Халықаралық «Волков» театр фестивалінде «Шағала» қойылымы сахналанды

ТЕАТР
3059

2021 жылдың 17-23 қыркүйек күндері аралығында Федор Волков атындағы Ярослав мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында XXI Халықаралық «Волков» театр фестивалі ұйымдастырылды. Өнер мерекесіне Армения, Өзбекстан, Беларусь, Қазақстан, Венгрия, Финляндия және Ресейдің театр ұжымдары қатысып, орыстың классикалық шығармаларын шетелдіктердің көзімен көрермен назарына ұсынды.

«Шағала» спектаклінен көрініс (реж.: Е.Нұрсұлтан)

Аталмыш театр фестиваліне Қазақстаннан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Антон Павлович Чеховтың «Шағала» пьесасы бойынша сахналанған «Шағала» қойылымымен қатысып, фестиваль сарапшыларының жоғары бағасына ие болды.

Әлем театрлары үшін Чехов шығармалары әлдеқашан «репертуарлық қойылымдарға» айналған. Автордың «Шағала» шығармасында өткен ғасырдың басындағы орыс қоғамының өмірі емес, бірақ сол өмірді сүріп жатқан адамдардың тағдыры, ішкі жан дүниесі, бір-біріне ұқсамайтын мінез-құлықтарын қалыптастырған мәселелер, жарыққа деген ұмтылыстары маңызды. Уақыт, өмір сүру шарттары, техникалық прогрестің деңгейі өзгеріп отырады, дегенмен, адами қарым-қатынастар мәні өзгеріссіз қалады. Чеховтың кейіпкерлері мұны толықтай көрсетеді – өздері сүйе тұра, өздерін сүйетіндерге қатыгез әрі суық.

«Шағала» спектаклінен көрініс (реж.: Е.Нұрсұлтан)

Отандық театр режиссері Елік Нұрсұлтанның «Шағала» спектаклі заманауи көрерменнің назарын жалпыадамзаттық тақырыптар мен проблемаларға аударады. Драмалық материалды шығармашылық тұрғыдан түсінуі пьесаға жаңа тыныс сыйлады. Театртанушы, өнертану кандидаты, профессор А.Еркебай атап өткендей: «Елік Нұрсұлтанның спектаклінде әрбір кейіпкер – шағала. Әркім бостандыққа ұмтылады, бірақ, өкінішке орай, оған қанаттарының ұштарымен ғана қол тигізе алады. Спектакль кейіпкерлері өздері өмір сүретін ортаның тәртібі мен заңдарына қарсы тұра алмайды…». 

«Шағала» спектаклінен көрініс (реж.: Е.Нұрсұлтан)

Спектакль суретшісі Шота Багалишвили көріністі төрт бөлікке бөліп, әр эпизодты алдыңғы планға шығарады, соның арқасында бірде-бір кейіпкер, оның эмоционалды жағдайы көрермендердің назарынан тыс қалмады.

Айта кетерлік жайт, «Шағала» спектаклі еліміздегі «Халықаралық театр сыншылар бірлестігі» ұйымының сарапшылары тарапынан 2020 жылғы «Үздік театр қойылымы» номинациясын иеленіп, ал қойылымда Аркадина рөлін сомдаған Жанар Мақашева «Жылдың үздік актрисасы» атанған тұғын. 

«Шағала» спектаклінен көрініс (реж.: Е.Нұрсұлтан)

Сондай-ақ, фестиваль бағдарламасында шығармашылық кездесулер мен шеберлік сыныптары өтті.  

madeniportal.kz

author

Антон Чехов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...