Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында 20...
«Сағым жылдар», «Күрең күз» әндерінің композиторы Гүлнәр Дәукенова қайтыс болды
Танымал әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композиторлар одағының мүшесі Гүлнәр Дәукенова өмірден өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы"
Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, режиссер Асхат Маемиров Facebook парақшасында мәлім еткендей, Гүлнәр Дәукенова Алашын өміршең әндерімен, көкейкесті күйлерімен тербеген әнші-композитор еді.
Халық арасына кеңінен танылған «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдір сезім» секілді көптеген әндердің авторы Гүлнар Дәукенованың туындылары да өзінің жан дүниесі секілді шынайылыққа, сыршылдыққа, лиризмге толы болатын. Ширек ғасырдан астам уақыт ұлттық музыкамыздың қара шаңырағы – Құрманғазы оркестрінде еңбек етті. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста үлкен толғаныстан туған «Жасай бер, Қазақстаным!» күйі көптеген оркестрлердің репертуарының алтын қорына енді. Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген Гүлнәр Дәукенова өмірде кішілік пен кісілікті, адалдық пен мейірімді, адамгершілік асыл қасиеттерді ту етті. Көптеген әндері марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды. Халық әртістері Н.Нүсіпжанов, Р.Рымбаева, М.Жүнісова және А.Қосанова, Г.Дәуірбаева, М.Түсіпбаева, А.Иманбай, Г.Оразымбетова, А.Керімбекова, Мирас пен Құралай, «Жігіттер» квартеті, «Кешью» топтарының репетуарынан Г.Дәукенованың әндері берік орын алды. Өнер әлемінде өзіндік орны, өз биігі бар Гүлнәр Дәукенова Үржардың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, Шығыстың шынары атанды. «Гүлнәр әпке ақжарқын жеңгеміз, Ақ Жайық өңірінің сыйлы келіні еді.
Тағдыр қосқан серігі Донеділ Қажымов та – елімізге танымал әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді бабаларымыз, Донеділ ағамызға қайғырып көңіл айтамыз. Қош болыңыз, шыңдағы шынар сынды Гүлнәр әпке, Гүлнәр жеңеше! Сағым жылдардың ішінде Сізді сағынған шақтарда, әр қазақтың жүрегінде Сіздің әндеріңіз жүретініне сенемін! Иманыңыз жолдас болсын, аяулы Гүлнәр жеңеше, Гүлнәр әпке!» - деп жазды Асхат Маемиров.
Гүлнәр Дәукенованың дербес парақшасына өтіңіз