Танымал блогер Нұрдәулет Бектұрсын Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға көлік сыйл...
Ұлттық музей төріндегі Пикассо әлемі
ҚР Ұлттық музейінде тамыз айының 8 жұлдызында әйгілі Пабло Пикассоның «Пабло Пикассо. Воллористік Селестина мен керамика» атты көрмесі ашылды. Суретші, мүсінші, дизайнер Пикассо – 1885 картина, 7089 сурет, 30000-нан астам эстамп, 1228 мүсін, 3222 керамикалық заттардың авторы. Суретшінің шығармашылық әлемі көңілсіздіктің көрінісін сипаттайтын «көкшіл» және шаттыққа толы қуанышты сәттердің бейнесі ретінде түсіндірілетін «раушан» кезеңіне жіктелген. Ол бейнелеу өнеріне «кубизм» дейтін жаңалықты енгізіп қана қоймай, коллаж дейтін кереметті де танытып үлгеріпті. Оның кенепке қағаз, дастархан, түсқағаз қалдықтарын жапсырып жасаған ерекше туындылары да көптің көңілінен шығып, бейнелеу өнеріндегі тосын жаңалық болған. Оған қоса гипс, ағаш, құм қиыршықтарын және тас қосу арқылы салған суреттері Пикассоның қиял әлемін тағы бір қырынан таныта түсті. Суретші бір суретті бірнеше әдіспен бейнелеп, өз көрермендерін қызықтырып қана қоймай, әр картинаның мән-мағынасын ажыратып, ақылмен сараптап, талғаммен таңдай білуге дағдыландырған.
Ұлттық музейдегі көрмеге 32 гравюралық және 66 керамикалық жәдігер ұсынылды. Пикассо керамиканы кейінірек қолға алған екен. 1946 жылы Валлорис қаласындағы «Мадура» шеберханасына барып жүріп, әлгі дүниеге әуестеніпті. Бұрын-соңды көрмеген керамиканы да дегеніне көндіріп, көрмеге ұсынылған «түпнұсқаларды» ерекше шабытпен жасаған. Бір ерекшелігі Пикассо шығармаларының барлығына «Пикассо қолынан шыққан» деген арнайы таңба соғылған. Суретші туындыларының құндылығы осы таңбада болса керек, оны сатып алушылар көп жағдайда сол жазуға баса назар аударатын көрінеді.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шараның Астана қаласының 20 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылғанын атап өтіп, «Пабло Пикассо «Селестина және Валористық керамика» халықаралық көрмесі – шоқтығы биік мәдени шаралардың бірі екенін жеткізді. «Пабло Пикассо – тек бейнелеу өнеріне жаңа серпін, тың өзгеріс беріп қана қоймай, сонымен қатар, бүкіл адамзаттың дамуына зор үлес қосқан тұлға. Мына ғажайып әлемнің сұлулығын қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, оны ерекше түрлендіру кез келгеннің қолынан келмейді. Сурет өнері – табиғат тарту еткен талантты жандарға тиесілі десек, Пабло Пикассо сондай талант иесі», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде.
Шынында да, Пабло Пикассоның ерекше таланты бала кезінен байқалып, 10 жасында-ақ оның салған суреттері көпті таңдандырған. Суретшінің шын есімі – Пабло Диего Хосе Франсиско де Паула Хуан Непомусено Мария де лос Ремедиос Сиприано де ла Сантисима Тринидад Мартир Патрисио Руис и Пикассо. Ол 1881 жылы 25 қазанда Испанияда дүниеге келген. Әкесі де суретшілікпен айналысыпты. Барселонадағы әсемдік өнер мектебінде, Мадридтегі Сан-Фернандо Академиясында оқып, білім алады. Кейінірек шешесінің фамилиясын алған Пикассо 14-16 жасында-ақ «Ғылым мен мейірім» дейтін шығармасы арқылы 1896-1897 жылдары Малага мен Мадрид қалаларында өткен көрмелерде үлкен абыройға кенеледі.
Кейбір деректерде Пикассоның өте еңбекқор адам болғандығы айтылады. Ғұмырының әр күнінде сурет салып, мүсін жасап, тоқтамай еңбек еткен суретшіге «Сіз осы, шаршамайсыз ба?» дейді екен өзге жұрт. Сонда Пикассо: «Жоқ ә, мен мұсылмандардың мешітке кірерде аяқ киімін табалдырыққа шешіп кететіні секілді, шеберханаға кірерде тәнімді босағаға қалдырамын», – деп жауап береді екен. Тіпті, соғыс кезінде де, тар заманның қараңғы түнінде де құлшынып жұмыс істеген суретші аяғына фонарь байлап алады екен.
Ғаламтордағы мәліметтер Пабло Пикассоның «ең қымбат» суретші деп танылғанын айтады. 2008 жылы оның еңбектерінің тек ресми сатылымдарының көлемі 262 млн долларды құраса, 2010 жылы Пабло Пикассоның Кристис аукционында сатылған «Жалаңаш, жасыл жапырақтар және мүсін» картинасы 106,482 миллион долларға сатылыпты. Бұл шығарма дүниежүзі бойынша ең қымбат бағаланған өнер туындысы екен.
Пабло Пикассо шығармашылығының тағы бір қыры – белгілі суретшілердің картиналарын жинау. Руссо, Матисс, Брак, Дерен, Энгр сияқты суретшілердің картиналарын жинап қана қоймай, оларды түрлі әдіспен сан рет көшіріп салыпты. Делакруаның «Алжир әйелдері» картинасының он бес нұсқасын жасаған, ал Веласкесстің «Мениндерін» қырық мәрте көшірген. Бітіп тұрған өзгенің картинасын неше түрлі нұсқаға келтіріп, өзгертіп, интерпретациялап, тіпті кейбіреуін дамыта түскен. Оның “Авиньон бикештері” (1907), “Желпуіш ұстаған әйел” (1909), “А.Воллар портреті” (1910), “Үш музыкант” (1920) атты еңбектері кубизм тәсілінде салынған. Ал “Бастау басындағы үш әйел” (1921), “Ана мен бала” (1922) шығармаларын неоклассицизм мәнерінде жазды. Ал “Би” (1925), “Жағажайдағы әйел” (1930) картиналарында сюрреализм дәстүрінің негізі сақталған. Суретшінің 1900-1904 жылдары салған суреттері жалғыздықты бейнелейтіні туралы деректер бар.
Пабло Пикассоның тынымсыз еңбек етуі оның үнемі ізденісінің нәтижесі болса керек. Қолына ілінген нәрседен әлденені құрастырып, өнермен ұштастырады екен. Сәнді табақтар, құмыралар жасап, қыштан мүсін құюмен қатар, қиялындағы ғажайыптарды жүзеге асыру үшін күнделікті өмірде пайдалануға жарамсыз деп лақтырып тастаған ұсақ-түйек заттардан инсталяциялық шығармалар тауып отырған. Оның «Бұқа» дейтін мүсіні қоқыс жәшігінен табылған ескі велосипедтің бөлшегінен жасалған.
Әлемге әйгілі Пабло Пикассо шығармашылығы аңызға айналып, ол туралы жазылып, айтылып, көрмелер көрсетіліп, кинофильмдер түсірілді. Танымал тұлға 1973 жылдың 8 сәуірде 92 жасында Каннда дүниеден өткен. Мәйіті 1958-1961 жылдар аралығында тұрып, жұмыс істеген ескі үйі Вовенаргқа жерленіпті.
анымал суретшінің шығармалары әлі талайды таңдандырар. Пикассоның туындыларына үңіліп, автордың өзін тануға тырысатын өнерсүйер қауымның қарасы ертең де азаймасы анық. Біреу үйренер, енді біреу үлгі етер. Шабыт құйылған көңілмен тек өнерге қалтқысыз қызмет еткен суретшінің жұмбақ болмысы мәңгілік аңыз. Шын талантты жауһарға теңесек, құнды тастың көмескіленбейтін сипаты секілді Пикассо әлемі де үнемі өз биігінен көріне бермек. Тек сол шын талантты іздейтін талапты шәкірттер көп болсын деп тілейік.
Ләйлә Ноғайбек