«ҰЛТТЫҚ САНА» (пәлсапалық-эссе)

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЭССЕ
24

Ұлттық сананың бес ұстыны бар: Ұлттық тіл, бұл өз бойында  әдебиет пен тарихты қамтыйды. Екінші, жер аумағы; Үшінші ділі яки салт-дәстүр, мәдениеті;  Төртінші діні; Бесінші ұлттық кәсібі, шаруашылығы.

Ұлттық санасы бар халық қана жеке ел болып тұра алады. Және, ұлттық санасы жетілген сайын кемел елге, үздік халыққа айнала алады.  Бұл адамзат тарихы бойында дәлелденген аксиомалық ұғым.

Олай десек, «ҚАЗАҚ деген халық ұлттық санаға жеткен бе?» деген сұрақты осы аталған бес ұстын-негіз бойынша анықтай аламыз.

Иә, біз қазақ халқы бүгінге дейін ұлттық санасы кемелденген ел болған едік. Жоғарыда аталған ұлттық сананың бес ұстынындағы бірінші тұрған Ұлттық тіл, жер иеленудің алғы шарты. Әрі, ең қуаттысы. Халықтың саны қанша болса, сонша адамдар бір тілде сөйлейтіндіктен елінің шекарасын осы тілі бойынша белгілейді. (Қазіргі жер шарындағы екі жүзден астам елдің бәрі де, және соның ішінде қамтылған аз санды халықтар да өз тілі бойынша аумақтық шекараға ие болып отырғанын еске түсірейік. Ресейде, Саха-якут, Алтай, Тыба, Башқұрт, Татар, Шешен... Қытайда, Ұйғыр, Қазақ, Түбет...)

Олай десек, дүниеде жер көлемі бойынша алғашқы ондықта тұрған Қазақ халқы дәл осы айтып отырған ұлттық тіліміз бойынша сонша үлкен ауқымға ие болғанымыз анық. Жер бетіндегі бүкіл соғыс жер үшін болды десек, сонша үлкен өлкені көршілеріміз бізге ақ көңілдікпен «подарить» етпеген...

Тағы да толықтыра айтсақ, кең сахарамызды қорғауда найза мен қылыш, садақпен бірге осы ұлттық тіліміз де қатар соғысқан! «Қобыланды», «Алпамыс батыр», «Ертарғын» сынды жүздеген батырлық дастан-жырлар, мыңдаған аңыз-ертегілер, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер сол кезеңнің туындылары. Көрші Ресейдің жерімізге ауыз сала бастаған шағындағы «Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны....» дейтін жыраулар кезеңі, одан кейінгі, Махамбеттің «Темір қазық жастанбай, қу толағай бастанбай ерлердің ісі бітер ме!?» деп, жалғасқан ел-жерді қорғау жолындағы адуын жырлар соның айғағы.

Онда, Ұлттық тіл болмаған халықта ел-жер де болмайды, деген қағида өзінен өзі дәлелденеді. Олай десек, Ресейдің екі-үш ғасырға жалғасқан ауыр, зардапты отаршылдығына дейін бізде өте бай тіл, соған сай кемел әдебиет болғаны талассыз.

Енді, ұлттық тілдің бір тармағы сол халықтың тарихын қамтыйды дедік, ол қазақ халқында рулық шежіре түрінде генетикалық туыстықты сақтаған ғаламат кодтық сипатта қалыптасты. «Отарлық опатта» қырық тарапқа шашылып жан сауғалап кеткен жүз мыңдаған қазақ қауымы осы шежірелік кодтың арқасында, соңғы отыз жылда Қазақ Елін қайта тауып жатқаны соның нәтижесі. 

Сонымен, «Ұлттық сананың» бастапқы екі ұстыны осылайша бір-бірі арқылы анықталды.

Үшінші аталған «ДІЛ» осындай тілі бай, жері бар халықта ғана қалыптасады. Ділге ерекше салт-дәстүрі, тұрмыстық жай-күйі, киім-киісі, тамақтану ұстанымы, мінез-құлықы яғни бүкіл мәдениеті, өте көп ерекшеліктері қамтылады. Яғни, осының бәрін ортақ етіп қалыптастыратын фактор тағы да ортақ тілі. Анықтап айтсақ, баяғыда атпен алты айшылық жол саналған, қазір пойзбен үш күншілік,  ұшақпен үш сағаттық қашықтықта жатқан Алтай мен Ақжайық, Атырау, Маңғыстау қазақтарының ділі өте ұқсас болған, ал бір-біріне ұқсас бола тұра көз тартарлық әдемі ерекшеліктерінің өзі бір халықтың өте мол діл байлығын көрсетеді.

Төртінші аталған «ДІН» деген ең маңызды ұстынды да  тілі, жері, ділі бар халық қабылдай алады. Егер, алғашқы үш фактор болмаса, яки шала болса, ол халықта ортақ дін де бола алмайды. Қазақ қауымының ең соңғы хақ дін Исламды толық қабылдауы, алғашқы үш ұстынның мықты болуынан. Осындай бір сенім, ортақ наныммен келген дінді Қазақ халқы өз болмысына сіңіріп алды. Халықтың кейінгі кемел дәстүрлері осы Хақ дін арқылы қалыптасты.   

Отаршылардың, тілден кейін дінге тисе бастауы яғни өз діндеріне кіргізу үшін діни миссионерлікті үздіксіз жүргізуі осы діни ұстынның өте маңызды екенін білгенінен. Қазақ халқының оған ұзақ жылдар төтеп беруі ең соңында Советтік-фашистік, атеистік өкіметтің террорлық жаныштауы және соцреалистік дінсіз әдебиетті өрістетудің жойқын шабуылынан әлгі мұсылман қазақ халқы жарты ғасырдай аз уақытта «коммунист, атеист» болып өзгеруі, қазақ халқының ұлттық санасына ноктауын болғанын, енді-енді әрең түсінудеміз.

Ұлттық сананың ең соңғы маңызды ұстыны «ДӘСТҮРЛІ КӘСІП». Иә, бұл қазақ қауымы үшін ең негізігі тіршілік көзі көшпелі мал шаруашылығы болғаны белгілі. (қосалқы аңшылық, егіншілік,  қолөнершілік те қатар болды) Халқымыз төрт түлік малдың бүкіл жайын тамаша білді яғни алып сахараны малдың өріс, қонысы арқылы реттеді. Ос малдың бүкіл өнімі арқылы өзінің ішкі тұрмыс қажеттілігін толық өтеді. Үй-жай, киім-кешек, тамақтың бүкіл түрі... қазіргі тілмен айтсақ ең оргинал деңгейде қанағатандырылды.

Және, бүкіл халықтың үлкен-кішісі түгел осы малды бағып-қағу бойынша дені сау, шыныққан, табиғат қиындықтарына көндіккен ерекше дала халқы бола білді. Әрі, осындай дара тұрмыс, ерекше өмір салты арқылы ғаламат ДАЛА ӨРКЕНИЕТІН қалыптастырды.

Әйткенмен, дәуірлер алмасуы, еуропалықтардың технократииялық өркениетке жетуі, олан үлгі алған отаршыл бағытты ұстанған Ресейдің күшеюі, дала өркениетнің құлдырауына, оның қадірінің қашуына, оның ендігі кезеңде бұрынғыдай өмір кеше алатындай мүмкіндігінің қалмауына әкеліп соқты.

Нәтижеде, қаншама жылғы күрес, қарсылық қазақ қауымы үшін алапат жеңіліспен аяқталды. Ұлттық сананың бес ұстынын күйретіп, қазақтың алып сахарасын түгел бодандыққа түсірудің, басы байлы құл етудің отаршыл сұрқия жоспары толық іске асты.

Қазақтың халық ретінде санын сақтап тұрған ең басты тірегі мал шаруашылығын яки дәстүрлі кәсібі БЕСІНШІ ҰСТЫНЫН «Советтік шаруашылықты ортақтастыру» саясатын террорлық әрекетпен іске асырып қазақтың үштен екісі екі-үш жылда жойылып кетті. Елдің аштан қырылуының, көрші елдерге жан сауғалап босып кетуінің басты себебі,  Қазақ даласында тігерге тұяқ мал қалмаған. (Бұл тәуелсіздік жылдарынан кейін қаншама жазылып, айтылғанмен дәл осындай қоғамдық заңдылық тұрғысында жазылмады)

Сонымен, сөз түйінінде мына сұрақ қойылады: Қазақ Елінің қазіргі кездегі «Ұлттық санасы» қандай?  Бұл басты сұрақты саралауды қазіргі ұлт зиялылары, саясаткерлер қолға алуға тиіс.

Иә, ұлттық сананың негізгі тірегі  ұлттық тіл қазір қандай халде? Бұл жағдай  жеріне жеткізіле айтылып келе жатқандықтан, қайталай берудің өзі санаға жүк. Елдің басқарушы үкіметі шала-шарпы қазақ, іс-қағазы түгелге жуық орысша, ақпараты басым түрде әлі отаршыл тілдің жетегінде, осыған сәйкес тәуелсіздіктен кейінгі ұзақ жылардың өзі жаңа буынның өз ұлттық тілінде емін-еркін сөйлеуіне, қолдануына мүмкіндік жасалмаған, еліміздің толық қанды азаматы бола тұра өзге этнос диаспоралардың қазақ тілін білмеуі.... деп, бір шолып өтсек біздің «Ұлттық сананың» бірінші ұстыны шала-жансар деуге саяды.

Онда, осы негізгі ұстынға байланған ұлттық сананың қалған төрт ұстыны да өте әлсіз десек, олай емес, деп бір данышпан-генни дәлелдеп берсе, қатты қуанар едік.

Сонда, қиялмен «Қазақ ел болған кезде қандай еді?» деп, салыстырар едік. Соған қарап, біз кемелдендік пе, төмендедік пе, соны байқай аламыз. Кемелденген халық, «Теңіз болам десе, тамшы атыңды ұмыт!» деген даналық сөз айтыпты. Яғни, бүкіл халықы өзімшіл емес, көпшіл-ұлтшыл деген сөз. Ондай жетілген елдер теңіздің ортасында тұрған соң, солай деген шығар.

Ал, біздің қазақ қауымы одан кем емес ғаламат сөз айтқан екен: «Көп түкірcе көл болады» депті. Тіпті, одан да асырып, қатырып отырып айтқан сөзі тағы бар: «Бақса сисе көлге сеп» дейді.

Сонымен, «Ұлттық сана» деп, жүргеніміз, «бір Ел бір Адамдай болу» деген сөз екен.

Яғни, көптен бері талай саясаткерлер, қоғамтанушылардың тынбай айтып келе жатқан «ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ» дегені, осы  «Ұлттық сананың» бес ұстыны.

Ресми тәуелсіздік алып, жеке елге айналсақ та осы ұстынның ең негізгісі Қазақ тілін елдің тілі ете алмадық. Өз тілін өзі білмеу сол ұлттың туған өкіліне ұят екенінен ұялмайтын, еліміздегі өзге ұлт этносы Қазақ тілін білмеуін кінә емес, секілді сезінетін «аномалиялық ауруға» ұшыраған елміз. Осы «аурумызды» бұрынғы «отаршыл иемізге» мақтан ретінде көрсететін масқаралығымыздың да «рухани дерт» екенін сезінбейміз. Осындай «рухани иммунитеті» жойылған күйімізбен жаңа ғасырдың екінші ширегіне өтіп барамыз...

Қоғам

Тележүргізуші Дана Нұржігіт Салтанат Нүкенованың анасымен эксклюзивті сұхбат жасады, деп хабарлады m...

Жаңалықтар

Мұхаметжан Тынышбайұлының 1925 жылы жарық көрген «Материалы к истории киргиз-казахского народа...