Рахымжан Отарбаев. Ауылдас аға (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5734

Жалқы адам еді. Жалғыз үй. Жетім түтін. Қора-қопсысы жоқ. Қақ-соғы жоқ. Қайырылып келер қара жоқ. Ағайын сағалап алыстан келді десетін. Жүріс-тұрысы қыр қазағына таңсық.

Өзі ақсары өңді еді. Екі бетінің ұшы қып-қызыл. Иегі қылтанақсыз, көсе. Даусы жіп-жіңішке. Қысы-жазы басынан қалпақ түспейді. Қайда барса да балағын тобықтан асырып түріп алатын. Зәуде бір көршіден шырпы алса, жаққан талын санап қайтаратынды.

Ара-тұра қара жолдың бойында іздік шаң көтеріп кетіп бара жатар еді. Ара-тұра Қанішкен беттен қалпағы көзін жауып қайтып келе жатар еді. Ондайда өңшең бала жәудіреп жолын тосамыз. Әр жүгірмекке бір-бір кәмпит ұстатар. Дүкеннен санап тұрып сатып алатын шығар. Өзі шайға тістер қалтасында түк қалмайтын.

– Әйелден ұшыныпты. Содан құтаймайды екен,- десетін ауылдың қағынды келгір қатындары.

– Малдан безініпті. Түбі асқан бай тұқым екен. Талауға түсіпті. Тышқақ лағы қалмапты. Содан қалған ғұмырда қи баспаспын депті. Көңілі суыныпты,- десетін көрші-көлем.

Әлгі әйел жайы… Ұшынса ұшынған шығар. Той, тыштырмада ақ манардай бір келіншекке көзі түссе болды: – Шикін-ай, ошындай әйел бізге бұйырмады-ау,- деп жіп-жіңішке даусымен шыр ете қалар-ды. – Шикін-ай!..

Жо жоқ, ұшынбапты. Бір күні кеп әкеме сыр ашты.

– Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен бүгіп қайтейін. Мына ағаң көрші ауылдың бір қызымен сөз байласып жүрген.

– Е, бәрекелді,-деп әкем отырған орнынан бір аунап түсті. – Көптен күткеніміз осы сөз ғой.

– Кәрі шешесі бар. Өзі сауыншы. Анда-санда ұстар құс келдісі бар екен. Ештеңе етпес. Жас адам ғой…

Әкем не дерін білмей тағы бір аунап түсті.

– Төсек-орнымен қоса бүгін алып келейін. Ат-арбаңды бере тұрсаң. Делбені өзім ұстармын.

– Аяр дейсіз бе? Қазір әзір етейін.

Күн қауыса ағамыз жеңгемізді алып, ат басын қараша үйіне тіреді. Әжем алдынан шашу шашты. Келіннің маңдайынан сүйді. Шынында жас екен. Бойшаң, қараторы. Ағамыз қалпағымен қоса иығына әзер жетіп тұр. Мейлі ғой, махаббат бой таңдай ма? Бір сандық, екі-үш көрпені өңшең жүгірмек зыр қағып төріне кіргізіп бердік.

Әкем ор марқасын сойып, «құтты болсын» десті. Атам бар батасын сауып айтып, үйлеріне қайтарған. Түн ортасы ауа терезе қағылды. Тіпті, әкетіп барады.

– Ағам қасына жатпаймын. Осында қонайыншы,- деп жас жеңгеміз қарап тұр.

– Шырағым-ай,- деп әкем не дерін білмей есік көзінде тұрып қалды. – Бұл болмайды ғой.

– Қалпағын шешкенде көрдім. Басы таз екен. Осында қонайыншы.

Алдарынан шашу шашқан әжем қарап жата алмады.

– Әй, не деп тұрсың, а? Азаматты қорлап. Нақ төбесінде ботаның көзіндей ойма тазы болса болар. Онда тұрған не бар? Көрмей-білмей тидің бе?

– Әже, сол таз маған жұқса қайтемін?

– Өй, сөз болғаныңа!- деп әжем жата кетті.

Көктемнің күні еді. Құс келіп жатқан…

Ара-тұра қара жолдың бойында іздік шаң көтеріп кетіп бара жатар еді. Ара-тұра Қанішкен беттен қалпағы көзін жауып келе жатар еді.

Күзге салым әкеме кеп тағы сыр ашты.

– Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен бүгіп қайтейін. Мына ағаң Қанішкеннің бір келіншегімен сөз байласып жүрген.

Әкем бұл жолы отырған орнынан бір аунап түспеді.

– Жақсы екен,- деумен тынды.

– Ұлты өзге. Кәріс әйел. Байы өлген. Соқа басы.

– Дұрыс қой.

– Төсек-орнымен қоса бүгін алып келейін. Ат-арбаңды бере тұрсаң. Делбені өзім ұстармын.

– Жарайды.

Әжем шашу шашпады. «Тілін білмеймін. Қой, құрсын»- деп ұршығын иіріп отыра берді.

Әкем тағы бір тоқтысын сойып, дастархан жайғызды.

Тоқтасқан жан екен. Сары шашты, жүдеу бет, алакөз. Үйге үн-түнсіз кіріп шықты.

Араға ай салып талтүсте есік қағылды. Кәріс жеңгеміз.

– Ну, Қасымжан,- дейді шүлдірлеп. – Твой брат что за человек? Орысша қақпайды. Бар білетіні «е, кәнешні». Бір ауыз сөзбен сколько можно так жить? Кетемін. Қанішкенге өзің апарып таста. Арба сенікі.

Сасып қалған шығар, әкем де «е, кәнешні» деп жіберді…

– Қыстай тым-тырыс жатып алған ағамыз келесі көктемде қайтадан бас көтерді. Содан ауылға құдағи боп келген ақ торғындай бір келіншекке көзі түссін. Сол-сол-ақ екен: – Шикін-ай, ошындай әйел бізге бұйырмады-ау,- деп жіп-жіңішке даусымен шыр ете қалсын. – Шикін-ай!..

Осы сөзден әбден зәрезап боп қалған үй-іші түгел шошып кеткен. Айтқандай ағамыз көп тостырмады, әкеме абайлап әңгіме бастады.

– Қасымжан, жаныма жақын інімсің. Сенен сыр бүгіп қайтемін. Мына ағаң Қарақамыстың бір әйелімен сөз байласып жүрген.

– Енді… деп әкем мүдіре берді.

– Ер кезегі үшке дейін. Қайтып қинамаспын. Ат-арбаңды жегіп, өзің алысып қайт. Мен қасыңда отырайын.

– Кәмпит жоқ. Немді шашам? – деп әжем бұл жолы да ұршығына жармасқан. – Мені сұраса айт, ұшық шығып ауырып жатыр де.

Байдың солқылдақ мырзасындай боп екеуі аттанып кеткен. Екінді кезінде кері оралды. Әкем бұ жолы серке сойып, қонақасы берді. «Ұшық шығып» ауырып жатқан әжем дастархан басына әрең келді. Қабағы ашылмады.

– Құдай, мынаусы жатып-тұрмаса жүре алмайтын ақсақ қой. Қайдан тапқан? – деп әжем көпке дейін сабасына түспеді. – Сөзуарына не берерсің? Ындыны жарымаған біреу шығар. Тоқпан жілікке жармасқаны несі? Шеше, жеп отыр, деп өз етімді тіпті өзіме тықпалауын.

Араға апта салып ағамыз әкеме шаруа айта келді.

– Қасымжан, мына жеңгеңнің бұрынғы күйеуі қайтыс болған. Он жыл толыпты. Соған мал шалып, еске алайық деп ек. Бір тоқтыны сат, айналайын.

– Ыңғайлы мал жоқ. Өзге үйден алсаңызшы. Өзім жол жүріп барамын.

Әкем даусы қоңырлап шықты.

Ауылдың қағынды келгір қатындарының айтқаны айдай келмей тұра ма? Бұл жеңгеміз де құтаймады. Өлген күйеуіне ас берген соң көп кешікпеді. Сандығын есік көзіне шығарды. Үстіне көрпе-жастығын жинады. Сосын жатып-тұрып ақсап әкемнің жанына жетті. – Қайным, қалың елді қақ жарып өзің алып келіп ең,- деді нығыздап. – Дәм-тұзымыз жарасар емес. Енді кері өзің апарып сал. Жөні сол ғой. Мен де абыроймен қайтайын.

Атам көлеңкеде шалғы орақ шыңдап отырған.

– Шапқан шөпті әкеле қояйық десем осы арба әрлі-берлі қатын тасудан бір босамады,- деді күйіп кетіп. – Бар шөмеле күннің астында жатыр. Қурап қалатын болды!

Жазған құлда шаршау бар ма? Әкем жүкті тиеп, жанына жеңгесін отырғызып енді қозғала бергенде… Ағамыз үйден атып шыққан.

– Әу, тоқтаңдар. Бір кесесі қалып қойыпты. Мә, мойныма қарыз болар…

Содан бері небір заман аунап ақты. Бәрі де пәни дүниеден жүзін аударған. Тек ара-тұра қара жолдың бойында іздік шаң көтеріп кетіп бара жатқан біреуді көрсем… «Ауылдас аға емес пе?» деп елеңдеп қаламын. Шайқы адам еді, жарықтық. Жіп-жіңішке даусы құлағыма келеді.

– Шикін-ай!..

Рахымжан Отарбаев

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...