Нұрсәуле ТОЛҚЫН: Жұртта қалған балалығым секілді...

ӘДЕБИЕТ
5740

***

Кездер-ай, кейін сағымы кетер,
Салқын бір сезім боп сыңар.
Күндерге шүкір сағынып өтер,
Кездесу бізге жоқ шығар.

Пәкиза күннен ту алғанда елес,
Тағдырдың жолы ылайсаң.
Пенделік пе екен, қуанғанда емес,
Түсесіз еске мұңайсам.

Қайғыны лақтыр, қара түндерге
Қасыретіңді қан құсқан.
Таусылып барады тағатым неге,
Тәкаппар таңды аңдысқан.

Салқыны түскен ақымағыңдай –
Сағыныш рең сары күз.
Қайыңның анау жапырағындай,
Сарғайып жүрміз бәріміз…

Өкпеңіз бардай өткенімізде,
Хәлімді сұрап қайтпайсыз.
Сүймейтін болып кеткеніңіз бе?
Сағындым деп те айтпайсыз…


ҚАС* – САҒЫНЫШ

Туған дала,
Тағы сені аңсадым.
Белесіңнен, елесімнен іздедім...
Алғаш рет түскен саған іздерім,
Тағы мені сағындырар қаншама үн,
Сені тағы тұншықтырар қанша мұң?!

Айдыным-ау,
сенсіз қалай жай табам?!
(Аққу болды , балапаның шайқаған).
Бала күндей бауырыңа басып бір,
Қашан мені әлдилейсің қайтадан?!
Қашан мені әлдилейсің, арлығым?!
Күрсінеді, сағынады көңіл тек,
Сенің қаймақ бұлттарыңда бар мұңым.
Қас- қасиет, төс исіңе шөліркеп,
Қаншама рет ернім кеуіп қалғыдым?!
Мен сендегі сағыныштың көзімін,
Қасыретіңе
Қайғыратын сезініп,
Құшағыңа құлағанда төзімім,
Құшырлана иіскейді-ау, езіліп...
Құмарымды жәйім де жоқ көпсінер,
Суы – зәмзәм, тасы – тұмар, киелім .
Сенде менің маңдайымнан өпші  жер!!!

Топырағым,
Маңдайыммен сүйемін!
Білем, білем,
Мен әлі де баламын...
Жүдеу тартып тұр-ау әлі қабағың.
Егіз бүйрек , екі жаққа тартатын,
Егілгіштеу тағдырыма наламын.

Әттең, әттең...
Қос қанатым жоқ боп тұр,
Қос өкпемді қолыма алып барамын...
Сосын далам,
Шер мұңыңды шерт ерек,
Зарығымды бір басайын еркелеп...

***

Кімдер кімнің тағдырына себепкер,

Күмбірлейді кеудемдегі сон еттер 


Қайғы деген – қар астында жатпай ма? 

Қалың іздер қадырын бір таппайды, ә!


Жараланған жандарға атқан оғымен, 

Жазмышты да жазады адам қолымен. 


Жалған өмір, жарты көңіл–күлкілі ... 

Жалғыздық та жалғыз қалар бір күні.


Кешірімнің жоқтығындай күнәға, 

Су ылайы түбіне кеп тұнады,ә? 


Жұмбақ сәби жаутаңдайды кекілді, 

Жұртта қалған балалығым секілді...


***


Маңғаз бұл маздаған күнде, 

Марқайдым бағыма ізгі.
Бір өлең жазбаған түнде,
Сағындым тағы да сізді.


Бұлақты сыр ақтарылған,
Бір бала кешіп барады...
Гүл терген қыраттарымнан,
Жыл керуен көшіп барады.


Өткенге елеспін, әке,
Өтпейтін едік пе босқа?!
Мен жалғыз емеспін әке,
Әдеби кейіпкер–дос бар...


Көктемнен ерте көктейтін,
Түлейтін мұңы кейінді.
Ешкімде еркелетпейтін,
Тым ерке күнікейіңді,


Сағындыңба,әке?


СОҢҒЫ ӨКПЕ


Мені саған көңілсіз деп кім айтты,

Жеткізді ме ерке желі даламның?! 

Қасыретті үнсіздігі мұңайтты, 

Қайғысы ауыр өзім тұрған ғаламның.


Сағынып ем, сағынышым сендің бе? 

Сөзден басқа ете аламын нені айғақ?!

Тым болмаса түсіңде бір көрдіңбе, 

Өңімізде кездесейік деп ойлап?! 


Тағы да сол айға қарап шағынам,

Бәрі жақсы...

Барлығы да...

Арман-ай!

Таусылмайтын өкпемді айтып неғылам, 

Таусылатын төзімдерді жалғамай. 


Қимайтындай, қирайтындай не барын, 

Білмедіңбе, сезбедіңбе сонда түк?! 

«Бақытты бол…»-дедің маған неге әнім?!

Сағынштың садағасы – сол бақыт!


 ***

Өкініштерден қашқым келеді,
Өшіре көрме, кеудемдегі отты – суық жел!
Мүмкін ол соңғы жарығым...
Мен болып есіп көргенде жоқсың әлі күн.
Ұмытшы менің ақымақтығым,

әлсіздігім мен өкпемді,
Ағызып жасын ақын ақтығын
Ақ қағаздарға төккендей .

Жазығы қанша,
Сұлулығымды жаттамас сенің жанарың .
Самалмен бірге сыр ұғынуды
Сағынбайма әлде қалауың!?

Өшіре көрме, өтінем оны,
Ең жарық жерім – жүрегім!
Ақ қағаздардың бетінен оның,
Сәулесін көріп жүрейін.

Қарайта көрме,
Жылай алмайтын,
ешкімнен жарық сұрай алмайтын,
Сорлымын.
Тілекті жасқа айналдыратын,
Жүректі тасқа айналдыратын,
Өкініштерден қашқым келеді,
Дәл бүгін! 

***

Мен бір тал гүл, таң шығымын,
Мөп- мөлдір мұңның бар әні.
Аспанның бір тамшы нұрымын,
Сәулемін, түннің жанары...


Көз ілер шақ ой легімін,
Көңілін сам қыдықтайтын.
Әкемнің ақ көйлегімін,
Анашым шаң жуытпайтын...


Жаныма шөккен тұманнан,
Шаршадым, айыққым келді.
Селдегі кеткен шығармам,
Желдегі қайықпын, болды...


АЙЛЫ ЭЛЕГИЯ

Өкініш көп, өміріне өкпе артқан,
Жанымды өртеп барады.
Менің айым жалғыздықты көп тартқан,
Аспанының жасаурап тұр жанары. 


Ай қарайды аспан жақтан үздігіп,
Адасқақтау күніне.
Алдады деп әлде қалай бізді үміт,
Алданармыз сайтандардың тіліне


Жауап берші, қап-қара түн, аппақ ай,
Таңғажайып сезімге?
Жанарымның жасы болып тоқтамай,
Жазарымның ғұмыры тұр көзімде…


Жылайды ай...
Бетін бүркеп бұлытпен,
Жазып түнге сөйлемін.
Сенің айың қалжыраған үмітпен,
Таңды аңсайды желбіретіп көйлегін...


Қас*-жердің аты


Жаңалықтар

Алматыда ауға шыққан жасөспірімдердің бірі Хрищатый шыңына шыққан кезде биіктен құлап, ауыр жарақат...

Жаңалықтар

Жаңаөзенде 11 жастағы оқушы қыз сыныптасын ұрып-соғып, оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды...