Сырт Қасқабұлақта іске асатын жобаға қатысты "Домбыра" дауы толастайтын емес. Даукес жұртт...
Бөрібай Кәртен. Таңжарбай әнші жайлы бірер сөз
Әнші ғұмырына, оның шығармасына қатысты қайшылықты жайттар
Батыс өлкесіне жақсы таныс «Бағила» әнінің ұмытылмай елге кең жайылуында ҚР Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, компазитор, дарынды тенор-әнші, педагог Ғарифолла ата Құрманғалиевтың еңбегі айрықша. Ол осы шығарманы алдынан тәлім алған шәкіртеріне түгел үйретті. Күйтабақтарға, теле-радио қорына жаздырды.
Ғарифолла ақсақалдың орындауындағы бұл ән «Менің атым сұрасаң Таңжарбаймын» деп басталады. Осыдан-ақ шығарма авторы Таңжарбай екені аңғарылып тұратын. Алайда «халық әні» делініп насихатталды. Неге бұлай аталуының нақты себебі бізге белгісіз.
Кейінгі жылдары Таңжарбай әнші жайлы там-тұмдап айтыла бастады. Ел ішіндегі ауыз екі әңгімелерде бойы аласа, кішіпейіл мінезді, ән салғанда үні кең әрі биік болған деп сипатталады.
Қарақалпақ аймағында өмір сүрген әнші-ақындар жайында жазған Р. Тұрысбек пен Т. Төрткүлбаева «Ақын-жыраулар поэзиясы» деген еңбектерінде мынадай мәліметтер береді: «Таңжарбай Бәкірұлы (1872-1926). Ән өнерінің жүйрігі, сырлы сазды кісі. Туған жері Ақтөбе облысында. Өмірінің соңында 1920-1924 жылдары Қоңырат атырабындағы ағайын-туыстарына келіп, сол маңда қалып қойған» (Қараңыз: Ақын-жыраулар поэзиясы (жанр және көркемдік): Оқу құралы. Р. Тұрысбек, Т. Төрткүлбаева. – Ташкент, 2020 жыл, 53-54 беттер).
Ал ақтөбелік өлкетанушы Бақберген Қарақов «Доңызтаунама» атты кітабында былайша таңбалаған: «...таңды таңға жалғап, жыр жырлаған шайыр, сағыр Таңжарбайда Доңызтаудың түлегі, ол Табыннан былай таралады. Бозым, Қарақойлы, Жарылқамыс, Қайыпберген, Сағыр, Бесқара, Ақкиіз, Наурызбай, Қазыбайдың баласы Таңжарбай» (Қараңыз: Қарақов Б. Доңызтау нама. – Алматы: Интер Пресс К. 2010 жыл, 69-бет). Бұл да әншінің қазіргі Ақтөбе облысы территориясында туғанына куәлік беріп тұр.
Мінекей, деректердің бірінде Таңжарбайдың әкесі Бәкір десе, енді бірінде Қазыбай дейді.
Мұны әлі де анықтай түсу үшін шежіредегі дереккөздердің шындығын Қарақов Бақбергеннің (1940) өзінен сұрадық, ақсақал былай деді бізге: «Өз руым – Қаражон Табын. Саяқ-Ысығымын. Доңызтау жақта дүниеге келгенмін. Жердің бұлай аталып кетуі – жабайы шошқалардың көптігіне байланысты. Ақиқатында шын атауы – Талдыөзек... Таңжарбай – Табынның Сағыры. Әкесінің есімі – Қазыбай. Оның әулет-тегі ілгерідегі көнекөздер жазып қалдырған қолжазбалардан алынды. Олар шежірені терең білетін кісілер-тұғын. Сағырлар тек Доңызтаудың маңайын ғана емес, Жемнің арғы бетін де жайлаған. Тіпті негізгі мекендері сол төңірек болған». Осылай деп куәлік берді.
Руы – Табынның Сағыры, бесқалалық Әжіғали Шарлановтан (1967 ж.т.) Таңжарбайға қатысты мәліметтер алған едік. Мизамбайқызы Құндыздан жазылып алынған дейді. Ол – Таңжарбайдың немере қарындасы екен. Әжіғалидың берген жазбасындағы «Мәтіқұлдың аулына Таңжарбай атамыз келгенде Сағидулланың әкесі Баймағамбет 14-15 жасар екен» деген Құндыздың өз сөзіне қарап, дереккөздің кімнен жеткенін анық аңғаруға болады. Біз енді осы мәліметтерді баян етейік.
Таңжарбайдың әкесі – Қалжанбай. Оның Таңжарбайдан басқа тағы Қанжарбай, Шанжарбай деген ұлдары болған екен. Қалжанбай 1930 жылдары большевиктердің қысымынан қашып, Ауғанстан асып кетпекке әрекеттенеді. Бірақ сапары сәтсіз болып, жолда әйелі, балалары Қанжарбай мен Шанжарбай тырыспайдан өледі. Әрі шекарадан өте алмай амалсыздан кері қайтады. Сонан ол туған ағасы Мизамбайдың балаларын іздеп, Қоңыратқа келеді. Сонда Мәтіқұл есімді беделді кісі Қалжанбайды жылы қарсы алып, мейман қылыпты. Оның көрсеткен сый-құрмет қонақ асысына сол жердегі Қаражон Табынның жақсылары жиналыпты. Дәм үстінде, реті келген бір тұста Мәтіқұл қолқа салыпты дейді: «Сағыр жұрты өлең-жырға жақын еді, лебізіңізді тыңдасақ» деп. Қалжанбай: «Қолыма домбыра ұстамаған адаммын, балам жақындау еді бұған» деген екен. Әкесінің сөзінен соң Таңжарбай аштықта көрген оқиғаны арқау еткен «Бүлкілдек» атты жыр-өлеңін айтып беріпті...
Бірақ деректің бір жерінде Құндыз «Сол кезде атамыз (Таңжарбай) 14-15 жасар екен» депті. Қате пікір. Қайшылықты. Арада жылдар өте келе, үлкейіп, сана салыққан шақта кейбір жайттарда адамның жаңсақтасуы – әбден мүмкін. Мәліметтің сенімсіздік тудырып тұрған бұл тұсы сондай бір сәтте орын алған болар деп ойлаймыз. Сондықтан қисынсыздығын көрсетіп өткен жөн.
Қолымыздағы бірнеше дереккөзде «Таңжарбай 1872 жылы туған» делініп таңбаланған. Сондай-ақ музыкатанушы ғалым Талиға Бекқожина өзіне Таңжарбайдың «Ей, Қусаң да жеткізбейді ғой, арман дүние...» деп басталатын әнін орындап берген Құрбанов Төребайдың (1910 ж.т.) әншіге қатысты «1933 жылы Қоңырат қаласында өлді» деп берген куәлік-сөзін «Қазақтың 200 әні» атты кітабына енгізген. (Қараңыз: Бекқожина Т. Қазақтың 200 әні. Музыкалы-этнографиялық жинақ. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1972 жыл, 213-бет).
Енді келтіріп отырған осы мағлұматтарға сүйеніп, есеп-болжамымызды жасап көрейік: Құндыздың айтуынша, Таңжарбай 30-жылдары 14-15-тердегі бозбала болса, ол 1914-15 жылдары дүниеге келіп, 1933 жылы 19-20 жастар шамасында қайтыс болған. Фәниден тап осы шамада өтсе тым жастай кеткен оның есімінің қарақалпақ өлкесіне танылып үлгеруі – шүбәлі жайт. Олай болса, бұл жағдай шындыққа еш жанаспайды.
Біздің топшылауымызша Таңжарбай 1872 жылы туып, 1933 жылы алпыс бір жасында опат болған. Осы тұжырым жобаға келетін сияқты.
Тағы бір айта кетер жайт, Мизамбайқызы Құндыздың деректері Қалжанбайдың қарақалпақ жеріне кейін барғанын көрсетіп тұр. Бұған дейін атажұрты – Доңызтау, Жем-Сағыз бойында болғанын аңғару қиын емес. Бірақ 30-жылы емес, бұдан сәл әріректе қоныс аударған сықылды. 1921 жылғы аштықтан кейінгі кезең шамасында. Р. Тұрысбек пен Т. Төрткүлбаеваның Таңжарбайға қатысты «Өмірінің соңында 1920-1924 жылдары Қоңырат атырабындағы ағайын-туыстарына келіп, сол маңда қалып қойған» деп ұсынған мағұлматтары да ақиқатқа жақындайды.
Әжіғали Шарлановтан алған шежіренің тағы бір нұсқасында Таңжарбайдың ата-тегі былайша түзілген, қаз-қалпында берейік: Табын – Бозым (Шөмішті) – Қарақойлы Сағыр – Бесқара – Ақкиіз Ақсақал – Наурызбай – Оразалы – Таңжарбай. Мұнда да кісі аттарында айырмашылықтар, қайшылықтар бар...
Келтірілген шежірелерді бір-бірімен салыстыра отырып пайымдауымызша, доңызтаулық Бақберген Қарақовтың варианты шындыққа жанасатындай. Тек Таңжарбайдың әкесі Қалжанбайдың «Қазыбай» деген есімге ауыстырылғаны болмаса. Бірақ әлі де нақтылай түсу керек ақ-қарасына жетіп.
Қалай дегенде де көзін көргендердің, ет-жақындарының берген деректері болғандықтан Таңжарбайдың әкесі – Қалжанбай, тегі – Табынның Сағыры деген бәтуаға тоқтаған дұрыс.
Жергілікті халық арасында «Сағыр зираты» аталып кеткен қара тастан соғылған бейіт бар көрінеді. Ақкөлдің тақыры деген жерде. Бұл – Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясында, Доңызтау мен Оймауыттың төңірегі екен. (Суретте: Сағыр бейіті) Зиратта жазуы бар ешқандай белгі жоқ дейді. Кейбір көне қорымдарда кездесетін мұндай жағдайлардың себебін тарихшылар былайша түсіндіреді: қазақ даласында бағзы бір уақыттарда қайтыс болған кісіге тас қойып, оған аты-жөнін, тайпасын түзу үрдісі болмаған, тек XVIII ғасырдан кейін ғана құлпытас орнатып, Құран сөздерін, бақилық адамның есімін, рулық таңбасын таңбалау дәстүрге айналған.
Әр ұрпақтың арасын тарих ғылымның шартты есебімен санасақ, Сағырды XVIII ғасырдың бас кезі мен XVIII ғасырдың аяқ шені аралығында ғұмыр кешкен деп жорамалдаймыз.
Таңжарбай тек ән созбаған, жыр да айтқан. «Қобыландыны», «Мұңлық-Зарлықты», «Шәкір-Шәкіратты», «Қыз Жібекті», «Кенесары-Наурызбайды», т.б. қисса-дастандарды жырлап, Қарақалпақстан аймағына есімі кең жайылған екен.
Мына жайттарды да ескермесе болмайды: әншінің туып-өскен жеріне, өнердегі жолына, шығармасына қатысты өздерін ән мен күйдің, жырдың білгірі санайтын біреулер басқаша пікірде. Солардың бірқатарын атап өткенді жөн көрдік, онда былай делінеді:
а) Таңжарбай Ақтөбе облысы территориясында дүниеге келген делінетін дерек сенімсіз, ауызша тараған мәлімет, өйткені, архивтен алынбаған (алайда олардың бірі Таңжарбайға қатысты «мақаласын» архивтік құжатқа емес, қағазға түскен ауызша дерекке сүйеніп жазған-ды);
ә) Ақтөбе жақта туған деген мәлімет шын болғанда да бәрібір ол Қарақалпақ жеріне ертеректе келген, егер өмірінің соңғы жылдарында қоныс аударса, оның әні, басқа да шығармалары мұндағы қазақтардың арасына кең жайылып, сақталып қалмаған болар еді;
б) 1972 жылы музыка зерттеушісі Т. Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» музыкалы-этнографиялық жинағында Бесқала қазақтарының бірнеше әні жарияланды. Солардың қатарында «Таңжарбайдың әнінің» болуы да оның өнер шыңдап, меңгеру ортасы Қарақалпақ өңірі екенін дәлелдейді;
в) Таңжарбайдың «Бағила» әнін Ғарифолла Құрманғалиев 1960-70 жылдары Қарақалпақстанға келген сапарында алған, әуенін өзінің мәнер-стиліне салып, өзгертіп жіберген т.т.с.с.
Алайда Таңжарбайға қатысты қолдағы мәліметтерді бір-бірімен салыстыра, зерделей қарағанда басқаша ой қисындарына тірейді бізді. Соны баяндауға көшейік енді.
Өнерде әсер еткен айналасы
1942 жылы академик Ахмет Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты еңбегі баспадан жарық көреді. Алайда бұл зерттеудің совет идеологиясына қайшы тұстары көп деп тыйым салынған. Кейін күзеліп, қырқылып, саясат ыңғайына қарай өңделіп, «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» деген атаулармен қайыра басылады. Біраз уақыт өткен соң, 2012 жылы ғалым еңбегінің әуелгі сол түп нұсқасы қайта кітап боп жарыққа шықты. Бұл классикалық зерттеу біраз жайттарға қанықтырып, осы күндері есімдері мүлде көмескіленген әншілермен таныстырады. А. Жұбановтың солар туралы айтып кеткен бірер сөздерін ұсынайық, ол бүй дейді: «...Таңжарбай өнерге бай әнші бола тұрса да, малға кедей адам екен», – деп оның мына ән шумағын куәлікке келтіреді:
«...Сұрасаң, менің атым Таңжарбаймын,
Болсам да малға жарлы әнге баймын.
Өкшесі қара етіктің сынық сүйем,
Болсам да өзім кедей қыз таңдаймын» (Қараңыз: Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012. Т. 2: Жұбанов А. Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы. 152 – бет).
Сөзіне қарағанда А. Жұбанов Таңжарбайдың есімін 1942 жылға дейін-ақ білген, кітабында оған тоқталып өтуі содан екені шүбәсіз...
Таңжарбайдың бір-екі сөзі ғана өзгеріске түскен осы мәтінін Қарақалпақ өңірінің әлгінде аталған зерттеушілері де өз еңбектеріне енгізген, мұны да айғаққа тарта кетейік, былай делінеді онда:
«Сұрасаң менің атым, Таңжарбаймын,
Болсам да малға жарлы, тілге баймын,
Өкшесі қара етіктің қарыс сүйем,
Болсам да, қасқа кедей қыз таңдаймын». (Қараңыз: Ақын-жыраулар поэзиясы (жанр және көркемдік): Оқу құралы. Р. Тұрысбек, Т. Төрткүлбаева. – Ташкент, 2020 жыл, 53-54 беттер).
Назарға ұсынылған шумақтарды Ғарифолла Құрманғалиевтың:
«Менің атым сұрасаң Таңжарбаймын,
Малға кедей болсам да әнге баймын.
Анау-мынау деп қыздар кемітпеңдер,
Түсім қара болғанмен қыз таңдаймын
Беу, беу, Бағила-ай,
Ойпырмай, Қалима-ай!
Айналайын, қарағым, жаным қарақ,
Сені ойласам кей қыздар, ішім жанад (ы),
Тигізетін құрбыңа пайдаң бара ма,
Бұл дертіме болғандай етіп сәбәп.
Беу, беу, Бағила-ай,
Ойпырмай, Қалима-ай!» – деп айтатын нұсқасымен салыстыра қарағанда қай-қайсының да мағыналары бір-бірінен соншалықты алшақ емес.
Мұны Таңжарбайдың өзі шығарған мәтінннің түп нұсқасы деп санауға болады. Өйткені өлеңдегі «қарақ», «сәбәп» сияқты ілкі уақыттың сөздері соны дәлелдейді.
Қазақ диалектологиясы ғылымы шумақтағы «сәбәп» есімін фонетикалық айтылуы тұрғысынан әдеби-қарапайым дублеттер тобына жатқызады. Мұның бір сыңары «себеп» атауы әдеби тіл нормасы болып орныққан (Қараңыз: Қалиев Ғ., Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы. – Алматы: «Ана тілі», 1991 жыл, 83-бет).
Осының мән-жайын айыра алмаған бір «білгір» атақты әнші-жыршы Ғарифолла Құрманғалиевтың айтуында жазылып қалған «Бағила» әніндегі «сәбәп» сөзін «себеп» қып «түзетіпті» (Қараңыз: Бесқала қазақтарының әндері: ноталық-музыкалық жинақ/ К.Қайрулла. – Алматы, 2019. 52-бет).
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынадай анықтамалар берілген: «Қарақ. I экспр. Қалқа, шырақ», «Қарақ. II көне. Ашқарақ, ашкөз, тойымсыз», «Қарақ. III Көздің қарасы, қарашығы» (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/ Жалпы редакиясын басқарған Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008 жыл, 480-481 беттер).
Бұл сөзді компазитор, ақын Сарышолақ Боранбайұлы да (1858-1929) қолданған. «Қарақ-ай» аталатын ән-өлеңінде бүй дейді:
«Ән қайда бұрынғыдай салатұғын,
Құс қайда сілтегенді, қарақ-ай, алатұғын.
Есіме өткен жылдар түскенінде,
Жүрегім май құйғандай, қарақ-ай, жанатұғын...» (Қараңыз: Боранбайұлы С. Азаттық еді аңсаған: Таңдамалы шығармалар. – Алматы: «Ел-шежіре», 2006 жыл, 163-бет).
Сарышолақ – Шектінің Тілеуі. Ата қонысы – Ұлы Борсық құмы, Әлім тауы қырқалары. Бұл өңірлер Табындар жайлаған Доңызтаумен түйісіп жатыр. Ерте заманнан аралас-құралас болған рулар. Демек, «қарақ» диалектісінің Сарышолақ пен Таңжарбайдың шығармаларында қатар қолданылуы, әлгінде сөзіміздің басында келтірген Р. Тұрысбек пен Т. Төрткүлбаеваның да әншінің Қоңырат жаққа Ақтөбе аймағынан ғұмырының соңғы жылдарында келіп, қоныс тепкенін айтқан мәліметтері, Б. Қарақовтың Доңызтауда туған деп көрсеткен шежіресі, Мизамбайқызы Құндыздың деректері, арғы бабасы Сағырдың Доңызтау мен Оймауыттың төңірегіндегі Ақкөлдің тақыры деген жерде жерленуі, бір-бірімен үйлесіп, шындықты жақындатады. Олай болса, Таңжарбайдың біз қаузап отырған әні жастық шағында, өзінің туған өлкесі, Табындардың мекені – Жем-Сағыздың бойында не Доңызтау төңірегінде жүргенде шығарылған болар деп топшылаймыз.
Қазір Ақтөбе қаласында тұратын байғаниндік Нұртазаұлы Мұхамбетәли есімді ақсақалдан да естіп ек «Доңызтаудың табанын Табынның өзге балаларымен бірге Сағыры да жайлады» дегенін. Бұл да жоғарыдағы мәліметтерді қоштап, жорамалымызды қисынға келтіреді.
Айтпағымызға оралайық. Таңжарбай сонда «қарақ» сөзі арқылы ғашығына экспрессивті-эмоциялық лебізін білдіріп тұр. «Қалқа», «шырақ» деп. Әрі дәлелге келтірілген осы жайлар Ғарифолла Құрманғалиев жеткізген мәтіннің түп нұсқаға жақындығын да растай түседі.
Халық ауыз әдебиетінің жидашысы Ғарифолла ата Құрманғалиев бұл әннің өлең сөзін тағы бір вариантта насихат еткен-тін. Ол былай баяндалады:
«Ғашық болдым Бағила, жүзің көріп,
Ыстық лебің тигендей ішім еріп.
Жүрек сырын құрбының шын ұғын да,
«Мен сендік!» деп қуантшы уәде беріп.
Беу, беу, Бағила-ай,
Ойпырмай, Қалима-ай!
Аспандағы сәулелі күн мен айым,
Сен сияқты құрбыға мен де саймын.
Көркем жанның талайын көрсем-дағы,
Соның бәрін тап саған баламаймын.
Беу, беу, Бағила-ай,
Ойпырмай, Қалима-ай!»
Ескерте кетер жайт, ғазиз ұстаз халық әні «Балжанды» да тап осы шумақтармен орындайтын. Тек қайырмасындағы сөздерін басқаша қып. Бажайлай қарағанда бұл мәтін кейінгі дәуірдің туындысы тәрізді. Кейбір сөйлемдерінен соны шамалаймыз. Сондықтан айтылған бұл жайттарға байланысты келтірілген шумақтарды Таңжарбайдың төл туындысына жатқызбаймыз.
Р. Тұрысбек пен Т. Төрткүлбаева өз еңбектерінде әншінің тағы бір шығармасынан үзінді келтіреді, онда былай делінген:
«Таңжарбай жыршы етіп атандырдың,
Жақсымен несібемді қатар қылдың,
Шебері қызыл тілдің болсам-дағы,
Құдай-ау, айдар малға мәттәл қылдың» (Қараңыз: Ақын-жыраулар поэзиясы (жанр және көркемдік): Оқу құралы. Р. Тұрысбек, Т. Төрткүлбаева. – Ташкент, 2020 жыл, 53-54 беттер).
Қаз-қалпында келтірейік, Ш. Смамутова есімді қарақалпақ қызы: «Мәттәл, дәрхал... контекске қарай қолданады. Мысалы: Елубай орнынан турыуы мәттәл, Қырықбай ұрысып орнына отырғызды. Дереу (орысша: сразу) немесе кейде менен деген сөзге синоним ретінде де айтылады. Ол келуі менен бәрі өзгерді. Ол келиуи мәттәл бәри өзгерди, т.с.» – деп жазбаша жауап берген-ді бізге «мәттәлдің» мағынасын сұрағанымызда.
Ғалым Ж. Асанов «Ақтөбе» газетінде жарық көрген «Осы жұрт Пұсырманды біле ме екен?» мақаласында Ұлы Борсық құмы бойында өмір сүрген Қабақ Пұсырман жыраудың былай деп айтқанын назарға ұсынған:
Халқым, Пұсырман жырау атандырдың,
Ханменен дәрежемді қатар қылдың!
Ішер ас, киер киім кемдігінен,
Қолыма қу домбыра матал қылдым (Қараңыз: Асанов Ж: Осы жұрт Пұсырманды біле ме екен? // «Ақтөбе» газеті, 1999 жыл, 25 мамыр).
Таңжарбай өлеңінде көрніс тапқан «мәттәл» атауын қарақалпақ тілінен алынған десек онда ол нақты мағына беріп тұрған жоқ, ұғынықсыз.
Кейінгілер ақын сөзін «мәттәл» деп бұрмалап, құбылтып жіберген тәрізді. Сондықтан «мәттәлді» Пұсырман қолданған «матал» түсінігінде қабылдаймыз. Нақтылап айтқанда, «қолымды байлап-матап тастады», «тұсаулады» деген ұғымда.
Таңжарбайдың сөз саптау үлгісі де – Пұсырманға сәл жақындайды. Бұл қоныстары бір-біріне тақау орналасқан Шекті мен Табын руларының аралас-құралас болғанына, олардан шыққан өнер иелерінің бір-бірінен үлгі алғанына куәлік береді.
Батырлан Сағынтаев есімді азаматтың да Алматы шәріндегі «Ғылым ордасы» кітапханасының қолжазба қорынан алған (Қ-475, №2) көлемді жырдың мына шумағын келтіре кетейік:
«Серәлі мырза екен деп атандырдың,
Жақсымен дәрежемді қатар қылдың.
Ержеткен ұлымда тұр, қызымда тұр,
Қылуға алыс-беріс мәтал қылдың», – деген.
Бұл жолдарды 1911-1915 жылдар аралығында Троицк шаһарынан «Айқап» атты қоғамдық-саяси, әдеби басылымды шығарып тұрған публицист, ақын Мұхамеджан Сералиннің әкесі Серәлі Еруәліұлынікі (1835-1876) дейді. Айтпағымыз, мұнда да «мәтал» атауы «қолды байлады», «тұсаулады» деген ұғымда.
Пұсырман мен Серәлідегі бұл сөз бір мағына беріп тұрғанымен алғашқы буындағы дыбыстардың бірінде «а» енді бірінде «ә» делініп алмасуын қазақ диалектілерінде, говорларында кездесетін фонетикалық ерекшеліктердің бір сипаты болар деп шамалаймыз. Өйткені, диалектология ғылымының зерттеулерінде е мен і (ерегес - ерегіс), а мен ә (қатты – кәтті, қайтып - кәйтіп), о мен ұ (құлдану - қолдану), ө мен ү (дөнен - дүнен), б мен п (болат –полат, бейнет - пейнет) кейбір өңірлерде ауысып айтыла береді делінген (Қараңыз: Қалиев Ғ., Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы. – Алматы: «Ана тілі», 1991 жыл, 5-бет).
Әрқилы даулы пікір тумас үшін ескерер және бір жайт: Таңжарбай мен Пұсырманның, Серәлінің келтірілген өлең шумақтарындағы ой ағымдарының ұқсас құрылуы – қазақтың ақындық өнерінде ежелден бар үрдіс. Бұған Ноғайлы дәуірінің жыраулары Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіздердің сөз саптау үлгілерін бұлардан кейінгі Ақтамберлі, Бұқар, Махамбет, Шернияз, Базар т.б. өз шығармаларының қайсыбір тұстарында айтпақ жайттарына тірек етіп, өнеге қылып, қайталаулары – бұлтартпас дәлел.
Шоң ғалым А. Жұбанов жаңағы «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» еңбегінде бүй дейді: «Мұхит жалғыз емес, оның өзінше пікірлес, өнерлестері болды. Олар да біреуі әнші, біреуі жыршы, біреуі ақын болып, Мұхитты дәріптеді. ...Бірінің шығармасын бірі халық арасына жаюға күш салды. Олардың араларында тек адамды сүю татулығы ғана емес, сонымен бірге, өнер айналасындағы іскерлік-татулығы берік болды. Міне, соның бірі Таңжарбай әнші. ...бір өлеңде «Саламын сал Мұхиттың «Айдайына» – деп, Мұхиттың мәртебесін көтеріп, оны бір үлкен бел етіп ұстайды. Мұхитты дәріптейді, аспанға шығарады» (Қараңыз: Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012. Т. 2: Жұбанов А. Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы. 152 – бет).
Ескі заманда атақты Қарақамыстың, Көкжардың дулы жәрмеңкелерінде талай-талай айтулы дарындар бір-бірімен жүздескен дейді кейбір дереккөздерде. Бәлкім, Мұхит пен Таңжарбайдың таныс-білістігі де осындай жағдайларда болған шығар.
Академик А. Жұбановтың сөзі де Таңжарбайдың өнерге алғашқы қадамы батыс өлкесінен басталғанын меңзейді.
Әншінің бұрмаланған өлең сөздері
Анығында Таңжарбай тұрмыс-тіршілік жағдайымен әрі бас амандығын ойлап ірге көтерген. Шалғай мекен қарақалпақтың жеріне. Елде орныққан сол кездегі қиын жағдайларға орай. Мана сөзіміздің басында айғаққа келтірген, Мизамбайқызы Құндыз жеткізген деректер де бұл пікірімізді қуаттайды. Алайда келуін келгенмен ата жұртын ылғи аңсап жүрген. Өйткені, «Ақын-жыраулар поэзиясы» аталатын еңбекке енген тағы бір өлеңінде оның:
«Сұрасаң қайталаймын – Таңжар атым,
Елдегі есен бе екен азаматым,
Елдегі есен болса, азаматым,
Беремін сүйіншіге жалғыз атым», – деуі арқада қалған қара орман еліне деген сағынышын аңдатып тұр... (Қараңыз: Ақын-жыраулар поэзиясы (жанр және көркемдік): Оқу құралы. Р. Тұрысбек, Т. Төрткүлбаева. – Ташкент, 2020 жыл, 53-54 беттер).
Осы жыр жолдары музыктанушы ғалым Т. Бекқожинаның еңбегінде былай делініп, басқаша таңбаланған:
1.Сұрасаң менің атым Таңжарбаймын,
Болсам да өзім кедей әнге баймын.
Өкшесі қара етіктің қарыс сүйем,
Болсам да өзім кедей қыз таңдаймын.
2.Сұрасаң менің атым – Таңжар атым,
Елдегі есен бе екен қыз бен қатын.
Елдегі есен болса қыз бен қатын,
Құдайға құдай жолы жалғыз атым (Қараңыз: Бекқожина Т. Қазақтың 200 әні. Музыкалы-этнографиялық жинақ. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1972 жыл, 160-бет).
Егер мұны автордың басқа бір әнінің тұтас мәтіні десек, онда бұл екі шумақта баян етілген ой мазмұны бір-біріне қарама-қайшы. Таңжарбай әуелі «Болсам да өзім кедей қыз таңдаймын» дейді де іле «Елдегі есен болса қыз бен қатын, Құдайға құдай жолы жалғыз атым» деген сөздерді айтады. Екеуі екі бөлек мүлде. Сондықтан өзара еш байланысы жоқ бұл шумақтарды бір әннің мәтіні деп қабылдау – еш қисынға келмейді!
Таңжарбай – сері адам, жиі сапарлап кететін болған дейді айтушылар. Сондай бір сәтінде қатын-баласын сағынып, шығарғаны деп түсіндіреді осы өлеңнің екінші шумағын. Жақсы, Таңжарбай ел кезіп жүреді екен дейік. Ән салып, жыр айтып. Күнді айға, айды жылға созып. Бір уақыттарда бала-шағасы есіне түсіп, хабар күтеді екен елеңдеп. Тіпті құрбандыққа астындағы жалғыз атын шалып, жаяу-жалпы қалуға да әзір. Амандығын естісе. Осы тұста сұрақ туады: сағынса отбасына оралуы соншалықты қиын болып па оған қатты уайым шекпей-ақ, басқа жақтан зарығып хабар күтпей-ақ?!
Ал мына бір деректе былай делінген: «Әншінің «Сұрасаң менің атым Таңжар атым, елдегі есен бе екен қыз бен қатын?!» басталатын әнінің шығу тарихын 1982 жылы музыкатанушы-ғалым Б.Қарақұлов пен журналист, аудармашы Е.Сафуани Наурызбек жыраудан жазып алады. Онда атақты жырау Н. Нұржаубайұлы әннің шығу тарихын былайша баяндаған: «Бұрынғы уақыттары айтады екен, елден тысқары шығып, елге қайтып келе жатқанда өзінің қатар-құрбыларын сағынып, Таңжарбайдың мынау ойға қарай (Бесқалаға) қырдан құлап келе жатқанда әні екен» (Қараңыз: Қайрулла К. turkystan.kz/enshi-tanzharbay).
Наурызбектің де бұл сөзі кейбір жайттарды растап тұр. Үстірт, Доңызтау, Жем-Сағыздың бойын, Ұлы Борсық құмы өңірін ертедегі қазақтар «қыр» деп, ал Қарақалпақ жақ бетті «ой» деп атаған. Демек, Таңжарбайдың туған жұртына, қырға жиі ат басын бұрып тұрғаны аңғарылады. Бірақ жыршының «...тысқары шығып, елге қайтып келе жатқанда өзінің қатар-құрбыларын сағынып, Таңжарбайдың мынау ойға қарай (Бесқалаға) қырдан құлап келе жатқанда әні екен» деген пікірінде қисынсыз жайттар да бар. Шығу тарихы баяндалып отырған бұл шумақтарда Таңжарбайдың қатар-құрбыларына арнаған бір ауыз лебізі жоқ. Олай үңіліп, бұлай үңіліп, кезіктіре алмадық... Жауапкершілігі мол мұндай зерттеулерде әр мәліметті терең сүзіп, әбден екшеп қолданған жөн дер ек.
Қысқасы, «Елдегі есен болса қыз бен қатын, Құдайға құдай жолы жалғыз атым» деген сөздердің шындығы тым күмәнді. Сенімсіз.
Керісінше, Таңжарбайдың «Елдегі есен болса, азаматым, Беремін сүйіншіге жалғыз атым» деуі – ақылға қонымды. Қисынды. Кіндік қаны тамып, ержеткен жұртын бек сағынғаны аңдалады. Атамекенінен хабар күтіп, алаң көңілмен жүргенде сыртқа шыққан лепес бұл. Жасы елуден асып, алпыстың маңына жақындаған, бұрынғы ел аралайтын дулы сапарлары саябырсып, мінезі байсал тауып, қарапайым тірлікке көшкен сәті болар. Басқалай жөні жоқ бұлай деп айтуға.
Таңжарбайдың әр жағдайда туған өлеңдерінің кейбір мәтіндерін бір-бірімен араластырып жіберген сықылды кейінгілер. Һәм уақыт өте айтушылар тарапынан сөз тіркестерінің де кейісі өзгертілген, бұрмаланған. Мағынасын дұрыс ұғына алмау не ұмытып қалу салдарынан. Мына таразыға салып отырған шумақтар – соның нақты дәлелі.
Талиға Бекқожина – музыкатанушы. Филолог емес. Ол үшін бірінші мәселе – халық арасында сақталған әуен-саздарды нотаға түсіру. Оның мәтін мазмұнының дұрыс-бұрысын, сапасын қоса тексеріп отырмайтыны айдан анық. Сондай-ақ, ел ішіндегі информаторлардың бәрі шеберлік-біліктері жан-жақты жетіліп, шыңдалған кәсіби орындаушылар емес. Сондықтан олар мұраларды қалай баяндады жидашы-ғалым естіген әуен-саздары мен мәтіндерді солай қаз-қалпында түзген. Демек, сын көзбен қараған жөн, жинаушының бір саланың ғана маманы екенін ескеріп.
«Бағила» әні
Енді Таңжарбайдың «Бағила» әніне қатысты ескерілмей жүрген деректерді назарға алып, оны да қаузап өтейік.
Дарынды әнші ініміз, оралдық Қайрат Кәкімов мынадай шумақты айтып беріп еді:
Менің атым сұрасаң Таңжарбаймын,
Ақбоз аттың үстінде тайраңдаймын.
Мен шыққанмын халықтан өсіп-өніп,
Өнерімді жұртымнан аямаймын.
Әнші һәм ақын Таңжарбайдың ақбоз аттың үстінде тайраңдауы, яғни еркінсінуі де масайрауы да әбден жарасымды. Өйткені, ол – халқы сүйген сыйлы өнерпаз, сері. Шаттануы да, шалқып сөйлеуі де содан.
Әннің осындай мәтінмен Орал жақта және айтылуы Таңжарбайдың Шыңғырлау бойын жайлаған аталастарында, анықтап айтқанда, қалың Табынның арасында өнер сапарымен, басқа да себептермен жиі болып тұрғанын айғақтайды. Оның ел ішінде сақталған мағынасы басқаша мұндай өлең үзіктері – ақындық қасиетіне байланысты. Шығарған кейбір өлеңдерін «Бағила» әнінің әуезімен де насихаттаған тәрізді шамасы. Әнші Қайрат Кәкімовтің бізге орындап берген жоғарыдағы шумағы осындай ойға жетелейді.
Алматы көркем және хроника фильмдер студиясы 1955 жылы түсірген, алтын қорға енген, «Қыз-жігіт» атты толық метражды көркем фильмде (реж. П. Боголюбов) Айдар есімді кейіпкер (бейнесін сомдаған дарынды актер Кененбай Қожабеков) орындаған өлеңін «Бағиланың» әуеніне салып шырқайды. Сонда бұл ән 1972 жылы музыка зерттеушісі Т. Бекхожинаның Бесқалаға сапар шегіп, ел аузынан естуі бойынша нотаға түсіріп, «Қазақтың 200 әні» аталатын музыкалы-этнографиялық жинағына енгізгенге дейін де қалың жұртқа белгілі боп тұр ғой. Демек, «Қыз-жігіт» фильмінің кейіпкері Айдар орындаған шығарманың әуені Ғарифолла Құрманғалиевтың репертуарындағы «Бағиладан» алынып, пайдаланылғаны – дәлелдеуді еш қажет етпейтін ақиқат.
Тағы бір мәліметке сәл бөгеле кетейік, пікіріміздің қисындылығын әлі де бекіте түсу үшін.
А. Затаевичтің «1000 песен и кюев казахского народа» атты белгілі еңбегіне «Бағила-ай» (О, Багила) деген атаумен ән нотасы енгізілген. Бұған қоса «Сообщил Бабасов Доскайыр. Джамбейтинского у. Тамдинской вол. Аул №1» деп шығарманы жеткізушінің аты-жөні таңбаланған. Салыстыра қарағанда Ғарифолла Құрманғалиев орындайтын «Бағила» өлеңінің әуезін қайталайды. Тек «Беу, беу, Бағила-ай, Ойпырмай, Қалима-ай!» деп қайырлатын тұсындағы мелодияда болар болмас ғана өзгешелік бар. Бірақ әуеннің пішін-мазмұнына, көркемдік дәрежесіне ешқандай селкеу түсіріп тұрған жоқ. Үйлесімді. Мұны орындаушының интерпретациясы деп қабылдаймыз. Нотасын ұсынып отырмыз. (Қараңыз: Затаевич А. В. 1000 песен и кюев казахского народа. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004 жыл, 343-бет).
Келтірілген деректер Таңжарбай есімінің, шығармасының бір ауылдың төңірегінде ғана емес, одан да әрі асып, ертеден танымал болғанына толық куәлік береді. Сонымен қатар соңғы уақытта «Ғарифолла Құрманғалиев «Бағила» әнін 1960-70 жылдары Қарақалпақстанға барған сапарында алған, әуенін өз мәнер-стиліне салып, өзгертіп жіберген» деп айтылып жүрген дүмше әңгімені ақи-тақи жоққа шығарып, оның негізсіз бөстекі сөз екенін бұлтартпастан дәлелдеп тұр.
Қайталап, пысықтай кетейік. Айғаққа тартқан А. В. Затаевичтің «1000 песен и кюев казахского народа» атты еңбегінің алғашқы басылымы 1925 жылы жарық көрген. Ұстаздары Шынтастың, Шайқының қасына еріп, әншілікті әжептәуір меңгеріп алған Ғарифолла бұл кезде 16 жаста. Олай болса, 20-жылдардың ортасына таман А. Затаевич Орал өңірінің қазағынан бетпе-бет отырып, нотаға таңбалаған, халық арасына кең жайылған «Бағиланы» Ғарифолла сонда кімнен үйренген деудің өзі біз жан-жақты баяндап шыққан шығарма тағдырын терең білмеуден. Немесе әдейі қойылған құйтырқы сұрақ. Қайткенде тосылтып, әнді Бесқала жақтан алған қып шығарамын деген. Тап осындай оймен айтылса, бұл – әбес әрекет.
Ой түйіні
«Таңжарбай Қарақалпақстанға батыс жақтан ғұмырының соңында емес, одан ерте келген, сондықтан еді оның әндерінің Бесқала өңірінде кең таралуы» деп орынсыз дау қуу – дүмбілез ойдан туған әрекет! Қарақалпақстан аймағында сақталды деген сол шығармаларының өзі санаулы. Тым аз. Нотаға түсірілген әуендерін мұқият шола қарағанда құрлым-пішіндері анау айтқандай соншалықты күрделі дейтіндей де емес, қайсыбірі тіпті қарабайыр... Бұл – бөлек тақырып.
Өздерін әйдік білгір санайтындар мына жайтты жадтарында ұстағандары жөн болар еді: кіші жүз жұртының біршама бөлігі (Шекті, Табын, т.б.) Қарақалпақ өңірі мен Қазақстанның батыс өлкесі аралығында сонау XIX ғасырдың бас кезінен XX ғасырдың 20-жылдарына шейін еркінше жайлап, көшіп-қонып жүргені – тарихи дерек. Демек, аралас-құралас тайпаларға ортақ музыкалық мұралар шежіресін, тұлғалар ғұмырын кейін пайда болған мемлекеттік немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс шекаралары шеңберінде қарастыру – шындыққа жетуге бөгесін, қате пайымдарға апарады.
Сонымен жүргізген сараптамамыздан түйген ойымыз, таныған жағдаятымыз міне осындай. Біздікі өткен заман тұлғаларын дүмше оймен бір ауылға басыбайлы меншіктемей, ақиқатын жан-жақты таразылап, қарастыру керек деген ниет-ті.
Ақтөбе қаласы.
Мәдениет порталы