Әдебиет - сайтанның сыбыры емес

ӘДЕБИЕТ
1585

Көркем әдебиеттің басты миссиясы - адамзаттың ой-арманы туралы мына шексіздік сияқты көрінген көл-көсір әлемге ақпарат қалдыру ма деп ойлаймын. Көркем деген соң - әрине, натуралды қалпын емес, көкейдегі елестеген өмір суреттерін салып, жаныңды жеп, тәніңді езген, сананы тұтып, тіршілік талпынысыңды тұрмыстық дәрежеден асырмаған пендеуи ғұмырға көрсеткен қарсылығыңды айтқың келетін шығар. «Өмір - күрес» деген екен бір дана. Адам мен хайуанды қойғанда, құрт-құмырсқаның өзі бойындағы бір түйір жанын сақтап қалу үшін - төнген қатерге айбат шегіп, жасымай жан беруге әзір. 

Осы орайда біздің әдебиет, соның ішінде прозаның әңгіме жанры сондай айбатқа ие ме деген сұрақтың жауабын іздеп көрсек. Сонау антикалық әдебиеттен бері қарай сатыланып тарқайтын әлемдік әдебиет тарихының жеткен жері, әлде көтерілген биігі бүгінгі бізге келіп тірелген секілді. Әр нәрсе уақыт өткен сайын дамуы тиіс деп болжаймыз. Кешегі ескіріп, бүгінгі жалтырайды, ал бұйырып жатқан ертеңі болса, онан да зор құлпырады-мыс. Бүгінгі біздің ой - сол ойлаған сана биігіне көтеріле алды ма? Өрге салғанның орнына құлдилап кеткен жоқпыз ба? Доңғалағы майланбаған арба дөңге шығарда «Шіркін май, шіркін май!» деп қабырғасы қайысса, ал ылди төмен «Құй майла, құй майлама!» деп ұшатын көрінеді. Өкінішке орай, сөйтіп аңыратып бара жоқпыз ба?.. 

Осы орайда бүгінгі таңдағы әңгіме ахуалы туралы, соның ішіндегі жағымсыз жағын тілге тиек еткіміз келді. Жалпы проза кемелдікті талап ететін, көрген-білгені, пішіп-түйгені бар қаламгерді ғана мойындайтын ауыр жанр екені мәлім. Мүмкін сондықтан да шығар, жастар жағынан шалағайлық сияқты үстірттік байқалып жататыны. Солай деуге әлемдік және отандық әдебиеттің тәжірибесі көнгісі келмейтіндей. Бір ғана Саттар Ерубаевтың ескірмес шығармалары соған дәлел.  

Қолға қалам алған соң, жазушылық машықты шеберлікпен игеру міндет. «Әу баста сөз туған» демекші, адамзат болмысына құдірет дарытқан Сөз атты ұлы күшті - санаңның ең ұсақ түйірлеріне дейін жеткізе ұғып, сіңіріп, қасиетін білмейінше, жазмыш таңбалаудан аулақ жүрген жөн болар...  Ол - біздің жаралып, санаға ие болған тұсымыздан бері келе жатқан рухани кодымыз. Әр халықтың өз коды бар десек, соған орай мәдениеті де бар. Бұл қасиет әсіресе  жазушы жұртқа тән болуы тиіс. Ұлттық лиро-эпостық жырлар, ертегі-аңыздар дегендей сөз қуатымен бойға дарып, тәрбие мен тәлім беретін рух қалыптастырушы іргетассыз жазушы атану да неғайбыл. Яғни, рецепция! 

Біздің әңгіме қалай жазылып жатыр? Кейбір қаламгерлер мистика туралы жазғаны аздай, өздері де мистик болып бара жатқан тәрізді. Неге десеңіз, олардың құлағына әлдебір құдірет сыбырлайтын көрінеді. Сонымен ол аспаннан түскен «асыл сөзді» жер бетіндегі бұқараға айна-қатесіз жеткізуші екі арадағы делдал секілді. Демек, ол тылсым күштің иесі. Осы арада айта кететін бір жәйт. Редакциялауға келмейтін немесе болмайтын мәтіннің субкортикалық сана арқылы қабылдануын ешкім жоққа шығармайды. Және, бұны сонау Жаратушымен байланыстырудың еш қыйсыны жоқ көрінеді. Ұлы Санамен аралықтағы сандаған сатының аяғындағы - төменгі дәрежедегі құбылыс болуы да мүмкін, бұл. Немесе сайтанның сыбыр десе де артық емес. Сондықтан оны Құдіреттен келген ақпарат ретінде қабылдау жаңсақтық дейді, кейбір пікір иелері. Ал негізінде ұлы Жаратушы - өзі маңдайынан сүйіп таңдаған елшілеріне Сөз де түсіреді. Бір айырмашылығы бұны редакциялауға құқы бар және соны қажет те етеді екен...

Әңгімелерін түте-түтесін шығарып сабап, бипаздай түтіп, ширата иіріп, ерінбей өнер туындысына жеткенше пісірген Сайын ағамыздан неге үлгі алмасқа? Ол кісінің құлағына да сайтан сыбырлаған шығар. Асқан жауапкершілік пен еңбекқорлықтың арқасында талантын құлағынан өзі сүйреп, әдебиет сүйер қауымның көзайымына айналды емес пе. 

Ал біз қайтеміз? Жазғандарымызды біреуге оқытып, кеңес аламыз ба? Соны зерделеп, жөн сілтейтін жан баласын кім біледі? Оқырман алдындағы жауапкершілікті сезінеміз бе? Ойыңа не келсе соны жаза беруге мүмкіндік туған мына замандағы еңбекқорлықтың нышаны қандай? Баяғыда елді елең еткізгісі келуші еді кейбіреулер, енді ол аздық етіп, елді есінен тандыратын шығарма жаза бастадық. Көркем әдебиеттің қалыптасқан нормаларын белден басып, «жаңашылдық» соқпағын салмақшымыз. Мүмкін ол да дұрыс шығар. Тек, соның жаңалық па десеңші? 

Композияциялық құрылым, сюжеттік талаптар, жалпы әңгіме атты шағын жанрға тән ерекше ерекшеліктерді сақтай білеміз бе? Өткенде бір жерден «Қазіргі жас жазушылар жазып отырып, жолай бір күшік кездессе соған еріп кете береді» дегенді оқып едім. Былай қарасаң күлкілі жағдай. Ал негізінде бұл аға буынның олқылығы. Өнер сабақтастығының үзілуі десе де болады. Бүгінгі классик атанып жүрген көкелер «өзі болған қыз» секілді. Соңынан ілескен толқынға мән бермейді. Себебі олар өздерін ешқандай жаңа толқын баса көктеп өтпесіне күмәнсіз. Әрине, бұған жастар да кінәлі. Сондай жастың бірі «Шалдарды оқу керек сияқты» дегенін естіп едім. Талай Байқаулардың жүлделеріне ие болып, аты таныс болған кейбір қаламұстағыштардың жазбаларын көркем дүние деп атау күпірлік. Таяқ көрмей өскен бейбастақ баланың қылапатындай ұят тірлік.

Алайда осы мәселені Қазақстан Жазушылар одағы көтеріп, Жазушы деген атақтың абыройын қалпына келтіруі тиіс. Өйтпесе, мәңгүрттену руханият төңірегінен орын алып, опық жегізеді!

Осы орайда ауызды құр шөппен сүртпей, мына бір тәлімдік кеңесті ұсындық:   

ӘҢГІМЕ ЖАЗУДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ

КЕҢЕС 1

Жас қаламгерлердің көбісі мықты жазушы болуды көксейді де дереу роман жазуға кіріседі. Прозаның майын ішкен майталмандар жазу шеберлігін игеру үшін шағын формадан бастаған жөн деп кеңес береді. Егер расында жақсы жазушы болғыңыз келсе, әңгімені қолға алған жөн секілді.

Сізге қажетті мыналар:

Қағаз бен қалам/компьютер, ойдан қиыстыра білу, төзімділік

Нұсқаулық

Тақырыптың басын ашып алыңыз. Ең абзалы өзіңізді толғандырған жәйтті жазған дұрыс. Егер сіз көпшілікке қызықты, бірақ өзіңіздің қолайыңызға жағыңқырамайтын материалды таңдайтын болсаңыз - ақыр аяғында бір сүлесоқ әңгімені ғана тудыру қауіпі бар. 

Сюжетті ой сүзгісінен өткізіңіз. Әңгіменің аяғы қалай аяқталатынына мән бермей жазатындар яки кемеңгер, яки графоман. Әрине, өзіңізді графоман санаудан аулақсыз. Кемеңгер болсаңыз, хош делік. Дейтұрғанмен сюжетке жауапкершілікпен қарап, сақтанғаныңыз абзал. Сіз әу бастан қахарманыңыздың ұстанған бағыты мен мақсатын анық білуіңіз тиіс. Және ең маңыздысы: осы әңгімеңіз арқылы не айтқыңыз келгенін анық білуіңіз тиіс. 

Әңгіме басын көрнекті және тартымды түрде бастау керек. Егер сіз өзіңіз үшін емес, елге арнап жазсаңыз – онда алғашқы азат жолдан-ақ оқырманның назарын жаулап алуға тырысыңыз. Әдебиетте есімі танымал жазушы он беттік әңгімеде бір құлап жатқан үйдің қирандысын тәптіштеп суреттеуге қақылы. Ал жазары тырнақалды жазарманға ондай кеңшілік жоқ. Бастапқы жолдан елітіп әкете алмаған бейтаныс автордың жазбасын интернет-пайдаланушы да журнал редакторы да оқуға құлықсыз келеді. 

Әңгіменің аяғын сұрапыл қиыстыру керек! Алдын-ала аяғы болжауға келетін әңгімеде сән қалмайды. Оқырманды таң қалдырып, сілкілеп алсаң ол келесі шығармаңды тағатсыз тосады. 

Кейіпкерлердің мотивировкасын мұқият ойлап шық. Олардың әр іс-қыймылында өміршең бір негіз болуы тиіс. Егер оны келтіре алмасаң, оқырманның басын қатырғаным деп біл. Әңгіменің логикасы бүлдыр, түсініксіз болса ол оны оқи қояры неғайбыл. Жазған әңгімеңізді қайыра оқып шығыңыз. Мүмкін қиыспай тұрған келеңсіз жерлерін немесе стилистикалық қателіктерін байқарсыз. Өңдеп шығыңыз. Тағы бір мәрте оқыңыз. Кім біледі, өзгеде қателіктер де табылып қалуы кәдік. Жалықпай түзеңіз, ерінбей қайталап оқыңыз, қашан көңіліңіз толғанда ғана қоярсыз. 

Пікіріне құлақ асатын бір адамыңызға дүниеңізді оқуға беріңіз. Алайда ол өзіңіз байқамаған қателіктерді аңғаруы мүмкін. Осындай өткелдерден өткен соң ғана барып, жазбаңызды оқырманға немесе редакторларға ұсынуға болады. 

2: ӘҢГІМЕНІ ҚАЛАЙ БАСТАУ КЕРЕК

Әдебиет әлемінде танымал болуды армандау ерсі емес. Ерсілігі: соны армандай тұрып, жазушылық шеберлігіңді шыңдау үшін шыбық басын сындырмау. Сондықтан әңгіме жазуға құштар кімде кім болмасын - өз кәсіби деңгейін жатпай-тұрмай өрлетуге ниетті болуы тиіс. 

Нұсқаулық

Шығарманың ұтымдылығы үш тағанға байланысты: сюжет, стиль, ойлануға мүмкіндік беретіндей толық айтылып тасталмауы. Осы үшеуінің бастапқысын алыстан іздеп қажеті шамалы, өзіңіз жақсы білетін жәйтті негізге алыңыз. Егер әңгіме жазуға ниеттеніп, баяндалуға тиістің жалпы сұлбасы ойыңызға қонақтаса – отырыңызда жаза беріңіз. Басыңызға әңгіменің алғашқы керемет бір жолдары мен талдырып түсіретін соңғы тіркес қашан келеді деп уақыт жоғалтпаңыз. Сосын шығарманың барша мәтінін ретімен тізбектеп жазып шығуға ұмтылмаңыз. Редакциялаумен кейінірек шұғылданасыз. 

Барлығы жазылып болған соң, қағаздарыңа тиыштық бер, біраз жатсын. Соңыра таман қайта оралып, мұқият ежіктеп тұрып оқуға кіріс. Логика жағынан шалыстық жоқ па? Сюжеттік тарамдары қиюласып тұр ма? Стилің ақсап жатқан жоқ па? Шығарманың осы тұсында маңызды жүк арқалаған ой-оралымдарды, диалогтарды, суреттеулерді өңдеуден өткізу керек. Өз талантыңның жанашыры кім екенін естен шығарма: ортақ идеяға қызмет етпейтіннің барлығын аяусыз жойа бер, іш пыстыратын қайталаулардан арыл және тартымсыз баяндауларға бой алдырма. Әрине, ақылын тыңдайтындай біреуге оқытып алғанда жақсы. 

Жазған дүниең қолма-қол жарық көріп кетуі екіталай. Сондықтан тоса білу де керек. Редактормен хабарласып кем-кетігі болса, сұрап білген де жөн. Егер ол түзетулер енгізу керек десе, қыңыраймай көнген дұрыс. Себебі ол кәсіби білікті адам. Ал өзің болсаң бұл саладағы сарыауыз балапансың. 

КЕҢЕСТЕРДІҢ ПАЙДАСЫ ТИДІ МЕ?

Әдебиет әлемінде қамтылмаған сала қалмаған да шығар. Сондықтан жүз процент жаңалық аштым деп өзіңді алдама. Онанда осы тақылеттес тақырыптарға жазылған кітаптарды оқып, өз тарапыңнан қаншалықты үлес қоса алғаныңды пайымда.

З. Самалбекұлы

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...