Сіздің «Адырнаңыз»...Ақтөбеден шығатын «Адырна» республикалық әдеби-көркем,...
Қожа Ахмет Яссауи хикметтері (5-бөлім)
8208
Құдауанда, мені тура бұр жолыңа Құдауанда, мені тура бұр жолыңа, Нәпсі құлы, бардан ада болдым мән-а. Фасық, фажыр дүниені алды кір қолына, Қасірет-қауіп тұтқынында қалдым мән-а. Дүние – нәжіс, иттей жортып безіп жүрмін, Соны қудым, сезім – құрдым, өзім – құлмын. Әмірін тұтпай, Хақ жолына көзім жұмдым, Ая, достар, енді қайда бардым мән-а? Нәпсі, шайтан қылды тұтқын адам ұлын, Жүрегінен ұрлап алды сана-мұңын. Оң-сол білмес қара құлың – қарағұрым, Уа, дариға, қасірет уға қандым мән-а! Мендей сұм жоқ, – шарласаң да бұл ғаламды, Хақтан безіп, бизар қылдым күллі адамды. Жүзім – қара, жаным енді тұл-қараңғы, Уа, Жасаған, бұлай неге болдым мән-а? Ғазиздерге иілмедім, – көн боп тұлғам, Ішкі-сыртқы құлшылыққа бермеппін мән. Хақ дәргейі не күтеді көр-бет сұмнан?! – Иә, Раббым, не қылсаң да келдім мән-а. Тағатым жоқ, күнәм шексіз, – азабым бұл, Тәуба қылып жеткен жерім – базарың-дүр. Рахметіңмен Қожа Ахметке назарың бұр, Не қылсаң да сорлы басым – көндім мән-а! ЛӘМӘКАНДА САБАҚ АЛДЫМ Жүрек көзін аша алмасам тағат қылып, Хақ дәргейі мақұл көрмес, білдім мән-а. Хақиқаттың пәк сөзімен таң аттырып, Ләмәканда* Хақтан сабақ алдым мән-а. Бір уа Барым сабақ берді ашып перде, Жер мен көктен шайтан безді, қашып көрге. Сайран құрдым, – шарап ішіп ғашық-пенде, Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а. Дидар-талап пендеге жан аямаған Мақшар күні тақ пенен бақ даяр оған. Ғашыққа Алла нұр-құшағын жаяды әмән, Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а. Қанды жасын төгіп көздің, жад етпедім, Жүз мың түрлі мехнат арттың, дат етпедім. Сенен қорқып қаста көңілім шат етпедім, Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а. Алла дертін сатып бермес, – сатып алсаң, Пірмұғанның қызыметінен қапы қалсаң. Хақ жолына кірдің, – құлдың сафы болсаң, Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а. Ғашық патша, ғашық пақыр қайтпас жолдан, Хақтан ғана пәрмен алар, – айтпас жалған. Дүние қумас, – Құдайымен шарттасқаннан, Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а. Құл Қожа Ахмет, жеті жаста білдім сабақ, Сегізімде жалғаншымен тындым, – талақ. Тоғызымда Құдайымды қылдым талап, Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а. ҒАШЫҚТАРҒА УАҒДА ҚЫЛДЫ ДИДАРЫН – ХАҚ «Фа азкуру уа Аллаһу касиран» – иманым хақ! – Зікір айтып, зар еңіреп жүрдім мән-а. Ғашықтарға уағда қылды дидарын – Хақ, Ғашық жолда жанды байлап жүрдім мән-а. Шын ғашықты сүйіп Аллам жолды аршыды, ал, Аллам сүйсе, жарты жолда қалман сыңар. «Дидарымды көрмес, – деді, – жалғаншылар», – Ғашық сында бекем болып тұрдым мән-а. Ақылға ерсең, көрстаннан хабар білгін, Соңғы сағат маған да кеп соғар бір күн. «Маута қабла ән тамутаға»* амал қылғын, Бұл хадистен пікір етіп білдім мән-а. Хабар берер: «Файадхаку қалилан»*, – деп, Айтар және: «Уа лиабку касиран»*, – деп. Бұл аяттың мағынасын аш, илан, деп, Бұл дүнияда еш күлместен тындым мән-а. Пәмсіз күлер, алып қашып бойын сыннан, Қайғы шегер Хақ әмірге мойынсұнған, – Жанарлары жастан кеппей уайым қылған, Көз жасымды дария қылып тұндым мән-а. Нәпсісі өлген шын ғашықтар «Алла» деді, Сахар тұрып, шар зарб ұрып зарлап еді. Ондай құлға Алла назар салған еді, Сонда жарды дария болып ұрдым мән-а. Ырық бермей отқа салды залым нәпсім, Тұла бойым бара жатыр жалындап шын. Мүшіріктен иман ұрлап лағын жатсын, – «Ағузы биллаһи бисмилла» – деп жүрдім мән-а. Мұнафықтар күйіп-жанар тозақтағы, Иман тапқан жолығады ғажапқа әлі. Имансыздың тартар мәңгі азап тәні, Барлығына иман тілеп жүрдім мән-а. Нәпсім билеп, арбағанда есімді анық, Пірмұғанға қарай қаштым басымды алып... Құл Қожа Ахмет, қақпаны ашып, есік жауып, Ұшқан құстай Ләмәканға кірдім мән-а. Уа, дариғ, түсті басқа ғаріптік кеп Уа, дариғ, түсті басқа ғаріптік кеп, Бел байлап кезбелікті қылдым мән-а. Хорасан, Шам, Ғираққа бағыт тіктеп, Қадірін ғаріптіктің білдім мән-а. Көрмек шарт не келсе де бір Алладан, Жүсіп те Кеңғанында тұра алмаған. Мүбәрак Түркістаннан – тұран-далам, Бауырыма тасын ұрып келдім мән-а. Бұл ғұрбат* Мұстапаның жолы еді ашқан, Сахаба отыз үш мың сара басқан. Мұртаза, Әбубәкір, Омар, Оспан Жүрген жол, соңдарынан ердім мән-а. Бұл жолда қуат бітіп шала жанға, Шикілер айналады даналарға. Ас, киім уайым емес сара жолда, Сол үшін Түркістанға ендім мән-а. Ғаріптік жүз жыл езсе, аһ ұрып тұрсам, Тақ, бақыт бағы – зындан, сақылық құрсам. Құл болды ол ғаріптікте Махмұд Сұлтан, Жарандар, осы жолда күйдім мән-а. Ғаріп ем, Арыстан бабам жетті ізімнен, Перделеп, сыр таныды бет-жүзімнен. «Көрдім, – деп, – бихамдилла», – өпті ізімнен, Қайран боп осы сырға тұрдым мән-а. Арзулық бөлейді елді гүл-шаһарға, Бағында ұлық баба тұр сахарда. Бабамның рухы салды бұл сапарға, Өзіңе шексіз тағзым қылдым мән-а. Жеткіздің, Құл Қожа Ахмет, Хақтың жадын, Ұқтырдың достарыңа хаттың мәнін. Кезіп кеп шаһарыңның таптың бағын, Мазар боп Түркістанда қалдым мән-а. РАСУЛДІҢ РИЗАЛЫҒЫ Ұшырадым ышықтың дұғасына, – Мұхаммед, Жеттім аңсар шыңына – ырасына, – Мұхаммед. Үмбет болған жарандар тынбай айтар мадақты, Ей, пәк Алла, қыл мені рәсуа, – Мұхаммед. Сал көңілге ышық пен махаббатты ылайым, Саған ғана жылайын ғашықтықтан, Мұхаммед. Көрсет маған, мәжнүн ғып екі дүние шырайын, Диуана қыл көз жасын жасып сыққан, – Мұхаммед. Өлтір, өрте! Жаманат – қаншама ұрсын қабағат, Қиямет күн жазаға ат! – Аңсарымсың, – Мұхаммед. Нығмет татпай, Жомартым, кешкенің – өрт, жасың – от, Тұрмын сенің қайғыңның тілеп бәрін, Мұхаммед. «Үмбетім!» – деп басып от, шектің қайғы-қасірет, Шығарасың кеудеден жүрек қанын, Мұхаммед. Шаһтың шаһы, сұрадың үмбетіңнің күнәсін, Қиямет күн болғанда панамызсың, Мұхаммед. Іздеп, баз кеш бәрінен, берсе ырзалық Расул, Жүрегіңнен Жан-Алла бал ағызсын, – Мұхаммед. Бар тілегім, Мінсіз Жар, – Зарық-тобам, Жаратқан: Қам-қайғысын зар атқан дарыт маған, – Мұхаммед. Айналайын, хош Карим, Жаратушы Жаббарым, Дарияңнан бір тамшы татқыз маған, – Мұхаммед. Жолды аш, Рахман-Рахим, Ғаффар уа Саттарым, Адастырмай жолыңды тапқыз маған, – Мұхаммед. Әл-Мисақтан бір тамшы шарап маған несібе, Татсам содан, енер ед мадаққа жан, Мұхаммед. Қара жүзім төсеп ем Пірмұғанның жолына, Мейірім қылды, – қолыма нұрды да алдым, Мұхаммед. Жаратушы Мінсіз Жар, жеткіз мені мұратқа, Арзумын мен кірпігің-қасыңа да, Мұхаммед. Пердеңді ашып мен пақыр жаққа қара, жылатпа, Ғашық құлмын әрбір тал шашыңа да, Мұхаммед. Міскін Ясауи назары – Хазіреттің мазары, Топырақты сен басқан әзір еткін, Мұхаммед. Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет Хақ Тағала фазылымен пәрмен қылып, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Алпыс үште сүннеттерін дәрмен біліп, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Жер үстінде өлмес бұрын өліп едім, Алпыс үште сүннет тұтып, еніп едім. Жерастында жан-діліммен еңіредім, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Жарандардан бақыт, баян – нұр алмадым, Жүз жыйырма бес жасқа келіп біле алмадым. Хақ-Тағала тағаттарын қыла алмадым, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Болармын ба Мұхаммедтің үмбеті шын, Үмбет үшін ғана бұзды ол түнде түсін. Балдан тәтті оның маған міндеті – сын, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Біздер үшін ол Мұхаммед жаннан кешті, Үмбет болсаң, жанға тұтпа жалған досты. – Ол күнәһар босқа өткізді таң мен кешті, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Елу жаста болды хабар: «Адам өлмек, Нұр-и иман ғана саған салады өрнек. Таңда Мақшар мейман ғып Хақ, баға бермек», – Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Ей, мүміндер, бұл жалғанда баян бар ма?! – Бұл бір шын сөз, – дүние сәтке аялдар ма! Хақты білмес имансызға саям бар ма?! – Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Асылым – топырақ, нәсілім – топырақ, гүл ашпадым, Басып өтсең, ар тұтады ылас тәнім. Ар тұтқанды шайтан шырмар, ырас, мәлім, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Шын зікірші, – жоғын Құдай қамдапты оның, Таңда Мақшар ұсынады қалғат*-тонын. Дидар көріп, Дәулет қылар жәннат төрін, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Пенде болсаң, мехнат тарт, ғафыл қалма, Ғанибет – сол, тозбас киім ақыл жанға. Жан – аманат, қиянатқа хақың бар ма?! – Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Алпыс үште сүннет – жердің түбіне енбек, Расул үшін екі ғалам нұры келмек. Ғашықтардың сүннеті-дүр тіріде өлмек, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Үмбет болсаң, соңынан жылап ермес пе едің?! Мұстафаға жаның құрбан – өлмес пе едің?!! Жан не болған, иманыңды бермес пе едің?!!– Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. Құл Қожа Ахмет алпыс үште болды ғайып, Әдеп сақтап Мұстафаға ерді найыб. Сұлтан болды тәубе тауып – қолды жайып, Естіп, оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет. ХАҚ ШАРАБЫН ІШКЕН ЖАНДАР Хақ шарабын ішкен жандар есі танып, Қиямет күн ауыздан от шашар, достар. Құдіретпен жаратылған жеті тамұқ Ғашықтардың зар үнінен қашар, достар. Тағатым жоқ бір мысқал да – ғашықта бар, Дозақ жылап берер Хаққа сасып хабар. Хақтың сонда панасына қашып барар, Ғашықтардың жасыменен ұшар, достар. Шын ғашықтар құрған дүкен ғажапты ашар, ИншАлла, одан қорқып дозақ қашар. Жасын шашып, кеудені ашып, азап басар, Жеті ғалам тағат таппай көшер, достар. Рахман-сахи берсе маған асыл шарап, Барлық тірлік мұқтажынан кешірсе пәк. Көкіректен әзәзілді қашырса – Хақ, Қылмыс, күнәм тұл бойымнан өшер, достар. Ғашық хәлін ақиқатқа қақпа қылса, Екі ғалам нұры сонда ақтарылса. Шын ышықтан жүрек балқып Хақ сағынса, Ғашық құлдар Хақ сарайына ұшар, достар. Сұбхан Ием шарабынан құрсан табам, Зікір сырын айтып-айтып қылсам тәмам. Үр-ғылмандар, періштелер тұр самсаған, Жәннаттағы жібектен тон пішер, достар. «Алла!» – десем, ғалам жылар жанын сөгіп, Ием сүйер, хас пендем деп, нәрін сеуіп. Жүзін бояр жас орынына қанын төгіп, Әлхамды айтсаң, шайтан жаннан күсер, достар. Мен айтпадым, Аллам өзі қылды уәде, Жолсыз едім, хақ жолына бұрды және. Қолымды алды, қашты менен түрлі бәле, Ондай ғашық шауық шарабын ішер, достар. Құл Қожа Ахмет, имансыздар жанын езер, Хақ дидары нәсіп емес қаныпезер. Ғаршы-Күрсі, Лаухы-Кәләм – бәрі безер, Кәпірлерге дозақ есік ашар, достар.
Оқи отырыңыздар: Қожа Ахмет Яссауи хикметтері (1-бөлім)
Қожа Ахмет Яссауи хикметтері (2-бөлім)