Күнқожа Қайрулла. Бесқала қазақтарының әншілік өнері

МУЗЫКА
8393

Халқымыздың сонау замандардан бастау алған музыкалық мәдениеті аймақтарға қарай жіктеліп, Жетісу, Маңғыстау, Арқа, Сыр бойы, Алтай-Тарбағатай, Батыс Қазақстан ән, жыр мектептері деп аталса, Бесқала аймағындағы қазақтардың да өзіне тән әншілік, жыршылық, күйшілік мектебі қалыптасқан. 

Бесқала – тарихи атау. Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз (Бүгінгі Беруни қаласы), Көне Үргеніш қалалары ертеде Бесқала деп ортақ атаумен аталған. Кей деректерде Хиуа да Бесқаланың бірі ретінде аталады. Қазір Көне Үргеніштен басқасы Қарақалпақстан Республикасының аумағында жатыр. 

Бүгінде көпшілік Қарақалпақстан өлкесіне қазақтардың қоныстануын кешегі аласапыран, нәубет жылдармен байланыстырып жүргені мәлім. Ал Үргеніш шаһарынан жарық көрген «Хорезм тарихы» атты ғылыми еңбекте XVΙ ғасырдың өзінде Әму бойын, Бесқала аймағын қоныс етіп отырған қазақтардың болғанын айтады.  

Аталған өңірдегі қазақтардың өзіне тән тілі, салт-дәстүрі, өнері, әдебиеті қалыптасты. Солардың ішінде кең танылғандардың бірі – музыкалық мәдениеті. 

Бұған дейін аталған өңірдегі ән туындылары жүйелі түрде жинақталмай, айтарлықтай дәрежеде насихатталмай келгені белгілі. 2019 жылы осы аймаққа тән халықтық дәстүрдегі 50 әнді жинақтап, «Бесқала қазақтарының әндері» атты музыкалы-ноталық жинағымызды жарыққа шығардық. Аталған жинаққа енгізілген әндердің он шақтысы бұрын жарық көрген, қалған басым көпшілігі бұрын-соңды нотаға түспеген, баспа бетін көрмеген тың дүниелер. Әндердің біршамасы фольклорлық экспедиция кезінде жиналса, енді біршамасын жеке мұрағаттар мен ел ішіндегі көнекөз қарттардан, өнерпаздардан жазып алып, нотаға түсірдік. 

Бесқала аймағындағы қазақтардың бірлі-жарым әндері бұған дейінгі әр кездерде өнертанушы ғалымдардың еңбектерінде кездесетін. Алғаш рет этнограф, музыкатанушы ғалым А.В.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қаласынан жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» атты еңбегінде «Қойшы» әні жарық көрді. 

Араға жылдар салып, 1972 жылы музыка зерттеушісі Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» музыкалы-этнографиялық жинағында Бесқала қазақтарының бірнеше әні жарияланды. Атап айтар болсақ, «Таңжарбайдың әні», «Қалжан», «Сәулем», «Әләушан», «Еркем-ай», «Дариға», Т.Айбергеновтің сөзіне жазылған Ж.Естілеуовтің «Өтті ғой, сәулем, ай талай», «Сағынам, сәулем» сынды әндері болатын. Сонымен қатар, Ерсайын, Еділ Басығараевтардың «Қазанғаптың ізімен. Күйші Бақыт Басығараев» еңбегінде, өнертанушы Б.Тұрмағамбетованың «Қазақстанның батыс аймағындағы ән мәдениеті» монографиясында және П.Құттымұратовтың «Ақсұңқар» атты оқу құралында Таңжарбай Бәкірұлының «Бағила», Әлима Қалдыбекқызының «Әлиманың әні», Боранбай Қазанғапұлының «Бес тоспа», халық әні «Асылаужай», Сәтмағамбет Нұрмағамбетұлының «Елу үш қыз» сияқты әндері жарияланды. 

1969 жылы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты өткізген ғылыми-творчестволық конференцияда Қарақалпақстандағы қазақ ғалымы, филология ғылымының докторы, академик Ы.Сағитов: «Қарақалпақтағы қазақтар арасында небір өнерпаз шайырлар мен ақындар, әншілер мен күйшілер, жезтаңдай жыраулар болған. Олардың бірсыпырасы осы күндерде де бар. Бірақ та Қарақалпақстандағы қазақтардың ауыз әдебиет үлгілері осы күнге шейін аз жиналып келеді. Қазақстан ғалымдарынан, ғылыми қызметкерлерден бір тілек, бұдан былай Қарақалпақстандағы қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға, зерттеуге көбірек көңіл бөлінсе екен» деген болатын. Бұдан кейін де экспедициялар ұйымдастырылып, материалдар жиналғанымен, әлі күнге сол мұраларды зерттеу мәселесі кешеуілдеп келеді. 

Қарақалпақстан қазақтары арасына музыкалық мұраларды жинастыру мақсатындағы фольклорлық экспедиция тұңғыш рет 1959 жылы ұйымдастырылды. Экспедиция деп айтқанымызбен аталмыш сапарға А.Серікбаеваның өзі ғана барған болса, екінші экспедиция 1962 жылы ұйымдастырылып, Т.Бекхожина барды. Ал үшінші рет музыкалық мұраларды жинастыру тобы Бесқалаға 1977 жылы барып, оның құрамында А.Байғаскина, Б.Аманов, А.Құнанбаевалар болды. Алайда, бұл экспедициялар Қарақалпақстанды тұтастай қамтымай, Нөкіс, Кегейлі, Хожелі, Қоңырат, Тақтакөпір, Шоманай сияқты санаулы аудандарды аралады. 

КСРО кезінде аталған өлкеге соңғы жасалған музыкалық экспедиция 1982 жылы жеке адамдардың тарапынан ұйымдастырылып, журналист Е.Сафуанов пен өнертанушы ғалым Б.Қарақұлов барған болатын. Содан кейін қырық жылға жуық уақыт өткенде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының экспедициясы біршама мәліметтер жинап қайтты.

Біз де Қарақалпақстан қазақтары арасына 2013, 2015 жылдары арнайы сапармен барып, бұрын-соңды белгісіз болған музыкалық мұралар мен орындаушылар туралы деректерді жинастырдық. Сонымен қатар, елімізге оралған қандастар арасындағы көнекөз қариялар мен өнерпаздардан құнды материалдар жазып алдық. Жоғарыда аталған жинағымыз осы экспедициялар мен жеке жинаған материалдарымыз негізінде жазылып, жарияланды. Ал, ол аймақтағы әнші-композиторлардың өмірі мен шығармашылығы Қ.Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» монографиясында, Қ.Аралбаевтың «Бесқала өрнектері» кітабында, сонымен қатар, осы мақала авторының «Жыр киесі қонған жер» атты ғылыми-танымдық еңбегінде біршама сөз етілген болатын. 

Аталған аймақта әншілігімен аты мәлім болған тұлғалар туралы деректерге сүйеніп айтар болсақ, Лепес (1861-1927), Амантұрлы (1872-1938), Дариябай Төребайұлы (1876-1932), Таңжарбай Бәкірұлы (1872-1926), Жұмабай Қалдыбайұлы сияқты т.б. халық композиторлары мен әншілер өмір сүрген. Әрине, олардың өмірі мен өнеріне қатысты деректер аз болғанымен, кейбірінің біршама әндері сақталып, бүгінге жетіп отыр. Олардың жолын жалғастырғандардың ішінде Жақсылық Мамытұлының (1899-1961) орны ерекше. Олай дейтін себебіміз, Жақсылық ұстаздарынан үйренген әндерді орындаумен ғана шектелмей, өз жанынан да көптеген әндер шығарған. 

Бесқала қазақтарының музыка тарихын сөз еткенде ұстаз-шәкірт жалғастығын ерекше атап өткеніміз жөн. Жоғарыда аталған Дариябай мен Таңжарбайдан Жақсылық Мамытұлы өнеге көрген. Ал, Жақсылықтан Жұмағали Әлиев, Бағымбай Жақсымұратұлы, Атаубай Мәмбетұлы, Төребай Құрбановтар үлгі алса, Жұмағалиға Әскербай Нұрқожаев шәкірт болды. Сонымен бірге, Бесқаладағы әншілік өнердің ірі өкілдері – Аймұрат Әбдімұратұлы, Мұратбай Шоңқараевтардың мұраларын шәкірттері Оралбек Сәдуұлы, Сәтмағамбет Нұрмағамбетұлы, Мінәжатдин Өтемұратов, Сыражатдин Абдуллаев, Ілияс Кәрібаев, Тоты Серғазиева, Сұлупан Сұлтанова сынды өнерпаздар дәріптеп келеді. «Ақын-жыраулар» атты энциклопедиялық анықтамада Ысқақ Орынбаев, Жақсылық Төлепов, Наурызбек Нұржаубайұлы, Қарлыбай Қалжанов сияқты әнші, жыраулар да Қарақалпақстан жеріндегі халық композиторларының шығармаларын ел ішіне таратушылар ретінде көрсетілген. Бесқалалық өнерпаздарда өнердің біртұтастығы, яғни синкреттілік жақсы дамыған. Аталған өнерпаздар әншілікпен бірге жыршылық, күйшілік өнерді де қатар алып жүрген. 

Бесқала қазақтарының әншілік өнерін жалғастырушы бүгінгі жастарды атағанда, Қолқанат Құдайбергенов, Сәбит Шектібаев, Жанқожа Аяпов, Жеңіс Елемесов сияқты жас әншілерді атағанымыз абзал. 

«...Қарақалпақ, түрікмен жерлерінде тұратын қазақтарда дәстүрлі жанрлардың басқа түрлері орындалғанымен батырлар жыры ерекше орын алады» деп музыка зерттеушісі Т.Бекхожина айтқандай, Бесқала қазақтары философиялық, дидактикалық сарындағы туындылар мен көлемді эпостарға көбірек ықылас қойған. Бұл ерекшелік аталған өңірдің әндерінен де көрініс тапқан. Қарақалпақстандағы қазақтардың ән мұрасында лирикалық шығармалармен қатар, философиялық, тарихи туындылар да кездеседі. Бесқала қазақтарының ән өнерінің дамуына, насихатталуына әншілер ғана емес, ақын-жыраулар мен күйші-домбырашылар да көп еңбек сіңірді. Мұндай үрдіс еліміздің барлық аймақтарында кең тараған болса керек, кезінде бұл жөнінде академик А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегінде: «Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде әннің дамуында жыршылар да үлкен рөл ойнады» деген болатын. XІХ-ХХ ғасырлардағы ақын-жырауларды айтпаған күннің өзінде, қазіргі замандағы жыршылар – Қарасай Әбдімұратұлы, Жайылхан Қаратаев, Өсербай Сәрсенбайұлы, Еркінбай Бабақұлов, Сәрсенбай Рахманбердиев, Қоныс Жүсіпов, Ренат Бекжүрсінұлы, Жақсыбек Барлыбаев, Жангар Мәмбетназаров тағы да басқалардың репертуарларында әндердің көп болуы сөзіміздің дәлелі. Ал Қошқар Ахметов (1897-1970), Наурызбек Нұржаубайұлы (1931-1994), Қарасай (Қалқабай) Әбдімұратұлы, Оразай Тұрғалиұлы т.б. жыршы-жыраулар әнді насихаттаумен ғана шектелмей, өз жандарынан да әндер шығарған. 

Кейінгі жылдардағы ізденістердің нәтижесінде көптеген халық әндері мен аталған аймақта ертеде өмір сүрген Дариябай, Жақсылық, Қалмұрат, Қошқар, Таңжарбай сынды композиторлардың әндері табылып отыр. 

Бесқала әндерінің жоғалып кетпей сақталып қалуына күйші-домбырашылардың да зор еңбегі бар екенін жоғарыда айттық. Мысалы, Жұмалы Ембергенұлы, Биман Кенжебаев, Молдағали Балымбетов, Тоғайбай Бейсембіұлы, Абылай Шәукеев, Бақыт Басығараев тағы да басқа өнер иелері өз репертуарларында әндер мен ән-күйлерді берік сақтап, бүгінге табыстады. 

Халық әндерін, халық композиторларының шығармаларының сақталып қалуында ел ішіндегі қазыналы қарттарымыздың да үлесі көп. Қарасай Сатыбалдиев халық әні «Ақкенже», Қайырмақол Қалмұраттың «Қайран» әнін, Байрам Арзиев «Ысмаханның ән-күйі», «Оразбайдың ән-күйі» сияқты туындылар мен ертедегі халық өнерпаздары жайында тың мәліметтер жеткізіп отыр. Біз үш-төрт рет кездесіп, әңгімесін тыңдаған белгілі әнші Бағымбай Жақсымұратұлынан «Әләушан», «Асылаужай» сынды халық әндері мен «Күлпан», «Ән басы», «Көк айна» сияқты авторлық әндерді жазып алған болатынбыз. 

Бесқала жерінен бұрын-соңды белгісіз болып келген көптеген әндердің әлі де табылатыны сөзсіз. Батыс Қазақстанда өзіндік мектеп қалыптастырған Мұхит Мералыұлының бұрын-соңды беймәлім болған «Мұхит салмын» әні де, «Мұхиттың ән-күйі» де Қарақалпақстан қазақтарының арасынан табылды. 

Алдағы уақытта да Бесқала қазақтарының талай әні нотаға түсіріліп,  ол жердегі әншілердің шығармашылығына, өмір жолына қатысты ғылыми-танымдық еңбектер жазылатынына және ол музыкалық мұралардың еліміздегі үлкен сахналарда орындалып, ұлтымыздың рухани әлемін байытатынына сеніміміз мол. 


Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық

консерваториясының оқытушысы 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...