8 шілдеде қазақ аспаптық этно-рок тобы Уфа амфитеатрының сахнасында «Фольклориада жүрегінде&ra...
Сұраған Рахметұлы. «Қазына-ай!» әні
Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек... Бұған...
-Шәкәрім
Қазақтың қара өлеңі – қандай керім! Сұлулыққа сұқтану һәм махаббаттың ғаламатына ессіз байлану, не бір құлпырған тосын теңеулер мен жүректің сиқырлы сырларына шому! Ра (рия) тәңірияты, сезімдегі көк үйірімдердің жәуһерлі сағасынан еңірей қашқан ереке сыңғыр бұлақ, ең ыстық көз жасы секілді ең нәзік тұма іспетті! Мұндағы ішкі мұңырау бұлқынысты толғаныстардың мэнуеттік сұлбасы көз алдыңда елестеп өтетіндей! Пигмалиондық Галатея сезімнің күші – қазақтың қара өлеңінде қисапсыз көп! Кез келген шумақтардан бұршақтап жауған сағыныштар лебі сезілмек! Әсіресе Шыңжаңдағы Өр Алтай, Іле, Тарбығатай, Көктоғай, Шіңгіл, Құлжа өңірлерінің өз-өз сүмбіл табиғатынан жұққан боз сүңгі әндерінен мәуелі тал қайың, қарағай, таудың аршасы мен даланың жусан жуасының сеңгірең иісі аңқып тұратыны бір керім дүниелер! Бұған... (Шәкәрім) – «Өскен Ел», «Шіңгілім», «Сұлубайдың әні», Бүркітбайдың әні «Ой, Қайша» т.с.с. ғажайып әуендер түрені қосылады. «Қазына-ай» – әуезі айырықша мәнімен солардың бір шөкім бөлігі. Көзден – жүрекке жазылып даланың самалды лебімен күн өткен сайын ұлғайып, ұрым жұртты ұшықтаған үшбу құсни құдыреттер! Фредерик Франсуа Шопеннің (Fryderyk Franciszek Szopen) музыка әуені мен психологиялық жұмбақты уаһиқаттық кереметтеріне бек ұқсас үндер! Жұмекен Нәжімеденов: «...Өзіңді аялатқан, өкпелеткен, Алыстап кеттік қой біз көк теректен. Терек тұр бояуымен баяғы көк, жастықтың адастырмас маягі боп...». Шырқаулар аллитерациясы осылайша заулап жалғаса береді! «Көздің құртын суарған әйел аппақ киік қой, жанарыңмен аймалап, жүрегіңмен сүйіп қой...» – деген тың тосын және шын қарапайым да назды тіркесті Бауыржан Шормақ деген бедерлі бек лирик ақын жазыпты. Осы қос ақынның көкірегіндегі – «Қазына-ай» бояулары өзінше бір нотадағы тұныған бейәуез секілді!? Әрине осы бір тәңіри мұңлы жамалы қаз қаңқылына ұқсас – «Қазына-ай» әні үлкен толғаныс – үздіккен симфонияның алпыс неше тамырлы дыбыстары мен жетіден жетпіс жеті октавалы саңқылдары фортепианоның арпалысқан ырғақты үнімен ұштасып ен шексіздікке шейін ышқына естілетін есе күрделі кең тынысты, асқақ әуен-ария, ширақ аллегоролар орамы сықылды!? Шөліркеп жүрген боз бөкендей жандүниеңді ән нөсеріне малшындырады. Ол, тек ұлттық бояуға малынып, жыртық бұлттарды жамылып тұрған тәкәпар мыртық шыңдардың айдынға басын батырған қырау майсаң сүгіретінің тілкімдей жұрқымы, бізге ғана тән құбыл үні... Ай дидарлы даланың көлеңкесі мен шұғыласынан мұңлы ду жұқтырған атақты ақын Қуаныш Дәлейдің «Қойдың иісі» өлеңі бар: «...қойдың иісі, таудың иісі... жер лебі – соңғы үміттің сәулесі ме ең мендегі!?...» дейтін! Сол бір мыңғырған ақтылы қойлар өрген төр жайлаудың нақты жұпар иісі – «Қазына-ай» да бар! Бір ғана домбыраның тоғыз пернесі мен қос ішегінен құйылған құбылысты құба самал үндердің ең түбінен құлаққа жағымды жағымен қалатыны – ескі елес сарынның мәңгі ескірмейтін елеңи жаңа үзіктері! Бұндай толғаныс тіптен классикалық керемет әннің тауыриһаты мен тағдыры (ғұмырнамасы) қайда һәм қайдан келді!? Өр Алтайдың сұл сүмбір-сүмбір тауларынан еңкілдей ескен аруана бұлттардың бауырындағы бұлақтардың күмбірінен тамған тамшыдай, таң сафы лағыл әнінің сөзі мен сазы, маңдайыңдағы құс жолында көлбеген уызтеңді озаны – «Қазына-ай»... Бұл әйгілі әннің авторы: руы – жастабан Сабырбайұлы Жұмахан деген кеудесіне бозторғай ұялаған азамат екен... «Жас күніңде – Қазына-ай қандай едің, өзің теңдес қыздардың маңдайы едің...», Ей Қазына-ай, жазғы таңның азын-ай, үріккен аққу қонбайды қайта айналып сазына-ай!». Неткен ғаламат бұйра бұйырғынды, қуаң сағымды бұла туынды!? Буылып, тылсымға булығып оянасың! Мұнар таң қылаң тыныштығын айқара жамылып жатқан ала жауһарлы алып шоқылардың уысында тұнған уыз үн – руы молқы Артықбайқызы Қазына сұлудың жамалына арналған ән – ария! Бұл әнді мен неше жыл бұрын Шіңгілде Қ.Тілеубек деген әншінің (орг) айтқанымен тыңдаған едім. Қазақтың бүткіл ғашықтық әндері үндес келетіні өрескел өрімді, әрі келісті керім! Мысалы, Баймырзаның баласы Балуан Шолақтың (1864-1919) баянсыз махаббатынан ән болып қалған «Ғалия» – Ғалия Тілеуқызының (1874-1922) рухына өшпестей сомдалған ән – ескерткішінен кем емес керемет әуез секілді. Мұнда: «...Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын, бүйте берсең діңкемді құрытарсың. Қиюадан қосылған Ғалияжан, қай қылығын қалғаның ұмытарсың...». Қазақтың хас таланты Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913) «Балқадиша» әнінде: «...Басынан Жыландының құлағаным, кекілін кер бестінің сылағаным. Кетті деп Балқадиша естігенде, құшақтап құс жастықты жылағаным. Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол, шапанға ширатпалы жібек бау бол. Атадан артық туған Балқадиша, Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол...». Ендеше ХХ ғ. берген «Қазына-ай» әні қазақтың ән қорындағы алтын қазына!
…
Пайдаланылған фото мен кескін Facebook парақшасы мен Youtube арнасынан алынғанын ескертеміз.