Айзада Рахымжанова: Эксперимент жасап жұрттың миын ашытуды суқаным сүймейді...

ӘДЕБИЕТ
5875

-Айзада, алғашқы кітабыңыз құтты болсын! Кітабыңыздың атын латын альфавитімен жазғаныңызды байқап қалдық. Бұл асығыстық емес пе? Қалай дегенмен кітап – науқанға лестіріп шығаратын дүние емес сияқты. Өйткені, альфавиттің бір қайнауы әлі ішінде әрі тағы да түзетілу енгізу мүмкін ғой?

-Рахмет! Әліпбиде тұрған әлденедей әбестік жоқ сияқты. Ережесі жасалып, емлесі шықпағанымен, түптің-түбі жаңа әліпбиге жазуымызды бұрамыз. Бұл – уақыт еншісіндегі ғана дүние. Мәселе онда да емес. Мәселе, бұл бастамаға Сіз айтып отырғандай «науқан» деп немқұрайлы қарай алмауымда. Мұны – ақын ретінде Алаш жұртының алға басуына қосқан ішкі үнім, дауысым деп түсінсеңіз деймін. Мәселен, өткен жылы Әзірбайжанның Баку, Сумгайти қалаларында болып, латын қарпінің қолданысына қайран қалып қайттым. Бір кездері Алаш арыстары нақ осы мемлекетте бас қосып, түркі халқына ортақ жазу – латын қарпі болып келісілгені қаперіңізде болар. Содан бері бұл қаріп түбі түркі жұртын түгендейтін әліпби сынды көрінеді де тұрады маған. Түгендеп тастамасам да, түпкі санамдағы ұлт мерейі үстем болса екен деген ой ғана бар.  

-Кітабыңыздың шығуына Жұмабек Тәшеновтың жүлдесіне арналған дәстүрлі байқау себепші болған екен. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

-Бір кездері бес бірдей облысты өз еншімізде алып қалған Тәшеновтың тағдыры көпке үлгі болса керек-ті. Сол мақсатты жыл сайын ақын Айтпай Жұмағұлов ағамыз Қарағандыдағы «Жылдың үздік ақынын» анықтайды. Алыс-жақыннан атағынан ат үріккен азаматтар қонақ болып келіп жатқанымен, бұл сайыста қатысушылар бір-біріне дауыс береді. Елдегі сайыстың ерекшелігі де сол болар. Алдамасам, биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылды бұл сайыс. Және алтыншы мәрте Сапар Ипкеев есімді атымтай азамат демеушілік етуде. Тәңір жарылқасын! Бағым жанып, былтыр байқау жеңімпазы атандым. Тоқ етері – осы.

-Бұл байқауға қатысушы ретінде сіз Жылдың үздік ақынына лайық деп кімге дауыс бердіңіз?

-Қателеспесем, Ерік Нарынов есімді ақынға. Қарағандыдағы қаламы қарымдының бірі – осы жігіт.

-Кітабыңыздың атауы неге «Меруерт моншақ»?

-Қыз бала болған соң әшекейге, бағалы тасқа деген құмарың қалай болмасын? Менде де бар ондай ынтызарлық. Ал, сол гауһар мен жауһарлардың арасында жаныма ыстығы һәм жүрегіме жақыны моншақ дер едім. Жәй моншақ емес, меруерт моншақ. Тазалық пен мөлдірліктің, қарапайымдылық пен жылылықтың ең ұлы өлшемі іспеттес меруерт. Оны өлеңдерімде де еріксіз мойындаған екенмін. Өз кезегімде, байқау жеңімпазы атанған сәттен бастап, кітап атауын таңдау да талай сарсаңға салды. Несін жасырайын? Сан-саққа жүгірген ойымды тізгіндеп, ақыры өлеңдеріме қайта үңілдім. Ойланбастан осы атауға тоқталдым. Әзірге өкінген жоқпын. 

-Сізден сұхбаттасарда аттап кете алмайтын тағы бір сұрақ: Бір шаңырақта екі ақынның ғұмыр кешуінің оңай әрі қиын тұсы? 

-Оңайы – ақынды ақыннан өзге ешкім түсіне алмайды. Сондықтан да бұл екінің бірінің басына қона бермейтін бақ дер едім. Әрине сол бақты ұшырып алмай ұстай білсең. Мен ең алдымен ақын ретінде, сонан соң шаңырақтың иесі ретінде азаматымды өзімнен биік қоямын, тілеуін тілеймін. Бір отбасында екі ақынның ғұмыр кешуі – қазақ әдебиетінде сирек кездеседі. Десе де, ақынды бағалау жолында Ұлы мектеп қалыптастырған Жұматайдың Зайдасын қатты құрметтеймін.

Әрине, қиын тұстары да жоқ емес, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, поэзия тұрғысынан да қарама-қайшылық, келіспеушіліктер болып тұрады. Ондай жағдайларда бізді тек сүйіспеншілік пен сезім ғана құтқарады.

-Жалпы, әдебиетте жүрген жігіттер эксперименке көп барады. Әдеби ағымдарды дәстүрлі өлеңмен синтез жасап, оқырманға ұсынып жатады. Қыздар жағы сол баяғы бір сарынды жазу, мәнерден асып кете алмай жатырмыз. Әрі кеткені орыс поэзиясын айнолсақтап жүреді. Сонда қыздарда ізденіс жоқ па?

-Қыздарда мүлде ізденіс жоқ деп айтпас едім. Жалпы, кез-келген тың дүние, жазылған жаңа жыр – ізденістің соны үлгісі емес пе? Сіз бен біздің ұқсамайтынымыз секілді, жазылған әр туынды – өзінше ерек, өзінше бөлек. Сондықтан, Тәңір таңдайыма тамызған әр өлеңді ел жасамаған эксперимент дер едім. Себебі, өлең формасына, не болмаса әлдеқандай ағымдарға алданып, эксперимент жасап жұрттың миын ашытуды су қаным сүймейді. Шынайылыққа не жетсін... 

-Бұны сұрап отырған себебім, қазір қыздардың шыққан кітабынан жаңалық көре алмайсыз. Тіпті, басқы 5 бетін оқысаңыз тұтас кітаптың эмоциясын түсінуге жеткілікті. Жалықтыратын сияқты. Азаматтық поэзия қайда? Эпика қайда?

-Негізі, поэзияны азаматтық лирика һәм өзгесі деп жіктеудің не қажеті бар? Идея, образ, өлеңнің ішкі қозғалысы – жасанды жазылмаған әр өлеңде шиыршық атып тұруы тиіс емес пе? Сұрағыңызға сұрақпен жауап қатты демеңіз. Меніңше, өмірі қызықсыз адамның ғана өлеңі қызықсыз, жалықтырып жібергіш келеді. Мәселен, Фаризаны (Оңғарсынова) алайық. Көзі тірісінде-ақ әр айтқан сөзі, жүріс-тұрысы аңызға айналды ғой? Өлеңі де солай. Сондықтан, ақын – жазған жырына жан-дүниесін жайып салмайынша, одан ұлылық та, жылылық та күтіп қажеті жоқ. Мейлі еркегі, мейлі әйелі болсын. Һас талантты жынысына қарап емес, жазғанына қарап таныр кез келген секілді.

-Жалпы, әлем әдебиетінде болып жатқан процестерден қаншалықты хабардарсыз?

-Студент кезде жаһан жауһарларына айналған Батыс пен Шығыс (Петрарка, Шекспир, Низами) әдебиеті өкілдерін іздеп оқитынбыз. Ахматова мен Цветаеваның орыны бір бөлек. Қазір де, әлем әдебиетін назарымнан тыс қалдырмауға тырысам. 

2017 жылдың соңындағы Баку сапарынан өзіме кіл мықты әзербайжан ақындардың әлемін ашып қайттым. Атап айтсам: Екбер Гошалы, Адиля Назар, Умит Наджири т.б. Әзербайжан поэзиясы да әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алатынына көз жеткізіп қайттық.

-Жазған өлеңдеріңізді кейін оқығанда «Неге бұлай жаздым екен?»-деп ойланатын сәттеріңіз бола ма?

-Болады. Уақыт өте өлеңдеріме қайта көз жүгіртіп отырамын. Өмірден түйгенің көбейген сайын, көзқарасың да өзгеріп отырады екен...

-Келесі бес сұрақты онда сол өзіңіз бұрын жазған өлеңдеріңізден қойсам деп отырмын.

«Бізде, жаным, бәрі де бар...
Жоқ Бақыт...
Маxаббат жоқ, одан өзге қоспа түк...
» - дейсіз бір өлеңіңізде. 
Бақыттың құнын қандай сәттерде махаббатпен өлшейсіз?

-Әрдайым махаббатпен ғана өлшеймін. Себебі, әлемді махаббат қана құтқарады. 

-«Біз сияқты әлі ешкім өткермеген,
 Ең аяулы сәттер үшін...»
 ақынның өміріндегі аяулы сәттер қандай сәттер?

-Ақын өміріндегі ең аяулы сәттер – оқырманның жүрегіне жол тапқан сәттері. Құдайдын құлағыңа сыбырлағанын бекерге қағазға түсіріп жүрмегеніңді сезінген сәттер.

-«Менің жаным ауырады, себебі:
Ең болмаса сағынуға xақым жоқ...» - 
дейсіз тағы бірде. Мұндай сезімді кештірген, мұндай сөзді жаздырған саусағыңызда жүзік болуының себебінен бе? Әйтпесе неге сағынуға хақыңыз жоқ?

-Саусаққа жүзік тағылмай тұрып жазылған өлең болса керек). Осылай жазсам, ондай да бір сәттер болған шығар... 

-«Ал біздің маңдайда сор бес елі көп,
Жылаған түндерімнің есебі жоқ..». 
Ақынның көз жасы – Өлең шығар. Ал адамның ше? 

-Адамның көз жасы – тағдыры.

-«Солай сіз де кеттіңіз мұң қалдырып,
 Кешегі күз секілді...». Кешегі күзіңіз бен бүгінгі күзіңізді таразылаған шақтарда мұңы басым бола ма, шаттығы басым бола ма?

Таразы басы тең шығар. Ақынға кейде мұңайып тұрғаны керек. Бірақ, мен  әр түнектен соң, рауандап таң ататынына сенемін!

-Әңгімеміздің соңында оқырмандарға бір өлеңіңізді ұсынсаңыз?

Аяғымның жүріп өткен ізі - бақ,
Кірпігімде би билейді әр ақ таң.
Тәңір менің қанатымды үзіп ап,
Аппақ бұлтты жаратқан...

Күн күлкімді көріп қойып жүзімнен,
Есімімді жазып берген аспанға.
Тәңір менің қанатымды үзілген,
Айналдырған ақ қарға...

Гүл көктемнің еркелігін ертіп ап,
Жан жарасы жырымменен таңылсын.
Тәңір менің қанатымнан кертіп ап,
Қалам алған қауырсын...

Көзімдегі мұңды өлең ғып көшірген,
Иығыма  жаға салып құндыздан,
Тәңір менің қанатымнан кесілген,
Жыр - мұнара тұрғызған...
 
Сезім деген дертті кешіп, е жалған,
Бір көрмесем, елеңдейтін боп алдым.
Мүмкін, сенің қабырғаңнан мені алған,
Бәлкім, менің қанатымнан жаралдың...

Әңгімелескен Айжан Табаракқызы

author

Айзада Рахымжанова

АҚЫН

Жаңалықтар

Атырау облысының Индер ауданында 25 сәуірде өрт шығып, пәтерден 10 және 7 жастағы екі баланың мәйіті...

Жаңалықтар

Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері қала тұрғындарына күш қолдану ар...