Қуандық Қасымов, режиссер: Жас драматургтерді жігерлендіру қажет

ТЕАТР
693

Жуырда Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр сахнасында «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» комедиясының премьерасы өтті. Таптаурын секілді көрінгенмен тақырып өзекті. «Қарсы ал! Ләззат» деген екі ауыз сөз үш отбасының мұң-қайғысын қозғады. Сынықтан сылтау табылып, болмашыдан бүлік шықты. Көрерменді күлдірді, күрсінтті, комедия өз нысанасына дөп тиді. Бір қызығы, театрдың жастар труппасы заманауи ән мен биді тиімді таңдаған. Мұнан біз мюзикл жанрының белгілерін, өзгеріске ұмтылысты байқадық. Театр шымылдығы жабылған соң, қойылымның режиссері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовпен әңгімелесудің орайы келді.

– Қуандық аға, Сыр елі облыстық театр сахнасындағы «Сыған серенадасы», «Қысылғаннан қыз болдық» қойылымдарының режиссері екеніңізден хабардар. Екеуінің де тамаша туынды екеніне талас жоқ. Бұл жолы комедия жанрын, соның ішінде «Пай-пай жас жұбайлар-ай» қойылымын таңдауыңыз бекер емес болар...

– Бұл жазушы-драматург Мұхамедқали Қасеновтың «Дос-Мұқасан» елге танымал болып, аты шыққан жылдары жазған шығармасы. Қаламгер өмірден өтіп кетсе де, қойылым «Пай-пай махаббат», «О, махаббат» деген атаулармен қазақ сахнасынан түскен жоқ. Жас отаудың керегесі солқылдақ, шаңырағы шайқалуға бейім болса, бұл тек бүгінгі күннің мәселесі емес. Телеграммадағы «Қарсы ал! Ләззат» деген бір ауыз сөзден жас жұбайлар ажырасып кете жаздады. Айталық, үш құрбының бірі Банудың анасы күйеубаласының актер, өнер адамы болғанына әу бастан қарсылық танытқан. Қазір де ата-ананың көпшілігі жастардың бақытын байлықпен, өздерінің табысымен өлшейді, сондықтан жас жұбайлар Есет пен Банудың жолы екіге бөлінді. Бұл – біздің қоғамдағы күйіп тұрған мәселе. Отбасын құра сала оты өшіп, біріге бере берекесі кеткен жастар аз емес. Сондықтан, бұл тақырыпты тек көрерменді күлдіру үшін таңдамадық. Екіншіден, бұл қойылым театрдағы жас әртістердің тіл табысуына, характерлер таласы олардың өз ойын жеткізуіне тамаша мүмкіндік болды.

– Қойылым қызықты өтті. Бірақ, бүгінгі телевидение, фильмдер ене мен келіннің күлкілі бейнесіне әбден көрерменнің көзін үйретті. Келін келемежге айналды. Бұл спектакльде де келіншектердің кейбір әрекеттері ерсі көрінді...

– Сахнада өмір шындығы бар. Өмірде келіншектің бәрі биязы, сыпайы емес қой. Бірақ, қойылымдағы кейіпкерлер анайы, ерсі сөздерді қолданбайды. Комедия жанры болған соң кейіпкерлердің қимыл-әрекеті арқылы көрерменге күлкі сыйлауды мақсат еттік.

– Байқаған боларсыз, облыстық театрға жастар жиі келе бастады. Олардың кәсіби біліктілігі, жалпы әртістер құрамы туралы не айтар едіңіз?

– Бес жыл бұрынғыға қарағанда жас актерлар кәсіби тұрғыда жетілген, өз образдарын қалыптастырған. Расымен, жастар театрға біліміне сеніп жұмысқа орналасады, бірақ мәселенің бәрі дипломда емес. Білімді театрға алып шығу – актердің міндеті. Ол үшін жақсы шығарма, жақсы образдар галереясы қажет. Тек соған актердің еңбегі мен ізденісі сай болса болғаны. Аймақта жас актер, актрисалардың саны артқан, сондықтан ойымды әртістерге бірге жұмыс істеген күндер ішінде барынша жеткіздім.

– Бүгінгі қойылымның режиссері, алғашқы сарапшысы өзіңіз. Дайын дүние көңіліңізден шығып, мақсатыңызға жеттіңіз бе?

– Қойылымның деңгейі ешқашан 100 процентке жетпейді. Бала дүниеге келген соң, өмір сүруге талпынады ғой. Қойылым да дәл солай, премьера арқылы көрермен алдында өмір сүруге қадам жасайды. Көрерменнің тынысымен демалады, қошеметімен шарықтайды, сын арқылы міні түзеледі. «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» 24 күн ішінде дайындалды, енді бағасын ел береді.

– Әлемдік театр өнеріндегі қандай жаңалықтар бізге енбей жатыр? Мюзикл – қазақ үшін таныс та бейтаныс жанр. Осы жанр бойынша спектакль дайындалса, театрдың ерекше жаңалығы сол болар еді...

– Бірнеше жыл бұрын осы жанрда спектакль қоюды ойлағанмын. Сонда біздің елдің актерлары музыкалық драма, музыкалық комедия жанрында ғана жұмыс істей алатынын түсіндім. Мюзикл – Американың дараланып шыққан өнері. Музыка, би, ән, көркемсурет, акробатика, сценография – бәрі де мюзикл. Бұл өте қиын жанр. Актердің бойында осы өнердің бәрі тоғысуы керек. Елімізде бір-екі жыл көлемінде алғашқы мюзиклдер қойылды. Бір көргенімде қабысу жоқтығын байқадым. Бұл жанр қазақтың менталитетіне жақын емес. Америкада мюзикл дайындау үшін алдымен актердің психологиялық дайындығы, шеберлігіне қарайды. Бір спектакльді жылдар бойы дайындайды әрі сахнада он жыл қоюы мүмкін. Ал біздегі театрлар репертуарлық. Сондай-ақ, кез келген актердің мұндай жанрға шамасы келеді деп айта алмаймын. Жалпы елдегі театрлардың материалдық-техникалық базасын нығайтпай, жаңалық жасау мүмкін емес. Техник мамандарды оқытып, оларға жағдай жасау қажет. Бірнеше жыл бұрын театр әртістерінің айлығы көбейтілді. Уақыт алмасты, теңгенің де құны бұрынғыдай емес. Бірақ республика бойынша әртістердің айлығы сол күйінше қалды. Айлығы аз актер дайындық барысында уақытқа елеңдеп, той-томалаққа асығып тұрады. Оларды кінәлауға да болмайды, өнерімен, еңбегімен табыс табуы керек, ел қатарлы өмір сүруі керек. Бірақ той-томалақ жағалап жүрген әртіс шеберліктің шыңына жете алмайды.

– Қазір комедияға келгенде тақырып жағы тапшы. Арнайы келіп, комедия жанрын таңдауыңызға не себеп болды?

– Жастарға жастардың тілімен сөйлейтін жалғыз-ақ драматургия бар. Ол – комедия. Халық рухани тұрғыда демалып, көңіл көтеру үшін бұл жанр қажет. Бірақ қазір арзан әзілдің дәурені. Театрдың 500 теңгелік билетін қымбатсынып, әзіл-сықақ театрының 1500-3000 теңгелік билетіне ел таласып барады. Қазір драматургтар да комедия жанрында жазбайды. Бұл жанр Қанабек Байсейітов, Қалтай Мұхамеджанов, Баққожа Мұқай, Мұхамедқали Сәрсеновпен бірге кеткен секілді. Қазір жастар қысқа-қысқа интермедиа жазуға бейімделді, бірақ ол қойылым жасауға келмейді. Мен білетін драматургтардың ішіндегі кәсіби, нағыз маманы – Иран-Ғайып. Жас мамандар мықты туынды жазып, драматургия дамысын десек, Мәдениет министрлігі мұны республика деңгейінде қолға алып, байқау ұйымдастыруы қажет. Өйткені, драматургия саласын жылына 5-6 студент болса да бітіреді. Олар бұл салаға келмейді. Сондықтан, конкурс жасап, оны көзіқарақты қазылар алқасы бағалап, елге ұсынса ғана, өз заманына лайықты шығармалар дүниеге келеді.

– Рақмет!

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 «Сыр бойы» Қызылорда облыстық газет

 

 

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...