Қасымбек Нұрбек
ЖУРНАЛИСТҚасымбек Нұрбекұлы - 1936 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келген, Бәйдібек ауданының «Қызыларық» елді мекенінің тумасы. Бастауыш мектепті осы елде бітіріп, 1954 жылы Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы сурет-өнер училищесіне оқуға түсті. 1955 жылдың күз айында Армия қатарына алынады. Ленинград әскери округінде радиотелеграфистер курсын бітіріп, «атқыш радист» мамандығын игерген. Ол дүние жүзіне белгілі атақты Дрезден галлереясында екі рет болып, көптеген ұлы суретшілердің еңбектерімен танысты.
1956 жылдан, әскери борышын атқарып қайтып келген соң Алматы қаласындағы оқуын жалғастырды.
1966 жылдың наурыз айынан бастап облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмысқа шақырылып, осы газетте 33 жыл көркемдеуші суретші, фототілші қызметін атқарды.
Заман тынысын, ел өмірін күнделікті газет нөмірлері арқылы жарыққа шығатын түрлі жанрдағы, автор шығармалары арқылы дөп басып танитын Қасымбек ағамыз тапқыр тамыршыдай өмір ағысына аса нәзік сезімталдықпен, сирек өнерімен үн қосып отырды.
Кескіндеме, графика және көркем фотосурет саласында еңбек ете жүріп, алғашқы дербес көрмесін 1968 жылы комсомолдың 50 жылдық құрметіне арнап ұйымдастырды, суретшінің 80-нен астам еңбектері қойылды.
Қазіргі таңда суретшінің шеберханасында 1000-нан астам суреттер бар. Көптеген диплом, грамоталардың иегері. Газеттің көркемдеуіне үлкен үлес қосқаны үшін 1989 жылы ВДНХ-ның медалімен наградталған. «В.И.Ленинге 100 жыл» медалімен, «Астанаға - 10 жыл» медалімен, «Еңбек ардагері», «Ұлы Жеңіске 60 жыл» медальдарымен марапатталған, т.б. көптеген грамоталар мен дипломдар, алғыс хаттардың иегері.
Қазақстан ұлттық ойындары «Қыз қуу», «Көкпар» сияқты полотнолары бар. Композитор Шәмші Қалдаяқов туралы сериалы суреттер және қазақ тарихындағы өтпелі кезеңдерінен «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», «Шыңғысхан», «Отырардың күйреуі», Абай өлеңдерін оқығанда туған «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық-ай», «Абайдың жастық шағы» сияқты полотнолардың авторы.




