Жак Деррида
ПУБЛИЦИСТЖак Деррида (1930—2003) — постструктурализм мен деконструктивизмнін; ең ірі өкілі. Өзі Алжирден шыққан жас ойшыл шығармашылық жолын сыншы, әдебиеттанушы ретінде бастаған. Кейін Батыс Еуропа философиялық дәстүрін жан-жақты сынға алған Деррида осы сын арқылы батыс философиясының ғұмырын ширек ғасырға ұзартады. Американ зерттеушісі Дж. Эткинстың айтуынша, Дерриданың "Дауыс пен феномен: Гуссерль феноменологиясындағы таңба мәселесіне кіріспе" (1967), "Грамматология жөнінде"( 1967), "Хат пен айырмашылық" (1967), "Диссеминация" (1972), "Философияның шекарасы" (1972), "Ұстанымдар"(1972) қазіргі әдеби сынның бет-бедерін өзгерткен. Дерриданың "Айқай "(1974) және "Почта қағазы: Сократтан Фрейдке дейін және оданда әрі" (1980), "Маңайлар"(1986), "Рух туралы: Хайдеггер мәселесі" (1987), "Психея: өзгені ашу"(1987) сияқты шығармаларын кейбір зерттеушілер Деррида ой-танымының екінші кезеңіне жатқызады. Бірақ француз ойшылының шығармашылығын кезеңдеу мәселесі әлі біраз дау тудыруда. Себебі біріншіден соңғысына дейін өте тұтас, бір қалыпта құйылғандай. Қалай болғанда, Деррида қазір ең ықпалды философ, эстетик, мәдениеттанушылардың бірі.
Егер Дерриданың ойлау тәсіліне келсек, ол деконструкция деп аталады. Оның өзгешелі егер модернизм кезеңінде сын дәстүрді құл ату, жою, күйрету құралы болса, деконструкция сынаса да сын объектісін жоюға тырыспайды. Керісінше, оның бүге-шігесіне жетіп, қайта тірілтуге бейім. Әрине, тірілткенде, ол шартты түрде тірілтеді. Бірақ постструктурализмныц ең үлкен жеңісі — ойлау процессінің шарттылығын ұғыну, метафизикадан бас тарту. Егер Платоннан бері нақты дүние Идеялар әлемінің көшірмесі деп саналса, қазір бұл байланыс жоққа шығарылып, ойлау дегеніміз таңбалау әрекеті деп әйгіленеді. Демек, зерттеушінің мақсаты әр ғасырдағы әр коғамның, әр өркениеттің, әр автордың таңбалау ерекшелігін айқындау. Міне, деконструкция дегеніміз осындай айқындаудың құралы.
Дерриданың айтуынша, пәлсәпаға тәуелділіктен құтылу дегеніміз оның кезекті бетін парақтай салу емес (бұл нашар пәлсәпалаудың айғағы), ойшылдарды белгілі түрде оқуды жалғастыру.
Деконструкция метафизикалық дәстүрді бірнеше бағыттан сынайды. Біріншіден, бар болу метафизикасы ретінде. Себебі Хайдеггердің болмыс дегеніміз бар болу деген тұжырымы Батыс метафизикалық жүйелерінің Темірқазығына айналған еді.
"Мән, тірлік ету, субстанция, субъект, ой аттама (трансцендентность), сана, Құдай, адам сынды негіз, бастау, орталықтың барлық атаулары бар болудың өзге түрі ретінде таңбаланған" (Деррида).
Ойлап қарасаңыз, бар болу (присутствие), сәйкестік (тождество), әңгіме, сана сияқты метафизиканың негіз қалаушы ұғымдары жоқ болу (отсутствие), айырмашылық (различие), жазу (письмо), дене (тело) іспетті қудаланған қосалқы терминдердің ізі екенін пайымдау қиынға соқпайды. Үшіншіден, Батыс пәлсәпасының метафизикалылығы уақытты, тарихты қарадүрсін зерделейтінінен де байқалады. Тарих белгілі біртекті құрылым, белгілі бағыттағы ой жобасы ретінде ұғынылады. Іс жүзінде тарихта ешбір мақсат жоқ. Мақсат, мон, магына деген ұғымдар метафизикалық ой дәстүрінен туындаған ой алдампаздығы (иллюзия).
Дерриданың көрсетуінше, пәлсәпаның метафизикалығы осы шақтың үстемдігін гректердің бар болу метафизикасын сана-сезім ретіндегі бар болу метафизикасымен қосатын дәстүрге еншілес қазірдің теперішін қолдауынан да көрінеді. Уақыт концепциясына сүйенген метафизиканың тарихын қарадүрсін деуге болады, себебі, метафизика түсінігінің өзі уақытқа тәуелді. Демек, метафизиканы жою үшін уақыттан тыс болу керек. Ал онда әрекет субъектіліктен бас тартумен парапар. Сондықтан деконструкция жеке шығармашылықтың, немесе ынталанудың туындысы емес. Керісінше, ол метафизикалық ойлау тәсілінің арандатуға негізделген табиғатынан шабыт алады. Деконструкцияның мақсаты жәбірленген терминді қайта тірілту емес, осындай әрекеттің мүмкіндігін, немесе беймүмкіндігін анықтау.
Деррида Деконструкцияның мақсатын төмендегідей түсіндіреді: "...пәлсәпалық мәтінді оның формалық құрылымында зерттеу, оның мәтіндік типтерінің өзгешелігін және көпнұсқалығын көрсету, пәлсәпалық мәтіннің сахналық кеңістігін, оның синтаксисін ұғыну".
Таратып айтқанда, деконструкция мәтінге қарабайырлау келіп, оның ішінен пәлсәпалық әңгіменің мүмкіндігін құрайтын шешілмес қайшылықтар табады. Қайшылықтарды шешудің гегельдік нұсқасы босату (снятие) арқылы жүзеге асады. Осыған қарсы Деррида қайшылықтың ерекшелігі оның мәңгі шешілмеуінде деп санайды. Деконструкция мәтіннің баяндау барысын бұзып, табылған қайшылықтан өзге мағына тудырады.
Деконструкцияның жалпы дамуы екі негізгі әрекетке байланысты. Бірінші әрекет — айналдыру, екінші — қайта тірілту. Айналдыру аттап өтуге болмайтын әрекет, себебі бинарлық оппозицияның күшін жою дегеніміз тек қана оппозиция мүшелерінің орнын ауыстыру емес. Олай істегенде деконструкция жасалатын аймақ қозғалусыз қалады.
"Мәселе әрбір сатылы тәртіптен (иерархиядан) бас тартуда емес, себебі анархия әрқашанда тірлік етуші билікті күшейтеді. Белгілі иерархияның терминін өзгерту, немесе орнын ауыстыру қажет емес, иерархияның өзіндік құрылымын өзгерткен жөн" (Деррида).
Екінші әрекет предикат пен ұғымдар иерархиясын қайта жасап, жаңаша қорытындылауға байланысты. Бұл сатыда ұғымдардың қудаланған иеліктері мен мүмкіндіктері қайта жанданып, жаңа ұғымдар айналдырудың бірінші адымындағы үстемдік құрған дәстүрлі ұғымдарға енгізіледі. Сонда ғана Деконструкция толық жүргізілді деп айтуға болады.
Екінші әрекеттің нәтижесінде метафизикалық ойлау машығында еш зерделенбеген һәм тұжырымдалмаған ұғымдар жасалынады.
Мысалы біз ұсынып отырған "Грамматология жөнінде" еңбегінде Деррида айналымға ежелгі жазу ұғымын енгізеді. Дерридадан бұрын әңгіме мен жазу екі дүние деп саналған. Соссюрдан Ельмлевке шейін тіл мамандары осылай ойлаған. Деррида таңба (знак) ұғымын шексіз кеңейтіп, ауызекі әңгімені де жазу ғып жібереді. Себебі әңгіме біреудің назарына ұсынылған таңба, демек онда мағлұмат жіберу мен мағлұмат қабылдау идеясы бар. Міне, осы тұрғыда, жазуды әңгіме жүйесінде емес, әңгімені жазу жүйесінде түсінген жөн. Таратып айтсақ, жазу әдетте "жазу — әңгіме" бинарлық оппозициясында зерделенеді. Оппозиция негізі иерархия болғандықтан жазумен салыстырғанда әңгіменің үстемдігі байқалады. Бірінші әрекеттің нәтижесінде қудаланған предикативтік мүмкіндіктер шығарылады. Екінші әрекетте бұл мүмкіндіктер қорытылып, жазуға енгізіледі. Әңгіменің де қудаланған мазмұндары болуы мүмкін ғой. Іс жүзінде бірінші әрекеттің нәтижесінде тек қана жазудың емес, бүкіл құрылымның қудаланған мүмкіндіктері мен мазмұны шығарылады. Егер дәстүрлі құрылымда зорлық пен қудалау жазуға қолданылса, деконструкция концептуалды құрылымның предикативты мүмкіндіктері мен мазмұнын таңбалау үшін тек жазуды ғана пайдаланады. Бұл тұрғыда деконструкция симметрияға тән тепе-тендікті әрдайым бұзып отырады.
Сонымен, деконструкция қос амалды ілім. Бірақ мәселе уақыт тізбегіндегі жалғастықта емес. Деконструкцияның екі ағымы — айналдыру мен қайта тірілту — бір уақытта жасалады. Сөйтсе де, олардың арасындағы өзгешелік сақталады. Деррида бұл екі ағым арасындағы қатынасты қосарлану немесе кесіп өту белгісі арқылы береді. Егер бір бөлігінің ортасын екінші бөлігі кесіп өтетін X әрпін алсақ, дейді Деррида, ол белгісіздіктің таңбасы емес, одан гөрі әр сызықтың өзгеше жолын шексіздікке созған жолайырыққа ұқсайды. Іс жүзінде бұл Хайдеггерден басталған ұсыныс. Неміс ойшылы оны сызып тастау деп атаған. Сызып тастау жұлып тастау емес. Керісінше, сызылған нәрсені орнында қалдырып, тек оның шарттылығына нұсқау.
ЖасыруМӘТІНМүлдем басқа мәтін туралыКейбір жағдайда Деррида мәтін туралы ұғымды жалпылау белгілі бір мәнде...
ФИЛОСОФИЯ МА, ӘЛДЕ ӘДЕБИЕТ ПЕ?Жақшаның ішіндегі әдебиетЖақын арада жарияланған бір мәтінінде, дәліре...