Д.А. Қонаев музейі 2002 жылдың қаңтар айының 12 күні Д.А.Қонаевтың 90 жасқа толуына байланысты муз...
Әскери-тарихи музейінің құнды жәдігерлері
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінің құнды жәдігерлері
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында 2015 жылдың 1 желтоқсан күні айтулы күндердің бірі деп айтуға болады. Дәл осы күні осыдан 5 жыл бұрын ҚР ҚК ғылыми-зерттеу орталығының әскери ғалымдарының бастамасымен және Қорғаныс министрлігі басшылығы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихы музейі ашылды.
Музейдің ашылуы өзінің алдына бір тарих... Мүмкін оныда кешенді түрде болашақта жазып жатармыз ...
Музей, 2000 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің сәулет жобасына сәйкес салынған ғимаратында, республикамыздың астанасы - Нұр-Сұлтан қаласында рекордтық мерзімде құрылды.
Оның экспозициясын құруға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің офицерлері, музей қызметкерлері, ғалымдар, ардагерлер, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың туыстары және «ауғандықтар», сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Қазақстанның облыстық және облыстық тарихи-өлкетану мұражайлары үлкен үлес қосты.
Әскери-тарих музей алғашқы қауым кезеңінен қазіргі заманғы қару-жарақтарға, әуе күштеріне және әскери-теңіз қаруларына дейінгі артефактілерді ұсынады. Ұсынылған көрме экспонаттары қару-жарақтың эволюциясын ашады, адамдардың таңғажайып тағдырлары туралы әңгімелейді, халқымыздың әскери өнерінің мың жылдық тарихымен танысуға мүмкіндік береді.
Уақыт өте келе көптеген заттар құнды тарихи жәдігелерге айналады. Әскери-тарих музейі бірегей мұраны жинау және сақтау бойынша іс-шаралар өткізіп тұрады. Осыған байланысты экспонаттар арасында әлемде теңдесі жоқ немесе өте сирек кездесетін көптеген археологиялық, мемориалдық раритеттер пайда болды.
Музейдің экспозициялық және дизайнерлік шешімі бойынша, барлық элементтер (еденнен төбеге дейін) қазақтың әскери-тарихын ашатындай болу керек, ал экскурсиялық бағыты тарихи кезеңге сай құрылған.
Экскурсия «Мәңгілік Ел» атриумынан басталады. Атриумда орнатылған мүсіндер ұрпақтар арасындағы қатынастардың идеясы мен тарихын айтады. Атриумның жалғасы ретінде «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері» залы құрлық, әуе және әскери-теңіз күштері, әскери білім, әскери құрылым тақырыптарын ашады. Сонымен қатар, тақырыптық экспозициялар Қазақстан Республикасының бірінші қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетов, «Ғарыш», Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің білім және спорт; шекара әскерлері және басқа да салаларын ашады.
«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері» залы /фото yvision сайтынан/
«Ежелгі - XIX ғасыр» залы ежелгі дәуірде қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген алғашқы тайпалық бірлестіктердің хронологиялық реттілігімен құрылған: тас дәуірі, қола және темір дәуірі; ортағасырлық кезең (ерте түркі дәуірі, Алтын Орда кезеңі; Қазақ хандығының құрылу кезеңі); жаңа уақыт (Қазақ хандығы). Экспозицияда ерекше жәдігерлер: жебелер, найзалар, қылыштар, қанжарлар, атыс қарулары, ат әбзелдері жинақталған. Арасынан, алғашқы түркі заманына жататын шақпақ («кресало»), жақсы сақталған әскери белбеу (VII ғ.), қазақтардың алғашқы от қаруларын атап өтуге болады. Көптеген жәдігерлердің тарихы мың жылдан да асады.
Ғұн әскери киімінің реконструкциясы
Ат әбзелдері және шақпақ
Археологиялық артефактілер, миниатюралар және басқа да тарихи деректер негізінде қалпына келтірілген сақ, ғұн, түркі, қыпшақ, алтын Орда және қазақ жауынгерлерінің жабдықтарын көруге болады. Сондай-ақ, экспозиция арасынан «сақ-парсы соғысы», «Батырлар жекпе-жегі» және «Анырақай шайқасы» тақырыптық диорамаларын тамашалауға болады. 2018 жылы, сол кездегі музей директоры Перизат Ақселеуқызы Өтепованың бастауымен Қазақстан траихында көп ашылмаған «Орбұлақ шайқасы» атты диорама халық алдына ұсынылды.
«Орбұлақ шайқасы» диорама
Әскери ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік, ұрпақтар алдындағы борышын орындау және оны орындау туралы «ХХ ғасырдағы соғыстар тарихы» залында ашылады. Зал көрмесі Алашордалықтардың жеке заттары, қару-жарақ пен 1916 жылғы ұлт-азаттық күреске қатысушылардың, Екінші дүниежүзілік соғыс солдаттары мен офицерлерінің жеке заттары тарихын көрсетеді. Елімізде алғаш рет экспозицияда Алаштың атқыштар полкінің қалыптасу кезеңі, Алаш Орданың әскері туралы жаңа мұрағаттық анықтамалар ұсынылды. Ол, белгілі тарихшы-зерттеушілер Б. Әбдіғалиұлы, С. Аққұлұлы және Б. Мүсәпір материалдарына сүйеніп отырып құрастырылған.
Ұлы Отан соғысына қатысқан, бірақ аттары жарыққа шықпаған талай қазақ ұл-қыздарының ерліктерінің жәдігерлері ұсынылған. Сонымен қатар, алғаш рет республикалық музейлер тарихында Ауған соғысында кәсіби деңгейін дәлелдеген подполковник Борис Төкенұлы Керімбаевтың («Қара майор») батылдығын көрсететін жеке экспозиция құрылды.
«Қара майор»-ға арналған экспозиция
Келесі зал ХХ-ХХІ ғасырдың қару-жарақтарымен жабдықталған, мұнда әрбір келуші қаруды қолдану туралы, олардың мақсаты мен ХХ және ХХІ ғасырдағы соғыстарда қолданылу тарихы туралы көбірек білуге болады. Зал экспозициясында 1963 жылғы қытайдың үлгісімен жасалған «бірнеше зымыран жүйесі» бар қару-жарағы қойылған, ол сонау 1960-шы жылдардан бері құпия болып келген, әлемде теңдесі жоқ, тіпті Қытайдың өзінде де.
Қару-жарақтың және жеке заттарының көптігіне қарамастан, бейнелеу өнерінсіз уақыттың рухын жеткізу қиын, келесі тақырып зал бейнелеу өнері туындыларына арналған.
Бейнелеу өнері залы, түрлі дәуірлердегі және жанрдағы әскери тақырыптардағы кескіндеме, графика және мүсіндермен ұсынылды. Ол жерде еліміздің атақты суретшілері Ә. Қастеев, Х. Наурызбаев, Г. Исмайылова, М. Қисамидинов, Е. Сидоркин сынды шеберлердің туындыларын тамашалауға болады.
Бейнелеу өнері залы
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі әскери тарих және музей педагогикасы саласында жоғары білікті мамандар даярлау орталықтарының бірі болатындығын атап өткен жөн, әскери ғылым мен әскери технологияға деген қоғамдық қызығушылықты қалыптастыруға, ғылыми жұмыстың беделін және инновациялық ойлауды дамытуға, әлеуметтік белсенділікті арттыруға және адамдардың өзін-өзі тануға, танымға, ұжымдық бос уақытқа, салауатты өмір салтына деген қызығушылығын дамытуға, отбасылық демалыстың дамуына, ұрпақтардың байланысын нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан әлемде тек ойын-сауық қана емес, сонымен қатар балалар мен жастардың дүниетанымына елеулі әсер етуі мүмкін зияткерлік мазмұнды қамтитын жобалар да барған сайын танымал бола бастайды.
Музей азаматтық сана-сезімнің өсуіне, мемлекеттің әскери дәстүрлеріне қатысу сезімі мен тұрғындар арасында патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін дамытуға ықпал етеді, бұл жалпы мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді.
Өнертанушы Ж.Ж. Жекибаева