«Қайың сауған»Ол кезде иісі қазақтың қысқа қарай ірге түйістірер жері Сырдария, Шу өзенд...
СЫБЫЗҒЫ САРЫНЫ
Мүсайф Хұсайынұлы – Бай-Өлке аймағындағы алғашқы кәсіби композиторлардың бірі әрі дәулескер күйші Хұсайын бақсының ізін жалғаушы. Осы өңірде тұңғыш опера, кантата, балет т.б музыка жанрында көлемді шығарма жазған. Және тарихта тұңғыш рет сыбызғы ансамблін құрған. Назарларыңызға өнер иесімен болған сұхбатты ұсынамыз...
– Өнер ұлтқа бөлінбейді. Музыка – жалпы адамзатқа тән, адам сезімінің тылсым тілі деп жатамыз. Бірақ, қазақ музыкасында әлі де болса мұң, шарасыздық, жігерсіздік басым секілді. Жалпы, біздің музыкада еркіндік, азаттық бар ма?
– Қазақ музыкасындағы шарасыздық, жігерсіздік басым деген ұғымға мен қосылмаймын. Қандай бір ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы өз мәнінен ажырауы мүмкін емес. Тек белгілі бір уақыт деңгейінде кезігетін көлденең әсердің салдары оның өзіндік қадір-қасиетін бәсеңдетуі мүмкін.
Ал еркіндік, азаттық қазіргі музыкада, әсіресе ән саласында – шексіз. Қазіргі кезде ғаламдасу бағытындағы ұлттық музыка өнерімізді әлемдік деңгейге көтеру мақсатында кәсіпқой сазгер, музыканттар біршама нәтижелі іс атқаруда. Бірақ бұл аздық етеді. Себебі, қазір бір кездегі өнер, мәдениет саласындағы көркемдік кеңес сияқты тексеру, бақылау ісі әлсіз болғандықтан, әнге бейімі бар екінің бірі екі-үш нотадан құралған ән шығарып композитор болып жүр. Ал, сол әнді орындаған әнші сөзі әніне үйлесе бермейтін әуенді бестен он-онбес ретке дейін қайталап, сахна мәдениетінен жұрдай күйде орындап шығады. Көрермен (әсіресе жастар) оның әні емес әлгі есірік қимылына еліктейді. Кейбіреуі көзін жұмып, басын шайқап әлгі әншіге ұқсағысы келеді. Міне осы әрекет дәстүрлі музыка өнерімізді әлсіз, жігерсіз етіп көрсету ұғымын туғызуда.
Бір кездері Шәмші Қалдаяқов, Латиф Хамиди, Сыдық Мұқаметжанов, Садық Кәрімбаев, Бәкір Тәжібаев, Әсет Бейсеуовтардың әндері бір тыңдағанда көңілге қонып, екі-үш рет тыңдағанда жатталып, есте сақталып қалатын. Ал қазір күнделікті сахнадан, теледидардан әлде неше рет тыңдаған әндер есте қалмайды. Халық әндерімен жоғарыда аталған авторлардың әндерінде ішінара қайырмасы бір рет, кейде өте сирек екі рет қайталайды. Ал қазіргі көп қайталау басқа жаққа шектен тыс еліктеуден туындаған көрініс. Бұл әрекет біртіндеп дәстүрлі музыка өнеріміздің құрылымын, орындау ерекшелігін теріс ағымға апаратын аса қауыпты құбылыс болып шығуы мүмкін.
– Қазақ музыка тарихында алғашқы болып сыбызғы ансамблін құрдыңыз. Ұлы сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы, Кәбетай Уатханұлы, Жұмайхан Ташынұлы секілді дәулескер күйшілермен үзеңгі қағыстырып қатар жүргеніңіз тағы бар. Қазіргі сыбызғышылардың дені башқұртша «ысқыратын» тәрізді. Қазақтың сыбызғы тартуының сан-қилы әдіс-тәсілдері бар, соның бірі көмей қосып қоңырлата-балбырата тартушы еді. Сыбызғы сазына етене сырбілгі музыкант ретінде пікіріңізді білсек?
– Бақытбек, дұрыс айтасың. Сен атаған сыбызғышылар осы өнердің ұлы өкілдері еді. Бертінде бұл өнерді әлемдік деңгейге дейін көтеріп насихаттаған –
Кәлек Құмақайұлы. Ал сол сыбызғы күйлерін нотаға түсіріп, жинақтап, оркестрге өңдеп дайындауға елеулі еңбек сіңірген адам Қабыкей Ахмерұлы ағамыз болатын. Сыбызғы өнері Алтайдың күнгейі мен теріскейіндегі (Шыңжаң-Баянөлгей) қазақтарының арасында кең тараған аспап. Соның ішінде Баян-Өлгей қазақтарының сыбызғы күйінің орындау ерекшелігімен құрылымы сол көне дәстүрді сақтап орындауда. Қазіргі сыбызғышы сазгерлердің сол көне құрылымнан ауытқымай күй шығаруы сыбызғы өнерінің байырғы үрдісінің қаймағы бұзылмай сақталғандығының белгісі.
Ал ысқырып ойнау Қазақстанда соңғы кезде туындаған. Сыбызғыны басқа аспаптармен қосып ойнайтын жағдайда көмей қосып орындау дыбыс тазалығын сақтамайды деген атүсті, негізсіз туындаған пікірге байланысты бір-аз уақыт ысқырып ойнау үрдісі жалғасқан-ды. Бұлай ысқырып орындау қазақтың сыбызғы аспабының дәстүрлі орындау ерекшелігін жете түсінбеушіліктен, әрі басқа ұлттың сыбызғы тектес аспабымен (қурай секілді) салыстырып туындаған жаңсақ ұғым болатын. Біртіндеп түзелетін болу керек...
– Әкеңіз Құсайын Малшыбайұлы – Алтай-Қобда бетіне аты мәшһұр бақсы әрі дәулескер күйші болды. Естуімше 30-ға жуық күйі таспаға және нотаға түсіпті. Бірақ, бір «Кенжетал» күйінің аңызы әртүрлі айтылып жүр. Жалпы әкеңіз Құсайынның шығармашылығы жайлы толығырақ айтып берсеңіз?
– 1960 жылдың күзінде әкем Құсайын Малшыбайұлының орындауында 49 күйді үнтаспаға түсірген едік. Театрда істеген кезімде бұл күйлерді нотаға түсіруге уақытым шектеулі болды. Кейін қол босаған кезде отыздан астам жыл сақталған үнтаспаның жартысына жуығы жарамсыз болып, тек 26 күй ғана нотаға түсірілді. Мұның сыртында ертеректе әкемнің өзі орындап нотаға түсірілген бірнеше күймен барлығы 30 күй қазіргі баспада жатқан «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» жинағына енді. Мұның сегізі әкемнің өз күйі.
Құсайын Малшыбайұлы (1904-1958) дәулескер күйшілігімен де, көріпкел бақсылығымен де Алтай-Қобда қазақтарына ғана емес сол өңірде өмір сүрген басқа ұлттар арасында да беделді, танымал өнерпаз болды. 60-тан астам халық күйлерін шебер орындап, өзі он шақты күй шығарған күйші-сазгер. Өкінішке қарай, ол орындаған авторлық және көптеген халық күйлерінің аз мөлшері ғана нотаға түсіріліп, оркестрге өңделіп, баспа бетінде жарияланды. Сен айтып отырған «Кенжеталмен» қатар, «Менің арманым», «Озатжорға» сынды күйлерімен өзі орындаған «Сары өзен», «Жаяуделдал», «Телқоңыр», «Балжинкер» секілді халық күйлері әр жерде халық аспаптар оркестрінде орындалып, халық арасында кеңінен насихатталды. Тіпті, «Кенжетал» күйі Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, Алматы облыстық А.Сүйімбай атындағы филармонияның М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрімен көне аспаптар ансамбльдерінің тұрақты репертуарына айналды десе де болады.
Кезінде әкеміздің шығармашылығы жайында Х.Төлеухан, Т.Ысқақ «Баян-Өлгий музыка мәдениеті», С.Қарсыұлы «Күй керуені», Кәп Құмарұлы - Құсайын бақсы «Шалқар газеті», Мұсайып Хұсайынұлы «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра күйлері», «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» сынды баспасөз беттерінде, жинақтарда жарық көрді...
- Ал «Кенжеталдың» тарихы туралы не айтасыз?
-«Кенжеталдың» тарихына келсек оның халық арасына кең таралуымен қатар, тарихыныңда бірнеше түрі пайда болды. Құсайын бірде суға кетіп бара жатқанда қолына ілінген бір талдан ұстап аман қалып, содан «Кенжетал» күйін соған арнапты-мыс деген сияқты... Бұл шындыққа жанаспайды. Менің әкем суда еркін жүзетін. 9-10 жастар шамасындағы мені мойнына міңгізіп алып, суға жүзуді үйреткені бар. Бұдан оның суға кетіп тал қармайтындай адам еместігі түсінікті шығар деп ойлаймын. Ал «Кенжеталдың» нақты тарихы: 1949-50-жылдары Шыңжаңда революция дүрбелеңі белең алған кезбен байланысты. Алтай аймағынан отбасы бала-шағасын тастап, Оспан батыр Сіләмұлының сарбаздарына ілесіп кеткен адамдарды кері қайтару үшін Моңғол үкіметінің арнайы тапсырмасымен барған Құсайын Малшыбайұлы қолға түсіп, түрмеге жабылып, көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріп, әйтеуір ақыр соңында құтылып шығады. Онда Оспан сарбаздарының Ителі елулігін әкемнің кенже інісі Әбіл Малшыбайұлы басқарған екен. Осыларға қосылған соң оларға мән-жайды түсіндіріп, үй-іш, бала-шағасына қайтуға көндіреді. Олардың күзет кезегі келген түні ағайын туыс 53 кісі кері бұрылып қашып кетеді. Артынан қуған қуғыншы, алдынан шығатын тосқауылдан сақтанып, әкемнің жас кезінде жортуылда жүргенде паналап жүретін «Кенжетал» деген ну орман, жыныс талдың ішіне кіріп аттарының тілін байлап (тілі байланған ат пысқырып, кісіней алмайды екен) бір күн жасырынып жатып, бір тай шығыны жоқ аман-есен Сарсүмбеге (Қазіргі Алтай аймағы) оралып, әкем елге қайтыпты. Елге оралған соң көңіл күйі орнығып, ағайын-туыс, бала-шағасымен қауышқан әкем: - «бір кездері кіндік қаным тамған мекенім, басыма қиыншылық түскенде пана болдың» - деп Кенжетал мекеніне арнап осы күйді шығарыпты. Бұл күйдің аты жоқ әкемнің күйі деп тартып жүретінбіз. Кейінде жоғарыдағы 49 күйді үн таспаға жазып отырған Хабидолда Тастанов (Қазақстаннан Өлгийге оркестр құруға келген музыка маманы) осы әңгімені естігенде әкеме қарап: - Ақсақал осы күйіңіздің аты «Кенжетал» болса деген ұсынысын айтады. Әкем де қолдап, содан бері «Кенжетал» күйі аталып кетіпті.
2009 жылы бала кезден бірге өскен досым Сейіт Жұмажанұлымен Алматыда Қазақстан ұлттық телеарнасында «Қазақтың 100 күйі» хабарында кезіктім. Ол маған ақын Тілеген Шоқанбайұлының «Кенжетал» туралы поэма жазылған «Желкен» (Өлгий – 2008-ж.) деген өлең, жыр, дастан, шежірелер кітабын беріп кетті. Кітаптан «Кенжетал» поэмасын оқып қатты толқыдым. Бірақ, күні бүгінге дейін авторға деген ризашылығымды жеткізе алмай жүрмін.
– Бір кездері Л.Хамиди, А.Жұбанов қатарлы алыптардан тәлім алдыңыз... Ұстаздарыңыз жайлы есті естеліктеріңізбен де бөлісе отырсаңыз?
– Жоғарыдағы сен айтқан ұстаздарым шынында қазақ музыкасының алыптары еді. Б.Сарыбаев ұстазымнан халқымыздың ұмыт болып бара жатқан көне аспаптары саз сырнай, шаңқобыз, кепшік, үскірік, тастауық, жетіген, асатаяқ, тұяқтастар сынды аспаптардың сырын етене білдім. Соның нәтижесінде 1989-жылы Баян-Өлгий аймағында алғаш рет «Сыбызғы сазы» атты көне аспаптар ансамблін ұйымдастырып, құрдым. Арада 30 жылға таяу уақыт өткен соң 2017 жылы Баян-Өлгий аймақтық М.Хұрманхан атындағы Музыкалық-драма театрында шығамашылық кешім өткен еді. Сол кеште өзім құрған «Сыбызғы сазы» ансамблінің алғашқы тұсаукесер концертінде орындалған «Бозіңгеннің бүлкілімен», ансамбльге қосылып сыбызғымен орындаған «Арбиан қоңырды» тыңдаған көпшіліктің қошеметін көріп толқығаным сонша, көзіме келген жасты да байқамаппын. Өнердің ләззаты деген осы болса керек.
Маған полифониядан дәріс берген ұстазым – Латиф Хамиди өте кішіпейіл адам еді. Латекең ұстазымнан алған бір жылдық тәлімім алғаш рет аймағымызда 1991 жылы «Керім-ау, айдай» операсын жазуыма жол сілтеген еді.
Ал Ахмет Жұбанов қазақ музыкасы тарихынан дәріс берді. Ахаңның сабақ кестесі бойыша сабақ өткізуі сирек болушы еді. Мәскеуге, одақтас республикаларға, шетелдерге әртүрлі пленум, конференцияларға іссапарлап жүретін. Ал Алматыда болған кезінде әр жерде кездесу, мәжілістерге баратын. Бірде мен Ахаңа: Мен сізден көбірек үйренгім келеді - дедім. Сонда ол кісі: – Дұрыс айтасың, менің тұрақты дәріс өткізе алмайтындығымды меңзеп тұрсың ғой. Егер қарсы болмасаң кешкі уақыттарда бір уақыт бірге тұрайық деді. Мен қуана келістім.
Дачада бір кресло, бірнеше орындық, үлкен қара роял және оның үстінде Динаның домбырасы тұратын. (Оны Динаның өзі Ақаңа беріп кеткен екен). Ахаң кешкісін жұмыстан келген соң домбырасын қолына алып, жайлап бір күйді бірнеше рет қайталап тартатын. Шәйдан кейін осы күй жайында оның авторы, шығу тарихы, құрылымы және оның музыкадағы орны туралы тамаша тәпсірлеп бернетін-ді. Өзінің бір тең құрдасымен кеңесіп отырғандай әңгімелеп беретін еді. Осылайша ұстазым екеуміз 27 күн бірге тұрдық. Бұдан соң ұстазым Францияға халықаралық конферанцияға кетті. Мен жатақханаға кеттім. Осы 27 күнде мен үшін қазақ музыкасы ғана емес, қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, ұлттық болмысы, музыка өнері туралы түйгенім –маған өмір бойы азық болып келеді...
–«Алтай-Қобда қазақтарының домбыра күйлері» атты еңбегіңізді жазып біткеніңізді естіген едік. Бірақ, Қ.Кәлек, А. Қабыкей тәрізді күйші-композиторлар әлі елеусіз келеді. Неге деп ойлайсыз?
– Оның рас. Мұның өзіндік себебі бар. «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра күйлері» кітабына бұрын-соңды әр жерде орындалғанымен баспа бетінде жарияланбаған күйлер енгізілген. Бұл кезде А.Қабыкейдің авторлық және өзі орындаған домбыра күйлері, Қ.Кәлектің авторлық және өзі орындаған сыбызғы күйлері А.Қабыкейдің 1976-жылы басылған «Баян-Өлгий қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» атты жинағында толық қамтылғандықтан «Алтай-Қобда домбыра күйлері» жинағына бұлардың күйлері енбеген. Одан басқа да себептер бар шығар, кім білсін, қарағам...
– Шын өнерге сенсация, жаңалық деген түсініктер жүрмейді. Өнер туған кезде-ақ жаңалығымен, қадір-қасиетімен бірге туса керек. Сондықтан да шын өнер айқай-сүреңді суқаны сүймей тұрады. Дейтұрғанмен, ұлт руханиятына 300 күйді құя салу, оны қайтадан жүйелеп шығу оңай болмаса керек-ті. Мүке, елге айтар ақжолтай жаңалығыңыз бар екен, сол туралы айта кетсеңіз?
– 2016 жылдың соңын ала бір күні Акан Оңғарұлы Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу Институтын басқаратын азамат әкесімен бірге біздің үйге келді. Ол менің күй саласындағы ізденістеріммен «Алтай-Қобда добыра күйлері» кітабым туралы айта келіп, жалпы Моңғолия қазақтарының ілгерінді-кейінде баспа бетіне шыққан және әр кездері нотаға түсірілген домбыра, сыбызғы күйлерінің толық жинағын жазуға қолқа салды. 2011 жылы Алматыда басылған 101 авторлық және халық күйлерін қамтыған «Алтай-Қобда домбыра күйлері» кітабым, баспаға әзір тұрған осы жинақтың 69 күйді қамтыған «Шыңырау» атты екі кітабым, 1976-жылы Өлгийде басылған А.Қабыкейдің «Баян-Өлгий қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» жинағы, ілгерінді-кейінде газет, журналдарда басылған күйлер мен жекелеген авторлардың 10-20 күйлерді қамтыған шағын жинақтары және нотаға түсірілмеген үнтаспа, аудио дискіде жазылған 100 ге жуық домбыра, сыбызғы күйлері бар еді. Осыларды ойластыра келіп бұл жинақты дайындауға келістім. Сонымен Акан Оңғарұлы екеуміз Баян-Өлгий қазақтарының домбыра, сыбызғы күйлерінің толық жинағын жасауға уәделестік. А.Қабыкейді кітап авторлығына қосып «Алтай-Қобда домбыра және сыбызғы күйлері» атты жинақты шығаруға кіріскен едім.
Бұл жинақтың бір ерекшелігі – өткен ғасырда өмір сүрген атақты күйші сазгерлер Өсерхан Сағынбайұлы, Құсайын Малшыбайұлы, Хұмар Сағынғанұлдары мен Алтайлық (Шыңжаңдық) Тайыр Белгібайұлы, Солтаншәріп Аңсатыұлы, Дәулет Халықұлдарының және орта буын күйші-сазгелер Қабыкей Ақмерұлы, Кәлек Құмақайұлы, Тұрымтай Мүсірбайұлы, Сейіт Жұмажанұлы, Райқан Мұқамбетұлы қатарлы күйші-сазгерлердің орындауында 143 авторлық және халық күйлерін қамтыған 4 аудио диск кітаппен бірге басылып шықпақ.
Сонымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Ғылыми кеңесінің ұсынысы негізінде, «Халық қазынасы» Ғылыми-зерттеу Институты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 4 бөлімнен тұратын 321 домбыра, сыбызғы күйлерін қамтыған «АЛТАЙ-ҚОБДА ДОМБЫРА ЖӘНЕ СЫБЫЗҒЫ КҮЙЛЕРІ» атты жинақтың 2018 жылдың екінші жартысында басылуына әзірлік жасалуда. Бұйырса, дайын болғанда таныстырылып, өз бағасын ала жатар...
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бақытбек Қадырұлы