– 2003 жылы құрылған болатын. Биыл міне 10 жыл болды. Мамыр айының төрті күні Астанада өзімнің шығармашылық кешімді өткізген болатынмын. Сол кеште «Аламан» тобына он жыл толғаны туралы да айтылды. Өзім бастамашы болып ашқаннан кейін менің шығармашылық кешімде топтың 10 жылдығы туралы айтылғанының артықтығы болмас. Бұл өзімнің жобам. Сондықтан менің шығармашылығым болып саналады. Кеште өзімнің әндерім орындалды. «МузАрт» тобы бастаған елге белгілі әншілер қатысып, кештің шырайын ашты. Құдай қосқан қосағым әнші Клара Төленбаева кештің салмақтың бөлігін өзіне алды. Ұстазым Бекболат Тілеухан менің әнімді орындап, ән шашуын шашып кетті. Осылайша үлкен бір кешті ұйымдастырып, халық алдындағы есеппен тең концерт бердік.
– «Аламан» тобының құрамындағы Нұрболатты Еркебұлан деген әнші жігіт алмастырды. Осы жөнінде айта кетсеңіз.
– Ия, шығармашылық деген еркін дүние. Ондай нәрсеге таңдану немесе астарынан басқа бір негіз іздеудің қажеті де шамалы. Кезінден «МұзАрт» тобының да құрамында өзгеріс болды. Бұдан топта ешқандай өзгеріс болған жоқ. Тура сол Нұрболаттың орнына Клара Төленбаеваның шәкірті баянмен ән айтатын Еркебұлан Сәрсенбеков деген азамат келді. Ол да дәстүрлі мектептің өкілі. Ал Нұрболат президент оркестрінде жұмыс істейді. Жары Анар екеуі ән айтып, шығармашылықтарын шыңдау үстінде. Қарым-қатынасымыз өте жақсы, араласып-құраласып тұрамыз.
– Топтың үшінші әншісі Аллажарды жұрт сахнадан танығанмен жеке өзін көп ешкім біле бермейді. Әріптесіңіз туралы не айтасыз?
– Аллажар Моңғолиядан келген азамат. Сол жақта туып-өскен. Ол да дәстүрлі ән мектебінің өкілі. Астанадағы музыкалық академияны тәмамдаған. Жалпы дәстүрлі өнерде бес мектеп бар ғой. Арқа, Сыр, Жетісу, Батыс және Алтай-Тарбағатай мектептері болып бөлінеді. Аллажардың Алтай-Тарбағатай әндерін зерттеуші және орындаушы екенін айта кету керек.
– «Аламан» тобына он жыл толды деп отырмыз. Топтың шығармашылығы жөнінде айтсаңыз.
– Ораза айы аяқталғаннан кейін бейнеклип түсіргелі жатырмыз. Асхат Сүйіндіковтың сөзіне жазылған «Менің бағалым» деген өзімнің әнім бар. Сол әнді таңдап отырмыз. «Бағалайық бақытты» деген альбомымыз шыққан болатын, енді тағы бір альбомды жақын арада жарыққа шығармақпыз. Осы уақытқа дейін үш клип, бір альбом шығарыппыз. Жақсы, сапалы бейнебаяндарымыз бен ән жинақтарымызды халыққа ұсыну жолында жұмысымызды жалғастыра бермекпіз.
– Өзіңнің де дәстүрлі мектептің өкілі екеніңді білеміз. Көмейіне бұлбұл ұялаған беделді де, белді әнші Бекболат Тілеуханның шәкіртісің. Бірақ домбырамен дәстүрлі ән айтқаныңды сирек көреміз. Эстрада мен дәстүрлі әнді қатар алып жүру қиын ба, әлде басқа себептер бар ма?
– Жоқ, қиын емес. Жасыратыны жоқ, әннің дәстүрлі жағын ақсатып алғаным рас. Эстрадаға шынымен көбірек мән бердім және ән жазумен айналыстым. Оның үстіне дәстүрлі әншілердің сахнаға шығуы, ел алдында көрінуі сиреп тұр ғой. Олардың жанында менің дәстүрлі өнермен шығуым мүледем сиреп кетті. Қазір дәстүрлі формада жаңа ән шығаратындар да азайып кетті. Тіпті жоқтың қасы. Тек Тұрсынғазы Рахимов ағамыз қалды. Осы мәселені ескеріп, шамамның келгенінше дәстүрлі формада әндер шығарып, үлесімді қосып жатырмын. Мүлдем дәстүрлі ән айтуды тастап кеткен жоқпын. Шығармашылық кешімде бірнеше дәстүрлі ән орындадым. Бекболат Тілеухан ағамыз ұйымдастырған үлкен концертте домбырамен халық әні «Гүлдариғаны» орындадым. Дайындық үстіндемін. Дәстүрлі әнді ешқашан тастап кетпейтініме сенемін.
– Сазгерлікке ерекше көңіл бөліп жүрген сияқтысыз. Жетістік қандай?
– Мен негізі мектеп бітіргеннен бастап ән жазғанмын. Шығармашылық кешімде сол осы күнге дейін жазылып жиналған әндерім орындалды. Осының өзі үлкен жетістік дер едім. Жалпы елудей әнім бар. Соның ішінен отызға тарта ән коцертімде орындалды. Сонымен қатар сазгерлік жетістігім дегенде «Жібек сезім» деген әнімнің ел арасына кеңінен тарап кетуін айтар едім. Сондай-ақ «Аяла» деген әнімнің былтыр жылдың үздік әні аталуы да менің сазгерлік жетістігім деп есептеймін. Әрине осымен болдым-толдым дегеннен аулақпын. Алдағы уақытта да шығармашылығымды дамыта беремін, халық сүйіп тыңдайтын әндерді дүниеге әкелемін деп ойлаймын.
– Бір шаңырақта екі әншісіздер. Екеуіңізге де осындай саф өнер кімдерден дарыған, өз жұрттарыңызда немесе нағашы жұрттарыңызда өнерлі адамдар болған ба? Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
– Клараға өнер нағашы жұртынан келген екен. Нағашыларында өнерлі әнші адамдар көп болған деседі. Әсіресе нағашы жағынан Бәтіш деген әжесі сол аймаққа танымалдылығы әншілігінің арқасында артқан көрінеді. Киіз үйді тігіп қойып, кезіндегі Майра Уәлиқызы сияқты әншілердің басын қосып, өнердің абыройын аспандатқан жан болса керек. Ал өзімнің жұртымнан да, нағашы жұртымнан да өнерлі адамдар көп болыпты. Әсіресе Салық деген атам ақын болған екен. Сол Салық атамның ел аузында өлеңдетіп айтып кеткен сөздері де көп. Соның біреуін айтып өтейін. Ол кісі колхозда жұмыс істеген. Колхоз басшысы Тоқбай деген адам екен. Менің Салық атамды қайта-қайта жұмсай берсе керек. Сонда атам суырып салып, «колхоздың бастығы сен атың Тоқбай, көзге көрінгенде жұмсай бересің, колхоздың менен басқа шалы жоқтай» - деген екен. Әлгі Тоқбайдың әйелі де сараңдау адам болса керек. Бір күні үйіне барған атам «Колхоздың бастығы Тоқпай атың, Тоқбайда қатын бар ма тоқ қоятын. Күніне бір қой сойсадағы, клетінде қасқыр бар жеп қоятын» - деген екен. Бұл менің сол үлкендердің әңгімесінен естігенім ғой. Сол сияқты өзімнің әкем де өнерден құр алақан емес. Домбыраны 5 жасымнан әкемнің өзі үйреткен.
– Бір отбасындағы екі әншіден туған балалар қалай өнерден алшақ болсын. Үйдегі бала-шағаның өнері туралы не дейсіз?
– Біздің үй кішігірім филармония. Кешке үйге келгенде бізге дайындалатын мұрша болмайды. Үш балам үш жақтан ән айтқанда бізге орын жоқ. Үлкен қызым Ақкербез үшінші сыныпта оқиды. Бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы. Жетігенмен, домбырамен және эстрадамен де ән айтады. Екінші қызым Айгерім де әнші. Ол балабақшаны биыл аяқтап отыр. Менің шығармашылық концертімде «МұзАрт» тобымен қосылып ән айтты. Кішкентай ұлым Нұрсамат та ән айтады. Үшеуі де музыка тілімен айтқанда (абсолютный слух) құймақұлақ болып туылды. Әнді тез жаттап алады, нотаға таза түседі. Осындай өнерлі отбасымыз.
– Бүгінгі тыңдарманның талғамын қалай бағалайсыз?
– Тыңдарманның талғамы әртүрлі болады. Мысалы дәстүрлі әннің деңгейі өте жоғары. Оны тыңдай алатын, түсіне білетін өре керек ең алдымен. Және тыңдай білетін есті құлақ керек. Қазір тыңдармандардың басым көпшілігі сөзі де жаттағанға оңай, той-томалақта айтқанға әні де жадыңда тез сақталатын жеңіл әндерге әуестеніп кетті. Сонымен қатар бүгінгі электронды дыбыс адамның құлағына қатты сіңіп кетті де, табиғи микрофонсыз айтылған әнді көп ешкім қабылдай қоймайтындай деңгейге түстік. Адамдардың құлағы да өзгеріске ұшырағанын осыдан байқауға болады. Сырттан келіп жатқан ақпараттың тасқыны да әсер етеді. Қалай дегенмен де эстраданың заманы өрлеп тұр ғой қазір.
– «Аламан» тобындағылар қанша дегенмен таразы басын тең ұстап жүрген әншілерсіңдер ғой.
– Мен енді президент оркестрінде жұмыс жасаймын. Сырттан қаншама қонақтар келіп жатады. Оларға біз ешқашан эстрадалық жанрда ән айтпаймыз. Тек домбырамен дәстүрлі өнерімізді шынайы көрсетеміз. Бұдан басқа да дәстүрлі әнді насихаттай жүру, орайы келген жерде орындап жіберуді қалап тұратын азаматтармыз. «Аламан» тобындағы менен басқа Аллажар да, Еркебұлан да дәстүрлі ән өнерін жандарына серік еткен сері жігіттер. Өзіңіз айтқандай таразы басын тең ұстаймыз. Аллаға шүкір, «Аламан» тобының тыңдармандары бар. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп келеміз. Әріптестердің де, халықтың да көзқарасы жақсы.
– Әңгімеңізге рахмет
Ардақ ЕРМҰРАТ.
– Клара Төленбаева дегенде, есімізге «Жібек сезім» әні түседі. Халыққа кең та...