Танымал қаламгер Жолтай Әлмашұлының бұл кезекті жинағы соңғы жылдары жазылған ең қысқа әңгіме-н...
«Атамұра» баспасынан шыққан басылымдардың ерекшеліктері
Фото: Коллаж/madeniportal.kz
Адамды адам еткен—кітап,
адамзат еткен — кітапхана
Ә.Кекілбаев
Кітап — ой-өріс пен кемелдіктің нәтижесінде туған қадірі мол дүние. Расында адамды адам етіп, ізеттілікке жол бастайтын осынау қасиетті сөз өнері заман ағысында талай буынды тәрбиелеп келе жатыр емес пе?Абайша айтқанда «Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық білуге. Артық білім—кітапта, ерінбей оқып көруге». Кітап атаулының құндылығын осы жолдардың өзі аңғартып тастағандай. Өз парасат-пайымым бойынша, кітап — адамның адам болып қалыптасуына толықтай кепілдік беретін бірден-бір сенімді құрал. Сол сенімді құралды дұрыс пайдалана білсең, саған өмірдің түзу жолдары ақырындап ашылып, кемелдіктің шыңына жетуге жол бастайды. Міне, кітап менің түсінігімде осындай көркем, жүйелі оймен өрілген.
Еліміздегі баспа ісі тәуелсіздік алған жылдары қарқынды түрде дами түсті. Оның көрінісін «Атамұра» баспасының құрылғанынан байқаймыз. 1992 жылы жұмыс жасай бастаған баспаның тағынын құйған — Әділхан Пірманов пен академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед болатын. Баспада алғашында қазақ жазушыларының кітаптарын сериялық нұсқамен шығарып отырды. Мысалы Абай Құнанбайұлының «Сенде бір кірпіш дүниеге», Шоқан Уәлихановтың «Алтыншаһарға сапар», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Қорғансыздың күні» әңгімелер мен повестер жинағы сынды шығармалары әлі күнге дейін жарық көріп отыр. Жалпы кітаптардың тақырыбы — әйел теңсіздігі, ұлт-азаттық көтерілісі, соғыс жылдарындағы қазақ солдаттарының ерліктері, тың игеру кезіндегі халықтың жадау тіршілігі, ауыл өмірі, адамдардың мінезі мен психологиясына құрылған.
Мысалы Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романы. Аталған кітапта сол замандағы әйел теңсіздігі мәселесі көтеріліп, халық өмірінің айқын бейнесі, жігерсіз жігіттердің портреті жасалған. Дәл осындай ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жарық көрген Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» кітаптары «Атамұра» баспасынан әртүрлі дизайнда жаңа нұсқамен тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында қайта басылып шықты. Егемендіктің елең-алаңында халық іргесі енді бүтінделіп, кеңестік цензураның қанды қасабынан шыққан төл әдебиетімізді «Атамұра» баспасы есеңгіретпей күні бүгінге дейін алға сүйреп келе жатыр.
Қадыр Мырза-Әлі атамыз айтқандай «Бір күйменің төрт дөңгелегі,бір тұлпардың төрт тұяғы болып, қазақ әдебиетін жетімсіретпеген, алыптар тобы болып саналатын М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафиннің шығармалары да «Атамұра» баспасынан жарық көрген. Аталған қаламгерлердің туындылары жоғарыда атап өткенімдей 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, шаруалардың тағылымды өмірбаяны, олардың тұлғалық болмысы, әйел теңсіздігі және мөлдір пәк сезімді жырлайтын шығармалар мен поэмалық жинақтар. Мысалы М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні», С.Мұқановтың «Сұлушаш» және «Мөлдір махаббат» , Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романдары баспа бетінен қайта жарық көріп, туған елдің тарихын қайта жаңғыртып, оқырман қауымға өзгеше бедермен ұсынылып отыр.
Cоғыстан кейін қазақ әдебиетіне өзгеше қабілетті буын жаңа леп алып келді. Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Қ.Аманжоловтың «Дариға сол қыз», С.Мәуленовтің «Алыс кетіп барамын», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», Қ.Бекхожиннің «Батыр Науат», Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» шығармалар жинағы да «Атамұра» баспасынан жарық көріп, жас ұрпақты патриотизм мен рухани құндылыққа бай болуына септігін тигізді.
Қазақ әдебиетіне 50-60 жылдары тың өрнек, ерекше жазу стилімен келген М.Мақатаевтың «Аманат», «Үш бақытым» өлеңдер жинағы, Т.Молдағалиевтің «Шақырады көктем», Қадыр Мырза Әлінің «Көкейтесті», М.Мағауинның «Көк Мұнар», «Шахан Шері», «Тазының өлімі», «Алдаспан», «Қыпшақ аруы», Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-Дария хикаясы», Асқар Сүлейменовтің «Бесатар», Әкім Таразидың «Ауыл шетіндегі үй», Шерхан Мұртазаның «Соғыстың соңғы жесірі» туындылары бірегей баспа «Атамұра» корпарациясының қолдауымен қайта жарық көрді. Аталған қаламгердің жинағына бұрын баспа бетін көргені және көрмегені бар бірнеше әңгіме, повестері енген. Аталған жазушылар қазақ әдебиетінде өздерінің аға, ақсақал қаламдастарына қарағанда мүлде басқа өрнекпен келді. Мысалы аға қаламгерлер жазғандай ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі ауыл тұрмысын, Қазан революциясын мадақтап жаза қойған жоқ. Жас буын көбіне өз замандарындағы олқылық тұстарды, халықтың бей-берекет тіршілігін, өткен дәуірдегі қилы оқиғаларды, кеңестік цензуарның қатаң әрекеттерін шынайы әрі обьективті түрде баяндап, еркіндікке ұмтылған үміті зор халықтың қалауын баяндау орын алды.
ХХ ғасырдың 60 жылдары қазақ әдебиетіне тың серпіліспен келген жазушылардың туындыларын да «Атамұра» баспасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңаша шығара бастады. Төлен Әбдік «Оң қол», Дулат Исабеков «Гауһартас», «Бонапарттың үйленуі», Б.Нұржекеұлы «Бейтаныс әйелдің құпиялары», Қадірбек Сегізбаевтың «Жап-жасыл әлем», «Соңғы шабыс», «Аюдың өті» секілді біраз туындысын басып шығарған. С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романы, С.Жиенбаевтың «Алтын қалам», Т.Айбергеновтың «Атамекен», «Бір тойым бар», «Аруана—бауыр дүние» шығармалары, М.Шахановтың «Эверестке шығу» сияқты көптеген жазушылар аталған шығармаларымен қатарға қосылды. Бәрі бірігіп, қазақ әдебиетінің өрісін одан әрі кеңейтті. Мысалы Д.Исабековтың «Гауһартас» оқырмандардың қолынан әлі күнге дейін түспеген ерекше шығармалардың бірі. Сонымен қатар Т.Әбдіктің «Оң қол» әңгімелер мен повестер жинағы қазірге дейін оқырмандардың көкейлеріне әр түрлі сауалдар ұялатып, қоғам арасында резонанс тудырған шығармалардың бірі. С.Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй» шығармасы тың игеру жылдарындағы қазақ халқының көрген қорлығын ашып жазған шығарма. Міне, осының бәрі «Атамұра» баспасынан қайта жарық көріп, оқырман қауымға ұсынылды.
ХХ ғасырдың 70-90 жылдары Т.Жұртбайдың сағымға айналған балалық шақтың қызықтары жайында айтқан «Бір уыс жусан» әңгімесі мен тарихи шығу-тегіміз жайлы көтерілген «Дулыға» романы, Кеңшілік Мырзабеков жазған «Менің мұңым— махаббат» пен «Дәуір-Дастан» өлеңдер жинағы, С.Елубайдың ашаршылық жылдары «Ақ боз үй» трилогиясы, Б.Жақыптың мектеп оқушыларына арналған «Менің далам» шығармасы, А.Кеңшіліктің қос бірдей «Сөз патшасы» мен «Жүрек сөзі» туындылары, Асқар Алтайдың өр Алтайға арналған «Алтай новелласы» шығармалары ХХ ғасырдың соңын әдемі қорытындылаған және олар нақ осы «Атамұра» баспасынан жарық көрді.
Баспадан шығарылған басылымдардың жалпы өң-бойы осындай. Енді кітаптардың дизайнын бөлек тақырып ретінде қарастырсам деймін. Оқырман ең бірінші кітап таңдауда сыртқы мұқабасына көбірек мән береді. Оның әдемілігі де оқырманға ерекше көңіл-күй сыйлайды. «Атамұра» баспасы кітаптың дизайн жұмыстарына да ерекше назар салған. Өзім осы баспадан шыққан кітап мұқабасын, беттерін қарағанда жағымды әсер аламын. Себебі кітаптың аты мен мұқабасындағы суреті бір-бірімен өзара үйлесіп тұрады. Айқын логотипі де менмұндалап бірден көзге көрініп, қай баспа басып шығарғаны бірден байқалады. Автордың есімі мен шығарма атауы да ерекше жазылады. Мұның бәрі баспаның өзіндік бір ерекшелігі.
Өз ойымды түйіндеп айтар болсам, «Атамұра» баспасы жай баспа емес, ұлттық сананы ашуда үлкен еңбек сіңірген, тарихы тереңде жатқан ауқымды корпорация. Жоғарыда жеке-жеке айқындалып көрсетілген басып шығарылған шығармаларға терең үңіле қарасақ, ылғи адам көңілін байытатын, өзіндік айтар ойы бар мықты шығармалардың қатарын байқаймыз. «Атамұра» баспасының бірден-бір ерекшелігі де осы. ХХ ғасырдағы қаламгерлерді түгел қамтып, кітаптың бағасын да оқырманға тиімді етіп, барынша жағдай қарастырған. Аздаған теңгеге дәл осы баспадан өмір бойына өз рухани санаңызды байыта аласыз. Бұл өмір сүруге қабілеттілігіңіздің барында таптырмас мүмкіндік. Тек сол мүмкіндікті пайдаға асыру не сыртқа тебу өз қолыңызда. Сөз соңын Х.Досмұхаммедұлының мына бір нақыл сөзімен түйіндесем еймін.
«Әдебиет тілінің қаруы— баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген— адам шошынарлық өте қайратты қару».
Сейтен Қарақат Молдашқызы
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 1-курс студенті