Қостанай облысында төрт мектепке қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың, тағы бес мектепке Алаш Орда к...
Қазақ даласы әлем карталарында
Наурыздың соңғы күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақ даласы тарихи карталарда: кеңістік пен аумақ құрылымдары» атты көрменің ашылуы өтті.
Көрмеде XVI ғасыр мен 1939 жыл аралығында еуропалық, америкалық, ресейлік картографтар құрастырған тарихи 26 карта таныстырылды. Бұл карталар ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің жеке коллекциясынан ұсынылып отыр. Онда қазіргі Қазақстан Республикасының құрамына кіретін аймақтар көрсетіліп, бекітілген.
Көрменің мақсаты: бүгінде Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерін құрайтын аумақтар бейнеленген бірегей, оның ішінде ерекше құнды тарихи карталарды картографиялық материалдың бастапқы тарихи атрибуциясының нәтижесі ретінде мәдени-ақпараттық айналымға енгізу.
Алғы сөз ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықовқа берілді. «Картография – бірнеше саланы қамтитын күрделі ғылым. Онда тарих, география, бейнелеу өнері, әдебиет пен мәдениет секілді салалар бір арнада тоғысады», – деді музей басшысы.
Сонымен қатар Айбек Жексеналыұлы аталмыш ғылымның кеңінен насихаттталуы халқымыздың тарихи санасының жаңғыруына ықпал ететіндігін атап өтті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл тарихи география мен архив істерін терең зерттеу мемлекетіміздің тұтастығының бір кепілі екендігін жеткізді.
Салтанатты шараға тарих ғылымдарының кандидаты Өмірбай Бекмағанбетов, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының директоры Жандос Болдыков, Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаһин Маджид оғлы, «Қазақстан жазушылар одағы» ҚБ Астана қалалық филиалының жетекшісі, ақын Дәулеткерей Кәпұлы секілді еліміздің және шет мемлекеттердің белгілі қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым қатысты.
Тарихи карталар көрмесін Ұлттық музейдің 6 қабатында орналасқан Уақытша көрме залынан 2023 жылдың 25 сәуіріне дейін тамашалауға болады.