Серікбол Қондыбай. Бес қаруға қатысты жауынгерлік атаулар

СӨЗДІҢ АТАСЫ
6794

Садаққа қатысты атаулар

Алғашқы кезде Фың-чы-дувейі Чаң Сүн-шын бұйрық бойынша Солтүстік Жыу патшалығының Чән-жин ханшасын түріктерге ұзатып апарып салған еді (581-ж.). Түрктің қағаны оның садақ ату шеберлігін ұнатып, оны жібермей, бір жылға ұстап қалып, өзінің туыстары мен ұлықтарына осы Чаң Сүн-шынмен танысып, жақсы қатынаста болуына және оның садақ атуға үйретуіне тілек білдірген болатын.

Жуву Хы-су есімі жөнінде: Жуву - лақап аты, Хы - жаужүрек, су - сол деген мағынаны, екеуі қосылып сол қолымен ататын мерген дегенді білдіреді. Ол - шиажиасылар (хагастар) ажосының Қытайға жіберген елшісі.

Чыудыфа қаған. Вей әулетінің тілінде (яғни дунху-сәнби) "Чиудыуфа" деген қаған лақабы "шауып келе жатып садақ атушы" дегенді білдіреді.

Садақ пен оқ. Мезолит заманынан бері бар, қарапайым садақты үйеңкі, басқа да қатты ағаш шыбықтарын доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақтың сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталады, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады.

Күрделі садақты Ежелгі Шығыста көп қолданған. Оны сарматтар, скифтер, ғүндар да білген. (ҚСЭ. 9-608).

Жақсы жауынгерлерді далада жаудың өтіне қойып, жеңісті қардай жауған жебенің астында шешу - қазіргі таңда көшпелі жат ұрттықтардың артықшылығы, Ортаңғы империяның кемшілігі болып отыр. Серіппелі садақты қолға алып, қаланың қабырғасында отырып, болмаса берік оққағарға бекініп, қашан жау әлсірегенше күту – бұл Орталық империяның артықшылығы, көшпелілердің кемшілігі (Қытай қолбасшысының сөзі).

Основным оружием казахов рассматриваемого периода (16 в ) были сабля и лук. Из других видов боевого оружия упоминаются секира, кистень, одноручная булава, двуручная палица, длинные копья, украшенные кистью из конских волос и снабженные крюком для стаскивания противника с седла .

В монгольских летописях имеются упоминания о разных стрелах, например, стрела-годоли, метательные стрелы и др. (см. Сокровенное сказание, парагр 198).

Садақ - ағаштан иіп жасалған атыс құралы, жақ; садақшы.

Садақ қаруының белгілі бірнеше атауы бар: жай (йа, жақ, жа), кіш, керіс, саржа, бұқаржа, йетен (жетен), оқлұқ. Яғни бір ғана құралдың 5 түрлі, варианттық және жеке ныпсылық нұсқаларын қосқанда, 10 түрлі атауының бар екендігін көріп отырмыз.

Саржа - сүйекпен әшекейленген әдемі садақ, жақ, "сары жай" дегеннен шыққан; осы садақтың оғы.

Садағына сары жебе салдырған,

Садағының кірісін

Сары алтынға малдырған.

Тереңнен көзін ойдырған,

Сұр жебелі оғына

Тауықтың жүнін қойдырған.

Махамбет

Бұқаржа, бұқаржай - Бұқар қаласында жасалған садақ.

Йетен - оқ ату үшін ағаштан жасалған садақ (МҚ. 3-32).

Жай, Жақ. Көне қазақ тілінде кермесіне жебе салып тартатын қаруды, яғни садақты осылайша атау үрдісі болыпты. Махмұт Қашғари садақтың кіш деген атауы барын, оны оғыздардың ағайыны қыпшақтар білмейтінін жазады.

Керіс - серіппелі қатты ағаш шыбығының екі ұшын қайыспен тартып, доғаша иіп жасаған қол қаруы, садақ.

Оқлұқ - садақ, оқтам - бір оқтык, оқ жетерлік; оқтам йер - оқ атым жер.

Кілең болат жинатып,

Массаттан соғып оқ алды.

Көк жебені колға алды...

Мұндағы массаты - сауыт бұзатын, төрт қырлы алмастан жасалған оқ делінеді.

Садақтың ағашына керілген жіптің атаулары - кіріс, адырна, қайыс.

Кіріс - садақтың керме бауы, қайысы Адырна - садақтың кермесі, яғни садаққа иіп тартылған қайыс. Адырна деп сыбызғы тәрізді көне үрлемелі қазақ музыкалық аспабын да атаған екен. "Алтын кіріс, сары садақ адырнасы мөңіреп, адырна желмен үн қосты" (С.Бегалин) демекші, бұл сөз қазақ эпикалық поэзиясында жиі қолданылады.

Оқтын-оқтын оқ атып,

Көктен ажал боратып

Садақ тартып сарнатып,

Адырнасын аңыратып Манас,

немесе:

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ - Жайық тең өткен...

Махамбет

"Адырна" сөзі басқа да мәнде қолданылады, мәселен, батырлар жырында:

Алқызыл мен Сарқызыл

Қос тұлпарға мін деді.

Адырналы бек сауыт

Екі батыр ки деді, - мұндағы адырналы сөзінің мағынасын түсіндірме сөздікті құрастырушылар етек бауы бар деп беріпті, яғни адырналы бек сауыт дегені етек бауы бар бек сауыт дегенді білдіреді, осы түсіндірменің ақиқаттығының қандай дәрежеде екендігін айта алмаймыз.

Жебеге қатысты атаулар: кез, масақ, кіре, йасыш, қалва, кесме, темүркен, тылы, шырғұй, соқым, ұлын, боры, башақ, масақ, үкі.

Қандауыз - жебенің бір атауы болуы керек.

Шәлгезде:

Алға сап тіз оқ ата көрмеңіз,

Қандауыздан сыйлы жебе сайламай.

Махамбетте:

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен;

Атқан оғы Еділ - Жайық тең өткен,

Атқанын қардай боратқан.

Көк шыбығын қандауыздай жалатқан,

Арыстан еді-ау Исатай.

Кез - садақ оғының ойыс, ашаланып келген түбі, серппеге ілінетін жері.

Кез - жебенің құйрығы;

Кез - көне қазақ өлшем бірлігі, оның екінші атауы - аршын (бір аршын - 71,12 см).

"Кез" сөзі Махмұт Қашғари және "Көне түркі сөздігінде" де кездеседі, мұндағы кездің бір мәні - "жебенің құйрығы", ал кезлетті, оқ кезлетті - "жебенің кезін шығарды, не жебенің кезін адырнаға салды" дегені.

Қозы жауырын жебе (қу жебе, оқ) - жебенің жасалуы материалына байланысты аталған сөз болуы ықтимал, мәселен:

Қозы жауырын қу жебе

Ішінде бар ақ сауыт,

Суырып алды қылышын...

Толайына қалмақ қол салды.

Есепсіз қылып мол салды,

Әуелі атайын дегенде,

Қозы жауырын оқ алды...

Йасыш - жебенің басы, оқтың ұзыншақ ұшы (МҚ. 3-16). Қалва - үйренушілердің оғы, темір басының орнына бір домалақ ағаш бекітілген оқ (МҚ. 1-486).

Сауыт бұзар оқ - тесу қуаты жоғары етіліп жасалған оқтың түрі.

Осында барды сауыт деп,

Сауыт бұзар оқ алды.

Мұнан былай өткір оғы жоқ еді...

Және тұрып берен деген оқ алды,

Оны тартып тағы алды...

Тағы атайын деп оңдалып,

Сауыт бұзар оқ алды.

Осы шумақтағы "берен" деген сөз де оққа қатысты болып тұр. Яғни батыр, әуелі, берен оқпен, содан кейін сауыт бұзар оқпен атып отыр.

Кеме - жалпақ ұшты найза немесе оқтың ұшы (МҚ. 1 -492).

Темүркен - жебенің темір басы.

Тылы - оқтың басына (ұшына) байланатын (кигізілетін?) қайыс (МҚ. 3-315)

Шырғұй - жебе басының қалың, жуантық тұсы (МҚ. 3-324). Ұлын - ұшы жоқ жебе (МҚ. 1 -108). Кіре - жебені садақтың адырнасына салып тартқанда, кіргізетін кертік, кез.

Соқым - жебенің, оқтың ағаштан жасалған құйрығы. Йүклетті - үкілетті, үкі тақтырды; ол жебені йуклетті - ол оққа қауырсын тақтырды (МҚ. 2-514).

Башақ - оқ не найза ұшындағы темір (МҚ. 1-435). Боры - оқ басының жебе ұшына енгізілетін тұсындағы ойық, кертілген айылбасы (МҚ. 3-300).

Масақ - садақ оғының ұшы, үшкір жағы.

Садағын қалмақ алады,

Масағын мықтап қадады.

Қақ жүректің тұсы деп,

Шіреніп тартып қалады...

Қамбар батыр

Садақ толған сай кез оқ,

Масағынан өткізіп,

Созып тартар күн қайда...

Махамбет.

Әндіген - бұл да жебенің бір атауы болуы мүмкін

Тобыршықты әндіген

Толтыра тартар ма екеміз...

Ақтамберді

Сайгез оқ - оқтың бір түрі болса керек. Доспамбет жырауда: Садақ толған сайгез оқ, Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп,

Созып тартар күн қайда?

Он екі тұтам оқ, жебе, қу жебе - батырлық жырларда жиі қолданылатын сөз тіркесі, ал реалды өмірде оқтың ұзындығы шынында да 12 тұтам болды ма, әлде бұл тек жырдың енгізген өлшемі ме, - ол жағын білмейміз.

Он екі тұтам қу жебе...

Он екі катар оқ алды...

Он екі тұтам оқ алды...

Садақ пен жебені салатын ыдыс, қалта: құрман, толай, тұл, йасық, қорамсақ, қылшан, құрұғлұқ.

Құрұғлұқ - жақ, жебе салатын қапшық; кіш құрүғлұқ - садақ пен оқ қалтасы (МҚ. 1-562,565).

Құрман - оқ, садақ салатын қалта (МҚ. 1-503).

Толай - қорамсақтың бір түрі.

Сол кезгіде Құттықия

Толайына қол салды,

Азғана емес мол салды...

Құттықия

Көне орыс тіліндегі "тул" сөзі "колчан" дегенді білдірген, ал сөздің өзі "толай" сөзімен түбірлес.

Йасық. Махмұт Кашғари сөздігінде қорамсақты осылай атайды. Махмұттың айтуына қарағанда, бұл атауды оғыздар мен қыпшақтар білмейді екен, олар мұны құрман дейді екен.

Қорамсақ, қорамса – садақ оғын (жебесін) салып жүретін, оқ салатын қалта, оқшантай.

Қылшан - түсіндірме сөздікте бұл туралы: қылшан - жауынгердің жебе салып жүруі үшін жылқының қылынан істелген оқ қабы, қорамсақ. Ал энциклопедиялық сөздік оның түйе терісінен жасалатындығын жазады.

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт...

Қазтуған

Көне орыс тіліндегі "колчан" сөзінің арғы тегі де осы түріктік "қылшан.

Сарнама - атқанда адам жүйкесіне әсер етіп, ысқырған дыбыс шығаратын жебе. Мау-дун жеке бөлініп шыққан соң, жауынгерлеріне сарнама жебе жасатып, ат үстінен шауып келе жатып, садақ тартуға үйретті.

"Монголы для устрашения врага употребляли особые свистящие стрелы. Употребление подобных стрел и тюрскими народностями зарегисрировано в китайских летописях еще до нашей эры. Китайское название таких стрел значит сигнальные стрелы.

Употребление свистящих стрел знали еще гунны. Так, гуннский шаньюй Модэ (209 г. до н.э) сделал свистунку и начал упражнять своих людей в конном стрелянии из лука с таким приказом: всем, кто пустит стрелу не туда, куда свистунка полетит, тому отрубят голову... Модэ даже подобной свистящей стрелой застрелил свою любимую жену (.Бичурин Н. Собрание сведений о народах, обитавших в Ср. Азии). Знали эти стрелы и монголы. В Сокровенном сказании, например, рассказывается, что Чжамуха из рога молодой коровы, склеив грумучий наконечник на срелу, подарил ее Темучину".

Садаққа, садақ атуға қатысты басқа сөздер мен сөз тіркестері: төз, азұқ оқ, бұрын, құтұғ, шеврүш, шұрам, құрұғлұқ йа.

Тоз - садаққа оралған орама қайыс. ДТС-те тоз на- лучник (579-6).

Азұқ оқ - қаңғырған оқ (МҚ. 1-95).

Бұрың - бір оқ жетерлік жер қашықтығы (МҚ. 3-495).

Қатұт - суарылған, қосылған, қатылған; қатұтлұғ оқ - заһар қатылған оқ, ұшы уға суарылған оқ (МҚ. 2-412). Саадақ - атты әскер жарағыньщ толық аспабы; садақ пен жебе. Шеврүшді -айналастырды; оққа қатысты сөз (МҚ. 2-293). Шұрам - жеңіл оқ ату. Бұл әдеттегідей атылған оқтан ұзаққа барады. Атқан адам арқасына жатып атады (МҚ. 1-473).

Құвшалды - егелді, ысқыланды; оқты жылтыратып жұмырлау үшін ағаштан жасалған құралмен ысқылап егеледі (МҚ. 2-336).

Құрүғлүғ йа - құрулы садақ (МҚ. 1-562,565). Тимаш - цель, цель для стрелы (от персидск тимадж). Түңітті - көкке атты.

Патша Антуйге (жыужан қағаны) бір салт атты мен атқа арналған жалтыраған сауыт, күміс жіп жүгіртілген жібектен қапталған екі найза, қызыл лакпен боялған он найза, жібекке оралған екі садақ жебелерімен, қызыл лакпен боялған алты садақ жебелерімен, қара лакпен боялған он садақ жебелерімен, Қызыл лакпен жабылған алты қалқан қылышымен, жиырма мүйіз бен қызыл лакпен жабылған барабан, т.б. жіберді.

Қу жебені қолға алды,

Атайын деп қозғалды,

Атқан оғы өтеді.

Тоқтасын ба оларға,

Ар жағына өткесін,

Көлденең тұрған бір тауға

Оғы кіріп кетеді.

Оғының барды қанаты,

Жалғыз емес ол дағы,

Толып жатыр болаты.

Балта

Балта да - ежелден келе жатқан қару. Қола ғасырына жататын мифологиялық кейіпкерлердің басты қаруы ретінде осы балта пайдаланылған. Бірақ дәстүрлі көшпелі қоғамда балтаның рөлі басқа қару түрлеріне қарағанда, төменірек болған сияқты, өйткені қазақтың батырлар жырында балта қару ретінде басқа қару түрлеріне қарағанда сирек аталады. Дегенмен, балта туралы жыр жолдарының бар екендігін айтуымыз керек, мысалы:

Айсаұлы Ахмет

Ұңғысынан омырып,

Алпыс балта сындырды...

Немесе:

Көк болаттан соқтырып,

Ай балтасын саптады...

Жыр жолдарында сирек кездескендігіне қарамастан, балта кейінгі ғасырларға шейін қосалқы қару ретінде пайдаланылған. Балтаға қатысты, балта түрлеріне қатысты атаулар өте аз, қолда бары - айбалта ғана.

Айбалта - қазақтар ұзын сапты, өткір жүзді, жарты ай бейнесіндегі балтаны сыртқы пішініне қарап айбалта деп атайды. Кезінде қазақ арасында болып, қазақ даласы туралы көлемді еңбек жазған А.Левшин деген кісі қазақта "шақан" (чакан) деген балтаның бар екендігін жазған болатын: "чакан есть топорик, насаженный на длинную рукоятку. Раны, им наносимые в голову, большою частию смертельны". ¥зын сапты деп түсіндірілуіне қарағанда, шақан мен айбалтаның осы тұрғыдан ұқсас екендігін көруге болады. Бұл - 9 ғасырдың басындағы қазақтарға қатысты мәлімет, соған қарап балтаның қару ретінде пайдаланылуы сол уақыттарға дейін жеткендігін аңғаруға болады.

Көне заман көшпелілерінен қалған балтаның тағы бір атауы - балчар немесе балтчар (сірә, балташар). Ол - печенег тілінен қалған көзайым. Яғни бал(т)чар - әскери балта (боешвой топор(?)). Бұл атау, сірә, тек балта атауын ғана емес, сол балтамен қаруланған балташыны да білдірген болар деп жорамалдауға болады. Орыс тілінде ұзын ағаш сапты, сопақтау келген пішіні бар ескі қару (алебарда, айбалта) балта "бердыш" деп аталыпты. Осы сөздің сыртқы тұрпатына қарай бір кездері орыс тіліне ауысқан түркі сөзі болар деп жорамалдауға болады.

Толғамалы ақ балта

Толғап ұстар күн қайда?

Доспамбет жырау, 16 ғ.

Тебінгінің астынан

Ала балта суырысып,

Тепсінісіп келгенде...

Шәлгез. 15-16 ғғ.

Мен бір шарға ұстаған

Қара балта едім,

Шабуын танып

Махамбет. 19 ғ.

Қалқан

Соққыны, оқты денеге дарытпау үшін қолына ұстайтын қорғаныс құралы. Оны қайыс арқылы қолға іліп немесе қысқыш арқылы қолға киіп алатын болған. Археологиялық деректер әзірге ең көне қалқанның Месопотамия жерінен табылғандығын көрсетеді. Бұл - б.з.д. 3-мыңжылдық, бұл қалқан тұтас емес, ішінара металл пұшпақтарымен қапталған екен. Ал қола қалқан б.з.д. 2-мынжылдықта Ассириядан табылды.

Римдіктер ағаш пен теріден жасалған дөңгелек және төртбұрышты қалқандарды пайдаланса, ерте ортағасырлық Европада қалқандар дөңгелек, умбонды болды. 11 ғасырға қарай Европада миндаль пішінді қалқандар таралып, 13 ғасырдың ортасына таман ол үшбұрышты түрге ауысты.

12 ғасырда қалқандарда гербтің тумашақтары - символдар пайда болды. 14-15 ғасырларда Солтүстік Русте павездер - бұрыштары дөңгеленген тік бұрышты және қалқанды үш бөлікке бөліп тұратын желобы бар қалқанды пайдаланса, 14-16 ғасырдың басына дейін орыс атты әскері дөңгелек қалқанды пайдаланды. Қалқан - әскери ар мен жеңістің символы болды. Қалқан үстінде тұрып жауынгер - мәжусилер ант беретін болған.

"Тайпинхуаньюйцзы" еңбегінің мәліметіне қарағанда, түркі жауынгерлерінің өздері ғана емес, аттарының да сауыт - қалқан жамылған көрінеді. Аттар қарнына және аяғына дейін қалқан жамылыпты. Бұл - 6-9 ғасырлардың аралығындағы оқиғаларды қамтыған тарихи құжат, яғни европалық сауыт құрсанған рыцарьларға дейін бес ғасыр бұрынғы уақыт.

Түркі жауынгері қолын босатуы үшін қалқандарын иығы мен қарына киіп (байлап) алады екен. Қытай құжаты түркі қалқанының екі қабатты екендігін де жазады: Екінші қабаттың ағаштарын бірінші қабаттың ағаштарының орналасуына көлденең жабады, сол кезде ұшып жеткен жебе біріншісі қабатты бұзғанымен екіншісіне келіп тіреліп (кептеліп) қалады екен. Мұндай қалқандардың қалыңдығы бір қабатты қалқандарға қарағанда, жұқа болғанымен, қорғағыштығы артық болып шығады.

Қалқан - көне түрік сөзі, ол Махмұт Қашғаридың сөздігінде де кездеседі.

Шоқпар мен сойылға, олардың жекелеген түрлеріне қатысты атаулар

Сойыл - алып жүруге ыңғайлы ұзынша сидам ағаш, ол ұзындығы 2-2,5 м, диаметрі 6-7 см қатты ағаштан жасалады. Сойыл жасайтын ағашты бұтақтардан тазартып, қабығын аршып кептіреді. Әбден кеуіп, көп ұсталған сойылды "қақ сойыл" дейді. Сойылды аң аулауға шыққанда, қасқыр, түлкі соғу үшін де, сондай-ақ жылқышылар қасқыр алу мен барымта кезінде пайдаланған. "Сойыл" сөзінен "сойылгер", "сойылшы" сөздері шыққан.

Сойыл (орыс әскери дәстүріндегі "булава") - ұзындығы 50-80 см - ге жететін жұмырбасты сойыл түріндегі қару. Неолит заманында пайда болған. Бұл қару ежелгі Шығыс дүниесіне тән Ежелгі европалық (антикалық) дүниеде мұндай қару сирек қолданылған, мәселен, римдіктерде бұл қару ("клава" деп аталған) б.з. 2 ғасырында ғана әскерде қолданыла бастаған. Орта ғасырларда сойыл (булава) мұсылман дүниесінде пайдаланылды, 13 ғасырдан бастап бұл қару европалық қару-жарақ қатарына да енгізіле бастаған.

Орыс дәстүріндегі булаваларға тоқталар болсақ, мұнда оның жұмырбасты және шестопер (головка к-го была разделена на продольные дольки) деген түрлері болған. Көптеген жұрттар мен тайпаларда шомақ, ең алдымен, билік пен абырой символы болған. 19 ғасырға дейін осындай функцияға анадолы түрік пашаларында, поляк және украин гетмандарында ие болған. Жалпы славян қазақтары арасында онын "насеки" деп аталған түрі станицалық, поселкелік атамандардың белгісі ретінде 20 ғасырдың басына дейін қолданылып келген.

Келдек - ағаштан жасалған жуандау қысқа таяқтан жасалған сойыл түріндегі қару:

Бахадүр деп біліңіз,

Жиынды бұзған тентекті.

Кезеніп атар оқ емес,

Қару деп білме келдекті...

"Үш ғасыр жырлайды"- Қорағаш - бақан, сойылдың қарапайым түрінің атауы. Сонда үйде отырған алты баласы алты қорағаш алып шықты Ер Қосай. Орыс дәстүріндегі палица (ослоп) деп аталған да осы қорағаш. Палица - үш жағы қалың ауыр қорағаш, таяқ. Ұратын және лақтыратын қару, палеолиттен бері бар. Әуелде ағаштан жасалса, кейін тастан, металдан жасалатын болған. Оның ұратын жағы темірмен қапталады, не болмаса үлкен қазық -шегелермен қадауланады. Қорағаш - палицадан сойыл (булава) мен шестопер деген сойыл түрлері бастау алады.

Сайғақ - бір нәрсені ұруға арналған қатты ағаш, сойыл.

Шомақ - ағашсойылдың (булава) көне қазақтық атауы. Шомақ (орыс дәстүріндегі "шестопер") 15-17 гг. пайдаланылған. Ол бас жағына бекітілген алты металл пластинасы бар жезл, булаваның бір түрі. Жазба деректерде шестопер алғаш рет 1502 жылы орыстар мен орден серілері арасындағы шайқас кезінде кездеседі. Сондай-ақ ол қолбасының билік белгісі ретінде де қолданылады. Мәскеу Кремлінің Қару-жарақ Палатасында алтын-күміспен, асыл тастармен әшекейленген шестоперлер сақталған. Ал түркі ортасында шомақты ұстайтын жауынгерді, әскербасыны "шомақдар" деп атаған. Бұл, сірә, парсы тілінің ықпалымен пайда болған атау болса керек, өйткені "шомақ" сөзі түркі тілінікі болғанымен, оған жалғанған "дар" жұрнағы -парсы тілінікі болып табылады. Орыс арасында кездесетін "Чемо-дуров" деген фамилия негізінде де осы "шомақдар" сөзі жатыр. Шомақдар сөзінің екінші мағынасы - "қару тасушы", яғни батырдың қару-жарағын алып жүретін көмекші (оруженосец).

Шоқпар - бір басы дөнкиіп жұмыр келген ағаш қару, сойылдан қысқа, бас жағы жұмыр болады. Мұны ырғай, тобылғы, қайың сияқты қатты ағаштардан жасайды. Ырғай, тобылғыдан жасағанда, түбірін қоса қазып алады да, бас жағын жұмырлайды. Кейде шоқпардың басына темір немесе қорғасын құяды.

Күрзі (Коріз, күржі, гүрзі) - салмақтырақ болу үшін, бір басына қорғасын құйып жасаған шоқпар тәрізді қару. Парсы тілінен енген.

Қолаба - бір ұрып жығуға арналған немесе қиратқыш күші жоғары орасан үлкен қолтоқпақ, қару:

Менің атым - қолаба,

Сырымды білсең, жолама.

Қазақ ауыз әдебиеті

Өкпеден салдым қолаба,

Көп томаға бола ма.

Бозінген

Қолағаш деп аталған тоқпақ та бар

Сота - шоқпардың бір түрі.

Алпамыс

Атарман - қазақтың көне соғыс өнеріндегі қол шоқпардың, сойылдың да, соны ұстаушы, яғни сойыл соғар кісінің де атауы. Бұл сөзбен сол шоқпардың аталуы да, тіпті осы атпен шоқпардың бүгінде белгісіз болып қалған түрінің атауы болуы да әбден мүмкін. Махмұт Қашғаридың сөздігінде сойыл мен шоқпарға қатысы болуы мүмкін бір нәрсенің екі нұсқалы атауы берілген:

Шебең - темірден жасалған асатаяқ, шебің - кішкене темір сойыл (шігілше) темір таяқ .

Найзаға қатысты атаулар

Найза - ұшы істік темірден істелген, ұзын ағаш сабы бар, қадаушы - лақтырмалы соғыс құралы.

Емен сапты болат найза

Сынды дейді ұңғысынан.

Абыл

Оны ұстайтын адамды найзагер, найзашы деп атайды. Найза палеолитте пайда болған. Оның ұзындығы 1,5-5 м ге жететін болған. Дротик, копьеметалка деген түрлері бар.

Жалаулы найза. Европалық тілдердегі "пика" атты найза - осы жалаулы найза болып табылады, өйткені пиканың басына жалауша байланады, оны "флюгер" деп атайды.

Жалаулы найза қолға алып,

Жау тоқтатар күн қайда.

Махамбет

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екеміз.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екеміз

Ақтамберді

Пика - ұзын әрі жеңілдетілген найзаның бір түрі, ұзындығы-3,3 м, башағының (наконечник) ұзындығы - 12 см. Жаяу әскерде пика 18 ғасырға дейін сақталды, кейбір елдердің атты әскер бөлімдерінде 1-ші дүниежүзілік соғысқа дейін, енді бірінде - 20 ғасырдың 30-ж. дейін, кеңес әскердің кавалериясында - 1931 жылға дейін қолданылды. Орыс тіліне "пика" поляк тілінен (pika, француз тілінің pique сөзінен) енген.Лақтыруға арналған найзалар (сулица) арнайы қылшанға салынып жүретін болған (БСЭ. 13-133).

Толғамалы найза немесе сулица. Толғап лақтыруға арналған - сулица - қысқа лақтырушы найза. Қазақша оны атпа деп те атайды. Атпа немесе атпа найза - бұл кәдімгі найзадан қысқалау, әрі салмағы жағынан жеңілірек; атпа найза соғыс құралы ретінде де, аңшылық құралы ретінде де пайдаланылған.

Толғамалы найзамен

Толықсып жауға шапқанда...

Махамбет

Мұндай лақтыруға арналған найзаларды (сулица) арнайы қылшанға салып жүретін болған. Қазақ тіліндегі "телше" (найза, т.б. қару-жарақ қыстырып қоятын жез) сөзі, сірә, осы қысқа найзаны салып қоятын қылшан болса керек:

Телшедегі найзамды

Ырғай алып саптауға...

Қобыланды

Орыс дерекнамасында бірінші рет "Игорь бұлығы туралы сөзде" (12 г.), орыстар мен қыпшақ-половецтердің қаруы ретінде аталады. Мәселен, 1216 жылы Липицк шайқасында сулица бірінші соққының қаруы деп аталған. Сөз праславяндық "судлица" ("совать" сөзімен байланысты, бұл сөз ежелгі орыс тілінде "найза лақтыру" мәніне де ие болған). "Новгород жылнамасының" тізімдерінің бірінде "сулица" термині оған сәйкес "совь" терминімен алмастырылған. Бірақ осы сулица, совь және олармен түбірлес сунь, сунуть сияқты сөздерінің негізінде көне түркілік "сұ" (сұгу, сұгыну, сүңгу, сүйір, т.б.) праформасы жатқан сияқты. Оның үстіне қазақ дәстүрінде де осыған ұқсас "сүңгі" деп аталған найза түрі болғаны белгілі.

Он екі тұтам қу жебе

Ақ сүңгінің бар еді.

Ортасында ілгегі

Қарына оны іледі - ай...

Сүңгі - бірнеше қырлы, ұшы үшкір, темірден жасалған ағаш сапты қару. Асыл темірден жасалған сүңгіні көк сүңгі дейді . Махмұт Қашғаридың сөздігінде мынадай сөздер бар екен: сұңыш - сүңгілесу, найзаласу, майдандасып, найзамен ұрыс (3-кітап. 489-6.), сүбрітті -үшкірледі, сүйірледі (2-кітап. 477-6.), сүврі - қылыш, найза, істік, шамдал тәрізді ұшы үшкір нәрсе (1-кітап. 482-6.).

Қоңыраулы найза деген де сөз тіркесі бар:

Ақ сүйектің баласын

Қара ұлына теңгеріп,

Қоңыраулы найза өңгердім...

Махамбет

Қылыш пен семсерге қатысты сөздер

Қылыш - түркі әскери лексикасының байырғы әрі өзгермей келе жатқан сөзі. Қылыш (сабля) 6-7 ғасырларда пайда болған, ал орыс жылнамаларында 9 ғасырдан бастап аталады.

"Қылыч" атауы 8 ғасырдағы "Күлтегін" жазбасында (ҚТБ, 45) кездеседі, осы сөз Махмұт Қашғари сөздігінде де бар. Қылыш - шабуға, шаншуға лайықталған, ыңғайлап жасалған, өткір жүзді, үшкір, ұзындау келген, тұтқалы имек қару. Тартуға сермегенде сырғи тілетін имек қылыш терең жарақат салады. Қылышкер атауы.

Қылыш жалаңаш темірі (клинок - қыл, қылпыл, жалаң, жалаңтөс) мен сабынан (эфес - балдақ) тұрады, қынға салынады. Қылыш жалаңы имек болып келеді, оның имегінің сыртқы жағының ғана жүзі бар, ішкі жағы топарланып келеді. Бас жағы үшкір болып келеді және көбіне-көп ойығы болады. Арт жағы сап орнатуға ыңғайланып жасалады.

Қылыштың ұзындығы, әдетте, 80-90 см, ені - 30-35 мм болады. Қылыштың тиімділігі жалаңының имектігі мен салмақ түсіру центрінің орнының ұштасып келуіне байланысты. Мұндай сәтті ұштасу нәтижесінде қылыштың кесу бұрышы, тереңдігі азаяды да, сілтеу күші ұлғаяды. Шығыс типті қылыштар тек шабуға арналады да, имею ені - 100 мм - ге жеткізеді, ал европалық қылыш (оның ішінде кейінгі орыс) шабуға да, шаншуға да арналған, оның имию ені аздау, 10 мм болады.

Қылыштың сабы әртүрлі болып келеді, көлденең орналасқан (крестина, перекрестие, 1-3 лужогы). Қылыш, жалпы қылыш - пышақ секілді өткір құралдарды салып жүру үшін жасалған ағаштан және былғарыдан жасалған қапты қын немесе қынап дейді.Қылыштың қыны ағаштан жасалынып терімен, сафьянмен, барқытпен қапталады, әртүрлі металл, көбіне көп алтын, күміспен, кейде асыл тастармен сәнделеді. 19-20 ғасырларда металл (никельденген, хромданған) қынаптар пайда болды. Орыстар қылышты 16 ғасырда қабылдап, оны атты және жаяу стрелецтер пайдаланған. 18 ғасырдан бастап қылыш европалық әскерде жеңіл атты әскерде, сондай-ақ барлық әскер түрінің қолбасылық құрамының қаруы болды. 1881 жылы орыс әскеріндегі қылыш шашкамен алмастырылып, тек шерулік және гвардиялық қару ретінде сақталынды. Кеңес Одағында 1940 жылы генералдар үшін шерулік қару ретінде қабылданып, 1949 жылы ол кортиктерге ауыстырылды.

Қазақ фольклорлық тілінде "балдақ" сөзінің үш түрлі мағынасы қалыптасқан:

Біріншісі - қылыштың сабы.

Екіншісі - қылыштың қыны.

Көк балдақтан еріңіз,

Қылышты сонда суырды...

Ер Қосай

Үшіншісі - қылыштың, пышақтың сағағына бекітіліп тұратын сақина, және қылыштың өзі.

Нар кескен әпселі ақ семсер қынабына салады,

Қыран қара бүркіті балдағына қонады...

Орыс тілінен қазаққа таныс болған қылыштың түрлері - шашка мен палаш.

Шашка - бұл да қылыштың бір ұзынырақ түрі, тек оның жүзі сәл ғана имиген. Шашка, кабардин - черкес тілінен енген сөз (сашхо - ұзын пышақ). Ол жалаң мен саптан тұрады, оның қынабы бар, тек қылыштан айырмашылығы иықтық портупеяға ілінеді. Орыс әскерінде алғаш рет 1834 жылы қабылданып, 1881 жылдан барлық атты әскерде қолданылды. Шашқаның ұзындығы 70-90 см - ге жетеді, имию ені 30 мм-ге дейін. 1940 жылдан генералдар үшін шашканың жаңа үлгісі бектілсе, 1950 жылдан бастап ол тек шерулік қару ретінде ғана сақталды.

Палаш - бұл да қылыш, тек оның жүзі түзу болып келеді. Венгр тілінің pallos деген сөзінен шыққан. Палаш бір жүзді (қылыш сияқты) қару, бірақ үш жағына қарай екіжүзді болып келеді, 18 ғасырдан бастап оны металл қынға сала бастаған. Палаш семсердің орнын басып, 16 ғасырда пайда болды. Орыс әскерінде ол гвардиялық канцелярияның кирасир полктерінің қаруы ретінде 18 ғасырда қабылданды. Белбеулік портупеяда ілінді, 19 ғасыр соңында пайдаланудан қалды. Олжас Сүлейменов осы сөзді Османлы түрік тілінен ауысқан дейді: "пала-палаш, меч с широким лезвием, орудие казни: плпджи - тот, кто казнит (турец). В русском: палач - палачи (ед и мн числ)".

Қазақтың фольклорлық тілінде сақталған "қалақ қылыш" сөзі, сірә, палаш тәрізді қылышқа қатысты болса керек:

Қалақ қылыш асынып,

Жарқыным қайда барасың?

Сабля - қылыштың орыс тіліндегі атауы, "сабля" сөзін, әдетте "венгр тілінікі" дейді (szablya, мұндағы szabni - шабу, кесу). Бірақ осы сөздің ар жағында "шап, шабу" деген түркі сөзінің жатқандығын жоққа шығара алмаймыз, оның үстіне қазақта "сапы" деген де сөз бар.

Сапы - кішкене өткір қылыш, семсер.

Печенег тілінен қалған бірен-саран сөздің бірі - "чүлгү", ол - "қылыштың соққысы, қылышпен ұру" (сабельный удар) дегенді білдіреді.

Селебе - қылыштың бір түрінің атауы.

Алтын сапты селебе.

Дулат

Ақинақ (грек. Akinakos) - ежелгі скифтер мен парсылардың әскери қару-жарағындағы ұзындығы 40-60 см-ден аспайтын қысқа, келте семсер. Біздің заманымызға дейінгі 1-мыңжылдықтың 2-жартысынан белгілі. Имел сердцевидное перекрестие и плоское навершие в виде поперечного короткого бруска или полумесяца.

Болат - көміртекті болат балқымасы, ол өзінің дайындалуының әдісіне байланысты өзіне тән ерекше құрылымға және түрге (өрнекті) ие. Болат - қаттылығы мен серіппелігі өте жоғары балқыма. Болаттың өрнектілігі оны балқыту мен кристалдану ерекшеліктеріне байланысты. Ежелгі заманнан (Аристотельдің өзі атап өткен) бері болат өте берік әрі өткір семсер, қылыш, қанжар, жүздік жасауға пайдаланылып келеді. Үндістанда (вуц), Орта Азия мен Иранда (табан, хорасан) және Сирияда (Дамаск, Дамаск болаты) осындай болат дайындау өнері болған.

"Болат" сөзі парсының "пулад" сөзінен шыққан делінеді.

Қол – қылыш не пышақтың жүзіне салынған ұзын ойық. Ол көбінесе алтынмен бедерленеді.

Семсер - болаттан істелген екіжүзді өткір қару, шпага (8-264).

Сүврі - қылыш, найза, істік, шамдал тәрізді, ұшы үшкір нәрсе (МҚ. 1-482).

Біздің заманымызға дейінгі 50-жылдары хуннулар мен қытай арасындағы шарттасу, анттасу туралы дерек сақталған. Осы шартты кім бұрын бұзса, сол Көктің қаһарына ұшырап, ұрпақтарын сол анттың киесі ұрсын деп сөз байласқан.

Тәңірқұт, оның уәзірлері және қытай елші - әскербасылары Сиуңну тауына көтеріліп, Но өзенінің шығыс жағалауына барып, ақбоз атты құрбандыққа шалды. Тәңірқұт жорық қылышын (хуннулар жорық қылышын ең қасиетті қылыш деп есептеген) алып, оның ұшын шарапқа малды. Бұл - бір кезде Лаушан тәңір құт өлтірген Жыужы патшасының бас сүйегінен істелген тостағанға құйылған ант шарабы болатын, жиналғандар кезекпен осы ант шарабынан ішті.

Темір - темір: ант ішкенде, жалаңаш қылышты алдына көлденең қойып: бұ көк кірсін, қызыл шықсын дейді Махмұт Қашғари. (Түрік сөздігі. Алматы: Хант, 1997. 419-6.).

Қанжар, ұзын пышақ

Қанжар - белге байлап жүретін екіжүзді түйреуші қару, оның жалаңы қысқа болады.

Өңешке қанжар тығады.

Алтын сапты қанжармен

Тамағынан тіледі.

Астына бұрап бір салды,

Қанжарын сонда қолға алды.

Бүркіт алған қозыдай

Тамаққа қанжар ол салды.

Сөзді (канджар) кейбір этимологтар арабтікі, кейбірі - парсынікі дейді. Бұл сөз түркі тілдеріне ауысып, одан кейін орыс тіліне (кинжал) өткен. Сондай-ақ орыс тілінде "кончар" деген қару атауы болған. Оның қанжардан айырмашылығы - қысқа емес, ұзындығы 1,5 м - ге дейін жететін үш немесе торт қырлы жалаңы болды, осындай кончармен шынжыр сауытты тесіп өтуге оңай болып, орыс қаруында 14-16 ғғ. пайдаланылған.

Кеңес дәуірінде шерулік әскери киімге арналған суық қару пайдаланылды. Ол орыс тілінде "кортик" деп аталған. Бұл сөз, сірә, түркі тілдерінің бірінен енген "қортық" (қысқа, келте) деген сөздің өзгерген түрі сияқты, өйткені "кортик" дегеніміз-қысқа, қортиған семсер тәрізді түйреуші (колящее) қару болып табылады. Қазақ фольклорында ұзын пышақтардың бірен-саран атауы сақталып қалған, олар - "жекеауыз", "дөкет", "селебе", "сапы".

Жекеауыз - қанжардың бір түрі; "Жекеауыз сияқты қарулар соғып шығарған" (Аңшыбай).

Дөкет - үлкен пышақ, лөкет деп те атала береді. Селебе - ұшы үшкір, үлкен, өткір пышақ (8-258). Дудама - екіжүзді өткір қанжар.

Бүкде. Махмұт Қашғари сөздігінде "бүкде" деп аталған пышақтың түрі болғандығын оқыдық. Бүкде (бүтде) - "қанжар", "пышақ" дегенді білдіреді. Осы сөздікте "бүгделеді" - "қанжар салды", "қанжарлады" деген етістік те келтірілген. Қазақ фольклорлық тілінде сақталған бүктемелі қылыш, пышақ, т.б. сөз тіркестеріндегі бүктемелі сөзі осы бүкде сөзімен байланысты болуы мүмкін. Кездік - пышақтың бір атауы:

Табандағы алтын кездік...

Мынау - менің етігім,

Қолыңменен ал деді.

Етікке қолың сал деді.

Ұлтанының астында

Екі елі кездік бар деді,

Шығарып соны ал деді.

Едгү - қылыш қыны мен соған ұқсас нәрселерді ою үшін қолданылатын ұшы ирек пышақ.

author

Серікбол Қондыбай

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...