Жаяу Мұсаның тағдыры

МУЗЫКА
11842

Атақты әнші, ақын, халық композиторы Жаяу Мұса Байжановтың қазақ музыка мәдениетінен алатын орны ерекше. Ол - ән-өлеңдері арқылы өзіне дейін қалыптасып, дамыған ұлттық әншілік дәстүрді жалғастырумен қатар оны жаңа түр, соны көркемдік мазмұнмен байытып, қазақ музыкасына көптеген шығармашылық жаңалықтар әкелген дарынды әнші-композитор. Жаяу Мұсаның өмір шындығынан туған, көркемдік дәрежесі жоғары музыкалық образдармен сомдалған туындылары халықтың ән өнерінің шоқтығын биіктете түсті. Халық талантының тарихта аса ардақталып аталуында азаматтық, күрескерлік, ақындық қасиеттерінен асыңқырап түсіп жататыны біздіңше – музыкалық дарыны мен композиторлық тіл өткірлігі. Композитордың асқақ азаматтық рухтағы әндері қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына асыл қазына болып қосылды.

Жаяу Мұса шығармалары шындықты жырлаудың айшықты үлгісі болып табылады. Өмірі патша әкімдерімен, бай-феодалдармен күрес-тартыста өткен халық композиторы қазақ ән өнеріндегі демократиялық бағыттың өкілі болды. Ол өз шығармаларында еңбекші елдің тағдырын, қайғы-қасіретін, үміт-арманын тебірене толғап, өмірінің соңғы күніне дейін халықтың жырын жырлап өтті. Жаяу Мұса бай-шонжарларға қарсы күресте «би-болыстың үйін жығатын» отты ән-жырларын идеялық қару етіп, өз заманының қоғамдық болмысын батыл шенеп, сынады. «Ақ сиса», «Шормановқа», «Толғау» әндерінде ел билеушілерінің халыққа жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеп, оларға деген халық наразылығын бейнеледі.

Жаяу Мұсаның замандас әнші-композиторлардан бір ерекшелігі - ол сол кездегі қазақ ауылдарындағы әлеуметтік өмірден түсінік-пайымы бар, көзі ашық, сауатты азаматтардың бірі болған адам. Тап тартысының теориясын оқып білмесе де, таптық жікті ел ішіндегі теңсіздіктен, әділетсіздіктен, халықтың ауыр тұрмыс-тірлігінен танып, ой түйе білген Мұсаның әлеуметтік көзқарасы қазақтың тұңғыш демократ-ағартушыларының прогресшіл идеяларымен ұштасып жатыр. Ол Шоқан Уәлихановтың, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің демократтық-ағартушылық қызметтеріне сырттай ғана қанық болған жоқ, олардың көзқарастарын қолдап, шығармаларын жұртшылыққа таратушылардың бірі болды. Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне ән шығарып, Абайға арнап өлең жазуы кездейсоқтық емес-ті. Өз шығармаларында Пушкин, Гоголь, Глинка, Кутузовтарды жырлауы, Л.Толстой кітабы кейіпкерінің атын баласына қоюы (Мұсаның үлкен қызының аты Анна), сондай-ақ хайуанаттарды персонаж етіп ән- өлең шығаруы, қазақ әнші-композиторларында сирек ұшырасатын жағдай - күнделік дәптерінің болуы - осының бәрі композитордың дүниетанымының көкжиегін, биік өресін айқындайды.

Жаяу Мұса творчествосының диапазоны кең, әндері жанры мен мазмұны жағынан сан қырлы. Оның әлеуметтік мәні бар «Ақ сиса», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары»; үгіт-өсиет мазмұнды «Арап ұрыға», «Бәшерден»; сезім, көңіл күйді бейнелейтін «Шолпан», «Қыздар-ай», «Ләйлім», «Көгершін»; сатиралық, әзіл-қалжың сипатты «Құлбай бай», «Қазан қыздары» әндері жұртшылыққа кеңінен танымал. М.Байжановтың әндері басқа халық композиторларының шығармаларынан өзінің тақырыптық, мазмұндық және көркемдік ерекшеліктері арқылы дараланады. Оның әндерінің әуендік құрылымынан, интонациялық және ладтық құрылысынан қазақ әндерінде бұрын кездеспейтін соны музыкалық мәнерлік құралдарды айқын тануға болады. Композитор қаламынан қоңыржай лирикалық, кең тынысты әндермен қатар марш, вальс ырғақты шығармалар туды. Жаяу Мұса әндерінің әуендік құрылымында екі түрлі музыкалық интонациялық негіз анық байқалады. Оның бірі ана сүтінен дарыған халық музыкасының қайнар көзі болса, екіншісі вальс, марш ырғағында келетін әндері қала музыкасының әсері еді. Халық музыка тарихының мақтаныштары -Біржан сал, Ақан сері, Ыбырай, Мұхит тәрізді Жаяу Мұса да қазақ халқының бұрыннан келе жатқан әншілік-композиторлық дәстүрін дамытуға өзіндік үлес қосты. Оның Арқаның ән дәстүрінде шығарған «Көгершін», «Сұрша қыз», «Баянауыл», «Гауһар қыз», «Толқыма» әндері қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік туындылардың қатарынан орын алды.

Композитордың марш, вальс ырғағында келетін әндері қала музыкасының әсерінен дүниеге келген туындылар. Жалпы, Жаяу Мұсаның өнер жолына, оның демократиялық көзқарасының қалыптасуына орыстық прогресшіл мәдениеті мен өнерінің тигізген ықпалы зор. XIX ғасырда орыстың озық ойлы өнерінің ұшқыны қазақ даласына жетіп, А.Пушкин, Л.Толстой, М.Салтыков-Щедрин шығармалары қазақ жерінен өз оқырмандарын тапты. Рояль да, скрипкада ойнау өнері халық музыканттарының құлағына шалынып, қырда орыс музыкасының үні қалықтады. Мұның өзі жаңа демократиялық бағыттағы өнердің өркен жаюына әсер етті. Жаяу Мұса орыс музыкасының озық үлгілерінен үйрене отырып, оны өз шығармаларында шебер пайдалана білді. Сөйтіп, өз туындылары арқылы халқымыздың ән өнерінің тақырыптық, мазмұндық ауқымын кеңейтіп, музыка тілін өткірлей түсті. Оның «Құлбай бай», «Тұрымтай», «Башқұлбай», «Қазан қыздары», «Ескендір», «Қыздар-ай», тағы басқа шығармалары осындай әсер, ықпалдан пайда болды.

Жаяу Мұса қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Ақшоқы деген жерде 1835 жылы кедей малшының отбасында дүниеге келген.

Мұса жеті-сегіз жасында ауыл молдасынан хат таниды, жас кезінен өзі қатарлы балалардың арасында өнер-білімге құштарлығымен, ән-күйге әуестігімен көзге түседі. Талапты Мұса домбыра тартуды үйренеді, қолына түскен кітаптарды, қиссаларды қалт жібермей оқиды. Ол домбырамен ән салып, қиссалар айтып, ауыл қарттарының, жастарының ықылас-назарын өзіне аударады. Ауылға жолы түскен әнші-күйшілердің өнерін көрген Мұсаның әнге деген құштарлығы арта түседі. Мұсаның бір ерекше қасиеті - ол естіген әнін бірден қағып алушы еді. Хат танып, көзі ашылғаннан кейін ол білімнің көзі молданың оқуында емес екенін түсінеді. Көкейінде оқып, білім алсам деген арман оянған талапты жастың есіл-дерті ауылдан қалаға кету болады. Ол күндіз-түні қалаға жету жолдарын ойластырады. Бірде Мұса көрші ауылдың Қызылжарға кіре айдайтын бір адамымен келісіп, ешкімге білдірмей үйінен қашып кетеді. «Қазан дәптеріндегі» , «Үйінен өнер іздеп кетті қаша» деген өлеңінде Мұса өнер-білім қуып, үлкен қалаға келген осы сапары туралы баяндайды. Осыған қарағанда, Мұсаны ешкім де оқуға аттандырып салмаған тәрізді. Бұл 1851-1852 жылдардың шамасы болса керек.

Қызылжарда Мұса кісі есігінде отыншы-самауыршы болып жалданады. Сол кезде Қызылжар қаласы қазақ даласының мәдени орталықтарының бірі болған еді. Бұл уездік қалада XVIII ғасырдың екінші жартысында орыс мектептері, кейін бірлі-жарым орыс-қазақ мектептері, қазақ балаларына арналған интернат, ал XX ғасырдың бас кезінде бастауыш мектептер мен реалдық училище ашылды. Ұйқыда жатқандай бұйығы хал кешкен ауыл тірлігіне қарағанда қаланың өмір тынысының өзгешелігін Мұса бірден байқады. Ол мұнда қала өмірімен, мәдениетімен танысады. Кісі есігінде күн көріп жүрсе де, жас бала өнер-білімге талпынып, орыс тілін үйренуге талаптанады. Зейінді жас алғашқы жылдың өзінде-ақ орысша сөйлеуді біршама үйреніп алады. Мұса күн-түн демей, қолынан келетін жұмыстың қандайынан болса да бас тартпай еңбектенеді. Ұсталған гармонь, скрипка сатып алып, бос уақытында осы екі аспапта ойнауды өздігінен үйренеді. Қаланың өнерпаз жастары ұйымдастырған сауық кештерінен мүмкіндігінше қалмай, барып жүреді. Естіген ән-күйлерін гармонь мен скрипкаға түсіреді.

«Ауылға барсам жібермей қояр» деген оймен Мұса Қызылжарда үш-төрт жыл болады. Бұл уақыт ішінде ол өмірдің ой-шұңқырын біршама түсініп, оң мен солын танитын халге жетеді. Домбыра, сырнай, скрипка тартуда қала жастарынан кем түспейтін, он саусағынан өнер тамған Мұса таланты көпті сүйсінтеді. Ол енді сауық кештерінің көркі, бастаушыларының біріне айналады.

Ауылдан алғаш келгенде дүниедегі ең үлкен қаладай көрінген Қызылжарға Мұсаның бірте-бірте көзі үйренеді. Қызылжардың ауылға қарағанда ғана қым-қуыт тірлігі бар, өмір ырғағы біркелкі, мәдени оқиғалары сирек қала екеніне оның көзі жетеді. Қаланың мәдени өмірі жан дүниесі бай Мұсаның рухани тілегін қанағаттандырмайды. Газет-журналдар арқылы Омбы қаласының өмірімен танысқан Мұса соған баруды аңсайды.

1855-1856 жылдар шамасында Мұса Омбыға келеді. Көптеген қиыншылықтардан кейін ол орыс мектебіне оқуға алынады. Көпшілік пікірі бойынша, Мұса белгілі мектепте оқымаған, орыс тілін, білгенінің бәрін өз бетімен үйренген. Алайда, Мұсаның түрлі әкімдерге бай-шонжарлардың үстінен жолдаған архивтерден табылған арыздарының сауатты жазылуына қарағанда, оның орыс мектебінде білім алғаны рас та болуы мүмкін. Сондай-ақ орыстың сол кездегі белгілі ақын-жазушыларының туындыларын оқып, соларға еліктеп шығарма жазу өз бетімен хат танып, сауат ашқан адамның қолынан келеді дегенге жанаспайтын тәрізді. Күнкөріс табу мұнда Қызылжарға қарағанда қиынға соғады. Белгілі мамандығы жоқ Мұсаға алғашқы кезде ыңғайлы жұмыс табылмай, ол біраз қиналады. Алайда, жасынан «тесік өкпе» болып шыныққан, алған бетінен қайтпайтын жалынды жас қиыншылықтың бәріне төзіп, оқу-білімнен қол үзбейді. Мұса біртіндеп орысша жазу-сызуға төселе түседі.

Омбыда Мұсаның өнерге, музыкаға бір табан жақын болуына көптеген мүмкіндіктер бар еді, өйткені оның мәдени өмірінің деңгейі Қызылжарға қарағанда жоғары болатын. Оқу орындары жанында хор, драма, музыка үйірмелері жұмыс істеді, музыкалық-әдеби кештер жиі болып тұрды. Омбыға әнші-музыканттар гастрольге жиі келіп тұратын. Мұса мұнда әскери гарнизонның үрмелі аспаптар оркестрі мен орыстың халық аспаптар оркестрінің концерттерін тыңдап, марш, вальс, полька, мазурка тәрізді музыка жанрларымен танысады.

Мұса Омбының кітапханасында болып, Петербург, Москва, Орынбор, Ақмола қалаларынан шығатын газет- журналдар, кітаптар мен ведомостарды оқиды, солардан бұқара тұрмысына шындық тұрғысынан қарайтын, демократиялық түйінді жазылған мақалалармен танысады. Өзі араласып, әңгімелесіп жүрген адамдардан демократиялық көзқарастары үшін Омбыға жер аударылған орыстың озық ойлы азаматтары жайында естіп, Россияның тарихи-әлеуметтік өмірінен біраз мағлұмат алады. Мұсаның жаңа қоғам лебімен танысуы осылай басталады.

* * *

Омбы дәуірінде Мұса өлең жазумен қатар ән шығаруға да талаптанады. Мектеп жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің бір кешінде ол домбырада, гармоньда, скрипкада қазақ, татар, орыс әндерін тартып, өнер көрсетеді. Көпшілік сахнадан жібермей қойған соң, сол жерде қыздарға арнап өлең шығарады. Кейін сол өлеңіне ән шығарып, жастарға сынатады. Ән бірден тыңдаушылардың құлағына жағып, «Қыздар-ай» деген атпен көпшілікке тарап кетеді. Мұсаның тырнақ алды әні осылай дүниеге келеді.

Бұл әннің Омбыда шығуы жөнінде, біздіңше, бірнеше болжаулар бар. Біріншіден, қыздарға көзінше суырып салып өлең шығару, ән арнау сол кездегі сауық кештерінің дәстүрлі құбылысы болатын. Екіншіден, орысша сөйлеуді жаңа үйреніп жүрген адам орыс сөздерін араластырып сөйлеуге құмар болатыны белгілі. Әннің қайырмасына Мұсаның орыс сөздерін қосуы осы себепті болса керек. Ол бұдан кейін шығарған әндерінде де орыс сөздерін орны-орнымен жарасымды түрде қолданып отырған. Солардың ішінде «закон, люблю, сочинитель, холостой, красивый, честь, женатый» деген сөздер кездеседі. Үшіншіден, «Қыздары орыс-қазақ маған іңкәр» деп келетін өлең жолдары әннің қалада туғанын дәлелдейді.

Омбыда біраз жыл тұрғаннан кейін, Мұса еліне қайтады. Баяғыда кірешімен Қызылжарға ұрланып кеткен жалаң аяқ бала Омбыдан еліне өлеңші-әнші, қала өмірін, біраз дүниені көріп ысылған, сауатты азамат болып оралады. Ауылда ол көрген-білгендерін әңгімелеп, ән салып, жүрген жерін думанға бөлейді. Ойын-сауық, жиындарда жас біткеннің бәрін өз маңына бірден үйіріп алады. Орысша еркін сөйлей білетін, ойындағысын тартынбай айта алатын өжет, әнші- өлеңші, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ауылдастарының құрметіне бөленеді.

Бірақ ауылдың жайы, тыныс-тірлігі Мұсаны қатты ойландырады. Қазақ ауылдарындағы теңсіздік, кедей-кепшіктің ауыр тұрмысы, дау-жанжал, ұрлық-барымта, ел билеуге, болыстыққа таласу, зорлық-зомбылық сияқты көріністердің куәсы болған Мұса осындай кертартпа қылықтармен өз әлінше күреспекке бел байлайды. Әкесі Байжанның пәлен жыл жиналып жүріп сатып алған жалғыз торысын мініп, Баянауыл округін аралап кетеді. Ол ауыл-ауылды аралап, өнер көрсетіп қана қоймай, болыс, билердің басқалар тіс жарып айтуға бата алмайтын түрлі қылықтарын батыл айыптап, «ел жақсыларын» сынайды. Бұл сияқты қара тізімнің ішіне ол Мұса Шормановты да енгізіп жібереді. Бүкіл округке өзінің осы ойын іркілмей айтып жүреді.

Мұсаның бұл әңгімелері Шорман балаларының да құлағына жетеді. «Жаман Байжанның күні кеше қаңғып кеткен баласы Қызылжар, Омбыдан оқып келіп, сырнайлатып, әндетіп, айналасына «жын-шайтандарды» жинап, елдің игі жақсыларының беделін түсірерлік сөздер айтып жүр», - дегенді естігенде Мұстапа Шорманов: «Жаман неменің бір- екі ауыз орысшаға семіруін қара, көрген күнін өзіне көп етейін», - деп ашуланып, бұрқан-талқан болады. Мұсаның көпті аузына қаратып, ауыл арасында беделінің өскенін жақтырмайды.

Бір күні Жаяу Мұса ауылдарының тұсынан өтіп бара жатқанда, Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, өзін көк ала қойдай етіп сабап жібереді. Бірақ Мұса Шормановтар тұқымының мұндай зорлығынан жасқанып жасымайды. Атын қайтарып ала алмайды. Өйткені үстемдігі, билігі жүріп тұрғанда, аузы алты қарыс Шормановтар ешкімге де теңдік берген емес. Мұса ат орнына қолына таяғын алып, жаяу-ақ ел аралап, ән шырқап жүре береді. Шормановтар оның атын тартып алып, Жаяу Мұса атандырғанымен, қанша қудалағандарымен ақын жанын жасытып, асқақ әніне тұсау сала алмайды. Шорман тұқымының зорлық-зомбылығына деген ыза-кектің әсерінен композитордың «Ақ сиса» әні дүниеге келеді. Бұл ән халықтың ел билеуші үстем тапқа шығарған үкіміндей болып, жұртшылыққа тез тарап кетеді.

«Ақ сиса» әні - композитордың күрделі шығармаларының бірі. Бұл - теңсіздікке, зорлықшыл, қиянатшыл үстем таптардың іс-әрекеттеріне деген наразылық пен ыза-кектің уытты үнін көрсететін әлеуметтік мәні зор ән. Батыл, оптимистік рухтан туған бұл ән дұшпанға деген бітіспес кектің ғана емес, шындық пен әділеттіліктің жаршысындай естіледі. Бір ғана «Ақ сисаның» үнінен Жаяу Мұсаның ақындық-композиторлық, азаматтық тұлғасын толық танимыз.

Бұл ән - өзінің өткір сарыны, батыл да, өктем табиғатымен, дұшпанына деген қаталдық, мейірімсіздікті білдіріп қоймай, шыншылдық, демократиялық принципті жырлайтын жаңалықтың жаршысындай естіледі. «Бұтағынан орыс симфонизмі тараған «Камаринская» - бір емен деп орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковский айтқандай, бір «Ақ сисаның» үнінде Жаяу Мұсаның музыкалық келбеті түгелдей көрініп тұр. «Ақ сиса» жаңғырығы Жаяу Мұсаның басқа да әндерінде ұшырасып, музыкалық шығармашылықтың ұзын-ырғасында лейтмотив есебінде жұмсалады.

Жаяу Мұса Шормановтардың бұл қылығын әнімен көпке әшкерелеп қана коймай, бұрынғы жинап жүрген деректерімен қоса Омбының генерал-губернаторына олардың үстінен арыз жазады. Ол әділдік жолын осылай іздеп табамын, шындыққа жетемін деп ойлайды. Өйткені ауылдағы әділетсіздіктің бәрін көзімен көріп, біліп отырғанымен саяси сауатының таяз болуынан оның түп тамырының қайда жатқанын байыптай алмайды. Шормановтар да қол қусырып, қарап жатпайды. Қолы ұзын олар Мұса тәрізді арызды почтамен жіберіп, істің ақырын күтіп отырмай, Омбыға кісі шаптырып, пара беріп, жоғарғы әкімдердің аузын алады. Соның салдарынан Мұсаның шағымы аяқсыз қалады. Мұстапа: «Жаяу Мұса патша өкіметіне қарсы шығып, қазақтар арасында оған қарсы наразылық күшейту мақсатымен үгіт жұмыстарын жүргізіп жүр», - деген үкім шығартып, оны бірнеше жылға Тобылға (Тобольск) жер аудартады. Бұл оқиға 1860-1862 жылдарда болады. «Қазан дәптеріндегі»: «Мекенжай оның жүрген Омбы болды, Тобылды тауық жылы барып көрді», - деген өлеңі осы мезгілге сәйкес келеді.

Осы айтылғандармен бірге Мұса Байжановтың жер аударылуына тағы бір мынадай жағдай себеп болса керек: «Жаяу Мұса Құдайбергенов деген көңіл жетер адамның аулында қонақ болып отырғанда, II Александр патшаның суретін көреді. Патша десе төбе шашы тік тұратын ол сол жерде суретті алып жыртып тастайды. Мұндай сәтті кезеңді пайдаланған бай, болыстар: «Мұса Байжанов опасыздық іс жасады, патшаның арын аяққа басты», - деп, бұл оқиғаны дереу Дала генерал-губернаторына жеткізеді. Мұны естігенде ол ызадан жарылып кете жаздайды. Генерал-губернатор өзінің ел тонаушы жендеттеріне Байжановты Баянауыл Омбыға дереу және қайткенде де жаяу жеткізуге бұйрық береді. Патша өкіметінің солдаттары жолда әбден сілесі қатып шаршаған Жаяу Мұсаны генерал-губернатордың алдына алып келеді. Омбының облыстық әкімшілігі Мұса Байжановтың наразылық шағымдарын құлақтарына да ілмей, құдіретті патшаның қадірін кетіргені үшін оны он жылға каторгаға жіберуге үкім шығарады».

Жаяу Мұса екі жылдай Тобыл түрмесінде жатады. Даланың еркін ұшқан құсы тар қапаста қиындыққа душар болады. Бірақ жастайынан өмірдің небір тауқыметін тартып, шыңдалған Мұса басына түскен қиындыққа мойып, еңсесін түсірмейді. Каторгадағы істің мән-жайын түсінетін адамдармен ақылдасып, бостандыққа шығуды ойластырады. Айдауда жүрген орыстың көзі ашық азаматтарының ақыл-кеңесі бойынша, «Мені әскер қатарына алсаңыз екен», - деп арыз жазып (біреулер генерал-губернаторға, ал екіншілері патшаның өзіне дейді), солдатқа барып, кесімді мерзімін өтеуге сұранады. Қалай дегенмен де, Мұсаның өтініші қабылданады.

Тобылда болған жылдарында композитор «Сүйіндік» әнін шығарады. Алыста жүріп, ел-жұртын аңсаған Мұса «Сүйіндік» әнінде туған жеріне деген сағыныш сезімін, перзенттік махаббатын бейнелейді. «Сүйіндік, айналайын аруағыңнан, болмайды өз еліңде жүргенде арман», - деп өз тағдырына налиды. Адамның ішкі сезім сырын суреттейтін әннің табиғатында, музыкалық құрылымында да ерекшелік бар. Композитордың өзегін өртеген сағыныш-мұңы әнде мажорлы-минорлы екі түрлі әуен сазы арқылы берілген. Мұсаның «Тұтқын зары» деп аталатын әні де осы кезде шығарылған болуы керек.

Мұса әскерге алынып, Тобылдан шыққаннан кейін, Орынбор арқылы Қазанға келеді. Өзінің «Қазан дәптеріндегі» жазуы бойынша ол бұл қалада бір ай болады.

Орынбор арқылы Қазанда бір ай жатып,

Отарбаға Нижнийде мінеді енді, -

деп жазады автор осы сапары жайында. Мұса осы уақыт ішінде Қазан қаласының өмірімен біршама танысқан болуы керек.

Композитордың «Қазан қыздары» әні осы сапарының жемісі болуы мүмкін. Композитор мұнда татар халқының өнер-білімге ерте жеткенін үлгі етеді. Сонымен бірге қыздарға әзіл-қалжың айтуды да естен шығармайды. Ал, ән өлеңіндегі «Алты ай тұрып Қазанда» деген жолдарына қарағанда, «Қазан қыздары» кейініректе дүниеге келген тәрізді. Бұл Жаяу Мұсаның 1880 жылдары Қазанға қолжазбасын жарыққа шығаруға арнайы барған сапарында туған шығармасы болуы да ықтимал. Өйткені композитордың «Қазан дәптеріндегі» өлеңдерінен мынадай жолдарды кездестіреміз:

Анықтап қоян жылы жаздым мұны,

Тарихты мың сегіз жүз де сексен жылы.

«Қазан қыздары» әнінің әуенінде татар халқының музыкасына тән белгілер, интонациялық сарын кездеспейді. Бұл - Мұсаның өзі болған жерін есте қалдыру мақсатында шығарған, өзіндік композиторлық қолтаңбасынан туған ән.

Мұса Байжанов бұдан кейін әскер бөлімімен бірге Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербург қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Оның «Тылында литва, поляктардың соғысын гвардиямен жүріп көрген» деген өлеңі осы жорық жылдарында шығарылған. Сөйтіп, Жаяу Мұса Ресейдің және Шығыс Еуропаның көптеген қалаларында болып, ел көріп, жер таниды.

Кейіннен Мұса Қоқан хандығын басуға жіберілген полковник М.Черняевтің отрядына ауыстырылады. Ол Черняев әскерімен бірге Верныйға (қазіргі Алматы қаласы) келіп қыстайды. Алатауды көріп, Жаяу Мұса өзінің Баянтауын сағынады. Ол туған жеріне арнап, «Баянауыл» әнін шығарады. Ән салмақты, ойлы, байсалды, сазды. Басталуы мен қайырмасының әуені бір-біріне сабақтас өрбиді, біртіндеп дамып, биіктей береді, диапазондық жағы ықшам. Автордың: «Жаман-жақсы болса да, туып өскен ауыл-ай», -деп сағыныш сазын музыка тілімен өрнектейтін тұсы жылы, әсерлі шыққан.

Черняев әскері Әулиеатаға (Жамбыл қаласы), одан кейін Шымкентке барады. Осы аймақты Қоқан хандығының езгісінен босатады. Жаяу Мұса осы оқиғаға байланысты өлеңінде: «Сарыата, Әулиеата қараған соң, Шымкентті көп талады, бек шулата», - деп қаланы алу үшін болған шайқасты, халық басына түскен ауыртпалықты суреттейді. Сондай-ақ осы өлеңінде: «Надандық сол қылықтар бәрі қате», - деп қанды жорықты көзімен көріп, араласып жүргеніне өкінеді.

Черняевтің отрядында қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың да болғаны тарихтан белгілі. Соған қарағанда, Жаяу Мұсаның Шоқанмен кездесуі де мүмкін. Халық аузындағы деректер бойынша, Жаяу Мұса өзінің Шоқанмен бірге болған күндерін өле-өлгенше айтып отырады екен.

Шымкенттен еліне қайтып келе жатқан сапарында Жаяу Мұса «Шолпан» әнін шығарады. «Шолпан» - көтеріңкі леппен айтылатын ойнақы әуенді ән. Композитор мұнда ән арнаған қыз бейнесін жаңа туған Шолпан жұлдызына теңеп, айтар ойын музыкалық образ арқылы шебер бере білген. «Шолпан» әнінің үш варианты бар. Бірінші түрі Қосымжан Бабақовтың, екіншісі 1963 жылы Сымақ Айдарбековтың орындауынан жазылып алынды. Ал, әннің үшінші варианты А.Затаевичтің жарияланбаған қолжазба қорынан табылды.

Өмірдің ащысы мен тұщысын татып, көпті көрген Мұса еліне келгеннен соң, бірнеше таңдаулы әндердің авторы болады. Оның «Тұрымтай», «Ескендір» әндері осы кезеңде шығарылған. Аталған шығармалардың әуенімен композитордың жорық жылдарында құлағына әбден сіңісті болып кеткен марш ырғағы айқын байқалады.

Жаяу Мұсаның сексенінші жылдар ішінде шығарған «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндерінде өзінің басынан өткізген қайғы-қасіретінің ізі жатыр. Бұл әндердің музыкалық бейнелеу, мәнерлік құралдары әр алуан. Композитор басына түскен өмір ауыртпалығын, бай-шонжарлардан көрген қорлық-жәбірін, қуғын-сүргінде өткен тағдырын бірде жабығыңқы, мұңды сарында бейнелесе, бірде жігерлі, өктем әуенмен ұқтырады. Аталған әндердің бір ғана варианттары бар.

Басқа халық композиторларының шығармалары тәрізді Жаяу Мұса әндерінің варианттары әлі де зерттеп, нақтылай түсуді қажет етеді. Мәселен, композитордың кейбір әндерінің шығуы жөнінде әркім әртүрлі топшылап жүр. Мұсаның «Баянауыл» әнінің төңірегінде де осындай таласты пікірлер бар. Сондықтан қолда бар деректерге сүйене отырып, аталған ән жөніндегі пікірімізді келтіре кетуді жөн көрдік.

Халық аузында «Баянауыл басынан бұлт кетпес» деп басталатын «Баянауыл» әні бар. Бұл ән 1934 жылы «Айман- Шолпан» операсына Айманның ариясы болып енді. Осы кезде қағаз бетіне түскен «Баянауыл» әнінің де бес түрі белгілі. Оның үшеуі А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақтарында жарияланған болатын. Адамның есімі тәрізді ән-күйде де халықтың бір атқа бірнешеуін телуі жиі ұшырасады. Мысалы, «Терісқақпай», «Балбырауын», «Қараторғай», «Жайма қоңыр», «Қарға» тәрізді ән-күйлер Қазақстанның әр түкпірінде кездеседі. Бірақ солардың көпшілігінің музыкалық мазмұндары мен формалары, шыққан оқиғалары ұқсас бола бермейді. Сол себепті де, қазақта жалғыз-ақ «Баянауыл» әні бар деген нақты тұжырымға келу біз үшін ғылыми дәлелмен еш байланысты жоқ болжау ғана болар еді. Біздіңше, халық әні «Баянауыл» мен Жаяу Мұсаның осы аттас әні бір-бірімен еш туыстығы жоқ, дербес шығармалар. Сондай- ақ, әр композитордың өз үні, өз суреткерлік шеберлігіне тән шығармашылық қолтаңбасы болатынын ескерсек, Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әні музыкалық құрылысы жағынан оның қаламынан туған төл шығармасы екеніне дау туғызбайды. «Баянауыл» әні композитордың жырақта жүргенде туған аулын, оның сұлу табиғатын сағынып-аңсаудан туған әні екенін жоғарыда баяндадық.

Композитор шығармаларының ішінде әсем әуенімен, шабытты сазымен ерекше дараланатыны - «Көгершін» әні. Жаяу Мұса бұл әнді жақсы көретін құстарының бірі -көгершінге арнаған. Әннің шарықтаған әуені көкте самғап ұшып бара жатқан бейбіт құстың бейнесін елестетеді. Құстарға деген сүйіспеншілігін автор «Көгершіннен» басқа «Қаршыға, бүркіт», «Тұрымтай», «Бозторғай» тәрізді әндерінде де бейнеледі. «Көгершін» әні - көңілді лирикада шығарылған күрделі туынды, халық композиторлары шығармаларының ішінде таңдаулыларының бірі. «Жаяу Мұсаның халық әншілерінің дәстүрінен үйреніп, үлгі алғандығын оның «Хаулау», «Сұрша қыз» әндері дәлелдейді.

Мұса әнінің көпшілігі өзіміз білетін Арқаның ән дәстүрінде шығарылған. Еркелеген «Көгершін», өр кеуделі «Хаулау», сағыздай созылған «Гауһар қыз», туған Жер-ананы балалық махаббатпен суреттеген «Баянауыл», алдағы үмітке созған қолдың бейнесіндей жарқын «Сұрша қыз»... Бұл әндер Біржанның, Ақанның, Құлтуманың, Ыбырайдың, Естайдың өзімізге белгілі шырқаған, керілген шебер орындаушыны тілейтін шынайы туындыларымен қатар түседі. Мұнда Мұса қазақтың өзіне дейінгі ән шығару дәстүрін әбден меңгеріп барып, творчестволық құлаш ұрған адам екені көрінеді», - деп жазды академик Ахмет Жұбанов Мұса туралы.

Жаяу Мұса көп жылдар бойы елінен тыс жерде болуына және кедейлігіне байланысты кешігіңкіреп барып үйленеді. 1875 жылдары Жаяу Мұса Ақмола уезіне қарасты Есіл бойын мекендейтін Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен танысады. Әрине, Мұсаның бұрынғы кезі болса, Құлбай оған қызын бермек түгілі, аулының маңайына жолатпаған болар еді. Бірақ қанша айтыс-тартыста жықпа- жығылма бола жүріп, өзінің көптің бірі емес екенін танытқан Мұсадан қалай дегенмен де Құлбай сияқты байлардың бірқатары іштей сескенеді.

Аулының маңынан жай қазақ жүре алмайтын Шормановтармен олардың озбырлықтарын халыққа ән-өлеңімен әшкерелеу арқылы алысса да, осының өзі Мұсаның ел арасындағы мерей-мәртебесін биіктете түседі. Черняев жорығынан оралғаннан кейін Мұса «Дәптеріне»: «Сонан соң Қаржас еліне болдым сыйлы»,- деп бекер жазбаған.

Құлбай байдың аулына Мұса бір топ жолдастарын ертіп барады. Ол Құлбайды әнімен, өнерімен жеңеді. Қазақ салтымен той-думанын өткізіп, қалыңдығын алып еліне қайтады. Осы сапарда «Құлбай бай» әнін шығарады.

Бұл әнінде композитор дәулеті мен байлығына мастанған бай аулының тыныс-тіршілігін күлкі, әжуа етеді. Әнді шығаруда өзімен бірге ілесіп барған жора-жолдастарының да ықпалы болса керек. Юмор мен сатираны әуенмен, музыкамен ұқтырып, бейнелеп бере білу қиын дүние. Соған қарамастан, композитордың бұл туындысында шындық нақтылы, дәл бояумен суреттелген. Жаяу Мұсаның «Құлбай бай» және осы сипаттағы басқа да әндері оның композиторлық қызметіндегі тақырыптық жаңалық болып саналады.

Жауыздық пен арамдыққа жаны қас, әділдік пен шындық жолында күрескен композитор ешқашан да ұлықты мақтап, жағымпазданған емес. Ол ойындағысын ашық айтуда ешкімнен жасқанбайды. Мұса әндерінен іште жатқан ызалы кектің жалыны айқын сезіледі. Композитордың осы тұста шығарған әндерінің бірі - «Шормановқа» (Мұстапаға). Мұнда әнші бай-шонжарлардың бұқара халыққа көрсеткен ауыр қысымын суреттей келіп, олардың да үстемдігінің бітетінін, шаңырақтарының ортаға түсетінін, халық тілегінің орындалар күнінің алыс еместігін сездіреді:

Болдыңдар ел менен бай жер қожасы,

Жібермес қара шаруа көздің жасы.

Түсімде талқандалып қара кидің,

Бұзылар қожалықтың ережесі.

Жаяу Мұсаны мұқату үшін Мұстапа Шорманов оның киген киіміне тиісіп:

Тон киген қызыл саңнан Жаяу тоңбас,

Оған ерген Қали мен Мұстапа оңбас.

Арыстан айға шауып мертігіпті,

Тағы да мінім болса, бетіме бас, -

дейді. Мұса сері, сәнқой адам болған, қызыл матадан киім киіп жүреді екен. Мұстапаның «қызыл санан» деп өлеңге қосуы да сондықтан. Жаяу Мұса Мұстапаны әдеттегідей сөзбен түйреп, оның жауыздығын бетіне басып:

Кигенім үстімдегі бәрі қызыл,

Шорманов, сөйлер сөзге тілім ұзын.

Жылансың екі басты ел жалмаған,

Қоймаймын, өлтірсең де айтар сөзім, - деп жауап қайтарады.

Мұса қолы қысқа, кедей болса да - жомарт, халық арасында қадірлі, сыйлы болады. Қай ауылға барса да, оны сый-құрметпен қарсы алады. Мұны ұнатпаған байлар жағы Мұсаға «Мырза- кедей», «Сылқым жаяу» деген ат тағып, оның кедейлігін бетіне шіркеу етіп, қай жеріңнен күйің келеді деп әжуа етеді. Мұндай айдардың тағылуына Мұса қысылмайды.

Байжанның мен баласы мырза-кедей,

Мойнымда тұмарым бар дөдегедей

Жаяу жүріп аттыдай шіренемін,

Жүз қойым, отыз жылқым бар немедей, -

деп әнімен жауап береді.

Мұса әншілік, ақындық өнерімен қатар ауылда болып жатқан түрлі дау-шарларға жиі араласады. Еңбексіз, бейнетсіз мал тауып, ел үстінен күн көріп жүрген ұры-қарыларды өткір сөзімен түйреп, оларды адалдыққа, адамгершілікке шақырады, ақыл айтып, түзу жөн сілтейді. Осыған байланысты туған «Бәшерден» әнінің тарихы жөнінен бір дерек келтірейік. Баянауыл өңіріне аты шыққан Бейсен деген байдың ұлы Бәшерден ер жете келе болыстыққа таласып, оған қолы жетпеген соң қасына қырық жігіт ертіп, елдің малын ұрлауды кәсіп етеді. Ауылды оның бетіне келіп ешкім бір ауыз сөз айта алмайды.

Ақыл айтып, ұрлығын қойғызамыз, жөнге саламыз деп бір күні Бәшерденге сол кезде елге беделді Рахмет пен Шәкен деген молдалар келеді. «Ұрлығыңды қой, құдайға күнәһар боласың, шариғатқа жатпайтын іс істеп жүрсің», деп қорқытып, Бәшерденнің қылығын діни ақыл-уағызбен қойдырмақшы болады. Сөйтіп отырғанда Бәшерден далаға шығып, жігіттеріне: «Осы екі молданың жылқыларының түгін қоймай, Көксеңгірдің ұрыларына айдатып жіберіңдер», деп бұйырады. Біраз уақыт өткеннен кейін, қос молданың жылқышылары келіп, жылқыларын ұрылардың айдап кеткенін айтады. Молдалар, амал жоқ, бір-біріне қарасып, үйден шығып кетеді. Міне, Бәшерденге ақыл айтушылар осылардың кебін киеді екен.

Сол кезде қарамағындағыларға айтқанын екі еттірмейтін Айсабек деген адуын болыс болады. Бірақ ұр да жық Бәшерденге оның шамасы келмейді. Себебі Бәшерден өзінің туысқаны. Жоғарғы ұлықтарға арыз айтайын десе осы жағы қинайды. Ақыры, еш амалын таппаған болыс Жаяу Мұсаға келіп: «Батыр, Бәшерденді сіз тоқтатпасаңыз, ешкімнің әлі келмейтін болды», - деп өтініш айтады.

Жаяу Мұса ауыл адамдары бас қосқан жиында Бәшерденге арнап ән шығарады.

Айтамын тыңдасаң деп Бәшерденге,

Есіктен жалғыз басты сүйретерге.

Анаңыз Орта жүзде асып еді,

Жан шықпай кіргіздің ғой қазбай көрге,

Қарғыстан жыламасын екі балаң,

Артыңда сен жоқ болсаң жоқтыр панаң.

Көп еді жылқы ұрлауға ақыл-айлаң,

Бәшерден, түбін ойла, болса санаң, -

деп молдалар тәрізді о дүниеде кездесер қиындыққа сілтемей, «Ұрлық түбі - қорлық» екенін түсіндіріп, ақыл-өсиетін айтады. Тепсе темір үзетін азаматтың не ел-жұртына, не жеке басына пайда келтірмей, арам іспен айналысып, өмір қор қылғанына қынжылады. Бұл оқиғадан кейін Бәшерден біраз уақыт ұрлығын қойып кетеді.

Композитордың белгілі әндерінің бірі - «Сапар». Жаяу Мұса бұл әнді әйелінің қазасына байланысты шығарған. Сапар төркіндеп бара жатқанда, Ақмола қаласынан 80 шақырым жердегі Тасмола поселкесінде 1895 жылдары 37 жасында қайтыс болып, сол жерде жерленеді. Жан жолдасының қазасы, артында қалған жетімдер қайғысы жасы ұлғайған адамға ауыр соққы болып тиеді. Баласы Салықты ертіп, Сапардың моласының басына келген Мұса сол жерде «Сапар» әнін шығарады. Ән Жаяу Мұса өміріндегі ең бір ауыр, қайғылы кезеңді көрсетеді. Бұл нағыз жоқтау әні.

Мұса жасының ұлғаюына байланысты 1895 жылдардан бастап ауылдан көп ұзап шықпайды. Өзінің бала кезінен сүйетін кәсібі - аң аулап, құс салумен - саятшылықпен айналысады. Жақсы ат, қумай тазы, алғыр бүркіт әншінің айрылмайтын серігіне айналады. Шабыты келген кездерде аң- құсқа арнап, ән шығарады.

Жаяу Мұса 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін қызу қолдайды. Патша өкіметінің іргетасының қозғалуға айналғанын, билігінің ұзаққа бармайтынын сезген ақын азаттық лебінің соғуын, бостандық таңының тууын асыға күтеді.

1919 жылы Жаяу Мұсаның аулына өкіл болып келген ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров оның баласы Салықты ревком етіп сайлайды. Ал, 1928 жылы Жаяу Мұса Кеңес өкіметі өзінің өмір бойы алысқан ата жауларын конфискелегенін көріп, ақтық арманына жетеді. Әнші-композитордың: «Аттыдан жаяу жүріп, кек аламын», - деген ізгі арманы толығымен орындалды.

Осыдан кейін аз уақыт өткеннен кейін, Мұса баласы Салықты шақырып алып: «Ақшоқыға не болыңдар, кедейдің заманы туды, енді сендерден оны ешкім де тартып алмайды», - дейді.

Тоқсан төртте жасым бар,

Енді жүрек басылар.

Мен жүргелі жатырмын,

Қоштасайық, халқым-ау!

Қуаныш заман кез болды,

Еңбегім сіңген Ақшоқым,

Сонан орын қазыңдар,

Борқы ағашы жанына,

Белге мені қойыңдар, -

деген бұл өлеңі бүкіл саналы ғұмырында жүрегі халық деп соққан аяулы әншінің ел-жұртына қалдырған ақырғы аманаты еді.

Азамат ақын, дарынды композитор Жаяу Мұса Байжанов 1929 жылы 31 июль күні 94 жасында дүниеден қайтты. Сүйегі өзі айтқан Ақшоқы тауының бауырына жерленді.

Ұлттық музыка мәдениетінің қол жеткен табыстарын айтқанда, совет заманында ғана пайда бола бастаған музыка жанрларының қалыптасуында Жаяу Мұса қызметінің маңызы зор. Оның ән мұрасы қазақ музыкасының бүгінгідей биік дәрежеге көтерілуіне кесек кірпіш болып қаланды.

Жаяу Мұса әндері қазақ композиторларының түрлі шығармаларына - операға, симфонияға, эстрадалық музыкаға арқау болып, жаңа көркемдік сипатқа ие болуда. Мұсаның көптеген әндері Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын»; М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында пайдаланылды. Мұсаның «Қатын өлгенде» әнін Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсында қыздар хоры ретінде алған. Ән операның бірінші актісінде: «Күн шығарда күлімдеп, түн ұялып қашады, шыға келсе Қыз Жібек, күн де бетін басады», - деп басталады. «Қыз Жібектің» екінші актісінде Жаяу Мұсаның «Тұрымтай» әнін композитор шеберлікпен пайдалана білген. Өте көңілді мажорда, серпінді ырғақтағы ән әуенін композитор операда Төлеген, Бекежан және Сансызбайдың қосылып, жамбы атып түсіру кезінде ойналатын музыкаға арқау етіп алған. Кейіннен биге айналады. Мұнда ол аспаптық музыка ретінде бірнеше рет қайталанады.

Композитордың көптеген әндері - «Хаулау» әнінің бірнеше түрі, «Шолпан», «Сұрша қыз», «Сапар» әндері М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында қолданылды. Осы операдағы Біржан мен Сараның айтыс сахнасында Біржанның «Төскейден жұрт таң қалар желгеніме», - деп басталатын партиясы Мұсаның «Хаулау» әнінің М.Төлебаев жазып алған нұсқасымен айтылады. Басқа варианттармен салыстырғанда, бұл қазақтың ән дәстүрінің сипатында жазылған ұлттық бояу- нақышқа бай ән. Операның екінші актісінде, жастардың Біржанға келген сахнасында Жаяу Мұсаның «Хаулау» әнінің Қосымжан Бабақов орындайтын түрі берілген. Операда «Хаулау» әні Естай ақынның аузында бірнеше рет айтылады. Оның айтқан әні Біржанның алғашқы әнінен бөлекше естіледі. Бұл әнмен Естай халық көңілін ерекше сезімге бөлейді. Операдағы «Хаулау» мен Қ.Бабақовтың орындауынан жазылған ән арасында әуен жағынан айырмашылық бар. Мұндағы өзгеріс тек ырғақтарында ғана емес, сонымен қатар өлшемнің бастан-аяқ бір қалыпта жүріп отыруында. Ән қайырмасын композитор толық пайдаланбай, оның бастапқы әуенін алып, хорды соның негізінде жазған.

«Біржан-Сара» операсының екінші актісіндегі Біржан мен Сараның арияларында композитор Мұсаның «Қатын өлгенде» әнінің бастапқы фразасын қолданған. Ал операның үшінші актісіндегі Сараның лирикалық ариозосы Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әні негізінде жазылған. Кейбір музыка зерттеушілері аталған ариозо «Гауһар қыз» әнінен алынған деген пікір айтады. Шынында да, екі әннің бір-бірімен интонациялық жағынан ұқсастықтары бар, сондықтан екеуінің орнын ауыстырып алу қиын емес. Ал, ариозоны тыңдағанда «Сұрша қыз» әнімен барлық жағынан жақындастығы анық байқалады. Операның үшінші актісінде Алтынайдың Сараға келіп: «Жынданыпты сал Біржан» деген сахнасында композитор Мұсаның «Шолпан» әнін пайдаланған.

Композитор шығармалары әнші-музыканттардың, сондай-ақ қатары мыңдап саналатын әуесқой өнерпаздардың репертуарынан тұрақты орын алды. Кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпіріндегі клуб, мәдениет сарайларында өтіп жататын сауық кештерінде Жаяу Мұсаның әндері шырқалмай қалған емес.

Жаяу Мұсаның кейбір шығармалары Қазақстанда 1920 жылдары пайда болған революциялық ән ретінде айтылып жүр. Мәселен, белгілі «Амангелді маршы» әні Жаяу Мұсаның «Ескендір» әнінің әуенінің негізінде шығарылған. Мұса Байжановтың басқа да әндерінің интонациясында халықтық, революциялық сарын кездеседі. Мұны біз әр кезде түрлі жерлерден жазылып алынған фольклорлық материалдардан кездестірдік.

Мұса әндерін жинап, оны көп ұлтты елімізге танытуда музыка зерттеушісі Б.Ерзакович пен А.Затаевичтер айтарлықтай еңбек сіңірді.

Кешегі қапас заманда «қу кедей», «қашқын», «жаяу» атанған Мұса есімі бүгінде ән дүлдүлі, ақын, халықтан шыққан мәдениет қайраткері ретінде кеңінен танымал. Жалынды күрескер, талантты композитордың адамгершілік мұраттарды жырлаған ән-жырлары өзінің эстетикалық құндылығын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, олардың рухани өмірін байытуға қызмет ете бермек.


author

Жаяу Мұса Байжанұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...