«20+1» атты креативті жыр кешінің қонағы болыңыз!

ӘДЕБИЕТ
5029

САҒЫНЫШЫМДЫ ҚАЛДЫРҒЫМ КЕЛДІ ӨЛЕҢ ҚЫП,

ОҚЫРСЫҢ...



19 мамыр, сағ. 14.00-де Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітапханада жас ақын Әлия Іңкәрбектің «20+1» атты креативті жыр кеші өтеді. Осы орайда ақынның жаңа өлеңдерін оқырманға ұсынбақпыз. 

                   ӨМІР

Баянындай бақытты ертегінің,
 Өмір, сенің ұнайды келтелігің.
 Домбырадай көңілді бұрап қойып -
 Қандай жақсы, болғаны шертерімнің!

Өмір, сенің ұнайды асаулығың,
Тасығанның көзіне жас алдырдың.
Жалғанмын мен, шүкір ет,-дейсің жиі,
Бəрі өтірік болса да рас-ау мұның.

Өмір, сенің ұнайды мың бояуың,
Табиғаттан үніңді тыңдағанмын.
Аяйтын да шығарсың, бəлкім мені,
Ал мен болсам, айтылмас сырды аядым. 

Өмір, мазаңды алмаймын күнде сенің,
Арманым Айға мəлім, түнге шерім.
Мен де саған ұнаймын, білем оны -
Ұнамасам жер басып жүрмес едім.


ЖАҢБЫРДЫҢ ƏНІ


Бір апта бұрын..
Жаумаған еді жауын түк.
Күрсінісінен Тау үркіп - Табиғат емес, 

нөсерін төкті Махаббат,
 Нəзік жырымды алмасам болды ауыртып. 

Бір апта бұрын...
 Жүрмеген сынды жер басып,
 Қиялмен талай белді асып.
Жарты ғаламға төгілген еді сізден нұр,
Құтыла алмадым мен қашып! 

Мен ғашық... 

Дəл қазір...
Жасыра алмаған жырымнан,
Кеудеме келіп тығылған,
Өксігі өктем, өкініші аз тағдырдың,
Қайырмасындай бүгінгі əн.
Шуақтың бəрін - Сіз деп танитын бұрыннан,
Ал, мен - Жаңбырмын!


САУАЛ
Мен құс болсам, тоңбас ем,
 Жерге мүлде қонбас ем.
 Қанатымнан өзің ғана көретін -
 Өлеңді оқып тұрар едің сонда сен...

Тек биікке ұшар ем,
 Күннің нұрын құшар ем.
 Кеудем толы сағыныш пен сезімге,
 Қалай бірге ұшар екем құсамен?!

Көк жүзінде - керуен,
 Сыр білдірмей келіп ем.
 Жалғыз сауал жанға тыным бермеді:
 - Сен құс болсаң,
 ұшар ме едің менімен??!


АМАНАТ

Жалғыздық жырын жүргендер қанша хош көріп?
 Көнеден.
 Мұңайтпасына биылғы көктем кеш келіп,
 Сенем мен.

Айтпаған талай сырларға куə күнделік-
Сүйеген.
Жанарың сенің өрт болса-дағы мың келіп,
Күйер ем!

Адасқам жиі жолдармен жүріп бұралаң,
Сезбеппін.
Жүрегім екен еркіме көнбей жылаған:
 "Көз",- деппін... 

...Көктемді көріп ғажайып күйге бөлендік,
Тосын шын.
Сағынышымды қалдырғым келді өлең қып,
Оқырсың!


АРМАН

- Өмір ұзақтығымен өлшене ме?
 Кейде сəттік сезім де жылдарға азық,
 Жабыққанда жаралы жырлар жазып,
 Бақыт таптым дегенге ел сене ме?!
Көңілді өлең жазып көр, данышпаным,
Қолыңнан келсе егер де...

-Өмір қысқалығымен мəндірек пе?
Атқан таң мен батқан күн мың жарысқан,
Зымырандай жастық шақ зулап ұшқан:
Ғұмыр кешкім келеді мəңгі көкте!
Өзімдегі мейірім болса, шіркін ,
 Əр кеуденің төрінде, əр Жүректе!


P.S: Заманауи формада жасалған ерекше кешті қазақ әдебиетінің қазіргі буынындағы жастардың ішінде алғаш болып қолға алған Әлия мамырдың жарқын күнінде еркін отырып, кофемен жыр оқып, ән тыңдап, сыр шерткенді жаны қалапты. Жырсүйер қауым бұл бастаманы жақсы қабылдайды деп сенеміз.

Басқосуда, ақынның «Тәңіртау», «Тасқын» атты жыр жинақтары оқырманға ұсынылады. Ерекше кеште қаламгерлер мен эстрада жұлдыздары қатысады. Мекен−жайы: Алматы қаласы, Назарбаев,43 (Райымбек даңғылы қиылысы), Жамбыл атындағы кітапхана.

author

Әлия Іңкәрбек

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...