С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

КІТАПХАНА
16974

 


С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы
Ақтөбе облысында кітапханалардың пайда болу тарихы халық ағарту ісімен, соның ішінде Ақтөбе уезінде алғашқы мектептердің ашылуымен тығыз байланысты. Бұдан жүз отыз жылға жуық уақыт бұрын, 1879 жылы қараша айында Ырғызда екі кластық орыс-қазақ мектебі ашылды. Бұл белгілі қазақ ағартушысы және педагогы Ыбырай Алтынсариннің ұсынысымен және тікелей қатысуымен біздің өлкедегі ұйымдастырылған алғашқы ақсүйектік мектеп болды.Қазақ тұрғындарының арасында кітаптардың таралуына үлкен маңыз бере отырып, Ыбырай Алтынсарин Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминскийге жазған хаттарының бірінде «Оның (кітапхананың) мақсаты - тек қана кітаптарды бірыңғай оқушылар мен оқытушылар пайдаланып қоймай, курсты аяқтағандардың (оқушылар), сонымен қоса жалпы сауатты адамдардың кітапты пайдалана алатын және бұдан әрі сауаттануда басшылыққа алатын орынның болуы», - деп жазды (В.Афанасьев. Оқиғалар мен тағдырлар. - Самара «Диалог», 1992, 25 б.).Біздің облыс аумағында бірінші көпшілік кітапхана - оқу залы 1896 жылы Ақтөбе қаласында ашылды. Ол кезде Ақтөбе уездік қаласы Торғай губерниясының құрамына кірді. 1896 жылғы 5 қаңтардағы «Торғай газетінің» (Орынбор мемлекеттік мұрағаты) куәлігі бойынша қала мещандары мен жергілікті интеллигенция арасында көпшілік кітапхана ашу идеясы туған, олардың ойынша ол қала тұрғындарын сауаттандыруға ықпал етуі тиіс еді.
Қала мещандары қоғамының басшылығымен қалалықтардың қайырымдылық қорына 300 сом мөлшерінде алғашқы капитал жиналды, ол кейіннен кітапханалардың қарапайым қондырғыларын және кітап қорларын сатып алуға жұмсалды. Қала басқармасы жыл сайын кітапханаларды қамсыздандыруға 50 сом бөлуге міндеттенді. Жергілікті интеллигенциядан құрылған бастама көтеруші үйірмесі кітапханаларды ұйымдастыру және көркейту жұмыстары бойынша барлық қамқорлықты өз мойнына алды.
Кітапханалар қоры өте шағын болды, негізінен «жеңіл» оқылатын кітаптардан тұрды. Қазақ тіліндегі кітаптар болған жоқ. Қалалық басқарманың кітапханаларды қамсыздандыруға бөлген қаржылары мардымсыз еді, сондықтан олар негізінен қала тұрғындарының өз еркімен жинаған қайырымдылық қорына арқа сүйеді. Оқырмандарға ақылы қызмет көрсетілді, сол себепті оны салыстырмалы түрде қалалықтардың аз бөлігі ғана пайдаланды.
Алайда, бүгінгі күні белгілі болғанындай, кітапхананың қоры да қалалықтардың жеке кітапханаларынан кітаптар бөліну есебінен жинақталған. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорында ХХ ғасырдың басына тән факсимальдық әдіспен басылған кітаптар сақталған. Мысалы, біз бұл қордан «Таран Михайл Семенович» деген сыйлаушының аты-жөнін оқуға болатын мөрлі кітаптарды кездестіреміз. Ол кітапханаға 1892 жылы «Север» журналына қосымша бет болып шыққан Н.М.Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» шығармалар жинағын сыйға тартқан.
Кітапханалардың дамуына қалалық староста Василий Иванович Мощенский үлкен мән берген. Василий Иванович Мощенский 1909 жылдан 1918 жылға дейін қалалық староста болды, ол Ақтөбе қаласында 1884 жылы құрылған екі кластық орыс-қазақ училищесін ғана бітірген. Ол қазақ тілін еркін игерген және таза сөйлейтін алғашқы қоныс аударушы болғандығы бізге белгілі. Оның бастамасы бойынша қалада кітапханалар үшін бәсеке тудырған «Актюбинский городской вестник» басылымы шығарыла бастады, бұл басылым «орталық газеттерге» қарағанда оқырмандарға жаңалықтар мен көптеген басқа да қызықты деректерді оңай әрі ыңғайлы түрде жеткізіліп отырған.
В.И.Мощенскийдің кезінде кітапханалар қоры мәскеулік «Нива», «Север» журналдарына қосымша ретінде шығатын кітаптармен толыға бастады. Ы.Алтынсарин сияқты профессор И.Ильминскийдің шәкірті болған Арсений Мазохиннің есімін атамай кетуге тағы болмайды. А.Мазохин діни білімі бар мұғалім болды. Ол кітапханаларға көп көңіл бөліп, сонымен қоса келуші қалалықтардың өзіне лайықты кітаптарды оқуына ден қойды. Біздің қаламыздың тарихында А.Мазохин «Актюбинский городской вестник» газетінің алғашқы сандарын бірінші сатып алушы ретінде қалды, ол біздің қаламызда 2006 жылы ашылған «Диапазон» газетінің тұрақты оқушысы ескерткішін құру түптұлғасы болды.
Кітапханалар қоры үлкен болмады, алайда кітапханалар қала мәдениетін құру мен дамытуға мол үлес қосты.
Төңкерістен кейін - 1920 жылы осы кітапхана негізінде Ақтөбе қалалық (губерниялық) кітапханасы құрылды. Ақтөбе губерниялық партия комитеті және губерниялық атқару комитетінің органы «Киргизская степь» («Қырѓыз даласы») газетінің 1922 жылғы 31 тамыздағы санының дерегі бойынша кітапхана 1922 жылы губерниялық атқару комитетінің Орталық қалалық кітапханасы статусын алды. Орталық қалалық кітапхана штаты туралы деректер де сақталған. Ол небәрі 4 адамнан - меңгеруші О.Лигучевская, кітапханашы Благинина, әдеби бөлім үшін жауапты Х.С.Сейфуллин, құралдар үшін жауапты Никонор Афанасьевич Перегудовтен тұрды.
Кітапхананың кітап қоры онша үлкен болған жоқ, 5 мың данаға жуық ғана кітап болды. Сол уақытта Ақтөбе уезінде 2 кітапхана және 5 оқу үйі болатын, олар халық ағарту комиссариатына қарады. Сол уақыттағы кітапханалардың басты міндеттерінің бірі сауатсыздықты жою және халық ағарту ісіне белсене қатысу болды. Алайда, сол уақытта кітапхана оқу үйлерін басқару бойынша да кейбір міндеттерді қоса орындады, оқу ісі қызметкерлерінің мамандығын жетілдірумен айналысты, кітапханалар және оқу үйлері үшін кітаптар жинау жұмысын жүргізді. Кітаптар, әсіресе қазақ тілінде бұрынғысынша көп жетіспеді. 1921 жылы 25 тамызда кітапхананың жоғарыда аталған қызметкері Х.Сейфуллин мұсылман пьесаларын қоюға кітап жинау мақсатында Орынбор қаласына іс-сапарға барған.
Кітапхана қызметкерлері Ақтөбе майданындағы Қызыл Армия командирлері мен жауынгерлеріне мәдени қызмет көрсетуге белсене қатысты.
1932 жылы 10 наурызда Ақтөбе облысы құрылып, орталық қалалық кітапхананың негізінде Ақтөбе облыстық кітапханасы ұйымдастырылды. Алайда, ол 1934 жылға дейін қалалық кітапхананың қызметін орындауды жалғастырды. Бұл жөнінде «Ақтөбе орталық кітапханасының 1934 жылға арналған жұмыс жоспарында» баяндалған. Құжатта, өкінішке орай, қол жоқ. Жұмыс жоспарында кітапхананың жұмыс жоспары әлі күнге дейін облыстық көлемде жасалмағаны айтылады. Кітапханада ол кезде балалар және татар-қазақ бөлімдері құрылып, тек осы бөлімдердің жұмысын жақсартудың бағыттары ғана айқындалған. 1934 жылы кітапхананы 1200 оқырман пайдаланған, алдағы жылдың аяғына дейін 1500 адамға жеткізу міндеті көзделген.
Ұлы Отан соғысы басталған 1940 жылы кітапханада 33599 дана кітап болған. Оқырман саны 4975 адамды құраған. Кітап беру осы жылы 39509 данаға жетті. 1941 жылы кітапхана мерзімді басылымдармен толықтырылған, оған куә оқырман Ю.М. Светличконың формулярындағы желтоқсан айында «Огонек», «Крокодил», «Смена», «Технику молодежи», « Вокруг света» журналдарын алғаны туралы жазу.
Сол жылдардан бері сақталған кітапханадағы бірқатар құжаттар кітапхананың соғыс жылдарында толық көлемде жұмыс істегенін көрсетеді. Бұған қоса 1942 жылы кітапхана қызметкерлері іс-сапарға да шығып тұрған. Мұны Темір аудандық кітапханасында іс-сапарда болған облыстық кітапхананың әдіскері Л.Якушеваның жазбаларынан көруге болады.
Соғыстан кейінгі жылдарда кітапхананы Қазақ ССР-ына еңбек сіңірген кітапханашы Анна Николаевна Кожухова басқарды.
Соғыстан кейінгі он жыл, облыстық кітапхана үшін де көп қиындықтар туғызды. Елуінші жылдары Ақтөбе облыстық кітапханасының жұмысында елеулі өзгерістер болды. Кадрлар ауысып, кітапхана директоры болып бұл жылдары Вера Михайловна Шувякова келді. Осы жылдарда ол қаладағы арнаулы жоғары білімі бар екі кітапханашының бірі еді.
Облыстық кітапхананың қоры 1956 жылы 83993 дана кітапқа жетті. Бір жыл ішінде кітапхана 5233 дана жаңа кітап алынып, оқырман саны 4036 адамға жетті. Кітап беру саны 77453 ке көтерілді. Кітапхана жұмысының жаңа бағыттары пайда болды.     Облыстық кітапхананың жанында кітапханашылық кәсіпті үйрететін бір жылдық курстар ұйымдастырылды. Кітапхана алғаш рет автокөлік алды. Соның нәтижесінде облыстық кітапхананың жаңа бөлімінің бірі - «Кітапхана — автомобиль» жұмыс істеді. Бөлімнің негізгі міндеті оқырмандармен жергілікті жерде жұмыс жүргізу болды. Кәсіпорындарда, цехтарда, өндірістік учаскелерде кітап беру бекеттері ашылды. Есептік көрсеткіштер бойынша 1956 жылы олардың саны 50-ге жеткен. «Кітапхана - автомобильдің» бірінші меңгерушісі Рахима Асавхатқызы Омарова болды.
Бұл жылдарда кітапханада әдістемелік, анықтама, ауыл шаруашылық әдебиеттер бөлімі, абонемент бөлімі, оқу залы, кітап сақтау бөлімдері сияқты барлығы 6 бөлім оқырмандармен жұмыс жүргізді.
Жиырмасыншы ғасырдың 70 жылдарында кітапхана ісі елеулі өзгерістерге ұшырады, орталықтандыру жұмысы жүрді, кітапхана жаңа дәрежелеуге өтті. Бұл жылдары кітапхана директоры болып Прасковья Ивановна Тарлычева және Евгения Алексеевна Мединская жұмыс істеді.
Кітапхана қоры молая бастады. Сонымен байланысты жаңа бөлімдерге деген қажеттіліктер туды. Олар сол тұстағы оқырмандардың талғамына сай болды. Жаңа бөлімдер ашылды, өнер, мерзімді басылым залы өмірге осылайша келді. Е.А.Мединскаяның бастамасымен қазақ тілі әдебиеті бөлімі құрылды. Алғашқы кезде бөлім — «Қазақстандық» бөлім аталды. Шетел әдебиеттері секторы ашылды.
ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары кітапхана жұмысын тиімділігін арттыру оңтайландыру жұмыстары жүрді. Мемлекеттік жүйеде экономикалық қайта құру басталды. Кітапхана директоры Б.А.Калекенова кітапхананы автоматизациялауды бастады. «РАБИС» бағдарламасы енгізілді, яғни қазіргі компьютерлендіру бағдарламасының негізі қаланды. Бүгінде барлық кітапхана компьютермен қамсыздандырылған.
Кітапханалардың атауы өзгеріске ұшырады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қыркүйектегі (Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысына қосымша №1436) қаулысымен Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына біздің жерлесіміз академик Сақтаған Бәйішұлы Бәйішевтің есімі берілді.
ХХІ ғасырға С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітапхана үлкен сеніммен аяқ басты. Алдағы уақыттарда да біздің қоғамымыз үшін маңызы зор кітапхана сияқты ғылыми-көпшілік қоғамдық институттар дами бермек.
2006 - 2011 жылдар аралығында кітапхананы Ирина Ильинична Магай басқарды. И.И.Магайдың басшылығымен бұрын басталған кітапханаларды автоматизациялау процестері жалғастырылып, кітапхана бөлімдері жаңа заманға сай жиһаздармен жабдықталды.
Бүгінде облыстық кітапхананы Жұмағұл Несібелі Сағымбайқызы басқарады. Облыс кітапхана қызметін дамытуға және оқырмандардың ақпараттық қажеттіліктерінің артуына байланысты жаңашыл әдістерді, идеяларды ұсынады. Өз кәсібінің іскер маманы.
Бүгінде кітапхана облыстың ақпараттық ресурстарын сақтайтын ең үлкен орын болып табылады. Қордағы құжаттар кез-келген қала тұрғындарына беріледі, азаматтығы, білімі немесе әлеуметтік дәрежесі шектелмейді.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап - ғылыми кітапхана бүгінгі күнде өздігінен білім алуға мүмкіндік беретін орталықтарының бірі болғандықтан, ұрпақтардың сабақтастығын, уақыт өте келе баспасөздің мәні өсетінін ескере отырып, әрбір кітап жинақтарын үлкен жауапкершілікпен сақтайды.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...