Алтынайдың арманы

ТЕАТР
1788

Әлемнің оқыған жұрты ақсүйек, кіді мінезді өнер деп бағалайтын балет өнері мен секілді далада өскен адамға таңсықтау. Оны түсіну үшін өре мен білім де керек екені аян. Әйтпесе, Шәкен атамыз түсірген «Тақиялы періште» фильмін­дегі Тана әжеміздің Тайлақ атты ұлына қалыңдық іздеп жүріп, ойда-жоқта танысқан балерина қыздың сахнадағы биін көріп, екі қолымен бетін басып, тұра қашқан көрінісі есімізде бар. Әрине, біз мұндай жағдайды бастан кешпесек те, бекзат өнерді біраз жатырқадым. Бірақ кейін келе ғажайып әлемнің сырын түсінгендей болдым. Оған әсер еткен адам – Ресейдің халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова.

Айтпақшы, мен Алтынайдың есімін бала күнімнен білемін. Мектепте оқып жүрген кезден үйге келген газетті түк қалдырмай оқитын әдетім бар.

Ұмытпасам, тоқсаныншы жылдардың басында «Егемен Қазақстанда» журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының Санкт-Петербургке әдейі барып, дарынды бишімен жүргізген сұхбаты жарияланды. Осы дүние менің жадымда қалып қойды. Ол уақытта басылымның бас редакторы марқұм Шерхан Мұртаза ағамыз. Қайран Шерағаң кез келген талантқа жанашыр тұлға еді ғой. Кейін әйгілі балерина жайында белгілі журналист Талғат Батырхан қалам тербеді.

Ендеше, біз де атағы жер жүзіне жайылған жан туралы ой толғап көрелік.

***

Халқымыз «Ат аунаған жерде түк қалады» дейді. Ертеде ауылдағы қариялар бір көңілі ізгі абзал адамды көрсе, «негізі жақсының ұрпағы» ғой деп тамсанып отыратын. Алтынай ханым да текті жерден өрбіген. Арқада Нарманбет Орманбетұлы деген айтулы ақын өткен. Ол қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында ғұмыр кешіпті. Нарманбет те бір ғасырдың төлі Шортанбай, Мұрат ақындар секілді «зар заман» поэзиясының белді өкілі, отаршылдыққа қарсы бірнеше өлеңдер мен толғаулар жазып, азаттық рухты асқақтатқан. Алтынайдың бабасы Асылмұрат – осы Нарманбет ақынның немере бауыры. Көзі тірісінде малы мыңғырған бай болыпты. Ал атасы Әбілбек дәулескер домбырашы атанып, кезінде Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсеткен. Амал не, дарынды азамат екіншідүниежүзілік соғыста опат болған.

Кейіпкеріміздің әкесі Әбдуахим ағамыз – отандық балет өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Ленинградтағы хореография училищесін тәмамдағаннан кейін елге оралып, Абай атындағы опера және балет театрының белді солисі, кейін Алматы хореографиялық училищенің көркемдік жетекшісі болды. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениетінің онкүндігіне қатысып, «Халықтар достығы» орденімен марапатталыпты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Көзкөргендердің естеліктерінде бұл кісінің жаны жұмсақ, білімді, өте мәдениетті, сымбатты да сырбаз азамат болғандығын айтады. Мөлдіретіп өлең де жазған.

Ал анасы Галина Николаевна Нева жағалауында өмірге келген. Галинаның әкесі Николай Сидоров та – балет маманы. Тағдырдың тайғақ жолымен Ленинградтан асып, Қазақстанға келіп, әсем шаһар Алматыдан пана тапқан. Галина апай да – сахнаның сәніне айналған балерина. Абай атындағы опера және балет теа­трының солисі болып, сахнада біраз образдарды сомдаған. Бірақ балет өнерінде қос аққудай жұптасып ғұмыр кешкен қос өнерпаздың жарық дүниедегі ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғаны өкінішті.

Міне, осындай өнердің бақ құсы қонған шаңырақта іңгәлап дүние есігін ашқан Алтынайдың өнерге, оның ішінде балетке жақын болмауы мүмкін емес.

***

Алайда әке-шешесі көздерінің ағы мен қарасы болып отыр­ған жалғыз қызын балет үйірмесіне беруге онша ынталы болмаған. Олардың балет өнерінің басқаға қарағанда өте кірпияз, қиындығы да көп өнердің түрі екендігінен түсінсе керек. Бірақ Алтынайдың жас күнінен биге құштарлығы мол болған. Балалық шағында анасымен бірге театрға барғанда сахнадағы аппақ қардай киінген мың бұралған балериналардың өнерін көріп, әдемі әсерге бөленген. Болашақта ол да сахнада осылай өнер көрсетсем деп армандайды.

Ақыры ата-анасы жүз ойланып, мың толғанып он жасқа толған жұдырықтай қызды алыстағы ақ түндер қаласындағы хореография мектебіне оқуға алып баруға шешім қабылдайды. Анасы қаршадай баласын жетектеп, тамыз айында Ленинградқа келеді. Келсе, қабылдау емтихандары аяқталған. Амал жоқ, енді кейін қайтпақ болады. Бірақ тағдырдың тосынсыйы деген бар емес пе, орта жолда сол оқу ордасында істейтін қайырымды жан кезігіп, алыстан ат арытып келген қыз баланы мектеп директорына ертіп апарып, оқуға қабылдатқызады.

Ол бұл мектептен би өнерінің әліппесін үйренеді. Одан кейін Анна Павлова, Галина Уланова секілді әйгілі өнерпаздарды ұшырған Ваганова атындағы Ленинград хореография училищесінің Инна Зубковскаяның сыныбында оқып, балеттің қыр-сырын меңгереді. Училищенің соңғы курсында жүргенде, яғни 1978 жылдан бастап, Киров атындағы Ленинград опера және балет театрына орналасады. Бұл қазіргі атағы жаһанға жайылған – Мария театры. Осы театрда Алтынай апамыз табан аудармай ширек ғасыр еңбек етті. Соның көп бөлігінде прима балеринасы болып, көрермендер қызығып көрген «Аққу көлі», «Раймонда», «Ұйқыдағы ару», «Ромео мен Джульетта», «Бақшасарай бұрқағы» секілді классикаға айналған қойылымдардағы басты партияларды орындады. Сондай-ақ Лондонның Корольдік «Ковент-Гарден» және Марсельдегі Ролан Пети театрларында қосымша жұмыс істеді. Кеңес дәуірінде дүбірі алысқа естілген Рудольф Нуриев, Барышников, Макаровалармен бірге АҚШ, Англия, Франция, Испания, Италия сияқты көптеген шет мемлекетте өнер көрсетіп, өзге жұртты таң-тамаша етеді. Бұл да – көп өнерпазға бұйыра бермеген бақ.

Балерина Мария театрынан кеткеннен кейін орыс балетінің ұстаханасы атанған, кезінде өзі білім алған Ваганова атындағы Орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі әрі директоры болды. Талғат Батырхан ағамыз балерина туралы жазған мақаласында: «Бұл – дарын даралығын мойындаудың жарқын көрінісі. Әйтпесе, қалың орыстың ортасынан осынау құрметті орынға лайықты тұлғалар табылмай қалған жоқ. Аталмыш академияның ұзақ жылдар бойғы көркемдік жетекшісі Игорь Бельский өлер алдындағы өсиетінде өз орнына лайық кандидатура ретінде Алтынайдың есімін атапты» деп келтіреді. Содан кейінгі жылдарда ол Михайлов балет театры директорының кеңесшісі қызметін атқарды.

***

Алтынай өнердегі жолында балет өнерінің барлық биігін бағындырып, дүние жүзіне өзінің есімін ғана емес, қазақ халқының абыройын аспандатты. Ол өзге елде жүргенде туған жұрты сыртынан тілектес болып, амандығын тілеп отырды. Тау шыңының басына шыққандай дәрежеге жеткен аяулы жан ұзақ жылдардан кейін елге оралып, туған жерге деген сартап болған сағынышын басты. Елбасының өзі талантты тұлғаны Ақордада екі рет қабылдап, жылы ықыласын білдірді.

Қазір ол ел өнерінің дамуына еселі үлес қосуда. Елорданың төрінде бой көтерген архитектуралық өрнегі өзгеше «Астана Опера» театрында балет труппасының көркемдік жетекшісі. Бұл театр аз мерзім ішінде «Абай», Қыз Жібек», «Қаракөз» сынды ұлттық шығармаларымызбен бірге, әлемдік опера және балет классикалары: «Аида», «Травиата», «Богема», «Тоска», «Мадам Баттерфляй», «Кармен», «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Бақшасарай бұрқағы», «Баядерка» және «Дон Кихот», «Париж Құдай Анасының соборы», «Манон» және т.б. туындыларды қойып, жұртшылық тарапынан үлкен қошеметке ие болды. Осы қойылымдарда Асылмұратованың қолтаңбасы дараланып тұрады. Сонымен бірге Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры. Болашақ балет өнерінің жұлдыздарын дайындауда. Бүгінде бұл салада да біраз ауқымды жобалар қолға алынған.

Алтынай – атақты балерина, ұлағатты ұстаз, тағылымды тәлімгер, білікті басшы ғана емес, аяулы ана. Жұбайы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский екеуі моншақтай қыз тәрбиелеп отыр. Айтпақшы, жездеміз театрда жастарға бидің қыр-сырын үйретеді. Кейіпкеріміз бір сұхбатында: «Жас күнімізде атақ қудық, даңқ қудық, көп нәрсені ойламадық, соның орнын толтыратын уақыт жетті. Арманым – «Астана Опера» театрын әлемдік аренаға шығару» деп айтыпты. Жан толқынысынан шыққан сөз жүрекке жетеді. Айдынымызға аққу болып оралған Алтынайдың арманы орындалсын дейміз.

Азамат Есенжол

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...