
Мұздыбек Әбдікаримов
АКТЕРМұздыбек Әбдікаримов (1914-1974 ж.ж.)
Қазақ ССР – нің еңбек сіңірген артисі
Жасынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын Шашубай, Манарбек пен Абайдың әндерін естіп, үйреніп, халық творчествасын жақсы меңгеріп, бала жасында «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» эпостық ұзақ жырларды жаттаған. 1927 жылы Алматыда құрылысшылар даярлайтын училищиде оқып, бір жыл Түрксіб темір жолында еңбек етеді. 1930 жылдан бастап Балхаш көлі маңындағы «Қызыл Октябрь» деген балықшы пунктінде балықшы болып жүргенде, оның өнерін байқаған азаматтар «Жұмысшылар клубына» шақырады., ондағы «Домбыра – ән самалы» атты үйірмеге білікті режиссерлер Асқар Тоқпанов пен Тәңірберген Бүтінбаевтар басшылық жасайды.
1936 жылы Қарағанды облыс болып құрылған соң, қаладан режиссер Гатаулин жетпіс адамнан жеті адамды таңдап, оларды Қарағандыға алып келеді. Міне содан кейін театрға келгендегі ең алғашқы рөлі Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасындағы Итбай болыстың образы болатын. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалы драмасында Шегенің бейнесін тамаша сомдады. Қырық жылдан астам уақыт аралығында екі жүзге таяу рөлдерде ойнаған дарынды да, дарабоз актер.
Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында Жантықты, Қарабайды, «Еңлік – Кебек» трагедиясында Жапалды, Б.Майлиннің «Шұға» дарамасында Қайрақбайды, З.Жакупов пен Ж.Сәрсековтің «Зәуреш» трагедиясындағы Ақылбайды, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен Махаббат» драмасындағы музыкант Миллерді, К. Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясындағы Бригелланы шеберлікпен ойнаған.
Мұздыбек Әбдікәрімов – ауқымы кең, жаны таза дарынды әнші – актер болатын.
Арқа әндерін әсіресе Естай, Ақансері, Біржансал, Абай әндерін ерекше сүйіспеншілікпен орындайтын.