Көкшенің шығыс жақ етегінде, Бурабай көлінің жағасында, шамасы, 1901-1904 жылдары ағылшынның Боргул...
Естайдың «Қорланы» түпнұсқада насихатталсын
«Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Телқоңыр» бағдарламасының Естай әндеріне арналған шығарылымы
Махаббат мұратында «Қорландай» ән тудырып, аққуға ән қосқан әнші, ақын-сазгер Естай Беркімбайұлының туғанына - биыл 150 жыл. Ғашықтық символына айналған ғажайып әннің бүгінгі таңдағы сипаты қандай? Түпнұсқасы сақталған ба? «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Телқоңыр» бағдарламасында белгілі өнер қайраткерлері тілге тиек еткен «Қорлан» және басқа да туындыларының ғұмыры қалай болған?
Ақан ӘБДУӘЛІ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бағдарлама жүргізушісі:
– Қазақ әндерінің әсем әуені жүрегіңді елжіретіп, санаңды билеп, көңіліңді бейжай қалдырмасы анық. Сұлу ән – адам жанының азығы. Өмір озады, заман өзгереді, ал есті ән өміршең екені баршамызға мәлім. Сондай туындылардың бірі – халық арасына кеңінен тараған Естай Беркімбайұлының атақты «Қорлан» әні. Алдымен Естай Беркімбайұлының өмір жолы туралы аз-кем мағлұматпен таныс болыңыздар.
Қазақтың дүлдүл әншісі, ақын-композиторы Естай Беркімбайұлы 1874 жылы қазіргі Павлодар облысы, Екібастұз ауданы, Ақкөл ауылында туып, 1946 жылы қайтыс болған. Естай жыр-дастан, толғау айтуды анасы Күлипа мен нағашысы Байтұлымнан үйреніп, 16-18 жастан бастап Ақан сері, Жарылғапберді, Балуан Шолақ, Сәтмағамбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындар қатысқан ұлы жиындарда ән сала бастаған. Оның «Жай қоңыр», «Наз қоңыр», «Майда қоңыр», «Қорлан», «Дүние-ай», «Қоштасу» сынды әндері - қазақ музыкасының інжу-маржандары. Ал «Қорлан» әні Естай есімін аңызға айналдырды.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Айтылған деректерге алып-қосарларыңыз бар ма?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші: – Естайдың туған жылында кішкене сәйкессіздік бар. Ол кісінің дүниеге келген уақыты 1874 жыл емес, кейінгі деректердің басын қосып, зерттей келгенде 1868 жылға түсіп тұр. Өйткені Естайдың өзі 1939 жылы Ерзаковичке, тағы басқа адамдарға айтқан естеліктерінде «жасым 71-де» деген. Куәліктерінде де солай көрсетілген. Осындай мәліметтерге қарап, Естайды 1868 жылы туған деп ойлаймыз.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – «Қорлан» әні туралы әңгіме бастамас бұрын, Манарбек Ержанов орындаған нұсқаға назар аударайық.
– Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,
Дариға, арманым көп, не қылайын...
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Ғашықтар жайлы әңгіме қозғағанда Еңлік десек – Кебек, Қыз Жібек десек – Төлеген, Ақан сері десек – Ақтоқты, Балуан Шолақты айтсақ, Ғалия еске түседі. Сол сияқты Естайды ауызға алғанда міндетті түрде Қорлан ойға оралады. Сондықтан «Қорлан» әнінің шығу тарихы туралы сөз етсек...
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Павлодар облысының Ертіс ауданында Сүлеймен деген атақты бай өмір сүрген. Сол кісінің Шошан деген баласы үйленетін болып, Естайға қос ат жеккен тарантас жібереді. Оған қоса, Бәсентиіннің мықтысы Иса Ақкөлдің болысы Абылқамыс Шыманұлына хат жазып, «Естайды қалайда бізбен бірге құдалыққа қос» дейді. Сөйтіп, Естай Сүлейменнің Шошанына күйеу жолдас болып, Маралды-Ұрық деген жерге еріп барады. Бұл – Сібірдің оңтүстігі, Павлодар облысының солтүстігі. Ертеде қазақтар бұл жерді «іш жақ» деп атаған. Не керек, Сұлтан бидің «Құсни, Қорлан» деген екі қызы бар екен. Екеуі ойын-сауықта кездесіп, Естай бір көргеннен Қорланға ғашық болып қалады. Соның негізінде «Қорлан» деген бірнеше ән дүниеге келген.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Жоғарыда Манарбек Ержановтың нұсқасымен таныстыңыздар. Манарбек Ержанов – кешегі Әміреден бері қарай жалғасып келе жатқан тенор дауысты ұлы әншілердің бірі. Кешегі мен бүгінгінің ортасындағы алтын көпір. Қазір осы арада тағы бір орындаушыға зер салыңыздар. Сосын әңгімемізді әрі қарай жалғастырамыз.
Ербол Айтбаевтың нұсқасы:
– Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат қолға берген күн мен айын.
Мұратқа ізденген жан бәрі жеткен,
Дариға, арманым көп, не қылайын...
Ахау, арман, Құсни – Қорлан.
Екі-ай бағлан,
Екеуі туған екен бір анадан.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Манарбек ағамыз бен Ербол Айтбаевтың орындауында қандай өзгешелік, болмаса ерекшелік бар?
Ермек ЕЛГЕЗЕКОВ, композитор: – Мәкеңнің орындауы түп-нұсқаға жақын. Өйткені онда біздің ғасырлар қойнауынан естіп келе жатқан ағыс бар. Әннің қайыруында Ерекең төмен қарай кетті, ал дұрысында жоғары жаққа барып тұрып қалады. Мәкеңнің орындауы Естайдың сол кездегі ішкі дүниесін толық суреттей білген. Кейінгі әнші дауыстың ырғағына байланысты сәл өңдеп жеткізген.
Ұлбосын ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі: – Біз Манарбек ағаның орындауында тыңдап, сол кісінің әнімен сусындап өстік. Өзгеріске ұшырамаған сол нұсқа бізге жақындау. Ал Ерболдың орындаушылығы қазіргі дәстүрлі әншілердің орындауына саяды. Сәл де болса, этнографияға, классикаға жақындаған.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Сөзіңіздің жаны бар. Бұл «Қорланның» опералық нұсқасына келеді. Оның үстіне, Ербол - бас дауысты әнші.
Ұлбосын ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ: – Иә, дауысына, өзінің заманына лайықтап айтқан.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – «Қорлан» әнінің қанша түрі бар?
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА, өнертанушы:
– «Қорлан» әнінің «Қорлан» деген атпен жазылған алты нұсқасын ел ішінен ең алғаш Затаевич жазып алған. Халық арасына кең тараған ғой, әншілердің көбісі шама-шарқы келгенінше Затаевичке айтып берген. «Қазақ халқының 1000 әні» жинағанда «Қорлан» әнінің төрт нұсқасы бар. Бірақ нұсқа деп айтылмайды. «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағына екі түрі енген. Ол әндердің барлығы бүгінгі орындалып жүрген нұсқадан мүлде алыс. «Қорланды» танисың, бірақ ұқсамайды. Нағыз «Қорланды» Ерзаковичке 1938 жылы он әнімен бірге Естайдың өзі орындап берген екен. Біздің отандық музыкатану ғылымында, мынадай түсінік бар. Нағыз кәсіби әндерді, соның ішінде «Қорлан» әнін сол күйінде кәсіби әншілер ғана жеткізе алады. Сондықтан Затаевич хатқа түсірген алты нұсқаның алты жаққа қарап тұруы - ол заңды. Өйткені оны әнсүйерлер жеткізіп тұр.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Мен алты нұсқасы бар деп есептемеймін, негізгі екі канондық нұсқасы бар. Біреуі – Естайдың өзінің аузынан жазылып алынған нұсқа. Ал Ришат Абдуллин айтатын опералық нұсқасы екінші нұсқа болып саналады. Өйткені екеуінің мәтіні де, әндерінің құрылымы да бөлек. Қалғандарының барлығы ел арасындағы әншілердің орындауында деформацияға түскен.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
– Ендеше, Ришат Абдуллиннің нұсқасына көңіл қойыңыздар.
– Бозбала, қалма қапы бұл жалғаннан,
Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған.
Өзіңдей боп жан тумас,
Туса туар артылмас.
Бар ғаламды шарықтап
– Уа, дариға, ләулік тас.
Бағдад, Мысыр, Шың, Машын,
Іздесем Қорландай табылмас...
Нұржан ЖАНПЕЙІС, әнші:
– Мен өзім «Қорлан» әнінің үш түрін білемін десем, артық айтпаймын. Бірінші нұсқасы белгілі, «Бар екен жердің аты...» деп келетін екінші нұсқасын опера әншілері айтып жүр. Ал енді үшінші түрі бар дейтінім, менің ұстазым Дәнеш Рақышев 1959 жылы атамекенге оралғаннан кейін, 1960 жылы Брусиловский, Ерзаковичке жолығып, біздің «Алтын қорға» сексенге жуық әндер жаздырыпты. Қазіргі таңда мемлекеттік мұрағаттың музыкалық қорында сақтаулы. Сол әндердің ішінде Естайдың «Қорланы» да бар, бірақ түрін көрсетпепті. Тыңдап көрсек, жоғарыдағы нұсқалардан бөлек. Дәнеш ағамыздың өзінің шаңырағында, менде де ол кісінің дауысы жазылған үнтаспа бар. Сол әңгімеде «Менің 14-15 жасымда айтқан әндерімнің бірі Естайдың «Қорлан әні» еді» дейді. Ол кісі бұл туындыны 14-15 жасында айтқан болса, яғни бұл арғы бетте қырқыншы жылдары орындалған. Сондықтан бұл жерде Дәкең тағы бір нұсқасын жеткізіп отыр. Жалпы, Естай Қорланға бірнеше ән арнаған. Әннің бірнеше түрі бар. Естайдың әнін айтқан әншілер «Қорланға» соқпай кетпейтіні анық. Сондықтан бағана айтып кеткендей, кейбір әншілердің орындаушылық шеберлігіне байланысты өзгеріп, басқа да нұсқалар пайда болуы мүмкін.
Марат ІЛИЯСОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:
– Бұл әнді Дәнеш Рақышев елуінші жылдары, Ришат Абдуллин қырқыншы жылдары айтқан. Алты нұсқа, он нұсқа деп айта беруге болады. Өйткені әр әнші өзінің мәнерін қосып, әуеннен сәл өзгеріс болған. Бір нұсқаларын қарасаңыз, мәтінінде өзгешелік бар. Кейбір музыканың бас жағының сәл жобасы келеді де, енді бірінде қайырмасы өзгеріп отырады. Оны өзгерген сайын алты нұсқа, он нұсқа деп кете беруге болмайды. Негізі, төрт нұсқасы бар. Ришат Абдуллиннің орындайтын нұсқасы - бұл нақты дұрыс нұсқасы. Өйткені Естайдың өз аузынан айтылып, нотаға түсірілуі бойынша таратқан. Ришат Абдуллин – опера жанрындағы кәсіби әнші. Естай ақын қалай айтса, Латиф Хамиди нотаға солай айнытпай түсірді, бұл кісі соны нақты орындап берді.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Осы жерде бір қызық әңгіме бар. Маған оны Ілия Жақанов ағамыз айтып берген. «Ришат Абдуллин «Қорлан» әнін Манарбек Ержановтан үйренді. Манарбек домбырада еркін шырқайды, «Бар ғаламды шарықтап...» деп әннің кульминациясына кететін жеріне Ришад Абдуллиннің дауысы жетпей қойыпты. Сонда Манарбек «Шарықтау шегіне апар» деп ұрсады екен. Ақыры Ришад Абдуллин қиналып, жетер-жетпес айтқаннан кейін «әй, болмадың ғой» деп, кішкене төмендеу үйретеді. Бірақ соны 1939-40 жылдары Алматыға келіп-кетіп жүріп естіген Естай Ришат Абдуллиннің орындауына риза болыпты.
Марат ІЛИЯСОВ:
– Қазір байқап отырсақ, Манарбек пен Ришат Абдуллиннің айтқаны бір - нұсқа.
Қанат ҚҰЛЫМЖАНОВ,
– Ришат ағамен талай гастрольде бірге жүрдік. Сонда осы «Қорланды» қай концерт болса да орындап, халықтың құлақ құрышын қандыратын. Біз керемет ынтығып тыңдайтынбыз. Манарбек ағамызбен екеуінің ерекшелігі – әркімнің дауыс мүмкіншілігіне кеп тіреледі. Мәкеңнің дауысы – тенор. Ришатта– баритон. Сондықтан ол жоғары нотаға бара алмады. Дауысының мүмкіншілігіне сай өрнектеп, мәтінін бұзбай, сол бұрынғы «Қорланның» әдемілігіне әдемілік қосты.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Манарбектің айтқаны «Қорланның» бірінші нұсқасы деп отырмыз. Екіншісіне опера жанрында академиялық орындаушылар шырқайтын нұсқасын жатқызамыз ғой сонымен...
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Іште бар жердің аты Маралды-Ұрық,
Әр жерде сейіл құрдым кезіп жүріп, – деген мәтін - «Қорлан» әнінің екінші нұсқасы. Соны қазіргі атағы дардай ағаларымыздың өзі «Іште бар жердің аты Марал деген» дейді. Бүкіл опера әншілері әлі күнге дейін осыдан танбай келе жатыр. Біз түпнұсқа мәтінді көрдік. Өкінішке қарай, біздің опера әншілеріміз соған назар аудармайды. Марал деген жер жоқ.
Ұлбосын ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ: – Біз қазіргі кезде жастардың орындаушылығына риза болмай жатамыз. Үлкен кісілер оларға қарағанда білімділеу, сабырлылау емес пе, әннің мәтініне дұрыс көңіл бөлуі керек. Атақты әншілерден естіген халық, албырт жастар өлеңі осындай екен деп, - солай үйреніп, қалыптасып кетуі мүмкін. Сондықтан өлеңге абай болған жөн деп ойлаймын.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Яғни, опера әншілері орындап жүрген нұсқасын екінші нұсқаға жатқызуға болады. Нақтылап айтқанда, «Қорлан» әнінің екі нұсқасы бар деп отырсыздар. Қазір тағы бір орындаушыға тоқталайық.
– Іште бар жердің аты Маралды-Ұрық,
Сол елді сейіл қылдым кезіп жүріп.
Әміре Құртқадайын зар илеймін,
Сол елде Құсни, Қорлан бір қыз көріп.
Сұрасақ қыздың аты Қорлығайын,
Мағұрып берген екен күн мен айын...
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Бұл - «Қорланның» екінші түрі. Шәкен Рақышев орындаған. Бірақ қайырма көрмей тұрмыз?
Ермек ЕЛГЕЗЕКОВ:
– Өте өкінішті. Мысалы, мен ән жазумен қатар, ән өңдеумен де айналысамын. Әннің түпнұсқасының бұзылуы – кешірілмес күнә. Біз Естай ақынның Қорланға ғашық болып, өмір бойы сол сезімін жүрегіне сақтап, ең аяғы бала-шағасын, әйелін, досын, молданы шақырып, қолындағы жүзікті шешпеуін өтінгені – өшпес тарих. Қайта Естай ағамыз беріде өмір сүріп, бірталай деректері бізге жетті. Жалпы, ертеден келе жатқан қазақтың әндерін бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Оны сол қалпында келесі ұрпаққа өткізу - парызымыз. Менің жалпы ән өңдеушілерге, әншілерге үлкен өтінішім, түпнұсқадан ауытқып кетпеуін сұраймын.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: – Жалпы, Естайдың ерекшелігі, бүкіл шығармашылығындағы шоқтығы биік шыңы «Қорлан» болса, ол - өзіне дейінгі ешбір композитор жасай алмаған музыкалық құрылымға ие ән. Оны ғалымдар музыкалық поэмаға, ариозоға жатқызады. Ерзаковичтер де үлкен жоғары баға берген. Қарап отырсаңыз, Естай әндерінің кульминациясы соңғы каденциялық бөлімінде. Алғашқы шумақта Естайдың Қорланға деген сүйіспеншілігі, оның сұлулығы бірқалыпты байыпты баяндалады. Екінші ортаңғы бөлігінде Естай шығарманың шырқау биігін дайындайды. Бүкіл Арқа әндеріне тән қайырма өте кең тынысты. Кеудеден де асып кететін формада. Қайырманың өзі екі бөлімнен тұрады.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Бірінші нұсқа тек домбырамен тарап, Ришат Абдуллин ғана әрлеу жасатқан. Ал екінші нұсқаны көбіне опера әншілері айтады, домбырамен Шәкен Рақышев қана орындайды. Неге?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Өйткені екінші нұсқа бұл опералық нұсқа болып есептеледі.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Ол қайдан шықты?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Опералық нұсқасын жаңылыспасам, Ришат Абдуллин орындау керек-тін.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Ол нұсқа бар...
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Сол нұсқасымен опералық нұсқасы тарады. Ал енді домбырамен айтылатын бірінші нұсқамен кезінде Темірболат Арғынбаев, Манарбек Ержановтар айтқан. Кеуде кең, колорит мол. Ал екінші нұсқа шолақтау. Қайырманың кульминациялық жартысы мүлдем түсіп қалады.
Марат ІЛИЯСОВ: – Оны «опералық нұсқа» демейді. Сіздер опералық нұсқасы, эстрадалық нұсқасы, болмаса дәстүрлі орындаудағы нұсқа деп бөлесіздер. Негізінен, опералық нұсқа деген жоқ. Дұрысы, классикалық орындау және дәстүрлі орындау.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Дәстүрлі өнер ұлттық классикаға жатпай ма сонда?
Марат ІЛИЯСОВ: – Дәстүр мен классика екеуі бір саналады. Бірақ дәстүрде домбыраның ерекшелігіне сәйкес табиғи жағынан сәл өзгешелік болады. Одан ән өзгермейді. Ал опералық нұсқаны классикалық нұсқа деу керек.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Біз Қайрат Байбосыновтың шырқауын классикалық нұсқа дейміз. Екі орындаудың аражігін ажырату үшін опералық деп айтып отырғанымыз сол. Шынтуайтына келсек, әнді классикалық шыңына шығарған Қайрат Байбосынов. Ал опералық нұсқада қате деген өріп жүр. Мәтінде де қате бар.
Қанат ҚҰЛЫМЖАНОВ: – Ереке, біз опера мен классиканы ажырата алмай отырмыз. Классика мен опера - екеуі бір сөз.
Абзал ҚУАНЫШҰЛЫ, әнші: – Біз қазір нұсқа мен түрді шатастырып отырмыз. Құрметті ағайындар, нұсқа дегеніміз, ол Естайдың өз аузынан шыққан ән. Ал Ришат Абдуллиннің орындайтыны, одан кейін Шәкен Рақышевтің орындайтыны, Нұржан айтып отырған Дәнеш ағамыздың орындағаны - бұлар әннің екінші, үшінші, төртінші түрі.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Біз бағана Манарбекті тыңдап, түпнұсқасы сол дедік. Одан бері қарай Шәкен Рақышевті тыңдап, өзгеріске ұшыраған деген ой түйдіңіздер. Ілия Жақанов ағамыз айтқан әңгімені де ортаға салдыңыздар. Демек, кейінгі түрлері нақты Естайдың өз аузынан шықпаған дүниелер болып тұр ғой...
Ұлбосын ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ: – Орындалу барысында өзгеріске ұшыраған. Қайырмасын алып тастаған, жетер - шыңына жеткізбей, тынысын тарылтып айтқан. Бұл әннің өрісін тарылтады. Өзгеріске ұшыратады. Рақышев жетеғабыл айтады, дұрыс үйренбеген. Өз дәрежесінде жеткізе алмаған.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Қазір тағы бір орындаушыға назар салыңыздар.
– Іште бар жердің аты Маралды-Ұрық,
Сол елді сейіл қылдым кезіп жүріп.
Зарланып күні-түні зар илеймін,
Сол елде Құсни – Қорлан қызын көріп.
Аха-ха-ау, беу Қорланжан,
Арманым көп жалғаннан.
Қорлан, сендей жан тумас,
Туса да туар, артылмас.
Бұл ғаламда Қорландай,
Уа дариға, ләулік тас Бағдад,
Мысыр, Шың, Машын
Іздесем Қорлан табылмас.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Нұржан айтқан Дәнеш ағамыздың орындауындағы «Қорлан» – осы. Бұл да біртүрі болып тұр ғой, сіздер қалай дейсіздер?
Ұлбосын ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ: – Мәтінінде үлкен өзгеріс бар. Дәнеш ағаны бәріміз құрметтейміз, сыйлаймыз, ол кісіге жететін әнші жоқ. Дегенмен мына орындағаны «Қорланға» ұқсамайды. Жетісудың сарынына салып, шертпелеп отыр. Майлықожаның термесінен алынған сияқты.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: – Әндегі трагикалық образдар, эмоциялық дайындау мұнда жоқ. «Қорлан»– үш бөлім- нен тұратын күрделі драма, қазақтың ән өнеріндегі кесек туынды. Менің ойымша, бұл түрі «Қорланнан» өте алыстау, келіңкіремейтін сияқты.
Ақан ӘБДУӘЛІ: - Дәнеш ағамыз кімнен үйренген?
Нұржан ЖАНПЕЙІС: – Кімнен үйренгенін білмеймін. Бірақ бұл алпысыншы жылдары үнтаспаға жазылып қалған ән.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Сөзіңнің жаны бар. «Бұл ән Естайдың әні емес» деп айтуға да болмайды. Өйткені Естайдың «Тарқайды домбыра алсам, іштің шері» деп басталатын «Назқоңыр» деген әні бар. Сипаты сол әнге жақын. Сол әннің мақамымен тарауы да мүмкін.
Нұржан ЖАНПЕЙІС: – Егер бұл әнге жақсылап үңілетін болсақ, «Бір мысқал» әнінің де сарыны бар.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Осы «Бір мысқал» әнін «Қорланның» бір түріне жатқызуға бола ма?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Ол Қорланға арналғанымен, «Қорланның» бір түрі емес, жеке, бөлек ән.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Олай болса, Манарбек Ержановтың жеткізгені, кейінгі айтылып жүрген класси-калық үлгідегі нұсқасы, одан кейін Дәкеңнің жаздырып қалғаны, «Бір мысқал» - әрқайсысы жеке-жеке ән. Байқайсыздар ма?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: – Естай Қорланға «Қорланнан» басқа бірнеше ән арнаған. Бір «Мысқалдан» бөлек тағы екі әні бар. Бұлтұтас бір цикл. Елу бір жыл ғашық болған адам, өмір бақи Қорлан есінен кеткен жоқ қой...
Ұлбосын ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ: – Біздің құлағымызға бұрын-соңды естімегеннен кейін жат болып тұрған шығар. Мүмкін өзінің туындысы шығар, біз естімеген болармыз. Бірақ та «Қорлан» емес. «Бір мысқалға» шертісі келеді. Дегенмен маған Дәкең Майлықожаның термесімен термелетіп отырған сияқты.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – «Қорланды» батыс әншілік мектебіне салып, орындауға келмейді» дедіңіздер. Ғарифолла Құрманғалиев қалай айтқан?
Марат ІЛИЯСОВ: – Ғарекең батыстың стилімен орындамаған, бұл Ғарекеңнің өзінің әншілік стилі. Естай қалай шығарды, Ғарекең соны айна-қатесіз орындауға тырысқан. Ғарекең батыстың әншісі екені белгілі ғой, бірақ мына жерде батыстың мәнерін көріп тұрған жоқпын, әншінің мәнері.
Абзал ҚУАНЫШҰЛЫ: – «Батыстың әнін Арқаның әншісі айтуға болмайды немесе айтылмайды». Бұл кейбір жерлерде айтылып қалып жүрген әңгіме ғой, жасырын емес, оны осы жерде отырған қай-қайсыңыз да білесіздер. Бірақ үйренген, ізденген адамға Ғарекеңше айтуға болатынын Ғарекең көрсетіп отыр.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА: – «Қорлан» әнін Евгений Брусиловский «Ер Тарғын» операсында, Мұқан Төлебаев «Біржан – Сара», С.Шабельский мен Л.Шаргородский қобыз бен оркестрге арналған концерттерінің екінші бөліміне пайдаланған. Көп дауысты хорға да арналған. Сол себепті әнді «мынау айтпасын, анау айтпасын» деген тыйым жоқ. Бірақ біздің орындаушылық мәдениетіміздің тарихы көрсеткендей, мәселен, шығыстың әнінің топырағына, табиғатына сәйкес емес қағыстармен айту шығарманың жалпы көркемділігіне, Арқа әндерінің керемет контилендігіне, белькантоға жақын әсемдігіне қаяу түсіретіндей. Бәлки, содан кейін Ғарекең орындаған «Алтыбасар», «Екі жиренді» бүгінгі әншілер айтпайды. Қазіргі батыс орындаушылары Ғарекеңнің ізімен тура солай қайталай бермейді. Мен Ғарекеңді, Манарбекті сынайтындай деңгейде емеспін. Одан аулақпын. Біз - өзіміздің пікірімізді білдірушіміз. Менің ойымша, Ғарифолла Құрманғалиевтің айтқаны Манарбек Ержановтың орындағанынан алшақ. Себебі әндегі контилена, драма терең. Әрине, ол кісі барымен, жүрегімен жеткізуге тырысқан. Дегенмен Манарбек ағаның шырқағаны түпнұсқаға жақын.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Сіздердің әңгімелеріңізден «ән орындалған кезде түпнұсқасы өзгермесе екен» деген ниеттеріңізді түсініп отырмын. Ал Батырхан Шүкенов пен Ұлбосын Белғозиева қалай орындаған?
Ермек ЕЛГЕЗЕКОВ: – Батырханның да, Ұлбосынның да айтып жүргені – бұл қазіргі ұрпаққа насихатталып келген түрі. Көп әншілер осылай орындайды. Біреуі Батырханға, біреуі Ұлбосынға еліктейді. Бірақ бұл түпнұсқаның дұрыс насихатталмауы деп білемін. Кез келген әннің түпнұсқасын дұрыс насихаттай білу керек. Егер Манарбек ағамыздың нұсқасын Батырханға апарып, «Бәке, мынаны орында» десеңіз, ол орындап береді. Ұлбосынға да сол нұсқаны апарып, «осылай айт» десеңіз, кең қайырмасымен айтып береді. Мүмкіндіктері бар. Тек эстрадалық нұсқасы көбірек насихатталып келген. Сондықтан әнді насихаттағанда түпнұсқасына үңілу керек деп ойлаймын.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Пікірлеріңіз орынды. «Жастар әннің сөзін түсініп, оның терең байыбына барса, түпнұсқасын ұғынса екен» дейсіздер. «Ән қайдан шықты, қалай орындалып жүр, бүгінгі күнге қалай жетті, кімдердің репертуарына енді деген мақсатпен зерттей келе, әрі қарай алып жүретін болса, әлдеқайда дұрыс таралатын еді» деген ой тастап отырсыздар. Бүгін бір түсінгеніміз, Манарбек Ержановтың орындауындағы «Қорлан» – негізгі нұсқа. Қалған дүниелер – бері келе орындаушылық нәтижеден шыққан көрініс. Одан кейін көзіміз жеткені, қазақтың қай әні Қазақстанның қай шетінде орындалса да, нұр үстіне нұр. Ол үшін ізденіп, нүктесін, мәйегін табуымыз керек. Ендеше, Абзал Қуанышұлының орындауындағы толық нұсқамен танысыңыздар. – Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Табиғат қолға берген күн мен айын. Мұратқа ізденген жан бәрі жетпес, Дариға, арманым көп не қылайын. Ахау, арман, Құсни – Қорлан. Екі-ай бағлан, Екеуі туған екен бір анадан. Бозбала, қалма қапы бұл жалғаннан Жігіттің арманы жоқ сүйгенді алған. Өзіңдей боп жан тумас, Туса туар артылмас. Бар ғаламды шарықтап Уа, дариға, ләулік тас Бағдад, Мысыр, Шың, Машын Іздесем Қорлан табылмас.
Ақан ӘБДУӘЛІ: – Жанға шипа, дертке дауа болатын осындай әсем әнге әркімнің де жүрегі ынтызар. Естайдың «Қорлан» әні туралы айтылмай қалған деректер болса, хат жазып, хабарласыңыздар.
Қағазға түсірген Қаншайым БАҒДӘУЛЕТ.