«Астана Опера» балет труппасын кезекті гастроль күтіп тұр: 25 және 27 мамырда ұжым Абай...
Астанада атақты балетмейстерді еске алу кеші өтеді
Балет әлемінде ұстаздарына зор құрметпен және тебіреніспен қарайды. Онда біртуар хореографтардың айтулы жетістіктері мен жарқын оқиғалары жайлы естеліктер жазылған тарих парақтары ұқыпты сақталады. Елордада хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі, атақты балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиевтің есімі қазақстандық балет тарихына мәңгіге енді. 8 ақпанда «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында «Рақмет, Шебер!» еске алу кеші өтеді.
Ұрпақтар сабақтастығы жалғасқанда балет өнері мәңгі өшпейді деп айтып жатады. Тұрсынбек Нұрқалиев қазақстандық әртістердің тұтас шоғырын тәрбиеледі, олар ұстаздарынан алған кәсіби тәжірибені өскелең ұрпаққа жеткізеді. Олардың қатарында қазақстандық өнерді Отанымызда және шетелде әйгілеп жүрген атақты бишілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Әсел Шәйкенова, Арман Уразов, Серік Нақыспеков, Данияр Жұматаев, Бауыржан Мекембаев бар. Еске алу кеші аясында көпшілік олардың шығармашылығына баға бере алады.
Тұрсынбек Нұрқалиевтің өзінің айрықша мәнері болатын. Сондықтан оның жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева концерт бағдарламасын әйгілі балетмейстердің жұмыс істеу қағидаты бойынша құрды.
М.Хэгертидің «Хикая», Г.Форенің «Павана», Д.Шостаковичтің «Жол» секілді жарқын хореографиялық композициялары, С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен дуэт, К.Глюктің танымал «Мелодия» дуэті бағдарламаның сәнін келтіреді. Соңғы аталған дуэтті кезінде маэстроның өзі әрдайым зор жетістікпен орындаған болатын. Сондай-ақ балет кешінде П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Щелкунчик», Л.Минкустың «Дон Кихот» балеттерінен нөмірлер, Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінен «Романс» пен «Татар биі» ауқымды нөмірі, К.Сен-Санстың «Өлім алдындағы аққу», А.Хачатурянның «Спартак», В.Соловьев-Седойдың «Гопак» және тағы басқалары орындалатын болады.
– Тұрсынбек Әбдібайұлы тек басшы, ұстаз ғана емес, ол балет әртістерінің барлығына қамқор әке болды. Алдына көмек сұрап келген әрбір жанға қол ұшын беріп, балетпен айналысып жүрген жастардың тек театрда ғана емес, одан тыс жерлерде де өздерін жайлы сезінуіне қолдан келгеннің бәрін жасады. Ол елорданың қалыптасу кезеңінде осында күрделі жағдайларда жұмыс істеуге келіскен санаулы азаматтардың бірі болды. Әртістермен бірге жатақханада тұрды. Оның қалтқысыз еңбек етуінің нәтижесінде Астанада академиялық балет пайда болды. «Адамды ісіне қарап таны» деген сөз бар. Ол мен білетін ең мейірімді жан болатын. Ол маған: «жаным, балам» дейтін, бұл жылы сөздерді естігенде әрдайым қуанып қалатынмын, – деп еске алады «Астана Операның» жетекші солисі, әлемдік балет сахнасының жұлдызы Бақтияр Адамжан.
– Ол менің әлеуетімді көре білді, шығармашылық тұрғыда тәуекелге барып, маған «Спартак», «Щелкунчик» спектакльдерінде және театрымыздың репертуарындағы басқа да көптеген қойылымдарда жетекші партияларды орындауға мүмкіндік берді. Ол маған сенетін, және мен мұны сездім. Нағыз кәсіпқой, керемет биші болған Тұрсынбек Нұрқалиев классикалық өнердің барлық нюанстарын түсінетін, біз дұрыс жаттықпасақ, бізге әрдайым ескерту жасап, кәсіби кеңестер беретін. Қазір маған бәрінен бұрын оның: «Балам, сенде бәрі жақсы ма?» деген жылы сөзі жетпейді. Ол балет труппасының әкесі болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, атақты балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиев еліміздің балет өнерінің дамуына зор үлесін қосқандықтан, оның жоқтығы әртістерге ғана емес, баршаға сезіледі. Ол бақытты, жарқын әрі мағыналы ғұмыр кешті. Балет шеберінің өзінен кейін қалдырған кәсіби қызметінің елеулі нәтижесі әрдайым зор құндылыққа ие болады...