Әлемді әлсіретіп, елді есеңгіреткен жағдай қалыпқа келіп, карантиндік іс-шаралардың жүйелі жүргізілу...
Қуыршақ театры Ақтөбеге фестивальге аттанбақ!
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы жоғары біліктілік пен кәсіби шеберлікті шыңдау, шығармашылық байланысты нығайту мақсатында бірқатар ірі жобаларды іске асыруда. Солардың бірі – шет елдік және отандық театр фестивальдерінде бақ сынасу арқылы кәсіби театр мамандарының пікірін тыңдау, театр үрдісіндегі үздік формалар мен жаңашыл форматтарды игеру және театр практикасында қолдану. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында театр ұжымы ағымдағы жылдың 20-25 сәуір аралығында Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында өткізілетін V Халықаралық «BALAUSA» эксперименталды спектакльдер фестивалінде «Макбет. Иллюзия» қойылымын ұсынады.
Театр өнерін дамыту және заманауи театр әлемінің шығармашылығымен таныстыру, театр ұжымдары арасында өзара байланысты нығайта отыра, олардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатындағы «BALAUSA» театр фестиваліне Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы бұған дейін режиссер Дина Жұмабаеваның сахналауымен Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша сұм соғыстың зардабын көрсеткен «Ана- Жер Ана» қойылымымен қатысып арнайы алғыс хатқа және «Әлиман» рөлін сомдаған актриса Д.Иса «Ең үздік дебют» номинациясын иеленген болатын. Биылғы жылы да аталмыш режиссердің сахналануымен ересектерге арналған қойылымдар қатарындағы салмағы басым, бағыты басқа, дәстүрлі үрдістен алшақ философиялық және идеялық мазмұны кең, эксперименталды форматтағы «Макбет.Иллюзия» қойылымы өнер додасында бақ сынамақ.
У.Шекспир шығармашылығынан таңдалған «Макбет» трагедиясы адамның ішкі арпалыс сезімдерін, нәзік те тылсым психологиялық күштерді, философиялық ойлар мен бүгінгі күнде де маңызын жоғалтпаған мәселелерді шебер бейнелеген қойылым. Адам өмірінің ажырамас бөліктері өмір мен өлім, билік пен баға, арбасу мен алмасу, махаббат пен өкініш, жеңіс пен жеңіліс, болашақ пен бақыт, азап пен рахат, ар мен ұят, талпыну мен табысу ұғымдары, ащы шындықтың, жан мен ар азабының көрінісі «Макбет.Иллюзия» трагедиясында бүкпесіз ашық ұсынылмақ.
Өн бойына терең мағына, астарлы ақиқат тұндырған, шынайы болмысымен бөлек сезімге бөлейтін Қуыршақ театрында тұңғыш сахналанған «Макбет.Иллюзия» трагедиясы фестиваль қатысушылары мен сарапшыларының оң бағасына ие болады деген сенімдеміз! Театрда жүздескенше!
Мадина ТӨЛЕ